ГЕНДЕРЛІК ЛИНГВИСТИКАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ
Гендер, жыныс, тілдің гендерлік жіктелімі, əлеуметтік-мəдени жыныс, гендерология, гендерлік қатынастар, гендеризм, гендерлік дисплей, маскулиндік (ерге тəн белгілер), фемининдік (əйелге тəн белгілер), əлеуметтік құрылымдық теория, стратификациялық категория, бейқұрылымдық талдау, гендерлік стратификация, гендерлік əлеуметтендіру, гендерлік сəйкестендіру, гендерлік рөлдер, гендерлект, жас-жыныс айырмасы.
Жаңа заман лингвистикасы парадигмасы адамды тілдік тұрғыдан жан-жақты танып білуге бағытталған. Тіл адамзаттың дамуы мен жан-жақты жетілуіне əсер етеді. Ол – тұлғаның тілдік ортадағы қарым-қатынасы барысында қалыптасқан, адамның туа біткен қабілеті арқылы жеткен жетістігі. Тіл тек денотативтік (таңбалық) сипатты құрал ғана емес, сонымен бірге коннотативтік құрал. Тілдің əлеуметтік қызметін дамыту – ХХI ғасыр тіл білімінің бірден-бір сұранысы, уақыт уағызы.
Кейінгі кездерде ғалымдар адамның биологиялық жынысынан гөрі əлеуметтік жыныс мəселелерін сөз етуге бет алды. Мəдениет ая- сында еркек пен əйелге тəн қалыптасқан (еркектік, əйелдік) жəне тілде көрініс беретін мінез-құлық ерекшеліктерін біліп, түюдің мəні зор. Ол жыныс өкілдерінің қоғамдағы əлеуметтік орнымен белгіленеді.
Жынысқа байланысты тілдік жіктелім туралы айтқанда, адамның биологиялық айырмашылығын емес, «мəдени-əлеуметтік құрылымын» танытатын жынысы, яғни гендер сөз болмақ.
Гендер ұғымы жөнінде түсінік
Гендер ұғымы адамның туа біткен жынысымен қатар қоғамда, əлеумет ішінде мəдени институттар (тіл, отбасы, білім беру, т.б.) ықпалы нəтижесінде қалыптасатын əлеуметтікмəдени жы- нысы тағы бар екендігін білдіреді. Жыныс – адамдардың био- физиологиялық айырмашылықты бітімін білдірсе, гендер – əйел мен ердің қоғам туғызған əлеуметтік бейнесі. Грамматикалық тек (род) категориясын білдіретін ағылшын термині «gender» лингвистикалық контекстен алынып, алдымен басқа ғылым салаларының – əлеуметтік философия, əлеуметтану, тарих жəне саясаттану ғылымдарының зерттеу нысанына айналды. Кейінірек гендерлік зерттеулер шеңбері кеңейіп, пəнаралық мəртебе алған кезеңде гендер термині тіл біліміне жаңа мағынада енді.
Тұңғыш рет гендер (тек) ұғымын ғылыми тіркеске американдық психоаналитик Роберт Столлер 1968 жылы енгізді, ғалым бұл сөзді өзінің «Жыныс жəне гендер» еңбегінің атына пайдаланды. Жыныс пен гендер арасындағы терминологиялық айырмашылықты нақты айқындап берген Г. Рубин мен Р. Унгердің еңбектері болды.
Gender терминінің өзі лингвистикалық терминологияға кейіннен енді. Сондықтан тіл білімінде genus, sexus, gender категориялары айқын ажыратыла бермейді. Бұл категориялар тілдегі жыныс мəселесін зерттеудің тарихи ерекшеліктерімен түсіндіріледі.
