Қоғам

БАҚБАҚ БАСЫ ТОЛҒАН КҮН (СМИРНО)

Башпайымның ауырғаны ептеп басылайын деді. Басы ғана шым-шым ұйып тұр. Оқас қаскүнем, анық қаскүнем-ау. Көктемде екеуміздің бірігіп кешкі киноға бара қалғанымыз бар. Аты «Күміс кернейлер». Фильм «Р. В. С.», «Тимур және оның командасы», «Чук пен Гекті» жазатын автор туралы.

Көрші селода күндіз қойылса, біз кешке көреміз. Яғни село екеу, киномеханик жалғыз. Ымырт жабыла клубқа бәйгелете салып ұрып жетіп барсақ, есік аузында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Смирно ағай — Сәукен Сайранович тұр. Бұрын көрші заставада жер-дүниені көшіре айқайлап команда беретін старшина болыпты деп естігенбіз. Қырық жасқа толғанда кенет ұстаздық құру ойына түсіпті. Бізді былтырдан бері жеті сайын екі реттен Смирноға тік тұрғызып, екі қолын артына ұстап, жебе мұртын едірейте алдымыздан серпе басып өтеді: құдай біледі, қарап тұрып сүйсінесің — нағыз старшина! Бақшаға түскен, киноға рұқсатсыз кіргендерді тапқыш, иісшіл-ақ. Кейде бізге Сәукен — Смирно ағай он-жиырмаға көбейіп, бүкіл селоны толтырған тәрізді көрінеді. Сол күнгі «Күміс кернейлердің» журналдан балаларға арнап шығарылғанын оқығанбыз. Ол бірақ Смирно алдында бізді ақтайтын дәлел емес. Ол кісі үшін кино кешке қойылса, бітті, оған оқушылардың кіруіне болмайды, алда-жалда кіре қалса, қайтып түзу жолға түспестей бұзылып шығады.

Смирно алдымен арсалаңдап кірген Оқасты дереу саусақ ұшымен өзіне шақырды. Неге екені белгілі, «Смирноға» тұрғызады, рақаттанып ұрсады, құлақты құшыры қанғанша бұрайды. Мектептегі жиналысқа салады. Ол сондай — қатал, қазымыр, тым көргіш, білгіш. Оқас жалма-жан табанынан жүз сексен градусқа шыр айналып қашып берді. Мен де қалыспадым. Арбаңдаған Смирноны соңымыздан ерте балағымыз жалпылдап көшенің қараңғылау тұстарын қуа зытып келеміз. Бес жүз метрді мектеп бойынша бекерге ең тез жүгіріп өтпейтінімді дәлелдей суырылып алға шықтым. Оқас артта. Сол керек өзіне. Ал бұрышта көк түтінге көміліп темекі тарт, өкпені күрт, тарпағанды мазақтап шиқылдап күл.

Оқас көшені басына көтеріп айқай салды.

— Әй, Заманбек, тоқта деймін, әкең… — Жан қысылғаннан шыққан дауыс. Қап, құрыдым, су түбіне кеттім. Өзінің колға түсуімен қоймай, менің атымды атап, ұстап береді-ау. Жалт қарасам, мен аса ептілікпен ырғып еткен шарбақтан асып түсе алмай жатыр. Шалбарын қада іліп қапты. Көмектестім де, ыза буғаннан желкесінен құдита түйіп жібердім — тақылдағанда тілі таңдайына тимейді, ал кеудеден келетін шарбақтан қарғып өтуге жоқ.

Ақыры әупірімдеп қашып құтылдық. Смирно қараңғы көшелердің бірінде қаңғып қалып, қоңыз теріп кетті. Ауылдың шеткі көшесінде қабыршықтанып қатқан қарды қырт-қырт сындырып тұрмыз. Оқас клубқа қайта барайыққа салып қыңқылдайды.

— Неге?

— Сол.

— Айтсаң, барамын.

Ойланып қалды.

— Қазір Смирно киноға кірді.

— Ал…

— «Алды» кейін көрерсің, клубқа жүрші.

Бұқпантайлап клубтың қасына келдік. Оқастың қайдан тапқанын білмеймін, қолында екі-үш құлаш жіңішке сымы бар.

— Осында мені тоса тұр. Мен ана жаққа барып келейін. — Шекесімен клубтың қақпасын нұсқады. Көзі әлдеқандай шабытпен жылтылдайды. Қазір бірдеңе бүлдіріп қайтатынына көзім жетіп тұр. Бірақ сол бірдеңесі не, оны түсінуге, Оқасша айтқанда, басымдағы шариктердің біреуі әлі де жетіспейтін секілді.

