Қоғам

ДИК СЭНДТІҢ ЖАЗУ ДӘПТЕРІНЕН

Нөсерлі жаңбыр құйып өтті, бірақ аспан әлемі әлі ашылған жоқ, түнеріп тұр. Экваторлық Африкада «мазика» деп аталатын жылдың жаңбырлы маусымының екінші кезеңі апрель айында басталады. Бұл кезде жауған жаңбыр екі жетіге, кейде тіптен үш жетіге созылып, көбінесе түнде жауады. Еріксіздер керуені үшін бұлда қосымша ауыр жағдай болды.

Керуен таңертеңгі бұлыңғыр тұманға араласа көшіп, Куанза өзенінен алыстап, тіп-тіке шығысқа қарай тартты.

Керуеннің алдында елу солдат, шамалысы екі жақ қанатта, ендігі қалған елу солдат артта келе жатыр. Мұндай жағдайда қол-аяғы бұғаудан бос адамның да, қашып құтыла қоюы екі талай. Еріксіздер қатары араласып кетті. Әйелдер, ересектер, үлкен кісілер мен жас балалар араласа жүрді. Ал айдаушылар еріксіздерді ұрып-соғуға ерінер емес! Шыбыртқымен жондап тықсыра түсті. Топ ішінде емшектегі баласын қолына көтерген бірнеше әйелдер бар-ды. Олардың кей біреулері әбден болдырып титығы жеткендіктен, бұдан былай бөбегін көтеріп жүруге дәрмені жетпей- жалаңаяқ, жалаңбас нәрестесін сүйрелеп келе жатты.

Керуенбасы араб, Диктің хавильдарлармен соқтығысып қалған кезіндегі ара түскен кешегі Ибн-Хамис өзінің малша айдап келе жатқан адамдарын барынша қырағы бақылап жүрді. Ол керуеннің біресе алдына шығып, біресе соңына түсті. Жүк көтерушілердің көрген азабы Ибн-Хамистің де, оның жәрдемшілерінің де ойларына кіріп- шығар емес, бірақ бұлар «өз адамдарының» жағдайымен санаспай тұра алмайтын-ды. Солдаттар біресе азығымызды көбейт деп, біресе көбірек кідіріп дем алуды талап етіп өнебойы лаң шығара берді. Осы жағдайлардың арқасында жиі-жиі жанжалдар болып тұрды. Хавильдарлар ашуының өшін сорлаған еріксіздерден алатын. Солдаттар мен жүк көтерушілердің хавильдарларға деген наразылығы, қаһарын тігіп сөгіп балағаттауы, азап көріп қиналған еріксіз бейшаралардың бақырып шыңғырғаны бүкіл жол бойында бір сәт тынбайтын-ды. Керуеннің соңында жүрген адамдар алдағылардың қанымен боялған жерді басып келе жатты.

Сөйтіп, Дик Сэнд өзінің негр жолдастарымен тілдесе алмай қалды, өйткені оларға ерекше күзетші қойылған және өздері керуеннің алдыңғы қатарында келе жатыр. Оларды екеу-екеуден ағаш бұғаумен мойындарынан қосақтап қойған, жан-жағына мойын бұрып қарауларына ешқандай мүмкіндік жоқ. Бірінің соңынан бірі шұбырып барады.

Айдаушылардың шыбыртқысынан бұлардың жон терілеpi айғыз-айғыз болып тілініп қалған. Басқа еріксіздердің де, арқалары дәл осындай.

Бат әкесімен қосақталып керуеннің алдыңғы қатарында келе жатыр, ол ағаш бұғауды оқыс итеріп қалып әкесінің бір жерін ауыртып алмайын деп аяғын абайлап басады. Хавильдарға даусы естілместей қашықтаған кезде ауық-ауық сыбырлап қарттың көңілін аулап дем беруге тырысатын. Әкесінің шаршағанын сезсе, жүрісін баяулата түсетін-ді. Бейшара баланың артына бұрылып әкесінің бетіне қарауға да мүмкіндігі жоқ. Том қарттың баласы көз алдында. Оған бұл да жұбаныш еді. Бірақ қарттың бұл жұбанышын жиі-жиі қайғы шайып кететін-ді: айдаушылардың шыбыртқысы баласының арқасын осып талаураған із қалдырғанын көргенде, Томның іші удай ашып, бұл таңбаның өз арқама түскені жақсы еді,— деп зарланатын-ды қарт негр.