«Ағылшын термині гендер (gender) бекітілді, көптомдық сөздіктерде, өзге де қазақ сөздіктерінде аударылмаған да түсіндірілмеген, бірақ оның қазақша баламасы жыныс екені даусыз. Сырт көзге əр қилы мəтінде бұл балама гендерге барабар бола бермейтін сияқты көрінуі мүмкін. Бір қарағанда, солай. Ал, байыбына барсақ, гендер сөзінің əрқилы ғылым саласындағы əлеуметтік жүктемесіне сай, оның қазақша баламасы жыныс сөзін де екі мағынада қолдануға болады:
- биологиялық, яғни жалпы мағынасы. Жыныс деген – еркек пен əйел арасындағы анатомиялық айырманы білдіретін термин. Биологиялық жыныс екеу, ол – еркек пен ұрғашы;
- əлеуметтік мағына. Бұл жерде жыныс термині əлеуметтік топ- қа тəн құрылым екенін ескеріп, «əлеуметтік жыныс» деп атағанды жөн көрдік. Тегінде бұл өзі анатомиялық жыныс ұғымынан өрбіген, бірақ оған сəйкес келмейтін, əлеуметтік-мəдени құрылым (орысшасы: социально-культурная конструкция)» [Хасанұлы 2005, 16 б.].
Гендер термині лингвистикалық əдебиеттерде жүйелі түрде қолданыла бермейді. Гендерлік ерекшеліктерді зерттеуші ғалымдардың көпшілігі жыныс (пол /sexus) сөзін пайдаланса, ағылшын тіліндегі еңбектерде екі термин де қатар жұмсалады. Кейде гендер термині мен жыныс сөзі қосарлана беріледі. Мұның бəрі гендерлік зерттеулерде терминдік түсініктердің шатасуына əкеп соғады:
- Қоғамның жыныстық жіктеліміне байланысты жазылған еңбектердің бірталайы гендер термині шыққанға дейін жарық көрген. Сондықтан ол зерттеулерде sex, sexus сөздерін пайдалану орын алған. Тіпті жыныстар арасындағы қоғамдық əрекеттестік жайы да аталған ұғымдарға сүйеніп түсіндірілген.
- Гендер термині ағылшын тілді ортада пайда болғандықтан, сол тілдегі грамматикалық тек (род) категориясын білдіретін гендер сөзімен омонимдес. Мұның өзі кей реттерде, əсіресе, лингвистикалық талдауларда түсінбестік тудырады.
- Бірқатар зерттеушілер жыныстың мəдениəлеуметтік рөлі туралы айта отырып, əлі де болса sex bias, sex role, sex difference, т.б. терминдерін ұстанады. Ағылшын тіліндегі еңбектердің көпшілігінде екі термин жарыса қолданылып келеді. Керісінше, кейбір зерттеулерде жыныс (пол/sexus) сөзін жаңа терминмен ауыстырып беру үрдісі байқалады. Бұл гендер термині пайда болған тұста жарияланған еңбектерде кездеседі.
- Терминдік түсінбестіктердің туындауының тағы бір себебі: зерттеу еңбектердің қай тілде жазылып, қай тілден аударылғанына да байланысты. Мəселен, неміс тілінде gender ұғымымен қатарласа қолданылатын Geschlecht, das soziale Geschlecht тəрізді аталымдар бар. Ал ағылшын тілінен орыс тіліне аударылып жатқан еңбектерде sex gender (ағыл.) мен секспол (орыс.) ескеріле бермейді. Екінші жағынан, батыс елдерінің бірқатарында жыныс мағынасындағы sex сөзін ығыстырып, орнына гендер терминін (ғылыми дискурстан тыс) қолданып саяси түзетулер жасап отырады.
- Термин таңдауда автордың көзқарасының да өзіндік орны бар. Ерлер мен əйелдер тіліне тəн ерекшеліктердің болу себептерін адамның физиологиялық жəне психологиялық табиғатымен байланыстыра қарайтын биодетерминизм бағытының өкілдері дəстүрлі атауды (жыныс) сақтап қалуды мақсат тұтады. Дей тұрса да, олардың еңбектерінен гендер терминін кездестіруге болады.
- Орыс тіл білімінде гендер, жыныс, əлеуметтік (мəдени- гендерлік) жыныс, жыныстық диморфизм, жыныстық жіктелім, адамның биоəлеуметтік (биомəдени) мінездемесі терминдері қолданылып келеді.
