ФАРАБ-ОТЫРАР ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ-2
Рабатты ХІV ғ. басында «Қисса-и Рабғузи» немесе «Қиссас-ұл əнбия» деген аттармен мəлім болған қолжазбаның авторы Насреддин Рабғузидің туған жері болған деген болжам айтқымыз келеді.
Белгілі əдебиеттанушы А. Қыраубаеваның пікірінше, «Қиссас-ұл əнбиядағы» қазақ арасына кең тараған. Абай көпшілікке мəлім «Ескендір» поэмасын жазғанда осы «Қисас- ұл əнбиямен» де таныс болған деген болжам бар. Тұрмағамбет Ізтлеуов те Рабғузи əңгімелерінің кейбірін өлеңге айналдырып жазған екен. Рабғузи шығармасында тəлім-тəрбиелік мəні бар əңгімелер қазақ арасында кең тараған. Зерттеушілердің пікірінше, Рабғузи кітабы пайғамбарлар, сахабалар туралы қисса-хикаяларды, аңыздарды қамтыған түркі тіліндегі бірінші шығарма болды (Қыраубаева, 1988, 18-б.).
Қазіргі зертеулерде оның туған жері Хорезм немесе Орта Азия аумағында делінеді. Алайда біз жинақтаған археологиялық, топонимикалық, картографиялық деректер Рабғузидің туған жерін осы Оңтүстік Қазақстан болған деп айтуға мүмкіншілік береді. Бұған қандай дəлелдеріміз бар? Б. Кенжебаев 1969 ж. мақаласында мынадай мəліметтер келтіреді: «Рабғұзы Оғыз Рабат деген шаһардың қазысы болып істеген адам. «Қиса əнбияны» ол əлгі шаһардың əкімі, əйгілі бек Насыретден Тоқбоға деген кісінің тапсыруы, өтінуі бойынша, соған бағыштап жазған. Жəне өз заманының дəстүрі бойынша сол Тоқбоғаға сый етіп тартқан. Ал Тоқбоға мұсылман дініне, түрік ғұрып-əдетіне енген, əдебиетті сүйетін монғол болса керек» (Кенжебаев, 1986, 23-б.). А. Қыраубаеваның кітабына сүйенсек, оның əкесі «Рабат Оғыз қыстағының қазысы» болған, ал «Рабғузи» деген лақапты туған жеріне байланысты алған екен (Қыраубаева, 1988, 18- б.). Өзбек зерттеушісі Э.И. Фозиловтың пікірінше, ол Хорезмнің Работуғуз деген жерінде туған (Рабғузий, 1990, 6-7-бб.). Тарихи əдебиеттен Хорезмнің төл аймағында Рабат Оғыз деген елді мекенді іздеп таппадық. Ал Отырар иелігі Шыңғысханның келер алдында Хорезмге бағынғанын ескерсек, бұл жағдайдың көп ғасырлар өтсе де ұмытылмағанын, Махмұд ибн Уəлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» – «Өнегелі адамдардың ерліктері жайлы ғаламат құпияларындағы» еңбегінен аңғару қиын емес ХVІІ ғ. ортасында жазылған шығармада
«Отырар – Йассының ар жағында орналасқан қала, Сұлтан Мұхаммед Хорезмшах кезінде оның мемлекетінің шығыс жағындағы шекаралық қаласы болды», – делінеді (Махмуд ибн Вали, 1977, с. 15). С.Қасқабасовтың пікіріне сүйенсек, əйгілі шығарманың авторы Мауараннахрда, «Рабати Оғыз» деген жерде туған жəне оның Рабғузи деген бүркеншек аты содан шыққан (Қазақстан тарихы, 1998, 242-б.). Отырар алқабындағы Рабат ескерткіші Сырдарияның сол жағалауында болғандықтан ол Сырдария мен Əмудария ортасын алып жатқан Мауараннахр аймағына кіреді. Міне, осы Насреддин Рабғузидің туған жеріне тəн белгілердің Отырар алқабындағы Рабатқа сай келуі бұл ескерткіштің ортағасырдағы «Рабат Оғыз» екенін дəлелдейді. Əрине жалпы Рабат атты елді мекендер ортағасырда аз болмаған. Өзбекстанда Рабати-Мəлік, Қырғызстанда Ташрабат, Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт тауының етегінде де Рабат бар.
Алайда Насреддин Рабғузидің туған жерінің аты «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз». Рабат атты ескерткіш Өгізсай атты Сырдарияның байырғы арнасына таяу жерде орналасқандықтан
«Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз» деп айтылған деп санаймыз.Ескерткіштің географиялық координаттары: N 4249698; E 06807 052. Байырғы арна Бас штабтың Түркістан деген 1:500000 масштабтағы 1963 ж. дайындалған жəне 1970 ж. қайта басылған картасында Өгізсай («Огизсай»), 1982 ж. басылған Түркістан (ІІ-42-09 К-42-ІХ) деген 1:200000 масштабтағы картада жəне 1982 ж. басылған Балтакөл (ІІ-42–08 К-42-VІІІ) деген 1:200000 масштабтағы картада Сырдарияның сол жағындағы құрғақ арна Өгізсай («сухое русло Огизсай») деп белгіленген. Рабаттөбе мен Өгізсай арнасы арасында Рабатарық деген арық, ал Рабаттөбеден солтүстік-батыс бағыттағы аймақ картада «урочище Рабат» деп аталады. Сонымен біз қарастырып отырған Рабатты басқа рабаттардан ажырату үшін ортағасырда «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз» деп аталуы əбден мүмкін.
