БАҚБАҚ БАСЫ ТОЛҒАН КҮН (ОЙЫН)
Тымырсық аспан дақтан дін аман. Көгілдір түсі сәл бұзыла шанытып тұр. Көл жақтан жылқышы құстың төмен құлдилай маңырағаны естіліп тұр. Бозторғай даусы өшкен. Аралар ғана қысқа ұшып, қаран-құранды көбейткен. Не көп — гүл көп. Кеш жетіліп, әлі бас жара алмаған быжынаулы бақбақтардың сары қауашақтарына қонжия қонып, құнжындай нәрін сорады.
— Қой, тұрайық. Шөп кеуіпті. Заманбек, сен дестені шөмелеме. Жаңбырға шірімесін, жалпайтпай, тіктеп үй.
Шөмеле үю тартпа тартудан көңілсіз. Шалғы сілтесең, шөптің түбінен қиылғанын, дір етіп қисая құлағанын көресің. Ал мынау ше? Әр талды шөпшеңдеп қуалаған өнбес қимыл. Бір, екі, үш, он, жиырма айыр… Санаудан да жалықтым. Онымен шөмеленің өсіп жатқаны шамалы. Қайта тастаған сайын жайыла түсіп, жалпайып барады. Бүкіл аландағы шөпті жинау… Ой, қандай көңілсіз! Күн жалындап күйіп тұр. Әбден қызған жалқын сары күн жерге мүлдем жақындап қалған. Елуінші ме, әйтеуір бір көп-інші айыр шөпті көтеруім сол еді, басым айналып, құлай жаздадым. Осы кинодағы балалар қандай шыдамды, жаны сірі мықтылар. Шөмеле сөз бе, мая салып тастайды. Шаршау қайда, қабақтары жарқын, мәз-мәйрам. Шуылдап ән салатынын қайтесің. Әлде киноға кілең мықты балаларды тандап ала ма?
Мені де кинода ойнатсашы. Онда да, шөмеле салып жүрген баланың орнына бармаймын. Айырлап шоп үюден гөрі айналысуға тұратын қызығырақ мағыналы істер толып жатыр. Мәселен, соғыс. Аркадий Гайдардың «Мектебіндегі» баладан менің қай жерім кем? Жә, астымда ойнаған ат. Сонда қайсысы: қара ат па, қызыл бие ме? Қара әнеукүні жарысқанда озып кеткен. Олай болса, қара атты мінемін де, қолыма қайқы қылыш аламын, мылтықты күмпілдетіп атып, жауды тырқырата қуып беремін. Дұшпанды Оқастан басқа кім ойнаушы еді. Ол ойбайын сала жылап қашады. Смирно ағайға ертең-ақ осыныңды айтамын деп боздап бара жатыр. Маған десе, мың жерден айт. Смирноңды қайтейін, менің сөзім қысқа — ойна деді, ойнаймын. Қазір қылышпен жауды шабамын, шабу керектігі кітапта жазылған. Құйғытып кеп қылышпен — ағаш екендігі түсінікті — үзенгіге «Тынық Дон» киносындағы мұртты Григорийге ұқсап тік тұра қаламын да, туһ, рақатын-ай, қылышпен Оқастың темір қалпағынан осып өтемін. Етпетінен түсті, есінен танды. Мен ол кезде аттың үстіндемін, он қолымда желбіреген қызыл ту, екіншісінде жарқырата жоғары көтерген қылыш: «Ақ гвардияшыларға (Оқас қой, әрине) өлім! Революция жеңбекші!» — деп айқайлай беремін. Оны кейін клубта саусылдаған көп дос қыздарымен Күләш рақаттана көреді…
— Әй, айырды неге аспандатып тұрсың? — Көкем. Қылыштың орнына айырды көтеріп-ақ қалыппын. Сасқанымнан тазаланған жерді түрткілей бердім.
— Оймай, белім, — Қоқай шойырылып отыра кетті. Даусын соза ыңқылдайды:
— Жаным, Заман, бері кел!
Жүгіріп жанына жеттім.