— Неге?

— Неге, неге? Онда жұмысың қанша? Тос деген соң, өзіңе тиісті нүктеге табаныңды тіреп тосу керек. — Шырт ашулана қалды. Тұрған бойы осы. Болымсызға бордай тозады. Құнжындай клубқа беттеді.

Оқас клуб қақпасының маңында қыбырлап едәуір жүрді. Ызғырық етімнен өтті, сүйегіме жетті. Сәлден соң қайтып оралды. Көңілді. Қолындағы сымы жоқ, мұрнынан ыңылдай өлеңдетеді:

Жаз келсе, саяхат көңілді…

— Кеттік пе?

— Әрине. Тек дымың ішіңде болсын.

— Неге?

— Неге? — Даусы бишік шартылындай шаңқ етті, — Әй, сен осыдан басқа сөз білмейсің бе? Неге деп монтиып сұрақ беруден гөрі оған жауап қайтару әлдеқайда киын. Бұл бір. Екіншіден, маған белгіліні сен түгел білуге тиіс емессің. Үшіншіден, дәл түнгі тоғыз сағат жиырма бес минуттан бастап, — табақтай ескі сағатына маңыздана қарады, — осыдан бастап сенің атың «Неге?», бадырақ көз балақан.

Артық екі жасына түшкіргенім бар ма, тура жағасын жыртып төбелескім келді. Әттең, жер лайсаң, қайтесің, көктем… Оқас осы неге шырт етпе ызақор? Мұрнын көтеретіні айына бір-екі кітапты артық оқитыны, содан жаттап алған әсем сөздерді көп айтатыны ма? Ал сурет салады, ал ән айтады. Солай екенмін деп, сөйлескеннің бетінен тістеп ала жаздауға бола ма? Мәселен, өлеңім газетке шықса да ешкімге мақтанбаймын ғой…

Қап, қара Оқас, жығыла қалсам, жұмсақ топырағы мен шалғынын төсейтін жаз шықсын, өнеріңді сонда көрерміз.

Бірақ бізге жазды тосудың реті келмеді…

Ертеңінде екеумізді Смирно кабинетіне жетелеп апарып, бір сағат бойы тік тұрғызды. «Киноға кешке барған кещесіңдер, бастарың толған су мен сабан», — деп шекемізден шертіп еді, шынымен іші қуыс кеңістік пе, басымыз тоңқ-тоңқ етті. Кабинеттен есіміздің бүтіндігіне күдік келтіре, жүн-жұрқамыз ұшып, жүдеп шықтық.

Коридорда Оқас ішін басып тұрып күлді.

— Неге күлесің?

— Әне, тағы «Неге?» Негең қашан таусылады осы? Ақымақ адам! — Ол Смирноның кабинетін нұсқады. — Ақымақтық өзінен басқаны ақымақ деп санаудан басталады, ұқтың ба, бас әріппен Неге плюс сұрақ белгісі? — Оқастың кемеңгерлігі, шынымды айтсам, алғашында жағамды ұстатқаны рас. Оқас бізді кеще дегені үшін Смирноны жазғырып тұрып, артынша оны неге ақымақ дейді? Ендеше, басқаны ақымақ санағаны үшін Оқас та ақымақ. Жаңалығымды жеткізуге асығып, иығынан тартып едім, қонырау соғылды.

Роза апайдың «құрлықтары мен мұхиттары» басталып кетті. Мұғалиманың көңілі күндегіден пәс, аяғын ақсап басады. Тобығы дәкемен таңылыпты. Білдіртпеуге тырысса да, қабағын еріксіз шыта береді. Сабақтан соң, класком қыз Күләш демей, ұзатып сап қайтып келді.

— Апайға не болған? — Жаппай жамырап сұрадық.

— Түнде біреулер клубтың қақпасына кесе көлденең сым керіп кетіпті. Апай соған соқтығып, тобығын қидырыпты. Оңбағандар!

Жағымнан тартып жібергендей жүзім ду етті. Оңбағандар! Кім дейсің, мен және Оқас та. Сабақтан соң қарамай немені мектеп артындағы бауға бастап бардым.

— Қане, оңбағандығыңды мойында!

Көзі бақырайып кетті.

— Неге… Неге плюс сұрақ белгісі?

— Тегене.

— Ойнама, балапан. Тағы айтамын, не үшін? — Он аяғын алға тастап шіреніп тұр.

— Клубтың қақпасына сым кергенің үшін.

— Бек қадірлі Неге плюс сұрақ белгісі, ол салтанатқа сіздің де қатысқаныңызды еске салуға рұқсат етіңіз.

