БАҚБАҚ БАСЫ ТОЛҒАН КҮН (КҮЛӘШ)
Сол күні-ақ қағаздың шетіне гүл тістеген көгершінді мәнерлеп салдым. Алдында апайым тыққыштап көрсетпейтін хаттарды ұрлап алып, жасырын оқығанымда осындай суреттерді көргенмін. Әсіресе, көкжөтел «Беларусі» бар Кәрімдікі қатқан: көгершін астына жаңағы ашқан құпия жолмен: «Күләш, сені жақсы көремін. Заманбек» деп өрнектеп жаздым да салдым.
Көгершінім аздап қарғаны еске түсіреді. Оқасы жоқ, жұмбақ жазу тұрғанда көгершін-қарғаға қыз өлгендей қадалып қарап қалмас.
Ертеңіндегі соңғы сабақ әдеттегі Роза апайдың «құрлықтары мен мұхиттары» еді. Көзімнің астымен байқатпай Күләшті барлаймын да, қуанғанымнан шыңғыра жаздаймын — иә, сәт, көңілді отыр. Несін айтасың, кешегі көгершінді хатты ұстата қоюдың дер кезі. Демімді тереңнен тарттым да, қолымды соза… шынтағым алдындағы сия сауытты қағып кетті де, ол еденге құлады, онымен коймай, сондай сергектікпен шоршып-шоршып түсті. Шашыраған сия қыздың аппақ алжапқышын әп-сәтте көк түске бояды да салды. Жым-жырт. Күләш күлімсіреген күйі бұршақ түсті теңбіл-теңбіл алжапқышына қарап тұрды, алжапқышындағы көк бояу біртіндеп бетіне жайылды, содан, әй-шай жоқ, ештеңені түсіндірместен, қолындағы 265 беттік «Дүниежүзінің географиясымен» басымнан салып қалды. Есім әжептәуір ауып қалды. Класс қыран-топан. Кеп қалған кез жасымды жұта хатты ұсындым.
— Бұл не? — деді ол едірейіп.
— Хат…
— Қайдағы хат?
Менде үн жоқ. Не дейін? Қағазды қолымнан жұлып алып, айналдырып қарай бастады. Балалар бастарын біз жаққа флюгерше бұрып, мойындарын құрықтай соза көздерімен ішіп-жеп отыр.
— Қарғаның суреті… Ол неге гүл тістейді? — Көңілсіз жүзбен алдыма тастады. Соның өзінде маңдайына түскен біркелкі қиюлы кекілі керемет әдемі.
— Ол қарғаның суреті емес.
— Енді ненікі?
— Қарға емес.
Сықылықтап күлді.
— Қарға емес, көгершін, көгершін… — Бұзылған мембранадай жалғыз сөзді қайталай беріппін. Бетім дуылдайды. Күләштікіндей қызыл шығар деп ойлаймын.
— Ал мынау жазуы несі?
— Жазу… жазу да.
— Жазу? «Клүшә»… — Иығын көтерді. — Қалай оқылады әлде басқа тілде ме?
— Онда «Күләш, сені жақсы керемін» деп жазылған.
Көзі үлкен еді. Енді мына менің алақаным қандай, сондайға жетті, жетпек түгіл, асты.
— Кім жазған өйтіп? — Қателеспесем, бақырды ма, қалай? Бүлдіргенімді білдім, зып беріп партаның астына зыттым. Класком қыз ұятты ұмытып, бар беделден айрыла еңіреді. Беті бес тиындық Бәтес мәз-мейрам. Қолын шапалақтап, тақтаның алдында қосаяқтай секеңдеп жүр. Партаның астынан бұралған қисық балтырларын тізелектен қия көріп жатырмын.
— Кекшебай Күләшті жақсы көреді. Апайға айтам, оһ, оһ… — Ал айта ғой, қисық аяқ маймыл! Сенде бар ауыз менде де бар. Көргем, білем. Өткен жазда Оқаспен қол ұстасып, бақбақ тергенсің. Ұл мен қыз кластан тыс жерде қол ұстасуы керек деп «Мектептің ішкі ережесінде» жазылмаған. Әне, солай!