— Көйлегімнің етегін жоғары көтерші, — Етегін басына қарай түремін,- Бүйірімнен төмендеу тұсты бармағыңмен бас. Абайла, қалқам, төмендеу тағы. Дәл таптың. Домалақ түйін саусағыңа бата ма? Доп-домалақ, жұдырық… — Ойланып қайта сөйледі, — бауырсақтай, е, солай.
Қоқайдай үлкен адам сендіргеннен кейін, терісінін астынан әлдене қолыма расымен батқандай сияқты сезіндім.
— Бар, бар.
Ол қолқасы үзіле күрсінді:
— Үлкен бе?
— Кішкене, титімдей.
Қоқай риза емес:
— Сен бала, кішкене-мішкенені қойып, жөніңе көш. Адамға санап сұрап отырса, қайтесің өзі? Бармақ басындай ма?
— Иә, иә, — Қалай қостағанымды аңғармай қалдым.
— Е, бәсе! Атаңа нәлет, соғыстан қалған сарқыт та. Қарағым, жұдырық… бармақтай оқ фашист иттің қадап бергені. Ауыр жұмыс істесем, шаншиды. Белім-ай-й… — Әндетіп қояды. Әлден уақытта белін қос қолдай сыңсуға басып берді-ай. Өлейін-ақ деп қалса керек. Есім шығып, екі жағына кезек шығып бәйекпін.
Көкем міз бақпайды. Жөңкітіп шөпті қынадай қырады. Қара мұртының ұшы қыбырлап, күле ме, қызық.
— Ойбиу-у…
Ыза болдым, Адам ауырып жатса, қарамағаны несі? Осы көкем безбүйрек, қатал. Жүгіріп барып, шынтағынан түрттім:
— Қоқай аға ауырып қалды.
— Қоқай ағаң ауырса, демалсын, — Шөбін сыпырта әрі қарай шауып бара жатыр.
Соны естуі мұң екен, Қоқайдың ауруы сап басылды. Отырған жеріне жата кетіп, темекісін бұрқыратып тартады. Қабағы жадыраңқы. Оқыс ұстаған аурудың ылдым-жылдым біткеніне таңмын. Жәнипа апам да кейде көгеріп-сазарып, құлап қалатын. Көпке емес, бар болғаны екі-үш минут. Соған ұқсас ауру, шамасы.
Шөпті шөмелеп біттім. Көкем маңайындағы жаңа құлаған жас балаусаға ғана айыр жүзі тиген жоқ.
Көкем шалғысын көтерді, терін сүртті.
— Қайтайық, мен аттарды алып келейін. Көке, сіз балаңызбен астыны жұмсақтап арбаға шөп саларсыз. Ары қарай тынығарсыздар. Мақұл ма?
— Болсын, Сауытбек шырақ.
Көкем шөмелені айнала мені саусақ ұшымен ымдап шақырды.
— Заманбек, бері келші. Мына айырды ал, — Қасына тақаған маған айырға қоса бүйірлері салқын сызды екі бөтелкені ұстатты.
— Мен кетісімен ашып, Көкеңе ұстат. Бірден екеуін ашпа, қылжиып қалар. Біреуін әзірше шөмеленің ішіне тықсай, — Сөйтті де, қолына қос жүгенді ұстаған күйі, көкжиекті кескен тік сызықтана шалғынды тізеден кешіп, өзенге беттеді.
Орныма келсем, Кәкеннің көзі шырадай жанып, айқұлақтанып отыр.
— Әкең не деді? Ештеңе қалдырған жоқ па?
— Қалдырды…
— Бөтелке ме? — Жауап тоспады, қолын созды, — Кәнеки, шығар!
Даусы темірдей шыңылдайды. Амалсыз арқама жасырған бөтелкенің біреуін ұсындым. Тұқшыңдап сыртын сипалап жатыр.
— Салқынын жарықтықтың. Қазір жайласа отырып… Қолын ысқылай қиқылдап күлді. Кенет қабағын түйе ойланды. — Әуел шөпті арбаға тиеп тастайық па? Әй, Сауытбектің мінезі шадыр да, әйтпегенде… — Артынша аузым аңқиып қалған маған көзі түсті де, өтірік жөткірініп жатыр, — Сәкең ісіне тастүйін жігіт те. Соны айтамын. Бөтелке қашпас. Бала, әуелі көкең тапсырған істі тындырайық.