Бұлардан бірнеше қадам кейін Актеон мен Остин келе жатыр. Олар да аталы-балалы екеуі сияқты мойындарынан қосақтаулы. Олардың көрген азабын бұлар да көрді. Олар Геркулестің өмірін арман етті, мына құлазып жатқан жер оған қаншама қатерлі болғанымен, ол өз өмірін қорғау үшін күресе алады және бостандықта жүр!

Қарт негр жолдастарына шындық жағдайды өздерін тұтқынға алған кезде-ақ айтып түсіндірген. Оның үш жолдасы өздерінің Африкада жүргендерін біліп қайран қалды: олар өздерін тұтқынға алған адамдардан былай айтқанда құл саудагерлерінен ешқандай рақым күтпеуге тиіс екендерін ұқты, сонымен қатар Гэррис пен Негоро құл саудагерлерінің сыбайластары, опасыздар екенін енді ғана білді.

Айдаушылар басқа тұтқындарға көрсеткен қорлықты кәрі Нанға да көрсетті. Негр кемпірі керуеннің орта шенінде, күндікке сатылатын әйелдер тобының қатарында келе жатыр. Оны екі балалы бір жас әйелге шынжырмен қосақтап қойған. Бейшара әйелдің жаңа ғана апыл-тапыл басып жүрген үш жасар ұлы мен емшектен шықпаған бір нәрестесі бар. Үш жасар баланы кәрі Нан қамқорлығына алды.

Бейшара ана кәрі кемпірге алғыс айтуға да шамасы келмей- тек болғаны жасы мөлдіреген қара көздерін Нанға қарай төңкере берді. Бала- әрине үлкендерге ілесе алмайды ғой. Сірә, мына ұзақ сапар баланың түбіне жететін болар. Нан жас баланы көтеріп алды. Бала болғанымен өзі кәрі адамға ауыр жүк қой, көп кешікпей-ақ халден таярмын деп қорықты кемпір.

Нан нәресте негрді көтеріп келе жатып титімдейінен қолында өскен кішкентай Джекті есіне түсірді. Оған Джекті анасы көтеріп бара жатқан сияқты боп көрінді. Бейшара анаға қандай қиын!.. Науқасының салдарынан байғұс бала әбден жүдеп қаңбақтай боп қалған еді ғой. Қаншама жеңіл болғанымен бала да болса өзі нәзік адамға недәуір жүк. Ол қазір қайда жүр екен? «Нендей халде? Бейшара баланы кәрі күтушісінің көретін күні болар ма?

Дикті керуеннің соңына салды. Жас жігіт Томды да, оның жолдастарын да, кәрі Нанды да көре алмады. Олар шұбатылған ұзын тізбектің алдыңғы қатарында кетіп бара жатқан…

Дик Сэнд жолда бара жатып түпсіз шыңырау қиялға шомды. Оның ойын айдаушылардың ақырып-бақырған дауысы бөліп жібере берді. Ол өз қара басының қамы туралы да, жолда кездесетін қиыншылықтарды да, өзіне дайындап қойған Негороның азабын да ойлаған жоқ. Оның бар ойлағаны миссис Уэлдонның қамы еді.

Дик жерден көзін алмай төмен қарап келе жатты: Әрбір жапырылып қалған шөпке, әрбір сынған бұтаға тесіле қарайды, оның бар іздегені миссис Уэлдонның ізі еді.

Куанзадан Казондеге баратын басқа жолдың жоқ екенін Дик Сэнд жақсы білетін-ді. Демек, миссис Уэлдонды да Казондеге жөнелткен болды, бұл болжал шынында да дұрыс, миссис Уэлдон, сөз жоқ, осы арамен жүруге тиіс. Оның тағдырын хабарлап «сүйінші» деген кісіге, жас жігіт не сұраса да аямас еді.