Ойымды ту жоныма сарт еткен «Дүниежүзінің географиясы» бөлді. Соққы өте жиі тиіп жатыр. Бар бітіргенім — төмен бұғып, кірпіктерімнен тамшыларды үнсіз үзе берген.
Роза апай кірді де, балаларды түгендеп, өткен сабақты сұрауға кіріскені сол еді, Бәтес ақ манжеті кірлемеген оң білегін биязылықпен әрі асқан батылдықпен партаның деңгейінен жоғары көтерді. Көздері жайнай түсіп, беті албырап қапты. Күләш оған жиіркенішін көзінен лақтырып тастады да, тура алдына тесірейе қарап отырып алды.
— Иә, Бәтесжан, Мексика туралы айта бер. Табиғи жағдайы, климатына тоқталуды ұмытпа.
Бәтес бөгелді. Басы мойнынан сынып, кеудесіне құлады. Саусағымен табанды түрде парта бетін осқылай береді.
— Апай, мен…
— Біріншіден, парта бетін сызғылаудың Мексикаға қатысы жоқ. Екіншіден, өз ойынды еркін білдір, бөгелме.
— Мен Күләштің Кекшебайды… жоқ, Кекшебайдың Күләшті жақсы керетінін айтпақпын, — Сөйтті де, Бәтес бар салмағымен сылқ отыра кетті.
— Бізде Кекшебай атты оқушы бар ма еді, балалар?
Сүйретіліп орнымнан тұрдым. Сақ-сақ, сылқ-сылқ күлкі, яғни ат-биелерше кісінесу. Роза апай жымиды. Содан кейін орнынан тұрды да:
— Балалар, бір-бірлеріңді ата-аналарын қойған есімдеріңмен атағандарың жөн. Заманбектің тісі кетілген екен деп кеміту теріс. Ертең тісі өсіп шығады, сонда қайтесіңдер? — Ие, сонда қайтесіңдерді танытып, жалқұйрығы жоқ болса да, жаңа ғана жылқыша арқырағандарға ақырая қарадым. — Ал Заманбектің Күләшті немесе Күләштің Заманбекті жақсы көретіндігінде не тұр? — Енді Күләш маған алайып қарады,- Бір мектеп, класта оқиды, партада қатар отырады, ендеше, олардың бір-бірін ұнатып, дос болғанында тұрған қисықтық жоқ. Өз басым, оларды қолайсыз сөзге ұшыратып, өсектегендердің өзін жақсы жолдас бола алмайтындардың қатарынан санаймын, — деді де, сабағын әрі қарай жалғастырды.
Ой, рұқсат берсе, Роза апайдың бетінен жүгіріп барып сүйіп-сүйіп алған болар едім. Қамыт аяқ Бәтес нокаутқа оңбай түсті. Хат жазғаным дұрыс болыпты. Том Сойер бала Беккиді бірдеңені біліп ұнатыпты. Ерні ерніне тимей шөпшеңдеген Бөтес мың жерден щёткіленсе де тазаланбайтын ұятқа қалды. Кеше Күләштің орнына Бәтесті таңдамағаным қандай жақсы болған.
Үйге қайтарда озып кеткен Күләштің соңынан зымырап қуып жеттім. Бұрылып қараған жоқ, тездете басып барады.
— Күләш, енді біз шын доспыз, — Арсалаңдап қолынан ұстадым. Мәссаған, жұлқа алақанын суырып алды да, жағымнан тартып қалды. Дәл кинодағыша тартты.
— Маған бұдан былай қарғасы бар хат жазушы болма, ұқтың ба? — Бетіне қарап едім, «Дүниежүзінің географиясымен» салып қалған кездегіден жүзінін еш айна қатесі жоқ екен. Еріксіз шегіндім.
— Жолдас болуға апай рұқсат берді емес пе? Том Сойер мен Бекки де әуелі…
Американдықты қырсыққанда ол да оқыпты.
