БілімҚоғам

АУҒА ДАЙЫНДАЛУ

Сүтқоректі алыптың көрінуі «Пилигрим» экипажына неліктен бұл сияқты қозғау салуы, әрине түсінікті мәселе. Теңіз бетінде қызыл алаптың ортасында жүзіп жүрген кит орасан ірі көрінді.

Бұл китті соғып алып кеме трюмін толтырсақ деген үміт — олқы құмарлық емес! Аңшылар бұл сияқты ұтыры келіп тұрған жағдайдан қайтып қана құр алақан қала алсын?

Миссис Уэлдон капитан Гульден:

— Бұл китке шабуыл жасау қауіпті емес пе? — деп сұрады.

— Жоқ, миссис Уэлдон,— деп жауап қатты капитан Гуль — Ешқандай қауіп жоқ… Китті жалғыз қайықпен әлденеше рет аулағаным бар, көздеген мақсатыма жетпей қайтқан сапарым болған емес. Қайталап айтамын, бізге төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ, ендеше, сізге де қауіп жоқ.

Миссис Уэлдонның көңілі орныққандай болды, ол басқа жағын қайтып сұрамады да.

Капитан Гуль сол сағатында жолақжонды аулауға керекті дайындықтар жасауға бұйырды. Ол осы жолғы аушылықтың қиынға соғатынын жақсы білді, сондықтан да сақтануға қажетті барлық шараларды қолдануға ұйғарды. Кит аулауға үш қайық баруы керек еді, капитан Гуль сол үш қайықтың орнына болғаны жалғыз-ақ қайық жібере алатын болды. Кит аулау маусымында «Пилигримнің» тұрақты командасына жәрдемдесу үшін Жаңа Зеландиядан матростар мен гарпуншылар алғанын жоғарыда айтып өттік. Қазіргі кезеңде ол жәрдемші команда жоқ, енді «Пилигримнің» ауға шығара алатыны тек болғаны бес-ақ матрос, былай айтқанда бір қайықты басқаруға қанша адам керек болса, сонша адам шығара алады. Өз еңбектерін асыға ұсынған бес негрдің жәрдемін капитан Гуль қабылдамады: өйткені, кит аулауда қайықты басқару тек қана тәжірибелі теңізшінің қолынан келеді. Китке шабуыл жасаған кезде рульдің епсіз қимылы немесе ескектің мезгілсіз есілуі қайықты апатқа ұшыратуы ықтимал.

Тағы бір қиын мәселе, капитан Гуль кемеде ең болмаса бір тәжірибелі матрос қалдырмай кете алмайды, дүние деген алмағайып нәрсе ғой.

Бірақ кит аулайтын қайыққа адамның әлдісі керек, капитан амалсыздан кемені Дикке тапсыратын болды.

— Дик,—деді ол, — ауға кеткен уақытымда, сені өзімнің орынбасарым етіп қалдырамын. Аушылық ұзаққа созылмас деймін.

— Құп болады, капитан!—деп жауап қатты жасөспірім.

Диктің өзі де кит аулау ісіне қатысқысы келіп еді, бірақ ол, қайық үстінде тәжірибелі кит аулаушы пайдалырақ екенін және «Пилигримде» капитан Гульдің орнын өзі ғана баса алатынын ескерді. Сондықтан да ол сөз қайырмай капитанның бұйрығына бағынды.

Сөйтіп, «Пилигрим» командасы түгелдей ауға аттанды Төрт матрос ескек есуге отырды, ал боцман Говик өзінің үйреніп қалған жұмысы рульді артқы есікті ұстады. Руль тез маневр жасауға мүмкіндік бермейді. Егер китке шабуыл жасаған кезде ескек күректер жазатайым сынып қалса, шебер теңізші жалғыз артқы күректің өзімен-ақ, жараланып жан ұшырған хайуанға қайықты соқтырмай аман әкете алады.

Капитан Гуль гарпуншы орнында тұрады, бұл міндет оның бірінші рет атқарғалы тұрған ісі емес, осы орында тұрып талай китті гарпундаған болатын. Оның атқаратын міндеті — китке гарпун лақтыру, гарпун сабына байланған ұзын арқанның тарқатылуын қадағалау және жараланған китті мұхит бетінде жүзіп жүргенінде шанышқылап өлтіру еді.