Сөйтіп, Дик Сэнд өзінің негр жолдастарымен бірге Казонде жолында кетіп бара жатыр. Бұлардың өз тағдыры қаншама қатерлі, көрген зәбірлері қаншама ауыр болса да, өздерімен бірге кетіп бара жатқан еріксіз сорлылардың көрген қорлығына дәті шыдамай жандары ашыды, айдаушылардың адамгершіліктен тыс қаталдығын көргенде, бұлардың бойын ыза кернеді. Бір өкінішті жері, бұлардың мына сорлыларға жәрдем тигізетін дәрмені жоқ, ал ана қаніпезерлермен қарсыласа да алмайды.

Куанзадан шығысқа қарай көсіліп жатқан жалпақ орманның ұзындығы жиырма мильден астам. Мұндағы ағаштар теңіз жағалауы маңындағы тоғайлар сияқты қалың емес, жаңа өніп қылтия бастаған ағаш шыбықтарын пілдер тапап кететін болар немесе сан жеткісіз жәндіктердің ұрығы жойып жіберуі де мүмкін.

Ертеңгі мезгілде жол бірсыпыра тәуір болды. Бұта басып кеткен қалыңның арасымен жүргеннен гөрі, сирек орманды аралап жүру анағұрлым оңай. Бірақ жол кей жерлерде қалың жынысқа еніп, керуен мүлдем көрінбей кететін күндері де болды. Бамбук сияқтанып бойлап өскен қамыстың сабағының жуандығы бір дюймнен кем келмейтін биік шөптің арасымен адаспай жүру үшін жергілікті жермен жақсы таныс болу керек.

Керуен таң біліне жолға шығып, түс болғанша кідірместен тарта берді. Шаңқай түсте бір сағат қана тоқталып дем алды. Сол жерде хавильдарлар тайлап буылған жүктердің біреуін шешіп еріксіздерге бір уыстан маниок  ұнын үлестірді. Егер солдаттар жолшыбай бірер қыстақты талай қойса, мына жарытымсыз асқа екі — үш батат90 немесе бір жапырақ ет қосылады.

Бірақ түнгі демалыс өте қысқа болатын, ал ми қайнатқан күндізгі ыстықта жүріп әбден титықтаған еріксіздердің көпшілігі асқа тәбеті тартпайтын-ды. Керуеннің Куанза жағалауынан шыққанына бір жұма болмай-ақ еріксіздерден жиырма адам қаза тауып, олардың денесі керуеннің ізіне түсіп келе жатқан жыртқыш аңдарға жем болды. Арыстан мен қабыландар жем іздеп керуен маңайында шарық ұрады, күн сайын кешкісін лагердің дәл іргесінен азулы аңдардың ақырғаны естіліп жатады. Оларды керуенге әне бас салады, міне бас салады деп адамдардың жаны тырнағының ұшында.

Жыртқыш аңдардың түн қараңғысын жара ақырған үндері адамдардың үрейін алды, бұл дауыстарға Дик Сэнд құлағын түріп, тропиктік орманда жалғыз жүрген Геркулеске төнетін қауіп-қатерді ойлап үрейі ұшты. Дегенмен, Диктің қашып құтыларлық мүмкіндігі болса, ойланбай-ақ тәуекелге бел байлар еді-ау.

Біз бұл арада Диктің жазу дәптерінен кейбір үзінділер аламыз. Дик мұны Куанза мен Казонде арасындағы жолда бара жатып жазған еді.

«25—26 апрель. Биіктігі сегіз — тоғыз фут келетін бұта мен айнала қоршалған бір қыстақтың жанынан өттік. Eгістік жерлерге майыс, бұршақ етіп тастаған. Тұрғын халықтардың екеуін ұстап мойындарына ағаш бұғау кигізді. Он бес адам табанда өлтірілді.

27-апрель. Ағысы қатты недәуір жалпақ бір өзеннен өттік. Жұмыр ағаштарды шырмауықпен байлап көпір салыпты. Кей жерлерінің тіреуі жоқ. Ағаш бұғаумен қосақтаулы екі әйел сүрініп кетіп суға құлады. Біреуінің қолында көтерген баласы бар-ды. Құлаған сәтте су бұрқылдап қайнады да, қан бояған судың беті қызарып кетті. Әдетте мұндай көпірлердің астында крокодилдер тығылып жатады екен, аяғыңды жазым бассаң болды, суға құлап тұп-тура крокодилдің аузына түсесің.