* * *
Сүт пісірімнен кейін шепті қораптың бетімен бет толтырып тастап, құрақта шалқадан түсіп жаттық.
Шалғының дамылсыз сыр-сыр даусы жақын маңнан бұзылмай жетіп тұр. Ыстық қақ маңдайдан ұрып, тыныс алдыратын түрі жоқ. Манаурап қалғи бастадым. Жел кекілімді жүрексіне желпи көтере елп етіп, іле тынысын тоқтатты. Қоярда-қоймай шырылдаған шегіртке… Тұмсығымның ұшына біреуі пырылдап кеп қонады. Әдейі жасқамадым. Табан бүрінің жыбыр-жыбыр қозғалып, қытығыңды келтіретіні қызық та. Әне, серуен салуын қоя қойып, ежелгі айнымас әніне басты-ай батырың. Шырқ-шыр-ғ-ғғ… Ұйқым ашылып сала берді. Тырп қозғалмастан тыңдаймын. Әуелі маған шегіртке «ыс-тық! ыс-тық!» деп шырылдағандай болды. Тынбай әндетті. Ақыры о да жалықтырып, жасқап жібердім. Содан соң:
— Аға, — дедім ақырын.
Кірпіктерім арасында тұнған сызық сәулелер бетін орамалмен жауып шалқалаған Қоқайдың селк еткенін көзіме жеткізді. Дестедегі дегдіген шөпті сытырлатып сындыра түрегеліп отырды. Дыбысты естіген-естімегенін ондап аңғара алмай, төңірегіне көз тастайды. Сағымға бөккен жасыл шалғын аптап астында күйіп-жана жайрап қалған. Тап алдында жалаңаш қарным тынымсыз төмен-жоғары көтеріле мен жатырмын.
— Астаһиралла, өзің қолдай көр!
Буын-топшылары сытырлай жер таяна түрекелді, түрекелді де, бүкшеңдеп шөмелені айналып шықты. Тым-тырыс. Тірі жан жоқ. Шыдай алмай, мырс ете түсемін. Сол екен, ту сыртынан күн көрінген жұқа құлағы едірейе қалды. Тізерлей тез-тез еңбектеп қасыма келді. Көкірегінің тынысы үстіме еңкейгенін білдіріп тұр.
— Заман, о не?
— Жай, әншейін.
Жүзімді қарсы жаққа аудардым. Жерден тік суырыла дұрыс доға құра иіліп кеп бетіме төнген балаусаның сабағын кірт-кірт қыршып жайбарақатпын. Ол тұсылғаннан кейін, басқа дүниені түгел жауып жасыра маған төнген түйе жапыраққа жабысып, шеке шағар шырылға әйда басып тұрған шегірткенің сауырына дәлдеп шырт түкірдім. Дәл тиді; ойда жоқтағы оқыс соққы оңдырмады, төрт аяғы аспаннан келіп құлап түсті. Жылпос, ей, өзі! Қаздия қалды да, құрақ арасына қарғып кетті.
Амалсыз Қоқайды аңдимын. Басы домалақ, жұмыр. Шағын басқа құнтиып кішкене мұрын біткен. Денесі қағылез, ықшам. Оған жиектеріне су жүгіріп қызарған, он жақтағысы оманда тапжылмастан мұнарлы көкжиектің көкірегін дәлдеп атқан көздерді қосыңыз. Білгендер иттікін салған екен, Қоқай туралы тым жоғары пікірдегілер қасқырдыкі деседі, ал Кәкең адамдыкі деп ант-су ішеді. Кім қалай айтса да, қозғалыссыз ақима көздің жасандылығына ешкім шүбә келтірмейді.
