Қоғам

БАҚБАҚ БАСЫ ТОЛҒАН КҮН (СОҢЫ)

Дабырлаған дауыс шықты. Көкем мен Оқас қызыл бие, қара атты жетектей, жарты денелерін қалың шалғынға көміп, қалғанын көкжиектің сызығына асыра қылтылдап келе жатыр. Еңкейген күн екі иықтарынан кезек сығалайды. Оқастың қолында ұзын бишік. Бұрай үйіріп шартылдатқан сайын, бақбақ бұрқылдап ашылады.

Көтеріле күн бетін сыпайы сызып өтеді. Ат пен биенің сауырына қызыл он — кешкі күн сәулесі қақтанып тұрған. Жылқылар пырылдай осқырынса, маса-шіркей, көбелектер бұлттана көтеріліп, қанаттарына күміс сәуле жалата біраз дірілдей қалқып жүреді де, байырқалап көкорай құраққа қонады. Өрмекшінің жіңішке, жылтыр торлары қурай бастарын қоса толықси ырғатылып, шұбатыла ма, ойхой, шіркін, біздің Жасаң сарғылт ніл қабылдаған қамыс, шөп бастарына сақтықпен қона бастаған сары күздің алдына бойындағы бар сұлулығын жомарттықпен жайып тастапты да!

Қалғыған Қоқайды ояттым. Аузын малжаңдата былдырлап теріс аунады. Жағасынан тарта жұлқыдым.

— Ah, аһ! — Көзін бақырайтып маған бағжиды.

— Оқас қайда?

— Кім дейсіз?

— Тап әзір отырған Оқас қайда ұшып кетті? Міне, мына жерде өз қолымнан айран ішкен, — Нұсқаған жағына қарасам, екеуміздің жауырынымыз кезек жаншып жапырған шөптен басқа дәнеңе жоқ. Сонда ғана Қоқай санын соқты.

— Ойбүй-у, ол түсім екен.

Көкем де кеп қалды — ірі денелі, үлкен. Сөзі мығымдаулы, санаулы, әйткенмен әділ. Ел сыйлайды, жасқанады да. Маған жылы қабақ көрсетуі сирек, тентектік жасасам, мамама: «Балаңды тыйып ұста», — дейді, ал мен мамамның ғана баласымын ба? Жақсы көрсе, ұзын қастарын көтере үнсіз қарайтыны бар. Сомымен болды, бітті. Содан ба, көкемнен гөрі Қоқай әлдеқайда жақын.

Туысым да, ағам да, нағашым да емес, ал жақын, жақсы. Ылғи осылай ойлағың кеп тұрса қайтесің, расында солай да.

* * *

Соңғы арбаға Қоқай, Оқас және мен үшеуміз иеміз. Қызыл бие таңертеңгі мимырт жүрісін бәлендей өзгертпепті, сол жүру мен тоқтап тұрудың арасындағы жаяу аяңнан жазбайды. Қоқай бишігін биенің сауырына үйіре жақындатып… соқпайды, соғу қайда, жай сипап жасқайды. Оның есесіне айқай-сүреңі, қоқан-лоқысы басым.

— Қызыл ит, көзіңді ойып алайын ба осы?

— Қарашы, тіпті жуас. Көктем шықса, қара айғырға қайқаңдап…

Оқас арбадан аяқтарын салбырата, қызылқұлақтанған күнге қарап қабағын түйіп отыр. Шіркінің кірпіш, қорап жайлы дәнеңе білмейді, күнәдан пәк монтаны. Көңілсіз. Жәнипа апай қуып жіберіпті — Оқас тартпаны ақыры сындырып тынған. Тісінің арасынан ақ түкірігін ұп-ұзын-ын-ндап ұмсынта ыршытады. Онысы дүниенің бәрін менсінбей, бетіне түкіріп, төмен қоятындығының дәлелі.