Кейде кит аулау кәсібіне дәрімен атылатын зеңбірек сияқты қарулар да қолданылатын. Кеме бортына немесе қайықтың тұмсығына ерекше жасалған зеңбірек орнатады да, жарылатын снаряд немесе сабына арқан байлаған гарпун атады. Бірақ «Пилигримде» бұл сияқты құралдар жоқ-ты. Дұрысын айтқанда теңізшілер мұндай жаңа әдістер қымбатқа түседі және оның тетігін кім көрінген біле бермейді деп жаратыңқырамайтын, сондықтан да өздерінің үйреніп қалған қарапайым құралы — гарпунды қолданатын-ды. Сөйтіп, капитан Гуль өзінің ескілікті қаруымен ғана ауға аттанды. Жолақжон «Пилигримнен» бес миль шамасы қашықта еді.

Ауа райы да аңшыларға кесірін тигізбей жәрдем еткісі келген тәрізді. Теңіз де тыныш, бұл жағдай қайықты басқару ісіне жеңілдік береді. Жел жоқтың қасында, экипаж ауда жүргенде «Пилигримді» бір жаққа жел айдап әкетеді деп қауіптенудің орны жоқ.

Штирборттағы қайық суға түсірілді, төрт матрос қайыққа түсіп өз орындарына отырды.

Боцман Говик оларға екі гарпун және ұшына өткір ұштық қадаған бірнеше шанышқы әкеліп берді. Шабуылға керекті бұл құралдардың үстіне, әрқайсысының ұзындығы алты жүз футтан келетін бес шумақ сым арқан алды. Бір шумақ арқан тарқатылып жатқанда, матростар оның ұшына екінші шумақты жалғайды, одан соң үшіншісін, төртіншісін жалғай береді. Бірақ кейде үш мың фут арқанның да жетпей қалатын кездері болады.

Гарпундар, шанышқылар мен арқандар — кит аулауға керекті жабдықтар — тәртібімен түп-түгел қайықтың тұмсығына қойылды. Говик өз орнына тұрды да, қайықты шешіп арқанның ұшын бер деген бұйрық күтті. Енді қайықтың ішінде бір ғана бос орын қалды,— бұған капитан Гульдің өзі тұруға тиіс.

Бұлар ауға аттанар алдында кемені дрейфке тоқтатқан-ды, басқаша айтқанда, желкендердің біреуі ілгері тартқанда, екіншісі қарсы итеретін етіп қойылған. Желкендердің қарама-қарсы әрекетінің нәтижесінде «Пилигримді» бір орыннан қозғалмайды деп сенуге болатын-ды.

Қайыққа түсер алдында капитан Гуль ақырғы рет мачтаға көзін салды. Желкендер нық бекітілген, арқандары берік тартулы. Дик Сэнд кемеде жалғыз қалатын болды, мүмкін, оның жалғыз болуы бірсыпыра уақытқа созылар. Капитан желкендерді ауыстыру әурешілігінен Дикті құтқарудың әрекетін ойлап еді.

Бәрі де дұрыс, орын-орнында екеніне көзі жеткен соң, капитан, жасөспірімді шақырып алып, былай деді:

— Дик, мен сені жалғыз қалдырып бара жатырмын. Бекем, сақ бол! Егер ойдағымыз болмай шықса, «Пилигрим» біздің алдымыздан шығатын болар, Том қарт пен оның жолдастары саған желкендерді ауыстырып қоюға көмектесер. Не істеу керек екенін оларға өзің жақсылап түсіндірерсің, оларды қолынан іс келетін адамдар деп сенемін.

— Капитан Гуль,— деді Том қарт,—Дикке өзіміз де қуана-қуана көмектесеміз.

— Ол тек қана жұмыс бұйырсын! — деді Бат.— Біз оған жұмысты қалай істейтінімізді көрсетеміз!

— Нені тарту керек? — деп сұрады Геркулес, білегін сыбана түсіп.

— Қазір тарта қоятын түк те жоқ,— деп күлді жасөспірім.

— Мен әзірмін! — деді алып.

— Бүгінгі ауа райы аса жақсы,— деп капитан Гуль сөзін жалғастырды,— жел де ауыса қоймас деймін. Дик, нендей қиын уақиға болса да қайықты суға түсіруші болма және ешуақытта да кемені иесіз тастап кетпе!

— Құп болады, капитан!

— Біздер китті қуып бір жаққа ұзап кете қалсақ, «Пилигрим» біздің артымыздан келетін болсын, мен багорге байлап вымпел33 көтеріп белгі берермін.

— Ол жағынан қам жемей-ақ қойыңыз, капитан. Мен сіздің қайықтан көзімді айырмаймын,— деп жауап қатты Дик Сэнд.

