ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ
1908 жыл. АҚШ, Нью-Йорк. Мұхиттың арғы жағындағы елдің ең ірі қаласында 15 мыңнан астам әйел шеруге шықты. Алаңға жиналған нәзік жандылар билік басында отырғандардан өздеріне сайлау құқығын беріп, жұмыс күнін қысқартуды талап етті. Ең бастысы олар ер-азаматтармен бірдей жалақы төлеуді сұрады. Нью-Йорктегі шеруден ғасырдан астам уақыт өтсе де, алаңдағы әйелдердің талабы толық орындалған жоқ. Алайда, өткен шақ пен бүгінгі күннің нәзік жандыларын салыстыруға келмейді. Оған әлем бойынша қабылданған теңдік туралы заң сөзсіз әсер етті.
Ағылшындық PwC (PricewaterhouseCoopers) компаниясы ерекше зерттеу жүргізіпті. Компания ерлер мен әйелдердің әлеуметтік жағдайын негізге алып, теңдік туралы сауалама жүргізеді. 88 мемлекетте жүргізілген зерттеу нәтижесінде, әлемнің 34 пайыз елінде гендерлік теңдікті қалыпқа түсіретін заңның мүлде жоқтығын көрсетті. Ал, әйелдер мен ерлердің тең құқықтылығын көздейтін заңы бар елдердің үлес салмағы 43 пайызды құраса, бұл көрсеткіштегі елдерде заңдылық сақталмаса да, ешқандай қарсы шара қолданылмайтын көрінеді. Қалған 23 пайыз елде арнайы заң да, заңды орындамағандар үшін қолданылатын санкциялар да бар. Қазақстан соңғы топқа енеді.
Еліміздегі нәзік жандылар 1917 жылдан бастап дауыс беру құқығына ие болды. Жұмыс уақыты мен демалыс алу құқығы да заңмен реттеліп отырады. Заң тұрғысынан қарағанда, Конституциямыз халықты ер-әйел деп бөле-жарып қарауға, кемсітуге тыйым салады. Сондай-ақ, соңғы жылдарда қоғамдағы әйелдердің рөлі мен теңсіздік мәселесін реттеу мақсатында бірқатар заң жобалары қабылданған. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік тұжырымдамасы мен 2009 жылы қабылданған «Тең құқықтардың мемлекеттік кепілдіктері және ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер» заңы бар. Және 2016 жылы қабылданып, қолданысқа енген Қазақстан Республикасындағы отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын да ерекше атауға болады. Аталған заңдар мен тұжырымдамалар әйел адамның қоғамдағы рөлін айқындауды мақсат етеді. Қазақстанның 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына қосылуы елдегі гендерлік саясаттың күн тәртібіндегі мәселе екенінен хабар береді. Жобаның алға қойған 17 мақсаты нақтыланса, оның 12-сі гендерлік және мемлекеттің стратегиялық бағыттары мен міндеттерін негіздейді. Елде 2016 жылы қабылданған отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасының қолданысқа енуіне де осы қадам сеп болса керек. «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан гендерлік саясатты жүзеге асыруда біршама жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық деңгейдегі актілер қабылданды. Атап айтар болсақ, 1995 жылғы «Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Бейжің іс-қимыл платформасы», 1998 жылғы БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы» конвенциясы, 2000 жылғы «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» заң жобасы мен «Тұрмысқа шыққан әйелдердің азаматтығы туралы» конвенция, «ХЕҰ-ның ерлер мен әйелдерге сыйақы көлемін теңестіру туралы» заңдары. Сондай-ақ, гендерлік саясатты жүзеге асыруда Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста екенін де атап өткен жөн.
Еліміздегі гендерлік саясатты тиімді жүзеге асыру үшін институционалдық және нормативтік база құрылған. Қоғам өмірінің қай саласында болмасын гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, бүгінде табысты жұмыс жасап жатыр. Аталған комиссияның өңірлік өкілдіктері әр аймақта тиісті қызметтерді атқаруда. Тәуелсіздік алғалы қоғамдағы әйелдердің рөлі едәуір артты. Бұл – мемлекеттік қолдау шаралары мен елдегі әйелдердің мүддесін ілгерілету жолында атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі. Бүгінгі күні елдегі гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары, басымдықтары мен міндеттері 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасында айқындалған. 2019 жылы аталған тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесі жаман емес. Елде гендерлік теңдік пен саясат мақсатты түрде жүзеге асып келеді деуге негіз бар.