28-апрель. Орман аралап келеміз. Ол арада зәулім өскен баугин ағаштары көп. Португалдар бұл ағашты «темір ағаш» деп атайды. Жаңбыр құйып тұр. Жер батпақ. Жол өте ауыр. Керуеннің орта шенінде кетіп бара жатқан кәрі Нанды көзім шалды. Ол бейшара өз қара басын алып жүруге шамасы келмесе де, бөбек негрді көтеріп бара жатыр. Онымен бірге қосақтаулы еріксіз әйел аяғын ақсаңдай басады, шыбыртқы тілген жонынан қан сорғалап тұр.

Түн болған соң жасыл жапырақты ақ гүлді зәулім өскен бір баобаб ағашының түбіне келіп қондық.

Арыстандар мен қабыландар түні бойы ақырумен болды. Солдаттар бір қабыланды атып өлтірді. Геркулестің халі нешік екен?

29—30 апрель. Африка «қысының» алғашқы хабаршысы да келіп жетті. Шөп біткеннің бәрі малынған шық. Жылдың жаңбырлы маусымы ноябрьде басталады да, апрель айының ақырғы күндерінде аяқталады. Тегістік жерлердің бәрін су басқан. Шығыстан соққан желге ілесіп батпақты жердің безгегі де келіп жетті.

Миссис Уэлдон қайда болды екен? Бенедикт ағай қайда жүр? Ешқандай хабар-ошар жоқ, із-түзсіз ғайып болды. Оларды тек қана Казондеге жөнелте алады! Біз жүріп келе жатқан жолмен олар да жүрген болар, бірақ біздің алдымызға түссе керек. Менің жанымды үрейлі қауіп-қатер жегідей кеміріп барады. Мына кесел ұялаған жерде кішкентай Джектің безгегі қайта ұстаған шығар. Бейшара баланың өзі тірі ме екен?..

1-6 май. Біздер батпағы құрғамаған, әлі қақ ұялап жатқан көгалмен бірнеше күн ұдайы жүрдік. Айналаның бәрі қаптаған су, кей жерлердің суы белуардан келеді… Мыңдаған сүлік денеңе жабысып қаныңды судай ағызады. Сонда да болса жүру керек. Судан қылтиып тұрған кейбір шөкелектерге папирустар өскен. Жапырағы капуста сияқты ірі батпаққа өскен бір түрлі су өсімдіктері бар. Адамдар оның тамырына аяқтары оралып жығыла берді. Аяқ алып жүру өте қиын, қонып түстенерлік құрғақ жер табылмай қалатын уақыттар жиі кездеседі. Айнала төңіректегі көз жетерлік жазықтың бәрін су басып кеткен. Қараңғы болса да жүру керек. Бұл азаптың ақырына қашан жетер екенбіз? Адамдар жығылады да, аяғын тік басып қайта тұрады. Heге? Су түбінде бірнеше секунд болса жетіп жатыр, азаптан біржолата құтылар еді ғой!… Ал миссис Уэлдон мен кішкентай Джектің халі нешік? Оларды тастап кетуге менің хақым жоқ еді ғой. Мен азаптың қандайы болса да шыдаймын. Бұл менің ардақты борышым!

Бұл жан түршігерлік неткен дауыс!

Солдаттар шайырлы ағаштарды сындырып от жақты. От жарығы қараңғыда адамдарды күңгірт көрсетті.

Жаңағы жан түршіктірген айқайдың мәнісі былай екен: керуенге крокодил шауыпты. Үрейлі айдаһарлардың он-он бесі қараңғыны жарып шыға келіпті де, бірнеше бала мен әйелді тістеп алып суға қарай сүйрей жөнеліпті. Крокодил өзімді қағып өткенде қабыршағы аяғымның терісін сыдырып кетті. Бірақ менің қасымдағы қосақтаулы екі баланың мойнындағы ағаш бұғауын ортасынан қақ бөліп біреуін жұлып әкетті. Бейшара баланың бақырғанын көрсең! Оның шыңғырғанынан жаным түршікті. Сорлы баланың сондағы үні әлі күнге құлағымнан кетер емес…

7—8 май. Өткен күнгі шығын есепке алынғанда, жиырма адам кем шықты. Таң атысымен Томды және басқа жолдас негрлерімді іздеп айналама көз жүгірттім. Олардың амандығын білсем маған қандай зop қуаныш болар еді-ау! Бірақ мұның несі қуаныш? Азап біткеннің бәрінен біржолата құтыла салу анағұрлым артық емес пе?