Әзі бағып-қаққан малы жоқ болса да, шөп шапқыш. Ондағысы тартпа ұстады деген дабырасы, малдылардың арасында топ қарайтқан жағымпаз тірлік. Шауып та қырмайды, дабыр-дұбыр, күлкі-әзіл көбейткенге ғана ұста. Есесіне кешкі дастарқан басында Қоқайдан иық асыратын жан жоқ. Қақ төрді ойып отырып, арғы-бергі әңгімені судай сапырады. Соз тосу, кезек беру ол үшін құлаққа кірмейтін дүние. Өзінің, басқалардың басынан өткен-кеткендерді айтып тауысқанда өтірікті соғып жібереді. Бұл хикаяларды басқа айтса, ешкім сенбес еді, алайда Қоқай мылжыңына ел-жұрт имандай ұйыйды, өйткені Кәкең өз өтірігіне өзі шын көңілмен сеніп қалады. Ондайда жалғандығына дәлел айтып қара. Жатқан тас талқан шу, арылмас өкпе.
Сонымен, жата-жата жалықтым да, жайлап тұрып көзімді уқаладым, дүниені жаңа көргендей төңірекке бипаздана, мағыналы, ойлы-ойлы қарап аламын. Қолымды самарқау созыл, шөмеле астынан бөтелкені суырамын: Кәкеңнің қайраты бір бөтелкелік, одан асса, көзі қылиланып қалатыны белгілі. Бүйіріндегі жазуды ежіктеп оқимын: «Портвейн». Қайта бастаймын: «Порт-вейн, ортвейн, ртвейн, твейн, вейн, ейн, н…» Кәкең де қалыспай, бөтелкенің түбіне үңіліп мәз. Қырлы стаканға қызылды құя бастадым. Шылдыр-р, шылдыр-рр… қабағым қарс түюлі. Бөтелке аузын баппен еңкейтемін; шалдың тағатын өстіп тауыспасам, портвейннің құны да, қызығы да тесік тиын. Бәрі кеше кешкілік қонақ шақырғанда көкемнен үйренген қимыл ғой.
Сарсылтулы стакан мәймілдеп толды. Қасымды сәнмен жоғары лақтырамын. Бұл да көкемнен ұрлаған көшірме. Қоқай мұндайда тіпті түсінгіш, ымнан ыңғайланғыш. Қолы жып беріп, стаканға жетіп… одан бұрын өзіме тартып ала қойдым. Ал яки алманың қайсысына бағынарын білмеген бейбақтың алақаны ауада іліне қалды. Маңдайы лезде қатпарлана, көзі шүңейттеніп, онсыз да шағын денесі шөгіп барады. Маған керегі де сол — манадан бергі тағат тауысып күткенім анық қолымда.
— Мынаны денсаулыққа… — Қолына стаканды тыққыштаймын. Шараптың бұдан былайғы тағдыры тым қысқа — сол ләзімде стаканның түбі аспанға артын тоңқайта қатып қалады. Қоқайдың қол басындай өңешінің жоғары-төмен жүгірген жан ұшырыс қимыл-қозғалысы сүйкімсіз әрі бірқалыпты. Шарабы таусылған стаканды кеміріп жұтып тастардай біраз аузына тосып тұрды да, бірден жұлып алып, иығынан асырып ту сыртына ытқытты. Қолының сыртымен маңдайының сыртына шыпылдап шыққан терін сүртті. Шылым тұтатып, көк түтінді мұртына сүзгізе ұртын қомпаңдатып лақ-лақ атқылады. Содан кейін қызыл дақ жайлап дари бастаған көзін ежірейтіп, маған тесіле қарады.
— Осы сенін әскердің кім екендігінен қандай хабарың бар? — Kip саусағын кеудеме кіргізіп жіберердей нұқып сөйлейді. Манаты жылмақай. «Заманжан, Заман» жым-жылас жоқ. Етек-жеңін қымтай малдас құра, бір шок боп тіпті қунақ отыр. Он қолы шиырылып кеп тізесінің үстіне жұдырығын түйе шаншылыпты.
— Жасым жеткен жоқ қой.
— Әне, солай деп айт. Сен… сен кәдімгі көкежасық баласың. Білсең, айтшы, ағаң қай жерде служить еткен?