— Әбден жақсы,— деді капитан Гуль.— Аса пайымды да, батыр бол, сен енді капитанның орынбасары болдың. Абайла, атағыңа дақ түсіріп алма! Сенің жасыңда әлі күнге шейін бұл дәрежеге ешкім ие болып көрген емес.

Дик Сэнд оған жауап қайырған жоқ, тек қана қызарып күлімсірей берді. Капитан Гуль оның қызаруы мен күлімсіреуінің мәнісіне түсіне қалды.

«Қандай сүйкімді бала! — деп ойлады ол.— Кішіпейілділік пен батылдық — Диктің күллі мінезі осы екі сөздің ішінде!»

Капитан Гульдің қоштасардағы тапсырмалары мен өсиет сөздеріне қарағанда, ол ұзақ уақытқа кетіп бара жатпаса да, ешқандай қауіп-қатер байқалмаса да, оның кемені амалсыз қалдырып бара жатқанын оңай түсінуге боларлық еді.

Теңіз бетінің толқынсыз тыныш болуы, кит аулау сапарын оңайлататын тәрізденді. Аңшылық құмарының ыстық сезімі мен кеме жүгін толтырсам деген ашкөздік үміт капитанды итермелеп еркіне қоймады. Капитанның командасы да, оның өзі де өздерін итермелеген ішкі сезімге қарсы тұра алмады. Мұның үстіне ауға керекті жабдықтар дайын еді, сондықтан капитанның соңғы ой-пікірі өзінің бойындағы барлық сезімдердің бәрінен басым болды.

Ол батыл аттап қайыққа түсірілген арқан басқышқа барды.

— Жолдарың болсын! — деді миссис Уэлдон тілеу тілеп.

— Рақмет! Айтқаныңыз келсін!

— Капитан Гуль, ол бейшара китті қатты ұра көрмеңіз! —деп айқайлады кішкентай Джек.

— Есте болар, балапаным! — деп жауап қатты капитан.

— Оны қатты ұстамаңыз!..

— Ие… ие… қолыма қолғап киермін!

— Кейде бұл сүтқоректілердің арқасында қызғылықты жәндіктер де болатын,— деді Бенедикт ағай.

— Несі бар, Бенедикт мырза,— деді капитан Гуль күліп,— жолақжонды желкелеп әкеліп «Пилигрим» бортына шығарсақ, оның үстін тінтуіңізге ешкім кедергі жасай қоймас!

Сосын Томға қарап:

— Том, біздер китті соғып ала алсақ, сіздер оны союға жәрдемдесер деп сенемін…— деді.

— Қызметіңізге дайынбыз, капитан мырза!

— Рақмет! — деді капитан Гуль.— Дик, біздер ауда жүргенімізде, мына мейірбан адамдар бос кеспектерді палубаға шығарып қоюға жәрдемдесер. Біздер қайтып оралған қарсаңға бәрі де дайын тұрсын, жұмыстың қарқынды жүруіне себеп болар.

— Құп болады, капитан! Бәрі де істеледі!

Капитан Гуль борттан асып, арқан басқышпен қайықтың тұмсығына түсті.

Миссис Уэлдон, Джек, Бенедикт ағай, Том және оның жолдастары капитанға жолын болсын деп ақырғы рет тілеу тіледі.

Тіптен Динго да, екі артқы аяғымен тік тұрып басын борттан шығарып экипажбен қоштасқан сияқтанды.

Бұдан соң «Пилигрим» жолаушылары қатерлі аңшылықты анықтаңқырап байқау үшін кеменің тұмсығына жиналды.

Арқанның ұшы кемеден шешіліп қайықтағыларға тасталды, қайық тең ескен төрт ескектің айдауымен «Пилигримнен» ұзап та кетті.

— Дик, мен саған сенемін! — деп айқайлады капитан Гуль жасөспірімге ақырғы рет.

— Құп болады, капитан!

— Бір көзің кемеде болсын да, енді бір көзін қайықта болсын. Осыны ұмытпа!

Жеңіл қайық «Пилигримнен» бірнеше фут ұзап та кеткен еді. Капитан Гуль қайықтың тұмсығында тұрған-ды. Ол әлі де болса бірдеңелер айтып дауыстап бара жатты, бірақ оның дауысы естілмей кетті, тек қана капитанның қолын сермеп тапсырмалар беріп бара жатқанын Дик анық білді.

Динго осы сәтте борттан кетпей, аянышты түрде ұли берді. Миссис Уэлдон не болса соған илана беретін ырымшыл әйел емес еді, сонда да болса оның денесі түршігейін деді.