Том қарт керуеннің алдыңғы қатарында бара жатыр. Жолдың бұрыла берісінде қарт негр мойнындағы ағаш бұғауды қолымен көтеріп бір сәт артына қарауға мүмкіндік тапты. Осы сәтте бірімізді біріміз көріп қалдық. Кәрі Нанды көзіммен бекер іздеппін. Ол байғұс өткен түні-ақ тыншайған шығар?..

Ақырында су қаптаған жазықты да артқа салдық. Біздер ұдайы жиырма төрт сағат суда жүрдік. Лагерь енді қырқаға шығып тоқтады, су болған киімдерімізді күнге жайып кептірдік. Азын-аулақ ас ішіп жүрек жалғаған болдық. Соншама ұзақ та азапты жолдан кейін ішкен асымыздың түрі мынадай: бірнеше түйір майыс, бір уыс маниок ұны бар болғаны осы-ақ. Осы сияқты жарытымсыз ауқатпен жан сақтап жол жүріп көр! Су болса лай әрі лас. Әбден қалжырап дымы құрыған мына құры сүлде сорлылардың аяқтарын тік басып жүруге қаншасының шамасы келер екен?

Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті бұл сияқты азапты сапарға зорлап айдауы мүмкін емес! Жоқ, оларды Казондеге басқа жолмен әкеткен болар. Бейшара ана мұндай азапты көтере алмайды ғой!

Керуеннің бірнеше адамы «желшешек» болып ауырды. Аурулардың өздігінен жүруге шамасы жоқ. Оларды қайтер екен? Шынымен-ақ жолға тастап кете ме?

9-май. Ерте тұрып жолға шықтық. Жұртта қалғандар көрінбейді. Ауырғандар мен әлсіреген адамдарды хавильдарлар шыбыртқылап тұрғызды. Құл дегендер адам емес — жанды товар, сылдырап тұрған ақша. Қаны әбден суып, денесінде тіршіліктің нышаны біткенше хавильдарлар шыбыртқылап айдай береді.

Жан-жағымның бәрі өңшең ғана жанды сүлде. Тіптен олардың үн шығарып ыңқылдауға да шамасы жоқ.

Ақырында кәрі Нанды да көрдім. Ол бейшараға қараудың өзі аянышты! Кешегі көтеріп келе жатқан баласы да, өзімен бірге қосақтаулы әйел де жоқ, Нан енді жалғыз келе жатыр. Оған ағаш бұғаусыз жүру оншалықты қиын емес. Бірақ беліндегі шынжыры әлі сүйретіліп жүр. Шынжырдың бос ұшын иығынан асыра салыпты.

Қапысын тауып кемпірге жақындадым. Бұған не болған? Мені танымай ма? Шынымен-ақ адам танымастай өзгеріп кеткемін бе?

— Нан!—деп дауыстадым.

— Сіз Диксіз бе? Мен… Мен… кешікпей-ақ. ана дүниеге…

— Жоқ, жоқ… мойымаңыз, шыдаңыз,— дедім.

Бейшара кемпір әбден жүдеп әлсіреген, тіптен түрінен кісі қорқарлық.

— Мен көп ұзамай өлетінімді білемін… Мен енді қайтып өзімнің қадірлі ием — миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті көре алмаспын… Жәрдем ете гөр маған…

Кемпірді сүйемелдейін дедім, қомыт киімінің ішінде әлсіз дене қалтырап тұр. Егер мені оған қосақтаса, ренжімей-ақ, қайта қуанар едім, өйткені оның жанындағы «товар» қаза тапқан соң, Нанның жалғыз өзі көтеріп келе жатқан ауыр шынжырдың жарым салмағы маған ауар еді.