Шекемді қаси ойланғансып қалдым.
— Армияда болған деседі.
— Оһ! — Қарқ етіп шолақ басбармағын жоғары көтере берді де, моқалдығы есіне түсті білем, қайта етегінің астына жасырды, — Бала, Қоқай шиборбайлар жүрген қазіргі армияда емес, действующая армияда соғысқан. Ол кездің солдаттары соқталдай жігіттер еді. Мәселен, өзіміз… — Сөзін аяқтамастан аузын жиып алды. Оған себеп денесінің шағындығы. Бұл күй де ұзаққа созылмады. Темекісінің күлін қағып, тағы тақылдай бастады:
— Бала, сен армияның не екенін білесің бе? — Дәрменсіз жыпылықтаған көзім дені дұрыс жауаптан үмітін үзді-ау деймін, сөзін әрі қарай жалғастырып әкетті. — Действующая армия деп окопта жатқан жүз, екі жүз, одан да көп солдатты айтады. Солар күн-түні сайланып, траншеяларда күмпілдетіп мылтық атқылап жатады да қояды. Окоп жиегінен таяқ тастам кері бассаң, тыл басталғаны деп ұқ. Тылда көкболат темірлерден құйылған танк, зеңбіректер ұңғыларын жоғары көтере самсап тұрады. Танк оғы қандай, айтшы?
Басымды шайқаймын.
— Мынадай!- Білегін түріп тастап, жұдырығын ырғап-ырғап салмақтады, — Өзі адамға тисе, тегі, оңдырмайды, тура шашлық жасайды.
Жасыл шалғынға жата қап аунап күлемін. Оған қыңатын Қоқай ма?
— Үстідегі киген формамыз жарқылдап, шекараға дік-дік түсе қалдық. Иығымызда өңкей алтындаған погондар. Сөйтсек, фашиспен соғыс жаңа басталған екен…
— Ол кезде погон жоқ-ты, аға.
Әуелі бетіме таңдана қарады. Шынымен бірдеңе білетін бе еді деген сұраулы сынай. Сасқанынан темекі тұқылын табанының астына тастап мыжғылады.
— Бар ғой, адам сөйлегенде ауызға қақпа. Үлкенді сыйлаған жон, әне, мектептерің соған үйреткен, — Үлкендерді сыйлауға үйреткен мектеп аспанда ілініп тұрғандай сұқ саусағын жоғары шошайтты, — Погон болмаған, болмай-ақ қойсын, оған нең кетті? Әр сөзден шатақ іздейсіңдер, сайтанның балалары. Жаға-жеңдеріміз жұлдызға жыпырлап толып, көмкеріліп жүретіні шын-тын. Әкем-ау, соны айтпақ едім, содан шатысып… Қай жерге тоқтап едік? Ә, сап-сарала күйі түсе қалдық. Мына Кәкең қақырайған қатардағы совет жауынгері. Көзге көрінсе, неміс итті жерге қазықша қағып, қырып жібергіміз кеп-ак тұрады. Сасқан үйрек артымен сүнгиді — шабуылды өздері бастады. Адамы келсе бір тәйір, штыкке шаншып, бастан асыра топылдатып лақтыра беретін, — Қолын сілтей бергенде алдындағы шүпілдеме толы стаканды қағып құлатты. Мөлдіреп шамырқанған шарап шымға қаралтым түс бере сіңіп жоғалды; жым-жылас. Қоқайдың қабағы түсе қисайып жата кетті.
— Аға, әңгімеңізді аяқтамадыңыз.
— Ойбай, белім… Заманжан, мен қайбір жетіскен әңгімешілмін. Ойбиу, әкетіп барады. — Дөңбекшіп, кәдімгі бебеуге басты.
Амалсыз соңғы бөтелкені суырып, қырлы стаканды қайталап толтырдым.
— Жұтып жіберіңіз, аға.
— Қайттім, құдай-ау!
— Мына шарапты…
Ол дауыстауын тыйды, абайлап көзін ашты.
— Не дейді, сығыр?! Шарап па, әкем-ау?