Аунап түсіп, көзімнің көкжиегіне аспанды айдап жинап алдым. Манағыдай көкпеңбек биік емес, қызғылттау көкшіл түске кіре бастаған. Аласарған. Леген суға шамалап қызыл, қоңыр бояуларды қосып араластырса, ол менің бетіме жүзін тигізе төнген әуедей бер. Масалар ұшып, ұшқаны несі, аспанның қарнына жабыса жорғалап өтеді. Масадан да кішкене қызыл күйкентай қанаттарымен қоңыр салқын сәулені жолатпастан жасқай, биікте, биікте-е қалықтап тұр. Кезім қамтыған өріске ұмтылған басқа ештеңе жоқ, таза тақыр. Оған қыңқ ететін мен бе, шалқалап жатып әуенің бетіне шырт-шырт түкіремін. Оқастан кемдігім қайсы, ол да сызылтып отыр. Жон арқамның талып сырқырағаны басылған, табандарым жайлы салқын сездіре шымырлайды. Әуелетіп ән айтқым бар.

Әлде елең шығарсам ба? Ерегескенде сөйтейінші. Кешке мамама тақпақтап оқып берсем; «Еһ-еһ!» — деп мекірене маңдайымнан сүйеді. Шоколад ұстатуы да ғажап емес. Тек «Барбарис», «Кис-кис» секілді тіске жабыса кететін қаттыларын ала қоймайтын шығармын. Қазір килосы бір-екі сомдық конфетті кім жейді? «Қисық табан Мишка», «Тузик»… Әсіресе «Тузик» ұнайды. Сыртын ораған қағазында құлағы делдиіп, көзі отша жанып, өзіңмен алысып-жұлысып ойнауға әманда дайын күшігі бар ше? Оһ, міне сорт!

Сонымен, «Қисық табан Мишка», «Тузикті» жеу үшін қандай өлең шығарсам екен? Суреттеуіме тұратын зат таңдап, маңайыма қарадым. Қорап қыры мойындарынан біркелкілеп қырыққан шөп бастары қалқи жүзіп, қымсына артқа шегінеді.

Өлеңнің атын қалай қойсақ? Біздің класта Арман, Асқар атты егіз балалар бар. Мұғалімдер бізді фамилиямызбен атаса, оларды есімдерімен шақырады. Ылғи жақсы баға қояды. Арман, Асқар! Әдемі, ә!? Әрі қысқа, айтуға ықшам, ыңғайлы. Қарадан қарап бес қойғың бар. За-ман-бек! Жып етіп тез айтуға тырыссам да, ештеңе шыққан жоқ. Үштікті көп алуыма осы жалықтырарлық ұзын атым себеп пе? Иә, өлеңнің атын қатырып қою керек. «Күн батқанда» қалай? Жоқ, екі соз тым ұзын. «Әуедегі күйкентай…» Болмайды. «Кеш» ше? Түсінікті, қысқа. Сонымен «Кеш, кеш»…

Кеш түсті бұл маңға,

Аспан боянғандай қанға.

Екінші жолы қайтеді-ей? Аспан қанға бояла ма? Смирно ағай естісе, айқайды салар еді. «Аспан қанға боялмайды, аспан ерте дүние тарихынан бері көкпеңбек. Қан, қан, өй, қан жауғыр, сотталайын деп жүрсің бе?». Ол кісіге дүниенің мән-мағынасы «Кругом, марш! тышқан, мысық ойнаңдар!» деген командадай қып-қысқа, қарапайым. Қолында күш бар ма, бізге, бәлем, мәңгілік тышқан, мысық ойнатып, шагом марштатып табанымызбен жер тепкілетіп қояр еді.

Сол екі арада шабытым таусылып қалды. Көріскенше, қош, өлең! Арбаның дөңгелектері томарға соғылып секеңдейді, кейде астыға жастаған шөп арасындағы қурайдың өзегі мойныма тиіп қышытады. Мұндайда тақпақ шығару қиын-ау. Өлең жазсаң, кинодағыдай қалың орманның ішінде қаңғырған дұрыс. Маңайында жапырлаған гүлдер теңселеді, ағаштың бұтақтарына қаптап қонған бұлбұлдар мамамның сары самауырыннан сылдыратып шай құйғанына ұқсатып шеттерінен сайрайды кеп. Жел шашымды желбіретіп, көзім, сөз жоқ, себепсізден-себепсіз жасаурап, кірпіктерім ұзара түспек. Әне, сонда ақынның шабыты келеді. Тұра қалып жазсаң, өлең өзінен өзі сарқырап құйыла береді. Ал мына Жасаңда сайраған бұлбұлдың орнына бықыған маса ызындап шуласып жүр. Мойынға, білек-бетке шап беріп қона кетеді де, ұялмастан қанында суша сорып шашады.