Алайда гендер терминінен гөрі туынды сөздер (гендерлік зерттеулер, гендерлік қатынастар, гендерлік жіктелім, гендеристер, гендерология) жиі қолданысқа түскен. Осыған ұқсас жайт: неміс тіліндегі еңбектерде гендер терминімен зерттеудің жалпы бағытын атаса, қалған жағдайларда жыныс ұғымы пайдаланылады. Зерттеушілердің пікірінше, орыс тілінде жыныс сөзінің мəн-мəтіндік мағынасынан оның қандай мəнде (биологиялық əлде əлеуметтік) жұмсалып тұрғандығын ажыратуға болатындықтан, кірме сөз гендермен қатарласа қолданыла береді [Словарь гендерных терминов 2002, 24, 25 бб.].
Қазақ тіл білімінде гендерлік факторлар бұрыннан да назарға іліккен, бірақ тек қазіргі кезде арнайы зерттеу нысаны бола бастады. Осы салада зерттеу жүргізіп жүрген белгілі ғалым Б. Хасанұлы еңбектерінде гендер термині басым қолданылатынын атап өткен жөн. Жыныс сөзі ішінара (əлеуметтік жыныстық жіктелу, əлеуметтік жыныстану) кездеседі [Хасанұлы 2003, 284 288 бб.].
Жыныс – адамзат бойына туа біткен айырым белгі, əйелдер мен ерлер арасындағы психологиялық жəне əлеуметтік айырмашылықтарды танудың түп негізі. Жыныс категория ретінде екі компоненттен тұрады: биологиялық жыныс (sexus) жəне əлеуметтік жыныс (gender). Жыныс категориясына қарағанда гендерлік мəртебе соған сəйкес гендерлік иеарархия, мінез-құлық ерекшеліктері табиғаттан берілмейді, қоғамда қалыптасады, əлеуметтік бақылау институттары мен мəдени дəстүрлер арқылы жүзеге асады. Сонымен гендер терминінің синонимі ретінде əлеуметтік мəдени жыныс ұғымы қолданылады.
Гендер ұғымы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап ғылыми қолданысқа еніп, жүйелі түрде зерттеле бастады. Оған себепкер болған: саяси-əлеуметтік жағдай – қоғамдық қатынастардың өзгеруі мен феминистік қозғалыстың өріс алуы; лингвистикалық жағдай – структурализмді сынға алу, тілдің прагматика саласына деген қызығушылықтың артуы жəне əлеуметтік лингвистиканың дамуы; философиялық жағдай – таным теориясының жаңа бағыт алуы, постмодернизм мен бейқұрылымдау (деконструктивизм) идеяларының кең таралуы (М. Фуко, Ж. Деррида) [Кирилина 1999, 52 б.].
Гендер алдымен əйелдердің ерлермен салыстырғандағы əлеуметтік, мəдени, психологиялық ерекшеліктерін сипаттау үшін қолданылды, содан келіп қоғамда əйел, еркек деп тануға мүмкіндік беретін типтік мінез бітістері, нормалар, таптаурындар, рөлдер ажыратылып қарастырыла бастады. Адамның табиғи жынысы мен əлеуметтік дамуын ескеретін гендерлік факторлар тұлғаның маңызды сипаттамаларының біріне айналды. 80-ші жылдардан бастап гендерлік зерттеулерде əйел тарихы, əйел психологиясы мəселелерімен қатар «əйелдік», «еркектік» белгілерінің əлеуметтік- мəдени мəніне де назар аударыла бастады. Ал 90-шы жылдары ерлерге қатысты маскулиндік зерттеулер бой көтерді. Алайда, ғылымда күні бүгінге дейін гендер табиғаты туралы тұрақты, біркелкі көзқарас жоқ. Бір жағынан, гендерді ойлау құрылымы немесе жыныстың биологиялық жəне əлеуметтік мəдени қызметін анықтап айырудың ғылыми үлгісі, екінші жағынан, гендер қоғамда қалыптасатын (соның ішінде тілдің көмегімен) əлеуметтік құрылым ретінде пайымдалуда [Кирилина 1999, 9-10 бб.].