Əмір Темірдің Сырдарияның сол жағалауындағы жолы Зернұқпен аяқталды. Сүткенттен шыққан əскер «[прибыли] в селении Зернук, отправившись оттуда и переправившись через речку Сейхун по льду…» (Материалы по истории, 1988, с. 157).
Зернук – Зарнұқ. Шамамен ХІІІ ғ. жазылған «Насаб-нама» шежіресінде Зернук «Зарнұқ» үлгісінде аталып, Сырдариядан осы тұста Отырарға 766 -767 жж. мұсылман əскерлерінің өткені айтылады (Жандарбек, 2002, 90-б.). Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтер Зернук қаласының қалдығы деп Оқсызды санайды (Агеева, Пацевич, 1958, с.125). 1219 ж. монғол əскеріне қарсылық көрсетпеген Сырдарияның сол жағалауындағы Зернук атты қала аталады. Осы жағдайды ескеріп, монғолдар оны «Кутлук-Балык» – «бақытты қала» деп атапты. К.М. Байпақов мұны қоштап əл-Макдиси тізімінде Весидж қаласы жоқ, бұл тізімде Зерах, кейде Турар-Зерах деп аталатын қала кездеседі дейді (Байпаков, 1977, с. 86).
Оқсыз. Оқсызды (Оксус) В.А. Каллаурдың (Каллаур, 1900, с. 6-19), Н.В. Рудневтың (Руднев, 1900), Д.Н. Люшинның (Люшин, 1913, с. 96-98) мақалаларында, И.А. Кастаньенің (Кастанье, 2007, с. 173) кітабында Сырдария бойындағы байырғы қорғандар мен қамалдар тізімінде кездестіреміз. Н.В. Руднев төбенің атауын байырғы атау деп санайды. Оксус-Оқсыз атауы негізінде көне түркі тіліндегі өзен – угуз сөзі болуы мүмкін. Себебі, аталған ескерткіш қасында Өгізсай, Өгізарық атты жер атаулары сақталған.
Тоқтамыстың əскері 1388 ж. қыс мезгілінде Сырдариядан өтіп, Низам ад- Йаздидің «Зафар-намесінде» Уджук-Зернук деп белгіленген қаланың қасына келіп орналасады. Осы қаланың төңірегінде Ақсақ Темірдің қолы Тоқтамыс əскерінің алдыңғы шебін талқандайды (Сборник материалов по истории Золотой, 1941, с. 111, 156). В.В. Бартольдтың пікірінше, «зернух» термині су шығаратын «шығырды» білдіреді (Бартольд, 1965, Т.3, с. 224). Сырдария өзені бойында күні бүгінге дейін егістікке шығыр арқылы су шығару тəсілі пайдаланылады. Оқсыз қалашығы І-ХV ғғ. жатқызылады, Маяқұм ауылының солтүстігінде, 9,5 км қашықтықта, Ақжар деген жерде орналасқан. Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевичтердің зерттеуінде Оқсыз жоспары мен Зернұқ жөніндегі деректер келтірілген (Агеева, Пацевич, 1958, с. 123-124). Зернұқ тұсында Сырдариядан өтетін өткел болған. 1295 ж. Сырдария бойымен жүріп өткен армян патшасы Хетум алдымен Отырарға келіп, кейін Зернұкқа өтіп, Дизах-Жызақ арқылы Самарқанға жеткен (Киракос Гандзакеци, 1976, с. 224). ХІХ ғ. екінші жартысындағы географиялық карталарды негізге ала отырып, Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич Оқсызға қарама – қарсы жерде өткел болған деп көрсетеді (Агеева, Пацевич, 1958, с.124). Н.В. Рудневтың 1903 ж. картасында Оқсыздың тұсында Ақынтоғай тұсында «переправа» деп белгіленген. Əмір Темір əскері де осы тұста Сырдариядан өткен: «… Зернук елді мекеніне [келді]. Осы жерден шығып жəне Сейхун өзені үстінен мұзбен өтіп болған соң тұрақтады. Сейхун өзені қатты аяздан қалың мұз болып қатқан. Су алу үшін 2-3 гяз тереңдікке мұз ойылды. Осылай сол жылы Садақшы (қараша айынан) бастап Балық (ақпан айына) дейін Сейхун мен Джейхунның барлық өткелдерінен əскерлер, керуендер, арбалар, төрт түлік мал мұз үстімен өтті. Сейхун өзені жағалауынан аман есен атпен шығып 12 раджаб / 14 қаңтарда сəрсенбі күні [Отырарға жеттік]; Отырардағы Бердібек сарайы жоғары мəртебелі ағзамның тұрағы мəртебесіне ие болды» (Материалы по истории, 1988, с. 157). «Зафар-наме» дерегі бойынша Сырдариядан Отырарға дейін 2 фарсах жол екен (Бартольд, 1965. – Т.3, с. 525-526), яғни 12-14 км. Оқсызтөбе қасындағы өткелді 1900 ж. Н.В. Руднев өз мақаласында Ешкіөлмес деп атайды: «… ввиду переправы Ички-Улмес..».