— Том Сойерің де, Беккиін де өмір сүрмеген, өтірік, білдің бе! Апай тауып берген басқа қызбен жолдас бола бер, ал менен аулақ жүр. Әйтпесе бар ғой… — Сөйтті де класком қыз кекілін сілкіп-сілкіп тастап жүре берді.
Суайт американдыққа сол жерде жатып ренжідім. Кітаптар да алдайды екен. Мұғалімдер соны бізге алдын ала неге ескертіп қоймайды? Ондайда Күләшқа хат жазар ма едім. Бүйтіп ренжіспейтін де едік.
Ес жинап, соңынан жүгіріп жеткенім сол еді, сары жезді портфелін жоғары тік көтерді.
— Мен саған жолама дегемін.
Жолама дегесін, жоламай тұрып қалдым. «Дүниежүзінің географиясынан» портфель әлдеқайда салмақты болатын.
Күләш, әне, сондай тәкаппар қыз. Мұғалім айтты деп оны жолдастыққа көндіру киын. Керек десе, «Том Сойердің басынан кешкендеріндей» қызық кітаптың дегеніне бағынбайды.
Кешінде, әйтсе де, Күләштан Роза апайды, Марк Твенді сыйламағаны үшін кек алуды ұмытқаным жоқ. Бау-бақшасына ұрланып кіріп, пісіп қалған қарбыздарын пышақтап жардым. Бұл бір. Терезесіне картоп байлаған, одан кейін алыстағы апанға жатып алып, арбағаш жіппен әлсін-әлсін тарта әйнекті тоңқылдатып ұрған да мына мен — Заманбек. Кімнен қорқайын, апамның семіз қоймашы қайнағасы ауданға кеткен. Үйде Күләш және мамасы екеуі ғана. Не деген батыл қыз. Сыртқа шығып, картопты жұлып алды да, бар пәрменімен лақтырып қалып еді, дәл қасыма топ ете түсті. Жіпті тастай, жыраны бойлап, еңкеңдей тұра қаштым. Қорқытқанның орнына қорықтым.
Әлі де болса Күләшпен жолдас болғым келеді де тұрады. Көршіміз Роза апай да ақылын айтты. Ендеше, қандай бөгет бар? Тегі, әншейін ешкімнің ақылын алғысы жоқ тентек қыз. Сондай қырсық баласың деп өзіне тым болмаса ұрсып-ұрсып алу ешкімнің есіне түсе бермейді де. Дос болмай, ұзын сирағын сереңдетіп жалғыз жүре беруден, мүмкін, жалығатын шығар деген үмітім күшті. Ол күнге арнап жазып қойған екінші хатым да әзір.
Қазір ол тас бүркеніп алып, жылы төсекте ұйқыны соқтыртып жатқан шығар. Соған қарағанда, қыз болған жаман емес тәрізді. Таңнан тұрып шөп шаппайды, ұлдарға әуреленіп хат жазып, олардан таяқ та жемейді. Дос болғысы келмесе, болмай қояды.
Күләш жайлы ойлап тұрғанымда, Қоқай мен көкем жер-дүниенің шөбін шауып үлгіріпті. Жалаңаштана шешініп, қалыппен кең сермейді. Көкемнің алымы керемет. Шөп шабатын машинадан аумайды. Бірақ оның шарылдаған даусы құлақты сарсытады ғой. Ал көкем сілтесі үздіксіз тынбайтын жұмсақ, жағымды сарын. Бұлшық еттері бұлтылдап тұр. Үйдегі ақ мысықтың көрпе астын бүлкілдетіп ойнағаны сияқты, көйлегін басына орапты. Соңындағы жантая сұлаған жас дестенің түнгі шығы күн өтінде солғын сәуле шығара жалтылдап жатыр. Айырмен жинай бастаған едім, көкем тоқтатып тастады:
— Әлі ерте, су. Одан да шалғыны ал да, шөп шабуды үйрене бер.
Қуанып кеттім. Үлкендерше ырғатыла құлаштап тартпа тарту… кім ойлаған? Лыпи басып, арбаның қорабындағы шалғыны суырып алдым.