— Өшір үніңді, Динго! — деді ол.— Ұялсайшы! Аңға кетіп бара жатқан досына осылай тілеу тілей ме екен? Қане, арсалаңдап үрші!

Динго тына қалды да, кертеден аяғын алып, жайыменен миссис Уэлдонға келіп, қолын жалады.

— Динго құйрығын бұлаңдатып көңілденбейді,— деп күңкілдеді Том.— Жаман ырым! Жаман ырым!

Динго кенет арқа жүнін тікірейтіп ырылдап қоя берді. Миссис Уэлдон бұрылып оның ырылдаған жағына қарады. Негоро каютадан шыққан екен. Аңшылық оны да еліктірген сияқты.

Динго кеме аспазына дүрсе қоя берді. Ызаға булыққан ит қалш-қалш етеді. Оның неліктен үйтетіні әлі күнге түсініксіз еді.

Негоро палубада жатқан қолшығырдың келдек тұтқасын алып қорғана бастады.

Ит оның кеңірдегінен алуға ыңғайланды.

— Динго, кейін! —деп айқайлады Дик Сэнд.

Кетіп бара жатқан қайықты қадағалап тұрған Дик, кеме кормосына қарай тұра жүгірді. Миссис Уэлдон да Heгороны иттен арашалай бастады. Динго амалсыз көнді. Ырылдай түсіп, жайымен бала жігітке қарай бұрылды.

Негоро тіс жарып үндеген жоқ. Бірақ ол өте сұрланып кеткен еді. Қолындағы келдек ағашты палубаға тастады да, кеpi бұрылып каютасына кіріп кетті.

— Геркулес,— деді Дик Сэнд,— осы кісіні бақылап жүруді сізге тапсырсам деймін!

— Орындалады,— деп жайбарақат жауап қайырды алып, шоқпардай үлкен жұдырығын түйе түсіп.

Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд кемеден тез ұзап бара жатқан қайыққа көздерін қайта тікті.

Бұл уақытта қайық шексіз теңіздің ортасында кішкене ғана нүктедей боп кетіп бара жатыр еді.

Сегізінші тарау

ЖОЛАҚЖОН КИТ

Капитан Гуль кит аулау ісінде тәжірибесі мол аңшы еді, ол осы жолғы сапарын қайырлы болады деп болжаған жоқ. Жолақжон китті аулау — оңай емес, сақтану шараларының нендей түрі болса да артық емес. Капитан Гуль керекті шаралардың бірде-бірін қалдырмай түгел қамтитын-ды.

Ең алдымен ол рульшіге, китке ық жағынан бар деп бұйырды, ондағы ойы, аңшының жақындағанын кит сезбесін деген.

Говик қайықты кит жүзіп жүрген қызыл алаңның жиегін орай жүргізді. Сөйтіп, жел жақтағы аңшылар енді киттің ық жағына өтулері керек болды.

Боцман, тәжірибесі мол қарт теңізші және ерекше салқын қанды адам еді. Капитан Гуль рульшіге толық сенуге болатынын білетін-ді. Өйткені ол шешуші кезеңдерде асып-саспай, және керекті маневрді тез де дәл орындайтын.

— Говик! — деді капитан Гуль.— Жолақжонды абайсызда бас салып көрейік. Гарпун атуға болатын шамаға білдірмей жетуге тырысып бақ.

— Құп болады, капитан! — деді Говик.— Егер қызыл алаңды жиектей жүрсек, өнебойы желге қарсы жүземіз.

— Дұрыс! — деді капитан.

Матростарға қарап:

— Жігіттер, шалпылдатпай есіңдер!—деп үстеді ол. Ескектер суға ақырын ғана сүңги берді.

Боцман қайықты шебер басқара отырып, шаянсымақтардың қызыл алаңына жеткізді. Оң жақтағы ескек әлі де болса көгілдір тартқан мөлдір суға батып келе жатқанда, сол жақ ескектен қан сияқты қызғылт сұйықша тамып жатты.

— Әрі шарап, әрі су,— деді матростардың біреуі.

— Ие,— деп жауап қатты капитан Гуль,— бірақ бұл су болып сусыныңды қандырмайды, шарап болып мас қылмайды! Қане, достарым, енді әңгімені доғарыңдар!

Қайықтың жылжуы, май бетінде жүзгендей, шылп етіп дыбыс шықпайды. Жолақжонда да түк қимыл жоқ, келе жатқан кішкене қайықты елемеген сияқты.

Қайықтың алыстан орағытып, иін жасай «Пилигримнен» ұзап кеткенін жоғарыда айтып өттік. Ескектер сілтенген сайын, кеменің қарасы кішірейген үстіне кішірейе берді.