Қазақстан әйелдерді жұмыспен қамту мәселесі бойынша экономикасы жоғары дамыған елдерден кем түспейді. 2018 жылғы есепке сенсек, елдегі экономикалық белсенді халықтың 64,8 пайызын әйелдер құрайды. Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарымен елде әйелдер еңбегін пайдалануға тыйым салынған жұмыс орындарының тізімі жаңартылды. Бұл жерде әңгіме теңсіздік турасында емес, жұмыстың ауырлығы ескеріледі. Қазіргі кезде технология дамып, өндіріс процестерін автоматтандыру қарқын алуда. Есесіне, әйел еңбегін пайдалануға тыйым салынған кәсіптер саны азаюда. Мысалы, 2018 жылы тыйым салынған мамандықтар саны 287-ден 187-ге дейін қысқартылған.
Соңғы жылдары әйелдердің шағын және орта бизнестегі белсенділігі айтарлықтай артып отыр. Тіркелген белсенді кәсіпкерлердің ішінде әйелдердің үлесі 43,2 пайызды құрайды. Елдегі әйелдер басшылық жасайтын шағын, орта және ірі кәсіпорындардың салмағы 28 пайызға жуық. Әрбір төртінші шаруа және фермер қожалығын нәзік жандылар басқарады. Бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш деп ауыз толтырып айтуға болады. Сондай-ақ, 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым әйелдердің құқықтары мен мүдделерін шешуге белсенді атсалысса, кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдардағы басшылық лауазымдардың 32 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Мемлекет әйелдердің саясаттағы рөліне баса назар аударып отыр. ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының жалпы құрамындағы әйелдердің үлесі жыл санап артып келеді. Парламенттің төменгі палатасындағы нәзік жандылардың да үлесі біртіндеп көбеюде. 1996-1999 жылдар аралығын қоса есептегенде Мәжіліс депутаттарының арасында әйелдердің үлес салмағы 11,76 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 27,8 пайызға дейін артқан. БҰҰ деректеріне сүйенсек, әлем бойынша төменгі палатадағы әйелдердің орташа өкілдігі 23,4 пайыз. Бұл – біздегі көрсеткіштің едәуір жоғары екендігінің анық айғағы. Жергілікті басқарушы органдарда да әйелдердің үлесі бар. Пайыздық көрсеткішпен айтсақ, облыстық мәслихаттарда жуықтап алғанда 16 пайыз, қалалықта 23 пайыз, ал аудандық мәслихатта 24 пайыздай әйелдердің үлесі бар. Сонымен қатар, нәзік жандылар мемлекеттік қызметтерде де жиі төбе көрсетеді. Олардың үлесі 2013 жылы 49 мыңнан асса, 2017 жылдың өзінде-ақ 50 мыңнан асқан. Сайлауалды партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілгенін де атап өту қажет.
Елімізде халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып жасалған мемлекеттік бюджетті гендерлік жоспарлау негіздері енгізіліп жатыр.
Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша мемлекет тиісті шараларды қабылдап жатқанымен, мәселе толыққанды шешім таппай келеді. Мысалы, ер мен әйел еңбекақысындағы алшақтықты азайту бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймай отыр. 2018 жылғы есепке сенсек, әйелдер табысы ерлер табысының 66 пайызын құраған. Ел ішіндегі ер мен әйелдің тең құқылығы мемлекеттің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Сол себепті де әлем елдері әйелдердің құқығын ерлермен теңестіруді дұрыс деп есептейді. Осы тұрғыда біздің мемлекетіміз де әйелдің қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында іс-шараларды қабылдауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйел мүддесін ілгерілету және құқықтарын қорғау, сайлауалды партиялық тізімдер бойынша әйелдер мен жастар үшін квота енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту, әлеуметтік көмек көрсетуді жетілдіру сияқты мәселелерді назарға алуы – сөзімізге дәлел.
Расында, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 2006 жылы Парламент Мәжілісіндегі әйелдердің үлесі 10 пайыздан сәл асса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш едәуір жоғарылаған.
Жоғарыда жазғанымыздай, 2016 жылы қоғам өмірінің барлық саласында гендерлік теңдікті қалыптастыру мақсатында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілген болатын.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Баймановтың айтуынша, аталған тұжырымдама үш кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр.
— Бірінші кезең 2017-2019 жылдар аралығын қамтыды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасы саясатын зерделеу мақсатында арнайы база құрып, алғаш рет «Қазақстандық отбасылар-2019» ұлттық баяндамасын әзірледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бекітілді. Пилоттық режимде отбасылық соттар қызметі күшейтілді. Гранттар бойынша арнайы жобаларды жүзеге асыру басталды. Жалпы айтқанда, алғашқы кезеңді іске асыру барысында аталған салалар жақсы нәтижеге қол жеткізе алды.