— Жоқ, арбаның астындағы кіндік темірге байлаулы кішкенерегін шешіп алсайшы.
Алақай! Судай жаңа, өзіме шақ. Жүзі жалтырай зыңылдап тұр. Шөпті сілтеусіз-ақ өзі шаба жөнелетін секілді. Әдейі арнап сатып алған көкеме рақмет. Асығып-аптығып алан шетіне жүгірдім.
— Тоқтай тұр, Заманбек, әкел, шыңдап берейін, — Көкем жымия қарап тұр. Есімімді атап шақырды… Мойнынан құшақтағым келді. Қойшы, қызбен дос болуға дайындалып жүрген жігітке ол ұят та.
Көкем шыңылдаған дыбыс шашырата қайрақ таспен шалғы жүзін жаныды да, шөп шабуды үйрете бастады.
— Оң аяғыңды алға тастап, шалғы жүзін жерге жанап қана құлаштап тартып көрші. Белдігін былғаңдатпай бекем ұстағайсың. Өйтпесең, томарға соғылады.
Қарымды жаза тартып кеп қалып едім, шалқамнан түсе жаздадым, көкем сүйеді — тартпа шөп бастарын сипай зуылдап өте шығыпты. Қатты ұялдым.
— Құлашыңды тым кең алдың. Шалғы ұшы шөпке бойласымен өзіңе орай іле икемдеп тарт.
Қайтара сілтедім. Шөпті мөлшерсіз қамтыдым ба, тартпа қақалып жүрмеді. Үшіншісі уыс шөп түсірді. Төртінші, бесінші… Ит әуремен жарты сағат өтті. Артыма қарадым, көзімді алып қаштым — алым-жұлым, шөптің бірі шабылған, екіншісі сол күйі селтиіп тұр. Қабағым түсіп, отыра кеттім. Бес-алты кез құйқалағанға қолым салдырап, шаршап қалыппын. Менен тартпашы шыға қоюы неғайбыл-у. Оқасқа ақыл соққанымды айтсайшы. Көкем мұндайда не деуші еді… е, жығылып жатып сүрінгенге күлмес болар.
— Қой, сусындап алайық.
Дөңгелене отыра қап суық тары көжені сіміріп-сіміріп жібердік. Шекемізден бір-ақ шықты. Таңертеңгідей ұйқы қысты. Мықтап есінеп тастадым да, сая боларлық пана іздедім. Арба астын ез көлеңкесі саялап жатыр. Бешпетіммен бетін жасыра тыныстамақ едім, сыз өтеді деп, көкем келіспеді.
Қоқай бәтеңкесін шешіп, аяғын желдетіп отыр.
Көкем тұқылына дейін жұтып қоярдай сорғылап темекісін тартады.
Күн аспанның ширек бөлегіне көтеріліпті. Ыстық. Он қолымда көкем темекісін ораған газеттің қалдығы жатыр. Колыма алдым. Алғашқы жолының басында ірі «Неаполь» жазуы бар. Неаполь… Тоқта, Италия атты елдің қаласы емес пе? Дұрыс, Италия. Географиядан оқығамыз. Европа континентінде, астанасы — Рим. Ары қарай оқып көрейік. ТАСС… Бұл не болды? Неапольден кейін тұр, әлде сондағы көшенің аты ма? Соз бар ма, көшенің аты. Конвертке әуелі қала, кейінгі кезекте көше, ақырында үй, пәтер саны жазылады емес пе.
«Дәрігерлердің пікірі бойынша, Италияның атақты әншісі Робертино Лореттидің даусын қалпына келтіруге мүмкіндік туып отыр». Е, әдемі әнді айтатын бала ғой. Әннің аты не еді? Санта… Санта… Санта-Лючия. Иә, Санта-Лючиа-аа… соны ата-аналар жиналысында Оқас айтамын деп былықтырды. Күләш биледі. Мен тақпақ оқыдым. Одан соң Оқас шықты. Мен құсап қызармады, қысылмады, бар жұрт бір мұны көздерімен ішіп-жесе, бұл барлығын ішіп-жеді. Аудан орталығында концерт қойып кеткен Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі А. Байтоғаевтай сырнайшыға сәл бұрылып, кербездікпен ишара білдірді. Басын тәуір бастады. Содан кейін «Санта-Лючиа-аа-ға» келгенде қып-қызыл боп шиқылдады да қалды. Көзінен жас шықты. Оқас шыңғыруын тыяр емес. Жанымда отырған мамам:
— Түу, байғұс баланың жаны әбден қиналды-ау, — деп, жаны ашып жатыр.