— Мен оңбағанмын. Оны сен де мойында!

— Біле білсең, Смирно тік тұрғанынан құласын деп кергенмін.

— Смирно не, апай не, бәрібір. Адамдардан өйтіп алдап өш алуға болмайды, — Қасара түстім.

— Шіркіннің, — шырт түкірді, — шіркіннің гуманисшілін. — Соңғы сөзін анық ұқпасам да, мені мақтап тұрмағанын бұлдырлау сеземін, — Қоярда-қоймай мойындағың келіп тұрса, ерік өзінде, ал басқаға иегің қышымасын, Неге плюс сұрақ белгісі.

Жұдырығым ауаның қарсылығын жеңе, тайпиған тұмсығына тиді. Апыр-топыр төбелес. Сілтенбеген қол, аяқ қалмады. Портфельмен бір-бірімізді төмпештеп ұрдық. Тырнастық. Тістестік те. Бір минут, екі… Бұрын болмаған қайрат көрсетіп, бес минут шыдастым. Ақыры Оқас мені масқаралап жығып салды да, нәштей басыма дыңылдата екі-үш мәрте соқты. Қарсылықты тыйып, талмаусырап жатып қалуыма, әрине, сол әбден жеткілікті болатын. Жеңімпаз тісінің арасынан сиздықтата:

— Щен-нок! — деді де, оны кімнен және қайдан үйренгенін түсіндірместен тұрып кетті.

Таяқ жегеніме сол жолы тұңғыш рет өкінгенім жоқ. Мейлі, Оқас соқпағанымен, кез келгеннен сол көктем күніндегі оңбағандығым үшін қалай болсын жұдырық жеуге міндетті едім.

* * *

…Қамыс сылдырлады. Қарасам — Қоқай. Анадайдан құтыны жоғары көтере айқайлап келеді:

— Әкем-ау, шөлдеген жоқсың ба? — Қасыма тізерлеп отырды. Жанталасып құтының бұрандалы аузын аша алмай әлек. Маңдайында жыпырлаған тер тамшылары.

— Шілденің шыжғыруын, күйдіруін-ай… е-е-е…

Құты аузын жеңімен сыр-сыр сүртеді.

— Қазір, көгершінім, қазір. Әнән-ай, ай-ай, ән-ән… — Тобарсыған ернімді жалап қоямын. Құты дәуде болса маған бұйырар. Қайдағы бір шақар бала шөлдеді деп, аузына түскен ата сақалымен жүгіріп су әкелген Қоқайға қатты ризамын.

— Әһ, бесмілдә! Енді бір ішіп… — Кәкең ернін құтының аузына жымын шығармай жапсырып тастады. К.өзі шатынап, сирек сақалы жұтқан сайын ерсі шошаңдайды. Көзім қарауытып кеткен, шақ болмаса жылауға тақаумын. Бүйірінде күн қашып ойнаған құты түбі биіктігі жеңген сайын жаным шығар-шықпас.

— Әкем, мына суды ысырап жасамай, қанып ішіп ал. — Аз суы шалдырлай құты қасыма топ етті. Құртқан екен, құртыпты. Көз жасым булыға қылғынып, талғап-тамап әзер жұтамын. Бұл кезде Қоқай басындағы орамалын бетіне жауып, шалқасынан жатқан-ды. Жаңа әуен бастапты. Сөзі, түбі, тегі жоқ:

— Ору-рай, ору-рай,рай..

Тал түс салқын етек екіндіге қадам басқан. Шалғынын сырылы әлі таусылмаса да, шегірткелердің жаппай жамыраған берекесіз жыры бәсеңдепті. Манағы саржағал сағым сабылмалы, қыбыр-жыбыр сапарынан жанылып, тұманыта көкжиектің түсін анықтап танытпай, шанытып тұр. Әлдебіреу таяу тұстан құлақ етін жеп, қоярда-қоймай, тартпасын жаныға «қирақ, қи-рақ» қайрайды. Шөмелелерін шошайта тиеп, қыр үстіндегі тақтақ жолмен қалтылдай жүзіп, ауылға мимырт, шаршаулы, бейжай жүріс салып бара жатқандар да бар. Ала қанат қос көбелек шарма-шату алыса әуелеп барады.

Әуелесе, әуелей берсін, оның солқылдай ауырған башпайларыма тигізер пайда-зияны шамалы. Өзіме де, өзгеге де ызам, тегі, есепсіз. Қорап астындағы кірпішті сайтан түртіп тепкеніме, рақаттана қалғыған Қоқайға, миды бырқ-бырқ қайнатып алып, түк сезбес қалыппен сыпайы керімсалға ауысқан ыстыққа — бәріне тегін тарататын қара қазандай бір-бірден өкпем бар.