Теңіз бетіндегі заттардың бәрі ұзаған сайын әдеттегі көлемінен бірте-бірте кішірейіп көрінеді. Бұл көрініс, төңкеріп көрсететін подзор дүрбіден қараған сияқты, адамға бір түрлі әсер береді. Бұл сияқты көз алдану ұшы-қиыры жоқ шалқып жатқан теңіз бетіндегі алыстап бара жатқан заттың көлемін ешбір затпен салыстыруға болмайтындығын дәлелдейді.

Қазірде де дәл осы жағдай еді. «Пилигримнің» қарасы минут сайын кішірейе берді, қайықтағыларға, «Пилигрим» қалған жерінен анағұрлым алыста тұрған сияқты боп көрінді.

Капитан Гуль мен оның жолдастары кемеден кеткен соң, жарты сағаттан кейін, қайық китті айналып өтті. Кит енді «Пилигрим» мен қайықтың арасында, жел жақта тұр. Жолақжонға жақындай түсетін мезгіл жетті. Бірақ дыбыс шығармай бару керек. Кит аулаушылар кейде тақалып барып гарпунды тіптен жақыннан ататын уақыттары да болады.

— Жігіттер, ақырын!— деп капитан Гуль ескекшілерге сыбырлап қана команда берді.

— Мына балық әлденені сезген сияқты-ау деймін,—деді Говик.— Оның нақ, қазіргі дем алған шуылы, бұрынғысындай емес.

— Ақырын! Ақырын! — деп қайталады капитан Гуль.

Бес минуттан соң аңшылар мен киттің арасы болғаны бір-ақ кабельтов қалды.

Боцман Говик кормода тік тұрған күйі, қайықты киттің сол жақ бүйіріне қарай туралады, бірақ оның қатерлі құйрығынан біршама қашық болуға тырысты.

Капитан Гуль қайықтың тұмсығында тұрып, құлап кетпеу үшін аяғын алшағырақ тіреп, қолына гарпун алды.

Бес шумақ сым арқанның бір шумағы капитанның жанындағы ағаш шелекте жатыр, арқанның бір ұшы гарпун сабына нық байланған. Егер кит тереңге сүңгитін болса, арқандарды бірінен соң бірін кідіріссіз жалғай беру үшін, қалған төрт шумақ арқан да аяғының астында, оңайда жатқан.

— Әзірленіңдер! — деп сыбырлады капитан.

— Құп болады, капитан! — деді Говик, руль-ескекті тірей ұстап.

— Жақында!

Боцман, капитанның айтқанын орындап, қайықты жолақжонға қапталдата түсті. Қайық пен киттің арасы енді он-ақ фут.

Кит қозғалған жоқ, ұйықтап жатыр екен. Китті ұйықтап жатқанында шанышқылау, аңшыға аса қолайлы болады. Кейде бір ұрғанда-ақ киттің жұмысын бітіреді.

«Ғажап!—деп ойлады капитан Гуль.— Бұл қу ұйықтап жата қойды ма екен… жоқ, мұнда басқа бір мән бар!»

Бұл пікір боцман Говиктің де ойында елестеген еді, ол киттің арғы жақ қабырғасын көруге әрекеттенді, бірақ қаншама қадалып қараса да, көре алмай-ақ қойды!

Ойланып тұратын уақыт жоқ: әрекет ететін мезгіл жетті. Капитан Гуль гарпунды ортан белінен ұстап жоғары көтерген күйі, көздеп тұрып, бірнеше рет толғады да, керіле беріп, жолақжонға туралап бар пәрменімен сілтеп кеп жіберді.

— Кейін! Кейін! —деп айқайлады капитан сол сәтте. Матростар ескекті еңкейе сермеп, жаралы хайуанның құйрығына қайықты соқтырмай аулақ әкетуге жанталасты.

Осы сәтте жолақжонның ұзақ уақыт қимылдамай жатуының құпия сырын боцманның айқайы анықтады.

— Баласы бар екен ғой! — деп дауыстады Говик.

Жараланған ана кит жиырыла түсіп, ырши жөнелді. Осы сәтте оның баласын теңізшілер де көріп қалды. Кит баласын емізіп жатқанда, оған гарпун қадалған еді.

Киттің баласы қасында болса, оны аулау өте қауіпті екенін капитан Гуль жақсы білетін-ді. Ана кит өзін ғана қорғай қоймай, «кішкентайын» да қорғауы керек, сондықтан оның ызасы өрши түсетінінде сөз жоқ; кит баласының ұзындығы алты метрден астам келеді, олай болса, кит баласын «кішкентай» деп атауға сияр ма екен!