Жатудан жалықтым да, шынтақтап отырдым. Қоқай айқай-сүреңнен қайран келмегеннен кейін қызыл биені мазалауды қойды. Мұрнынан ыңылдап теңселеді. Оқас сол қалпы домбыққан көзін батыстағы күрең күннен айырмайды.

— Аға!

Қоқайдың қалтақтаған басы қозғалмай қалды.

— Аға, әңгіме айтыңызшы.

— О қайдағы әңгіме, әкем? — Артына еңсеріле қарады.

— Сіз майданға жеткенде немістер окопты бомбалап жатқан. Шөмеледей Павлов екеуіңіз соның бәрін бақылап тұрғансыз.

Бишігінің сабымен басын қасыды. Менің, одан кейін Оқастың бетіне барлай қарады. Онысы — күлкі, мазақ ізін аңдығаны. Байқаса болды, сау бол, әңгіме дей бер. Қабағымды әдейі қарс түйіп, бейжай әлпетпен жол сорабын көзіммен қуалаймын. Қоқай көңілденіп, орамалын төбесіне ысырды.

— Е, сөйтіп, атасыз туған ит фәшес бомбаны жаңбырша жаудырып, жанды қояр болмады. Жарықшақтар зау-зау ұшады. Бізді, жаяу әскерлерді, аспаннан қорғайтын летчик айрпланына жетер-жетпесте оқ тиіп, тырапай асты. Сонда Павлов ер: «Айрпланның тілін түсініп, фәшес пәледен құтқаратын жан табыла ма, жоқ па?» — деп күндей күркіреді. «Ефрейтор казак Қоқай Әншіков бар», — деп сымдай тартылып тұра қалдым. Өлген летчиктен екі-үш күн бұрын самолеттің қалай жүргізілетінін тәптіштеп сұрағанмын. Кәбинедегі шошайған темірді жоғары көтерсең — аспанға ұшасың, төмен түсірсең — ылдиға құлдилайсың. Төбелетіп алдыңа итеріп көр — ілгері зымырайтын кәдімгі совет айрпланы. Атам Бөгенбай батыр болған соң, тұқым-жұрағатсыз фәшестен сасамын ба, — Қоқай темекі тұтатты, ұрты сола бұрқ-бұрқ сорды. Оты сөнген қара-күйелеш шырпыны бір тал гүлден әрмен жоғары сәндене шошайтып отыр. Маңдайы тершіген, тұмсығы делдиіпті.

— Отырдым да, аяйын ба, аспанға атылып шықтым. Біреуін қойдай қуып алдыма түсірсем, оймай, оқ таусылыпты. Сонда қайтті дейсіңдер ғой? — Еңкейе бетімізге қарады. Бізден дені дұрыс, жөндем жауап алмағасын, шырпы тұқылын аспандатып көтере түсті. — Біздікінен неміс айрпландары өзгеше; олардың бауырына үлкен темір шығыршық орнатылған, — Көйлегін көтеріп, қоңыр кіндігін өте дәл шұқып көрсетті, — Таңертең зырылдауығы айналмаса, немістер гол шығыршықтан сүйретіп оталдырады. Біздің жақ оны біледі, білгендіктен кәбинеге басына имек темір байланған арқан салып ұшады. Жылқыны шыңғыртып бұғалықтайтын жігітке киын ба, күршекті зымғатып лақтырып шығыршықтан іліп алдым да, немісті айырплан-сайырпланымен қосып басымнан асыра бұлғап-бұлғап жерге атып жіберіп едім, быт-шыты шықты. — Сөйтті де көзін текеше ежірейтіп, бишікті ерекше айбатпен үйірді, — Қалғандары қорыққанынан құйрығын қысып қашып берді. Дивизия командирі Павлов: «Қайран қазақтың қара баласы-ай!»- деп маңдайымнан сүйіп, кеудеме орден қадамақ оймен сөмкесін ашып еді, қырсыққанда таусылыпты.