— Аға, — деймін.

Ағам Қоқай бармақтарын батыра қарнын қасиды. Шөлі қанды, башпайлары дін аман-сау, онысын тағы жыбырлатып қояды. Өмір ол үшін қазір мына бұлтсыз күндей жарық, жаймашуақ.

Кенет қуанғанымнан шыңғыруға шақ қалып, аузымды жиып ала қойдым. Қоқайдың күнге күйген қарнына жалпақ бас нән көк сона жалп қона кетті. Маңдайында «ГАЗ-69»-дың шамы тәріздес жап-жасыл дәу екі көзі бар. Ол әуелі алдыңғы аяқтарымен маңыздана басын сылап-сипады. Ауырған бармағымды ұмытып, күле жаздадым. Қоқай, аумаған Қоқай. Ол таңертең сынық құлақ қара құманын құшақтап, шарбақ айналар-айналмас жалп отыра кететін. Өстіп мүлги, құлағының сыртын, бетін сипап, құдай жолына келіп қалушы еді. Кәкеңе қылығымен ұқсас сонаның одан арты қимылының артын бағулымын. Қоқайдың қасиеттерін сона шын қабылдаса, қызыққа қарқ бататынымды сезіп отырмын. Сонаның аты — санасыз сона. Қоқаймен өзінің туыстығы жайлы оншама салиқалы-салдарлы ой түйіп әуреге түскен жоқ, екі қатар қанжарын қынабынан суырды да, салмақтап-салмақтап, — аузымды қолыммен паса қойдым, — үшкір құйрығын көкке кезей, Қоқай ағамның қарнына жабысып қатты да қалды.

Қоқай бетіндегі орамалын көтермеген күйі қарнын шарт салып қалды. Сона салмақпен ызылдай ауыр көтеріліп, шөп басын бөтекесімен сипай, жер бауырлай ұшып жоғалды. Жұртында қалдырған белгісі — шиедей қан. Соған мұңая қарап Қоқай отыр.

Санымды шапақтай ішек-сілем қатып мен жатырмын. Ашуланады-ау, ауыл жаққа тағы қортаңдап қаша жөнеледі-ау деген ой жоқ. Қарны қанаса, мен бе кінәлі? Шауып алса, ана сонаны, иә, жалпақ бас сонаны шапсын. Шауып алу үшін зымырап ұшқан сонаны қуып жетіп, ұстау керек. Шарқ-шарқ күлкінің арасында қол-аяғымды көкке қоса қабат ерепейсіз сермеп:

— Мен емес, кінәлі сона, сона!- деп айқайлаймын.

Алдымен Қоқайдың түсі бұзылды, ақыры отырып-отырып о да күлді, қолын бір-ақ сілтеді.

Тал түсте аспаннан аяғы салбырап түсе қалған тамаша бұлайша тез аяқталар деп ойламаған едім. Қабағым салбырап кетті. Аяғымды бауырыма жинай бергенім сол, жаралы башайым құтыға тиіп, саусақ ұшынан тараған азап бүткіл денемді түгелдей аралап, ине сұққылады. Көктен сұрағаным жерден табылды — сыныққа сылтау бар. Қиыстанып, қиқайдым да қалдым.

— Аға деймін.

Маған бұрылып қараған да жоқ: сонаның шаққан орнын уқалап әуре.

— Мен оны сабаймын, аға.

Андып отырмын — Қоқай күйбеңінен жаңылысты. Ақырын:

— Кімді? — деп күңк етті.

— Оқасты, Жәнипаның баласын.

— Не дейсің, пәтшағар? — Жалт қарады. Қазір оның көзі — қорқыныш пен жеккөрініштің қосындысы — мені жеп қоя жаздап тұр.

— Кірпішті қорап астына жасырған сол бала.

— Оны қайдан білесің?

— Білемін. Жолмен таңертең соңғы жүріп өткен Жәнипанын арбасы болатұғын. Кеше Оқас қораптың сыртындағы суреттегідей бәтіңке киіп жүрген және ол ылғи осындай бірдеңені ойлап жүреді.

Нанымды дәлелдер оны едәуір тұқыртып тастады. Желкесін қасыды, ойланды.

— Сен бала… Заман, Заманжан.

«Пәтшағардан» дереу «жаным-күнімге» ауысқан шал тағы таңдантып отыр.