Әйтсе де, жағдай капитан Гульдің қауіптенгеніндей емес, керісінше болды, жолақжон бірден қайыққа ұмтылмады, ызаланған киттен қашып құтылу үшін, кей кездерде гарпунға байланған арқанды қиып жібереді; бұл арада олай етудің де қажеттігі болмады.

Жолақжон бірден тереңге сүңгіп, сосын атылып үске шықты да, пәрменімен зымырап, жүзе жөнелді. Оның соңынан баласы да ере кетті.

Капитан Гуль мен боцман Говик кит суға сүңгігенше шамалап, лайықты бағасын да мөлшерлеп үлгірген еді. Бұл жолақжон кит ұзындығы жиырма бес метр шамасы келетін орасан ірі хайуан екен. Оның сары-қоңыр терісі қарауытқан теңбілдермен шұбарланған.

Істің басы сәтті болды, ендігі жерде бұл сияқты мол олжадан бас тартып құр алақан қалу, әрине өкінішті болар еді. Аңшылар китке ілесіп кете берді. Ескегі көтерілген қайық толқынды сүйкей атылған оқша зымырады. Жаралы хайуан аласұрып бір олай, бір бұлай бұлтарса да, Говик қайықты киттің ізіне салудан жаңылмады.

Капитан Гуль олжадан көз айырмай:

— Байқа, Говик! Байқа, Говик! — деп үздіксіз айқайлаумен болды.

Бірақ, боцман оның ескертуінсіз-ақ сақтануда еді.

Қайық киттен гөрі бәсең жүзіп келе жатты, ал сым арқанның тарқатылуы соншалықты тез, қайықтың қапталына ысылған сым арқан өзінен өзі тұтанып жанып кете ме деп қауіптенді капитан. Сондықтан ол арқан салынған астауға жалма-жан су толтырды.

Жолақжонның тоқтайын деген немесе жүрісін бәсеңдетейін деген ойы жоқ сияқты. Капитан Гуль екінші арқанды жалғады. Бірақ бұл арқан да көпке жетпей-ақ таусылды. Бес минуттан соң арқанның үшіншісін жалғауға тура келді, о да тезінен суға батып жоқ болды.

Жолақжон судың түбіне батып, бұрынғысынша алға қарай зымырай берді. Шамасы, гарпун оның жанды жерінен қадалмаса керек. Арқанның төмен қарай тұңқиғанына қарағанда, кит су бетіне шығуды ойламайтын тәрізді, керісінше, тереңдеп бара жатыр десе де боларлық еді.

— Пері соқсын!—деп айқайлады капитан Гуль.— Мына оңбаған арқанның бесеуін де жұтатын болды-ау!

— Бізді «Пилигримнен» алыстатып әкетті,— деп үстеді боцман Говик.

— Дегенмен, бұл қарғыс атқан дем алу үшін су бетіне шығуы керек,— деді капитан.— Кит балық емес қой, адамға ауа қандай керек болса, оған да соншалықты қажет.

— Ол шапшаң жүзу үшін демін ішіне тартып барады,— деп күлді матростардың біреуі.

Шынында да, арқанның тарқалу тездігі алғашқы қарқынынан әлі кеміген жоқ-ты. Көп кешікпей үшінші арқанға төртінші шумақ жалғанды.

Киттен түсетін пайдадан өзіне тиетін үлесті ойша есептеп қойған матростар енді торыға бастады.

— Мына қарғыс атқан хайуанды-ай! — деп күбірледі капитан Гуль.— Мұндайды өзім өз болғалы көрген емен.

Ақырында бесінші шумақ арқанды да жалғау керек болды. Бұл арқанның жарымына жуығы тарқатылған кезде, шертіле тартылған арқан бірден босап кетті.

— Ура!—деп айқайлады капитан Гуль.— Арқан іркіліп қалды, демек жолақжон болдырды деген сөз!

Осы кезде қайық «Пилигримнен» бес миль қашықтап кеткен-ді.

Капитан Гуль багордың сабына вымпел байлап жоғары көтеріп, «Пилигримге» жақында деп белгі берді.

Көз ашып жұмғанша болған жоқ, «Пилигрим» желкенінің желге кернеліп, рейдің желге қарсы бұрылғанын байқады капитан. Дик Сэнд бұл маневрді Томның және басқа негрлердің жәрдемі арқасында тез де, дәл істеді.