Бірақ бір қажырлы қол мені шетке қарай итеріп жіберді де, Нан сорлыны шыбыртқының астына алып қайтадан еріксіздер қатарына тықты. Өзіме қол көтеріп зәбір көрсеткен хавильдарға бас салуға ыңғайландым, бірақ қайдан майда бола қалғанын өзім де білмей қалдым, Ибн-Хамис тап бола кетті. Ләм деп тіл қатпастан қолымнан ұстап, керуен адамдарының бәрі тегіс өтіп болғанша тұрды да қойды. Сосын мені керуеннің соңындағы өзімнің бұрынғы орныма қайта тұрғызды да:

— Негоро!—деді.

Негоро? Менің сорлаған жолдастарыма көрсеткен қорлықты маған да көрсетпей, мені өзгеше ұстауы, Негороның талабы екен ғой!

Ол оңбаған португал маған не дайындап қойды екен?

10-май. Өртеніп жатқан бір қыстақты жанай өттік. Онда түтіні будақтай аспанға көтеріліп талай-талай лашықтар жанып жатыр. Ағаш бұтақтарына адам өліктері асулы тұр. Қыстақ халқы қашып кеткен. Eгіс даласы қаңырап жатыр. Қыстақ шапқыншылыққа ұшыраған. Қыстақтың екі жүз адамы қаза тауыпты, бірақ құл саудагерлері оншақты адамын тұтқынға алған көрінеді…

Күн кешке айналып, керуен қонуға тоқтады. Лагерь ірі ағаштардың арасына орналасты. Орман шеті тырбық өскен. Бұтамен, биік-биік шөптермен көмкерілген.

Кеше түнде ағаш бұғауларын сындырып бірнеше тұтқын қашып кеткен еді. Қашқындарды ұстап әкеліп адам айтқысыз қаталдықпен жазалады. Бүгін хавильдарлар да, солдаттар да өте қатал күзетіп тұр.

Күн кешке тартты. Айнала төңіректе арыстандар ақырып, қорқау қасқырлар ұлиды. Арырақта гиппопотамдардың ысылдап-пысылдағандары естіледі.

Шамасы, ол жақта көл немесе бірер өзен бар. Өлердей боп шаршасам да ұйықтай алмадым. Биік шөптердің арасымен әлде не жылжып келе жатқан тәрізді. Сірә жыртқыш аңдардың бірі болар. Ол оңбаған лагерге шабайын дегені ме?

Құлағымды сыбдырға қарай түріп тыңдап жатырмын. Түк те жоқ. Енді қамыстан өтіп бір хайуан келе жатыр. Менде қару жоқ, бірақ қорғануым керек! Аттан салайын.

Менің тіршілігім миссис Уэлдон мен өзімнің жолдастарыма қажет қой!

Қараңғы түнекке көзімді тігіп қарап жатырмын. Бүгінгі түн айсыз, тастай қараңғы. Бір кезде папирус арасынан екі шырақ жылт ете қалды, бұл қабыланның немесе қорқау қасқырдың көзі. Әлгі шырақ бір кезде көрінбей кетті… Қайта көрінді.

Шөп қайта сыбдырлады. Бұл жабайы жыртқыш маған бас салады ғой. Аттан салайын дедім.

Сәті түскенін қараңызшы, өзімді өзім тоқтата қойдым.

Өз көзіме өзім сенбедім! Қасыма Динго келіп тұр! Meнің қасымда тұрған кәдімгі өзіміздің Динго! Сүйкімді Динго! Ол мені қалай тапты екен? Оны бастап маған келтірген нендей күшті сезім. Жоқ, мұндай кереметті басқаруға бір ғана ішкі сезімнің шамасы келмейді… Динго менің қолымды жалады. О, сүйкімді төбет, менің бірден-бір досым сенсің ғой! Демек, ана залымдар сені өлтіре алмаған екен!

Дингоның басын сипадым. Төбет арс ете қалғалы тұр, бірақ мен оның басын сипап алдарқатып қойдым. Иттің мұнда келгенін ешкім білмеуі керек. Жаман айтпай, жақсы жоқ, мүмкін… Ау, Динго менің қолыма мойнын неге үйкей береді? Маған: «мынаны қарашы!» деп тұрған тәрізді ол. Мен оның мойнын сипалап, қарғыбауына байланған бір зат барын байқадым… Қарасам, әлгі зат қарғыбауының доғасына өткізілген бір жіңішке ғана қамыс екен, қамысқа ойып жазылған «С», «В» деген екі жұмбақты әріп бар.