Санта-Лючия — Робертино! Қандай ұйқасып тұр, ә? Сөйтіп жымдасып, кірігіп тұратындар, яғни симметриялылар ғана әдемі ән айтпақшы. Санта-Лючия — Оқас? Ха-ха-ха! Қайдағы симметрия?!
Екеуі екі жаққа ала қашып тұр. Жақсы әнді тыңдап отырып кейде мен де оны дәл сөйтіп салатындай боп көрінемін. Ал айтып көрсең, шиқ-шиқ. Суық торғайдыкі секілді сүйкімсіз. Әнді қайтемін, ақындық тұрғанда. Мейлі, сол жолы Оқас «Сента-Лючияны» қатырып айтсын-ақ, онысын тек ауылдағылар ғана естіп мақтайды. Менің екі ауыз өлеңім «Қазақстан пионеріне» шығып еді, бүкіл республикаға даңқым дүрілдеп жайылды. Кез келген пионер оқыған соң: «Мына Заманбек атты бала не деген жақсы жазады!» — деп ойлайды. Өйткені жақсы жазылмаған өлең газетке шықпайды. Даңқ, міне, қайда жатыр!
Қалғанын аяқтап тастайын. «Қазір әнші Италияның оңтүстігіндегі санаторийде емделуде. Көңіл-күйі жақсы, өзін сергек сезінеді». Әп-әйбат даусының аяқ астынан бұзыла қалғаны несі? Қыстыгүні шаңғы теуіп, шөлдегеннен кейін қар жеген шығар. Мен де былтыр өстіп ауырғамын. Екі күн қатар тамағым қырылдап, сөйлей алмадым. Майра десем, Мағ-ға шығады. Ондайда Робертинаға ән салу қайда? «Робентино» деп, өз атын да дұрыстап атай алмайтын шығар. Сонда мамам, көкем мені қатты жақсы көріп кетті. Бетімнен сүйді, жаңа портфель, күнде конфет, өрік сатып әперді. Соған Қарағанда, ауырған да соншалықты жаман емес, тегі. Әлде Робертино соны ойлап, әдейі істей ме? Онда Оқас секілді қу бала болғаны. Өзі санаторийде емделіп жатқан тәрізді. Санаторий жақсы деп мамам Рахманов бұлағына барып емделіп келгенде айтқан. Ол жақтың тауы көк, үйлері аппақ, ағаштары жап-жасыл болатын көрінеді. Оған бару үшін төсектен тұрмай, арсы-күрсі ыңқылдап ауырып қалу керек шығар. Ал мен диванға жай екі-үш сағат жатсам, жамбасым сырқырап, жалығып кетемін. Соған қарағанда, санаторийге жату әзірге маған жоқ сияқты.
Газеттің қарсы бетін қарадым. Күлгін әріппен әлдеқандай лазер туралы жазыпты. Алғашқысында омарташы Лазарь шал ма деп ойлап едім, жоқ, лазер. Ұқпаған соң, лақтырып тастадым.
Тас төбеде самолет гүрілдейді. Жоғары қарадым, күн сәулесін көзіме сұғып алды. Ауыртпайды, күйдірмейді, тек кірпігіңді жұма бергің келеді. Біздің класта күнге тура қарай алатын класком қыз Күләш қана. Сонда бар ғой, өзінің көзінде де кішкентай күн қайнап көшіп жүреді.
Тек Күләш мына заңғар аспандағы қалқыған күнді көзіне кішірейтіп кешіріп алуға қабілетті.
Марат Қабанбаев (жалғасы бар)