Үнінің жарқын-жарқын шыққанынан бүйрегі бүлк еткенін сезіп, тақымдауды үдеттім.
— Жүз грамм ғана…
Қозы қарыны бұлтиып түрекелді. Қабағы жазылыпты, көзі жылтыңдай жылы сәуле тарата тіріліп қапты.
— Заманжан, осы арақ-шараптың белге емдігі бар, ә?
— Фельдшер Қатира ағамды сөйтіп емдеген.
— Е, Қатира қыз айтса… Е, алла, жебеп, қолдай көр. Бісмелдә!.. — Стакан түбі тағы көз ілеспестен аспанға қарап Қоқайдың аузында қатып қалды. Одан арғысы да мәлім: иығынан аса сыңғырлай траектория жасап көк шөпке топ ете түсу. Көзін рақаттана ашып-жұмып, сақалын сабырмен саумалайды:
— Ағаңның қамын ойлап жүресің-ау, Заманжан. Сені інімдей, баламдай…
— Сіз немістермен соғысқаныңызды айтпадыңыз…
— Әкем-ау, аузыңдағы алтын дедім, әлі сол алтын. Дұрыс, немістермен соғысты аяқтаған жоқпыз. Сөйтіп, ант атқырлар адамын емес, айырпландарын жіберіпті. Әлгілері ажылдап үстімізге апай да топай бомбаларын аударды. Ана жер де гүрс-гүрс, мына жер де гүрс-гүрс. Көбі жер тырмадай бұғып жатып қалған. Тіктеу тұрған мен және дивизия командирі Павлов. Өзі де кеудесі есіктей, бойы мына…- мына тұрған шөмеле шамалас-тын.
— Шөмеледей?!
— Иә, біз тұрғылас еді.
Созсаң, айыр ұшы әрең жетер шөмелеге бір, оның бауырында бұта түбін ықтаған балапандай боп отырған Қоқайға екі қараймын да, көзімнің көгенінен жас ағытып күлемін кеп.
Өтірік айтсаң, ағадай соқ, басқадай айтпа. Аузы-мұрны құйттай да қисаймайды, күмән келтірсең, ренжиді. Құдай біледі, Қоқай аға әңгімесін қызықтап, сырлап айтамын деп, өтірігіне езі де біртіндеп сеніп қалатын болса керек. Әне, шынтағын жамау әшекейлеген бешпетін құнжындай киіп, орнынан тұрды да, шабылмаған шалғынға сұғына кіріп жоғалған соқпақ сорабының соңына түсіп, көз көрімдегі селоға тартып кетті. Қоқайдың тұрған бойы осы — жұдырықтай бойында ақиған ақкөз ашу бар.
Іле-шала жанамалап келіп шынтағынан ұстадым.
— Аға, кешіріңіз.
Қайда-а… Тырп-тырп тартып барады. Жұқа қабағы керіп қойғаннан жаман тырысып, қысқа мұрны одан әрмен таңқиып кеткен. Қушық кеудесі алға шытыпты. Басқасы басқа, осы жолы ашуы насырған шындап шапқан.
— Кешіріңізші енді.
Үндемейді. Жалынсаң, шалқая, шірене түсетін ежелгі әдеті. Сәл еңкейсе, сынып түсетінін білетін бос белбеу шартық шалдар мысты өстіп құртады. Сақалды атаулыға ренжимін. Бізді бала деп кемітеді, мынасының балалықтан несі асып, артып тұр? Бала атты түсініктің өзі қандай ұғым? Ол жасына ма әлде ақылдылығына қарап айтыла ма? Үлкендер естілігіне қарай қолданылады дейді. Сол үлкеннің істеп келе жатқаны мынау. Соған қарағанда, ересектердің өздері де қателеспейтін, әсте бұрыс баспайтын әулие жандар емес-ау.