Қамысты ақырын ғана алдым да, сындырып қарадым. Қамыстың қуысында хат бар екен! Әрине, мен оны тастай қараңғыда оқи алмадым. Таң атып жарық болуын күту керек… Дингоны қайырып жібермей-ақ алып қалайын деп ем, бірақ сүйкімді төбеттің кеткісі келіп қыңсылай берді. Төбет өзіне жүктелген тапсырманың орындалғанын білсе керек.

Итті қайырып жібердім, ол бір секіріп түсті де, қалың шөптің арасына кіріп ғайып болды. Қайран төбет арыстан мен қорқау қасқырлардың аузына түспей аман-есен иесіне жетсе жарар еді-ау!

Динго аман болса, өзін жұмсаған адамға қайта оралатыны сөзсіз.

Хатты қараңғыда оқу мүмкін емес, хат қолымды күйдіріп бара жатқан тәрізді.

Бұл хатты кім жазды екен? Миссис Уэлдон ба? Әлде Геркулес жазған болар?

Ит — опа дейді ғой, Динго бұлармен қалай ұшырасты екен? Біз оны өлдіге санап едік-ау!

Бұл хатта не жазылған? Жан төзгісіз мына азаптан қашып құтылудың амалы айтылған ба? Әлде қадірлі достардың тек қана амандық хабары ма екен?

Не болса ол болсын, бірақ мына уақиға мені қуанышқа бөледі. Бірақ мұның ақыры адам айтқысыз ауыр қайғы-қасіретпен тынуы да ықтимал!

Мен аспанның көкжиекпен ұштасқан жеріне тесіле қараймын, сондағы аңдығаным, таң қылаңы. Көзім ілінбейді. Жытқыш аңдардың ақырғаны бұрынғысынша жырақтан естіліп жатыр. Бейшара Динго, бұларға кездеспей аулағырақ кете алдың ба екен?

Сарғая күткен таң да білінді. Тропикте түн қысқа болады. Жарық болысымен ешкімге білдірмей оқиын деп хатты шиыршықтап бүктеп қойдым.

Оқып көрейінші…

Әлі қараңғы, түк те көрінбейді.

Сарғая күтіп, ақыры оқыдым-ау. Хатты Геркулес жазған екен.

Бір жапырақ қағазға қарындашпен бірнеше жол сөз жазыпты, онда:

«Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті китандаға мінгізіп Гэррис пен Негоро бастап әкетті. Бенедикт мырза да солармен бірге. Олар керуеннен озып, үш-төрт күндік алда бара жатыр. Олармен тілдесерлік мүмкіндігім болмады. Мен Дингоны таптым. Оны біреу мылтықпен атып жарадар етіпті, бірақ қазір жазылып кетті. Менің бар ойлайтыным сендердің тағдырларың, мен қашқанда, сіздерге жәрдем ету үшін ғана қаштым.

Геркулес».

Демек, миссис Уэлдон да, кішкентай Джек те тірі екен. Олардың бізбен бірге болмағаны қандай жақсы: жарық дүниенің мына дозақтай азабына төзе алмас еді олар.

Китанда дегені талдан тоқылған зембіл, мұны екі адам иығына салып көтеріп жүреді. Үстіне жұқа матадан көлеңке етіп масахана құрып қояды.

Сөйтіп, миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті китандаға мінгізіп әкетіпті. Бұлар Гэррис пен Негороның несіне қажет болды екен? Шамасы ол оңбағандар Казондеге бет алған. Ие, ие, әрине, ешқандай күмәні жоқ. Оларды сол арадан іздеймін! Дингоның маған хабар әкелгені не деген қуаныш! Осы қуаныштың арқасында соңғы күндердегі көрген қорлықтарымды түгелдей ұмытып та кеттім.

11—15 май. Керуен ұдайы алға баса берді. Тұтқындағылардың халі күннен күнге нашарлай түсті… Көбінің қаны судай сорғалап жерді қып-қызыл қып бояп бара жатыр. Казондеге жету үшін әлі кем дегенде он рет көшіп қону керек деп шамаладым. Межелі жерге жеткенше қанша адам өліп азаптан мәңгі құтылар екен? Бірақ мен онда тірі жетуге тиіспін! Жетемін! Жетемін де!