Кәкең орамалымен мандайын сүртті де, темекісін шыдамсыздана сорды. Көгілдір түтін көкжиекке табан тигізген үлкен, күрең күн бетіне шілтер құра шимайлайды. Шіркей шыға бастаған. Кәкең, біздің ер Кәкең тымық кештің өтінде басқаға өтірік, маған шын әңгімені темекінің түтініне қоса өpe бұрқыратып соғып отыр.

— Павлов мені Мәскеуге Калинин ақсақалдың өзіне жіберді. Батырлықты алып қайт деді. Ол кісіні Мәскеудің ең заңғар үйінде қонжиып отыратын шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтсем, қала шетіндегі бөренеден қиып салынған жұмыртқадай шағын ағаш үйде тұрады екен. Паһ-паһ, кішіпейілділік, ауыр халдегі халық жағдайын түсінгендік деген сол да. Ал біздің піркәшік Сауытбек сегіз бөлмелі үй салып алды. — Аузын жиып, әкем жаққа күдіктене көз тастады. Ол қаннен-қаперсіз темекі түтінін мұртымен сүзіп отыр, — Кірсем, құрметті ақсақал қадірлі бәйбішесімен ағаш столдың үстінде кіреңке сүт пен қара нанды қолдарына жаңа алыпты. «Ефрейтор Әншіков!» деп қазықтай қаздидым. — Қолын сарт шекесіне апарып еді, бишік ұшы Оқастың бетін сызып өтті, ол тыржың етті. «Ә, қазақ Қоқай жолдас боларсыз. Павлов ғаламат қаһармандығыңыз жайлы звандаған. Ерлігіңіз ерапат көрінеді. Біз оны бағалай білеміз. Анау ағаш бөшкеден өзіңіз таңдаған орденді алыңыз», — деп бұрыштағы кеспекті нұсқады. Ойымда дәнеңе жоқ, қақпағын ашып едім, — көзін құшырлана жұмды, — түу, алтын жұлдыз, лағыл, гауһар орденнен медальдарға дейін кеспектің іші бетімен-бет боп жарқырап жатыр. Жұлдыздарға қызықсам да, сыпайылық сақтап, үйдегі «Ерлігі үшін» медалін ғана алдым…

Еңкіш кеудесі түзеліпті, сирек сақалын қолы қалтырап уыстай береді. Бізді мүлдем ұмытқан, белшесінен қанқызыл арайды кешкен көкжиектен әлденені іздей Қоқай Оқас екеумізге белгісіз, өзіне ғана қанық дүниеге талмай көзін қадап отыр.

Кенет манадан тымырайып отырған Оқас күліп жіберді. Оқастың күлкісінің тамашалығын көрсеңіз. Шөпке шалқалап жата қап, күс табандарын аспанға кезек лақтырып сақылдайды.

— Күршек, арқан… ағаш бөшке… Ой, ішегім-ай!

Кәкен аңырған күйі отыр. Оқас қудың ойын бірден түсіндім, түсінбесем, оның ең мықты қарсыласы боламын ба? Қоқайдың өтірігіне күліп жатыр.

— Өлдім-ай… Бөшкені күнде жұлдыз медальдармен шелектеп толтыратын болғаны ғой. Немістер самолетіне Әншіков арқан тастасын деп шығыршықты әдейі орнатыпты. Ой, сендім!