Жаным да ашиды. Шамасы жетсін, жетпесін тыртыңдап шөп шабысты. Өтірік-шынын араластырып, әңгімесін айтты. Тырқылдап, жетісіп күлдің. Сондағың мазақ ету ме? Мазақ етудің көкесін қазір әкей келіп, Қоқайдың қайда кеткендігін сұрағанда көрерсің. Жақсы жауап: «Кетіп қалды». Неге? Қандай себеппен? Үн жоқ. Әкей үлкендерді шалдыр-шатпаққа айналдырғандарды жақтыртпайды. Қабағынан ыстық күнде-ақ қар қапалақтаттырып, жалғыз ауыз сөз айтады. Жалғызы сомдап соққан мірдің оғындай. Ал шыда!
— Аға деймін… — Даусымның бейнесі бұзылып, жыламсырағанымды андамаймын да.
Қоқай бұрынғы Кәкен емес. Әншейінде үш жүз алпыс градусқа бірдей маңайына алақ-жұлақ қарап тоқтамайтын бұрандалы басы қатып қалған: тек алға қарап салып үрып келеді.
Өзімді елердей жек көріп кеттім. Еңіреп жылағым бар. Жол үстінде ағараңдап әлдеқандай қағаз қорап жатыр. Сыртына сүйір тұмсық бәтеңкенің суретін салыпты. Алтынмен оюланған өрнекті жазуы бар. Шетелдік, түсініксіз. Аяғыңа суреттегідей бәтеңке кимегесін, суреттің өзі ызаңды келтіреді екен. Керіліп тұрып тептім — аузымды бақадай ашып бақырдым. Бақырдым да, одан арғы сапарымның мағынасыздығын растап, аятымды ұстай жол жағасына тоңқая кеттім. Қоқай қалбалақтап қасыма жетті. Екеулеп бәтеңкемді шешіп едік, қорыққанымнан көзім әдеттегі орнынан шоршып қашып, маңдайыма шықты. Іші шылқыған қанға толы. Бас бармағымның көбесі быт-шыт, тарих тілімен айтқанда, бірнеше ұсақ княздіктерге бөлініпті. Бұрынғым әншейін әзілім екен, ендігі бақырғанымның жаңғырығы аспанға атылып, бұлт-бұлтты аралап серуен соқты. Башайымның ауруының басылмағаны айқайдың құдай құлағына жетпегені еді, тегі, даусымның жаңғырығы жұмақтың биік қақпасына соғылып, қирап сынса керек. Жоқ-ау, құдай-сұдайға сайтанымен қосып сенбеймін, шыңғыруым — Қоқайға, өзіме және алтын жазулы қорапқа арналған ашуымның менің даусымдағы дірілдеген көлеңкесі.
Анадай жерде арқасынан аударылған жалғыз қорап және одан бостандық алған қолақпандай қызыл кірпіш жатыр. Қораптың астына кірпіш жасырған қай бандит екен? Шетелдік алтын жазу мен сүйір бәтеңке… Ойбай, кеше Оқас қу Күләш тұратын көшеден бәтеңкесі сықылап шықпай жүріп алып еді ғой. Ешкім сұрамаса да, әуелі чехтікі, одан кейін поляктікі, соңында мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тан әкелінген деп бөсті. Көрдіңіз бе, Америкадан емес, АҚШ-тан! Соның ісі, дәл солай. Таңертең арбалары осы жолмен жүріп өткен. Ізі сайрап жатыр. Менің мектеп футбол командасына капитандығымды өлердей қызғанады. Алдымнан ұшырасқан тебуге тұратын зат атаулының бәрін туфлиімнің тұмсығымен түртпей өтпейтінімді тағы біледі.
Қоқай өбектеп жаны қалатын емес. Тер мен темекі исі аңқыған орамалын қақ бөліп, бармағымды орады. Көзін жұмып, ішінен әлденені күбірлеп оқып:
— Суһ-һ, суһ-һ, — деп үшкірді. Манаты жібімес өкпесін ұмытыпты.
— Әкем-ау, оның қалай? Өле жаздадың-ау, байғұс бала, — Қолтығымнан демей шөмелеге бастады. Бүкшеңдеп шөптен молдап жұмсақ төсеніш жасады. Қатты қурайларын теріп тастап жүр. Құтыны алып өзенге беттеді.
Марат Қабанбаев (жалғасы бар)