О. А. Воронина гендер категориясын зерттеудің батыста қа- лыптасқан жалпы ғылыми тəсілдерін саралай келіп, қазіргі гумани- тарлық парадигмада орын алған мынадай негізгі бағыттарды көрсетеді:
- гендер – əлеуметтік-демографиялық категория;
- гендер – əлеуметтік құрылым;
- гендер – субъективтілік көрінісі;
- гендер – идеологиялық құрылым;
- гендер – желі (сеть);
- гендер – технология;
- гендер – мəдени метафора.
Гендер мəселесі əлеуметтік құрылымдық теория, страти- фикациялық категория жəне мəдени метафора тұрғысынан қарастырылып келеді [Воронина 2001].
Гендерлік қатынастар адам қызметінің көптеген саласын қамтитындықтан, гендерді зерттеу пəнаралық сипатта гендеро- логиялық тұрғыдан дамуы тиіс. Гендерология – қазіргі ғылым жүйесінде ерекше қарқынмен дамып келе жатқан саланың бірі. Ол əлеуметтану, психология, мəдениеттану, антропология, мəдениетаралық жəне бейвербалды қатынас (коммуникация), лингвистика, т.б. ғылым салаларымен бірлікте келіп, адамзат тарихы мен мəдениетін тануда кең көлемді зерттеулерге жол ашты. Еркек пен əйелге тəн мінез-құлық ерекшеліктері, олардың мəдени-əлеуметтік мəні, дəстүрге сай айырым белгілері, əлеуметтендіру жайы ғылыми зерттеулерде, соның ішінде антропология мен этнографияда ішінара айтылып келгенімен, биологиялық жыныс пен əлеуметтік жынысты (гендер) айырып қарау мəселесі тек гендерлік зерттеулер арқылы мүмкін болды. Гендерлік зерттеулер батыстық-гуманитарлық ғылымдардан бастау алып, қазіргі кезде кең тарай бастады. Оның пайда болып, дамуына таным мəселесіне деген жаңа көзқарас, ғылым философиясы, əлеуметтік философия, тұлғатану философиясы мен психологиясы, əлеуметтану мен антропологияның қарқынды дамуының сəйкес келуі жайдан-жай емес [Гендер и язык 2005]. Гуманитарлық ғылым салаларында антропоцентристік ұстанымға негізделген тұлғаның даралық өлшемдерін (параметрлерін) анықтауға деген қызығушылықтың артуы, тіл мен жыныстың өзара байланысын жеке-дара қарастырмай, кешенді түрде зерттеуге мүмкіндік береді. Кейінгі уақытта гендердің жүйелілік сипаты тілдесімдік жəне құрылымдық тəсілдердің жинақталуы, бірігуі мəселелеріне ерекше назар аударып келеді. Гендерлік жүйенің астарында институттар мен идеялар ұғынылса, енді жеке адамның мінез-құлқы мен барлық қарым-қатынастық тілдесімі қатар қарастырыла бастады. Мұндай тəсіл гендерді статикалық əрі динамикалық тұрғыдан зерттеуге жол ашады [Кирилина 2004, 15 б.]. Зерттеудің гендерлік тəсілі – бұл жыныс факторының көптүрлілігі мен көпқырлылығын ашып көрсету.
Сонымен гендер белгілі бір қоғамда, тарихи дəуірде қалыптас- қан еркектік немесе əйелдіктің əлеуметтік-мəдени белгіленген үлгісіне жеке адамның ену үдерісі мен нəтижесін қатар бейнелей- ді. Тұлғааралық қатынастарда еркектік пен əйелдік белгілерінің қалыптасқан үлгілері (мінез-құлыққа, жыныс өкілдерінің қоғам- дағы орнына, т.б. байланысты) мейлінше сақталып отырады. Осының нəтижесінде гендер үйреншікті, жалпылама қабылданған, таныс ұғымға айнала бастайды, əйел мен еркектің нақты белгілерін айқындап, қоғамда гендерлік қатынастардың қалыптасуына ықпал етеді. Гендерлік қатынастар əлеуметтік ұйымның маңызды қыры болып табылады, яғни қоғам дамуын айқындайтын əлеуметтік қатынастарға ықпал етеді. Олар тілде мəдени концептілер түрінде бейнеленеді жəне тұлғаның мінез-құлқы, сөйлеу ерекшелігі, тілдік əлеуметтенуіне ықпал етеді.