Бірақ жел өте әлсіз еді, баяу ғана соққан болды да, ізінше басылып қалды. Бұл жағдайда «Пилигримнің» қайыққа жетуі тым-ақ қиын.

Сол арада капитан Гульдің болжағанындай, жолақжон демалғалы теңіз бетіне шықты. Бүйіріне қадалған гарпун бұрынғысынша сорайып тұр. Жаралы хайуан су бетіне шығып бірсыпыра уақыт қимылдамай сұлық жатты, жара ашуымен жан ұшыра қашқан уақытта қалып қойған баласын күтіп жатса керек.

Капитан ескекшілерге есіңдер деп бұйырды, қайық көп кешікпей жолақжонға тағы жақындады.

Капитанның бұйрығымен екі матрос ескектерін қойып, жаралы китті шанышқылап өлтіру үшін қолдарына ұзын сапты сүңгі алды.

Говик сақтанып әзір тұрды. Бұл өте қауіпті минут еді, өйткені киттің бұларға тап беруі ықтимал, сол сәтте қайықты қатерлі жағдайдан тез алыстатып әкетуге дайын тұрулары керек.

— Әзірленіңдер! — деп айқайлады капитан Гуль.— Дәлдеп көздеңдер, жігіттер, қапы жібермей ұрыңдар! Говик, сен дайынбысың?

— Мен дайынмын ғой, капитан,— деп жауап қатты боцман,— бірақ есі кеткен сүргіннен кейін мына қарғыс атқан жолақжонның су бетінде бөрене құсап қимылсыз жатуы мені таңдандырып тұр!

— Мен де күмәнданып тұрмын.

— Сақтану керек!

— Ие. Дегенмен, әрекет етпей, тастап кетуге болмайды ғой! Ілгері бас!

Капитан Гульдің қаны қайнап, ызасы келді.

Қайық китке жақындады, бұрынғысынша тапжылмастан бір орында әлі жатыр. Баласы да көрінбейді.

Жолақжон құйрық қанатын сермеп жіберіп отыз футтай ілгері жүзіп кетті.

Ол тағы қашқалы бара жатыр ма? Ұшы-қиыры жоқ сүргін тағы басталатын болар ма?

— Сақтаныңдар!—деп айқайлады капитан Гуль.— Жолақжон қазір екпінімен келіп бізге шабады! Бұра бер, қайықты, Говик, бұра бер!

Шынында да, жолақжон қайыққа қарай бұрылып алды да, бар күшін сала, қанаттарымен су сабалап, адамдарға қарай тұра ұмтылды.

Боцман, киттің келе жатқан маңдай алдын дәл байқады да бір жақ шетке жанталаса жалтарды, екпіндеп келе жатқан кит қайыққа соқпай өтіп кетті. Капитан Гуль мен екі матрос киттің жанай өткен кезеңін пайдаланып, оның бүйіріне сүңгі салып үлгірді.

Жолақжон бірнеше фут ұзап барып тоқтағанда, қан аралас екі фонтан тіп-тіке аспанға шапшып жатты, кит бұрыла салып тағы да қайыққа қарай ұмтылды.

Ызаланған алыптың жолында тұрып ажал қармағына ілінбеу үшін асқан ерлік керек болды. Сөйтіп, Говик қайықты китке соққызбай тағы да бір жақ шетке қарай бұрып үлгірді.

Жолақжон қайықты жанай өткен мезетте, аңшылар оған тағы да үш жерінен ойсырата: жара салды. Кит өзінің сұмдық күшті құйрығымен суды пәрменінше қойып жібергенде, теңіз бетінде таудай толқын пайда болды. Қайық аударылмай шақ қалды. Жоталанған толқын борттан асып, ішке құйылған су қайықтың ортан белінен келді.

— Шелек әкел! Шелек! — деп айқайлады капитан.

Матростар ескекті тастай беріп, жандарын сала қайықтағы суды төгіп жатыр. Осы арада капитан Гуль гарпунға байланған арқанды қиып жіберді, өйткені бұдан былай арқанның пайдасы жоқ-ты, жара ашуы жанға батып есі кеткен хайуан, бұдан былай қашуды қойған еді. Адамдарға енді кит өз кезегімен шабуыл жасай берді, оның өлім аласы өте үрейлі болды.

Жолақжон қайыққа қарай үшінші рет бұрылды. Бірақ ішіне су толып ауырлаған қайық, жүрісін мандыта алмады, енді не кейін қашуға, немесе шабуыл жасаған киттің маңдай алдынан бір жақ шетке жалтарып кетуге мүмкіндік болмады.