Сұмдық қой бұл! Құлдар керуенінде бүкіл денесін жара басып қаны сорғалап тұрған сорлылар бар. Терісі сыдырылып қалған жалаңаш етке шынжыр батып кеткен.

Бір әйел аштан кеше өліп қалған баласының өлі денесін әлі көтеріп келе жатыр. Баласының сүйегін көзі қиып тастағысы келмейді.

Артта қалып бара жатқан жолдың үсті адам өлігінен көрінбейді десе де болады. «Желшешек» індеті ұлғая түсті.

Түбінде бірнеше адамның өлігі жатқан бір ағаштың қасынан өттік. Өліктер ағашқа шынжырлаулы жатыр. Бұлар бірер кінәсі үшін жазаға ұшыраған, аштан өлсін деп ағашқа шынжырмен байлап кеткен еріксіздердің өлігі еді.

16—24 май. Дымым құрып жығылудың аз-ақ алдында келе жатырмын, бірақ босаңдыққа ерік бермеуім керек. Мен жетем деген жеріме жетіп жығылуға тиіспін. Жаңбыр басылып күн шайдай ашылып кетті. Шыжып тұрған ыссыда жүру күннен күнге қиындай берді. Айдаушылар үсті-үстіме шыбыртқы салып, жол тіп-тіке өрге қарай тырмысып бара жатыр.

Кеше биік те қатты шөп өскен жермен жүрген едік. Шөптің сабағы бетімді тырнап, дәнді тікенектері үстімдегі қомытымнан өтіп денеме қадалғанда жанымды қоярға жер таппадым.

Бір жақсы жері, менің көн етігім мықты, тозатын емес.

Хавильдарлар, ауырып, әлсіреген нашар адамдарды керуеннен бөліп қалдыра бастады: өйткені адамдарға азық жетпеу қаупі төнген. Егер солдаттар мен жүк көтерушілердің үлесті азығы азайтылып еріксіздерге беретін болса, олар жанжалдың зорын шығарады. Керуенбасылар жетіспей қалған азықтың есесін еріксіздердің есебіне жатқызатын-ды.

— Мейлі, бірінің етін бірі жесін! — дейтін керуенбасылар.

Дені сау жап-жас кейбір еріксіздер жүріп келе жатып бірден жығыла кетеді де, табанда жан тапсырады. Мұндай жағдайды Ливингстонның да жазғаны есімде бар-ды. «Ол сорлылар,—деп жазып кеткен Ливингстон,—қапелімде жүрегім ауырып бара жатыр дейтін. Жүрегін қолымен басып жығылады да өледі. Мен оларды жүрегі жарылып өлетін болар деп шамалаймын. Бұл сияқты қапыл өлімді еркін жүріп, сосын бірден құлдыққа айналған адамдардан көбірек көрдім. Олар тағдырдың мұндай сұмдық азабына көндікпеген адамдар».

Бүгін хавильдарлар әлсіреп керуенге ере алмаған еріксіздердің жиырма шақтысын балтамен шауып тастады. Ибн-Хамис мына қасапты өз көзімен көріп тұрса да, оған тыйым салып, тіл қатпады. Бұл барып тұрған сұмдық, жан түршігерлік көрініс қой!

Бас сүйегі қақ айрылып кәрі Нан да жығылып қалды. Мен оның өлі денесіне сүрініп жығылдым. Тіптен марқұмды жерлей де алмадым.

Бұл кәрі кемпір апатқа ұшыраған «Пилигрим» жолаушыларынан шыққан алғашқы шығын.

Ой, бейшара Нан!..

Түн болса Дингоны күтетін болдым. Бірақ жанашыр төбет енді қайтып оралмады. Ол тағы бір бәлеге ұшырамады ма екен? Мүмкін, Геркулес бір қатерге кездесіп қалған болар? Жоқ… жоқ! Бұған менің иланғым келмейді! Геркулестің хабарласпау себебі: оның білдіретін жаңалық хабары жоқ шығар. Бұған қосымша, ол өте сақ жүруі керек, нәтижесіз тәуекелге көз жұмып ұмтылуға болмайды…»

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close