— Заманбек, соны не қыласың? Шешесі ауру-сырқаулы, өзі жетімек. Сотқары сотқар. Ауыл арасында құйрығы қайқы қабаған ит болмай ма. Болады. Бейшараны шетке шығарып, тас лақтырып, қаңқылдата бергенде не түседі?

Оқас шынымен құйрығы қайқы қабаған ба, жоқ па, оны әлі зерттеу керек болар, ал қазір Қоқайдың бейшаралық халге түсіп, жалынып-жалпайғаны тегі қап-қап қызық. Мана ауылға кеткіштеп, әлегімді шығарғанын ұмыта қойған жоқпын. Еліріп, екілене түсемін:

— Жоқ, ол жаман бала. Былтыр әдебиет сабағынан «Қарға мен түлкіні» оқып тұрғанда астыма сия сауыт қойды. Оның есесіне, бүгін андып жүріп, ашамаймен алыстан атып басын жарамын.

— Шырағым, сендердің мектептеріңді білемін ғой. Өзі бір қабырғасы аппақ, әйбат, пейішке ұқсас ғимарат үй. Мұғалімдері де иманжүзді, шеттерінен сызылған нұрлы жандар. Солар сендерді жамандыққа баулымайды. Ашамаймен бір-біріңе боратып тас атып, бастарыңды жара қойындар деп үйретпеген шытар. Ендеше, Оқаспен тату-тәтті дос болғаның дұрыс. Ит мінезі болмаса, былай жақсы бала. Кірпішті, кім біледі, сен тебеді деп ойламауы да ықтимал. Иә, сөйтіңдер, қайта қанаттасып, қорғап, қолдасып жүрсеңдерші.

«Иә, — деп ойлаймын, — иә, шіркіннің пысығын. Мұның Оқасы маған бір емес, он оңбағандық жасағанда, неге тым болмаса жалғыз рет қарымта қайтармасқа? Айтпақшы, Қоқай Оқасты қорғаштап неге шыр-пыры шыға қалды? Не де болса, тегін емес». Қашан шынын шығарғанша қырыса түспекпін.

— Жоқ, келіспеймін. Адам сөз берген екен, орындауы керек, — Қоқай еңбектеп қасыма жетті.

Келді де, жамбастай шоңқиып отырды. Мүйізденген алақанымен басымнан сипады:

— Заманжан-ау, ол қайбір жетіскен жан. Әкесі… е- е, жасынан шата-бұта аталып, жәбір көріп өсті. Көршілер қоңырсытпай қоя ма. Мәселен, біздің кемпір… Қасқырдың күшігі сияқты ызақорланып жетілді. Қаңқылдата берсе, иттің күшігі де дала безіп кетпей ме. Ол да адам баласы. Ақылы, санасы бар, жәбірге жәбір қайтарып, өш алғысы келеді. Содан маңайындағыларға жек көрінішті болады. Қарағым, Оқасты солай ұқ та, бір ағаттығын кешіре сал. Басын жарып не етесің?

Қоқай осылайша кенеттен ақылдыға айналды. Және қандай: «Тас лақтырса, иттің күшігі де дала безіп кетпей ме? Жәбірге қарсы жәбір бар». Бұл менің Қоқай туралы бұған дейінгі көзқарасымды — қаруымды қағып тастап, ту сырттан опасыздықпен шабуылдау еді. Абыржып, сасып алдым. Басқа бүйтсе, бір сәрі. Мысалға әкемді алайық. Олар ақыл айтып, басқаны бағындыру үшін жаралған — «Әй, тұр, шөпке кеттік!». «Айырды ал да, шоп жина». Олар сұп-суық адамдар — көздерін де, қолдарын да көрген жоқпын, жүректерінің де мұздай болуы мүмкін. Ал Қоқайдың мына өзгерісі тіпті тегіннен-тегін болмас.

— Жарайды, тимеймін оған. — Қалай келісе салғанымды аңғармай қалдым.

Шал сырт айнала, кірпігінің ұшындағы дірілдей ілінген жасты саусақ ұшымен сүртті.

Аслан мен жердің арасында шалқалап жатырмыз. Ештеңеге зауық жоқ. Бұл қашаған қызыл бие ұстата ма, жоқ па? Сонау заңғар кеңістіктің төбесіне жабысып бозторғай тынымсыз шырылдайды. Кішкене тіпті — Оқастың астыма қойған сия сауыты қандай, — сондай. Оқас… Әкесі кім екен? Соғыстан қайтпапты деседі. Сонда оның араға он үш, он төрт жыл салып туғаны ғой.

Марат Қабанбаев (жалғасы бар)

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close