Матростар қаншама күш салып ессе де, жолақжон қанатын тағы бірнеше сермесе болғаны, қайыққа жететіні сөзсіз.

Ендігі жерде шабуылды қойып бас сауғалау керек. Капитан Гуль бұл жағдайды жақсы ұқты.

Киттің үшінші шабуылында боцман Говик қайықты жолақжоннан сәл алыстатуға ғана шамасы келді, бірақ алыптан құтыла алмады. Жолақжон қайықты арқа қанатымен қағып өтті. Оның қатты соққаны сонша, қайық, басқарып тікесінен тұрған Говик ұшып түсті.

Киттің бұл жолғы соғуы, үш найзагердің дәлдеп көздеуіне кедергі болып, атқан сүңгілерін тигізе алмады.

— Говик! Говик! — деп айқайлады капитан Гуль, өзі аяғын зорға басып тұрып.

— Мен мұндамын, капитан! — деп боцман жауап қатты да, жатқан жерінен ұшып тұрып өз орнына қайта барды.

Бірақ боцманның қолындағы руль-ескек қақ ортасынан омырылып қалған еді. Ол үндеместен қолында қалған ескектің сынығын көрсетті.

— Басқасын ал!

— Құп болады!

Осы сәтте қайық маңынан су үйірілгендей болды да, теңіз бетінде киттің баласы көрінді.

Жолақжон баласын көре сала, оған қарай бар пәрменімен жүзе жөнелді.

Жолақжон енді қазірден бастап баласы үшін де, өзі үшін де арпалысуға тиіс. Ендігі арпалыс өте-мөте күшті болмақ.

Капитан «Пилигрим» жаққа көз тастап, багорге байланған вымпелды көтеріп жанталаса бұлғай берді.

Дик Сэнд капитан Гульдің алғашқы берген белгісін көрісімен-ақ қолынан келгенінің бәрін істеп үлгірген болатын. Бірақ аңшылардың ажалына қарай, кеменің жүрісін тездетерлік басқа түрлі лаж жоқ. Дик енді не істеуі керек? Тағы бір қайықты суға түсіріп, негрлердің жәрдемімен тезінен капитанға жәрдемге жетуі керек пе? Бірақ ескек есіп қайықпен оларға жету үшін кемінде бір сағат уақыт керек, суға қайық түсіріп жолдастарына жәрдемге барайын десе, нендей жағдай болса да, кемені тастап кетуші болма деп, жасөспірімнің кемеден кетуіне капитанның өзі тиым салып кеткен.

Сонда да болса Дик Сэнд кормодағы қайықты суға түсіріп, кеменің артына тіркеді, ондағы ойы, егер қажетті жағдай бола қалса, апатқа ұшыраған адамдар пайдаланар деген еді.

Осы уақытта жолақжон баласын денесімен қалқалап тіп-тіке аңшыларға қарай тағы ұмтылды.

— Сақтан, Говик! — деп капитан Гуль ақырғы рет айқайлады.

Бірақ рульші құралсыз қалған еді. Ұзын сапты руль ескектің орнына, оның жұмсайтыны кәдімгі қысқа сапты ескек. Онымен тез маневр жасау мүмкін емес.

Ол, қайықты бұруға әрекеттенді. Бірақ мұнысы жүзеге аспады.

Матростар өздерінің апат болатындарына көздері жетті. Барлығы тік тұрып шулап қоя берді. Мүмкін, бұлардың дауысы «Пилигримдегілерге» жететін де болар…

Кит құйрығының кереметтей күшпен соғылған екпіні қайықты шүйіріп аспанға атып жіберді. Қайық үшке бөлініп, кит құйрығының екпінімен пайда болған иірімге келіп түсті.

Матростардың бәрі жараланды, сонда да болса ол бейшаралардың су бетінде қалқып уақытша жан сақтай тұрарлық әлдері бар-ды. Боцман Говиктың қайық сынығына жармасып, оған капитан Гульдің жәрдемдесіп жүргенін «Пилигримдегілер» көріп тұрды…

Бірақ, кит ақырғы рет жиырыла түсіп құйрығымен су сабалады. Құйынша үйірілген толқын бірнеше минутқа созылып, шашыраған су мен көбіктен басқа ешнәрсе көрінбей кетті. Дик Сэнд негрлерді қайыққа мінгізіп апат болғандарға жәрдем еткелі жөнелді, аңшылардан тірі қалған ешкім жоқ, су бетінде қанмен боялған қайықтың сынықтары ғана қалқып жүрген.

авторы: Жюль Верн (жалғасы бар)

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close