ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Шымкентте әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.
Қалада жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 10 мекемеде 1200-ге жуық әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде шаһарда ерекше күтімді қажет ететін 2 176 азамат болса, оның 438-сі балалар. Мекеме мамандары осындай жандарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуде.
Биыл қаланың әлеуметтік саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Арнайы-әлеуметтік орталықтардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Тең қоғам» орталығы ашылды.
Мерекелік жиында басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова әлеуметтік қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, ерен еңбектеріне алғыс айтты.
– Бүгінде халықтың әлеуметтік ахуалын көтеріп, тұрмысын түзету мемлекеттің басты міндеттердің бірі. Бұл саланы дамытуға мемлекеттен қолдау да жеткілікті. Бұқараның сол көмектің шарапатын сезініп, мүмкіндікті мүлт жібермей пайдалануы әлеуметтік сала қызметкерлерінің сапалы қызметіне тікелей байланысты. Себебі, әлеуметтік жұмыстың салмағы өзгеге білінбейтін, біліктілікпен бірге кең жүректі қажет ететін күрделі сала,-деді Б.Нарбекова.
Мерекелік басқосуда бірқатар әлеуметтік қызметкерге қала әкімі М.Әйтеновтің, қалалық мәслихаты мен «Nur Otan» партиясының «Алғыс хаты» табысталды. Салтанатты кеш өнер майталмандарының концерттік бағдарламасына жалғасты.