Қоқайдың иықтары түскен, иіні салбырап, бишігімен жер шұқиды. Қызыл биенің арба үстіндегі дау-дамай, тартыстан хабары жоқ, табан астындағы дымқыл шымды тұяғымен кірш-кірш дөңгелектеп қиып, ырдуын арбаны — жылжымалы сахнаны ауылға байыппен сүйрей бастайды. Мейлі, қиял, үміт, сағым-ақ болсын, дегенмен, адал, аңқау көңілдің орындалмаған арман-тілегіне ұмтылысы, бүткіл өмірінің мақтанышы — «Ерлігі үшін» медалі іспеттес ерлікті нысаналап, жан ұшырған ұмтылысын — өтірігінің күл-талқанын шығара күлін көкке шашып жатқан тәп-тәуір ақылы бар Оқастың дарақы күлкісіне қарсы тұратын кім бар?

Көкем теріс қараған күйі әлі тоң-торыс.

Қоқай жасқаншақтап бұға береді.

Ал мен…

Оқастың үстіне қона түстім. Жұдырығымды жігерлене сілтеймін. Мұрным ду етіп, көзімнен ұшқын борап шашылды. Аспан, арба, күн шыр-р көбелек айналды да, қалт тоқтап қатты да қалды. Бұл айқасқан екеуміз арбадан жерге құладық деген сөз. Тағы алысамыз.

Қисаңдаған арсыз ауызға қамаулы ұяттан айрылған түлкілерді ақ қорған — ақ тістерді сындырып қашыруға керемет құмартулымын.

Күшті қолдар желкемнен ұстап жерден айырды. Көзім Оқасты сүйемелдеген Қоқайға түсті. Оқастың ерні қан, Кәкең жыламсырап, оның аузын сүрте:

— Жалғызым, ұлым, тірлігім, — дейді.

Оқастың көзінде керемет таңданыс пен үнсіз шыңғыру, қорқыныш қоса қабат қатып тұр.

Сонда, сонда…

Аржағын ойлауға жағымды жандыртқан шапалақ үлгіртпеді. Көкем жанарымды бұрғылай тесіп бетіме үңіледі. Мен және Оқас — біріміз шапалақ жеп, екіншіміз қанаған қайыс ернін созып қарадай бақыра, Жасанды аралай жүгірген жаман даусымыздың тарғыл-тарғыл жаңғырығын қуалап екі жаққа тұра қаштық.

* * *

Көп жыладым. Заманбек сөйтті деп дүние қалып-кескінін өзгерткен жоқ. Кеш момақан қалпы қара түсін сабырлылықпен қабылдап жатыр. Айдалада албаты бақырып-шақыра берген ыңғайсыз екен. Оныңды ешкім көрмегенсін, бастан сипап, жаны ашымағасын, жыладың, жыламадың не, бәрібір. Көз жасымды сүрттім.

Шалғынды тізеден кешіп ауылға беттедім. Алыста екі арба жайлап жылжиды. Соңғыдағы шағындау адам әлсін-әлі көтеріліп, маңайына қарайды. Арбаны тоқтатып, тосып алуға батылы жететін емес. Қоқай!

Оның арғы тұсындағы қарауытқан кішкене тұлға ауыл қайдалай салып ұрып барады. Артына қарайтын түрі жоқ. Безер, қайсар, ақылды, ызақор Оқас — Қоқай плюс Жәнипаның Оқасы.

Қарадай көңілденіп сала бердім. Күн иегін қалың қамысқа батырып-ақ қалыпты. Баяу, бір қалыппен төмендейді. Ауыл жақтан өрістен қайтқан қой, ешкінің қосылып маңыраған әлсіз сарыны, тұра қап сиырлардың ішін тарта мөңірегені естіледі.

— Ой, ойының осылғыр, бұзау қайда-а?

— Еміп қойды-ау, қарасан келгір… — Үн үздік-үздік жетеді.

Табанымның астынан бұрқылдап ұшқан бақбақ күн бетін өрнектеп сызады. Ең үлкенін еңкейіп жұлып алып, аспанға үрледім. Бұрқ етіп жарылды. Маңайым аппақ бақбақ… Бұрынғыдай, бала кезімдегідей секірмедім, билемедім, айқайлап өлең де айтқаным жоқ. Іштей сабырмен қуанып қойдым.

Айтты-айтпады, бақбақ басы бүгін ержетіп толған екен.

 

Марат Қабанбаев

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close