«ЕНДІ ШЫМКЕНТКЕ ТЕК ҚОНАҚ БОП КЕЛІҢІЗ»
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың кеткеніне жұрттың білдірген пікірі осындай. Үшінші мегаполисті үш жыл басқарған әкімнің жұмысына наразы халықтың қарасы көп.
Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкентке әуелі орынбасар статусында келді. Бір жылға жетер жетпес уақытта сол кездегі әкім Ерлан Айтахановтың орнына жайғасты. Міне, содан бері қанша сынға ұшырап, қарамағындағы қызметкерлері қамалып жатса да, міз бақпай отыра берді.
Шымкент қаласының әкімі кезекті бір жиында: «Жемнің орысшасы қандай еді?» деп сұрап, елдің көңілін көтеріп тастағаны есімізде. Оның осы әрекетіне халық дән риза болып, іштері жылып қалған еді. Бірақ, мегаполистің тас-талқан жолдары жылыған көңілді тез суытып жіберді. Әңгіменің ауанын Қонаев даңғылындағы өткелге аударайық.
Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесіндегі көпір 2022 жылдың қазанында ресми пайдалануға берілді. Алайда, көп өтпей асфальті ақтарылып, жап-жаңа жолайрықтың быт-шыты шықты. Жер асты өткелдеріне су толып, жұртты әбігерге салды. Қала әкімдігі ашарын ашып алып, «өткел толық біткен жоқ, әлі жасалатын жұмыстары бар еді» деп ақталды.
Одан бөлек құны 100 млн теңгеге жуық веложол пайдалануға берілмей жатып жермен жексен болды. Быт-шыты шыққан қызыл жолдардың фото, видеолары әлеуметтік желілерде желдей есіп, қоғамның ашуын тудырды. Бұл жолы да әкімдік кінәні мердігерге бұрып, құрылысы бітпеген құрылысты қайта жөндеді.
Әйтеновтың кезіндегі ең шулы оқиға Наурыз тойын тойлау кезінде болды. Қала билігі Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге 595 млн теңге бөлген. Бұл жайт жұрт наразылығын туғызып, арты үлкен дауға айналды.
Қыс мезгілінде қар басқан көшелерді дер кезінде тазалай алмаған Шымкенттік шенділер, кінәні шамадан тыс жауған қарға жауып, құтылып кетті. Бұл да қоғамның қызу талқысына түсіп, мегаполис тұрғындары әкімнің отставкасын талап еткен еді.
Мұрат Әйтеновтың кадрлары да сүттен ақ, судан таза емес еді. Оған дәлел транспорт басқармасы басшысының жемқорлыққа күдікті деп танылып, ұсталғаны. «Шымкентте жемқорлық жоқ, Шымкент еңбекқор» деп ақталған әкімнің сөзін Мақсұт Исахов жоққа шығарды. Қаладағы құрылысқа жауапты орынбасар ірі көлемде пара беруге оқталды деген күдікпен ұсталған болатын.
Бүгін Президент жарлығымен Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов Шымкент қаласы әкімі лауазымынан ресми кетті.