— Екінші кезең – 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Бүгінгі есеп бойынша, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жоспарланған 48 тапсырманың 16-сын нақты орындап, халық оның игілігін көре бастаған. Қалған жоспарлар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
«Отбасы институтын нығайту заңнамалары жетілдіріліп жатыр. Барлық облыста «Baqytty Otbasy» және «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылуда. Жастар арасында репродуктивті денсаулықты жақсарту мақсатында жедел желі іске қосылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік отбасы картасын әзірлеп, оны іске қосып та үлгерді», – дейді атқарылып жатқан жұмыстар туралы Шахмардан Асқарұлы.
— Үшінші кезең 2023 жылдан 2030 жылға дейін созылады. Бұл кезең тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мен әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік беретін міндеттер мен іс-шараларды іске асыруды көздейді.
Аталған тұжырымдаманың алғашқы кезеңі аяқталды. Екінші кезеңнің де аяқталуына жақын қалды. Осы ретте алғашқы кезең бойынша алға қойылған мақсаттың қаншалықты орындалғаны туралы нақты қорытындылар жасауға болады.
Бастапқы жоспар бойынша ер мен әйелдің өмір сүру ұзақтығының гендерлік алшақтығы 2020 жылға қарай 8,5 жылды құрау керек болған. Нәтиже бойынша айырмашылық 8,44 жасты құраған. Бұл дегеніміз, жоспар толық орындалғанын көрсетеді. Нақты ақпаратты ranking.kz сайты ұсынған. Аталған гендерлік алшақтық 2023 жылға қарай 8 жылды, 2030 жылы 7 жылды құрайды деп жоспарлануда. Және тіркелген некелердің ішінде ажырасу көрсеткіші 32 пайызды құрау керек болса, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратына сенсек, бұл көрсеткіш 37,2 пайызды көрсеткен. Бұл 2023 жылға қарай 30, 2030 жылға қарай 25 пайызға дейін қысқаруы қажет.
Репродуктивті жастағы мың әйелге шаққанда жасанды түсік жасату көрсеткіші жоспардағы 17 адамнан 16,8-ді құраса, әйелдер мен балаларға қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларын азайту көрсеткіші жоспардағы 20 пайыздан 22,2 пайызға төмендепті. Статистикалық комитеттің мәліметінше, тұжырымдама қабылданған жылы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 124 298 оқиғасы тіркелсе, 2019 жылға қарай бұл көрсеткіш 96 750-ге азайған. Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылы бұл жағдай күрделене түскен, оған елдегі пандемия себеп болуы мүмкін. Аборт жасату мың әйелге шаққанда 2023 жылға қарай 15, 2030 жылға қарай 10 адамға дейін азаюы керек деп жоспарланса, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін 2023 жылы 30, 2030 жылы 50 пайызға дейін төмендету көзделуде.
Сондай-ақ, ерлердің жалақысына қарағанда әйелдердің орташа табысының үлесі 2020 жылға қарай 70 пайыз болуға тиіс деп жоспарланған. Статистика комитетінің ақпаратынша, 2020 жылы әйелдердің орташа айлық табысы 173,7 мың теңгені құрап, ерлердің табысынан 55,8 мыңға төмен екенін көрсеткен. Бұл ретте жұмыс істейтіндердің 45,9 пайызын ерлер, қалған 54,1 пайызын әйелдер құрайтынын да атап өткен жөн. Бұл көрсеткіш 2023 жылға қарай 73, 2030 жылға қарай 75 пайызды құрауы тиіс.
Материалдық активтері, яғни жер, мүлік, кәсіпорын, жеке кәсіпкерлігі бар әйелдердің ерлерге қатысты үлесін 2020 жылға қарай 5 пайызға ұлғайту көзделген. ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Рамазанова бүгінгі таңда қазақстандық әйелдердің жеке кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесте жетекші орынға ие екенін айтады. Ал, жоспар 2023 жылға қарай 7 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға ұлғаяды деп күтілуде.
Биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің үлесі 2020 жылы 22 пайызды құрайды деп көзделген еді. Есеп бойынша 2020 жылы жергілікті сайлау органдарына 697 әйел адам қатысқан. Сол жылы әйел көшбасшысы бар операциялық компаниялардың үлесі отыз пайызды құраған. Бұл нысаналы индикатор бойынша көрсеткіш 2023 жылға қарай 25 пайызды, 2030 жылы 30 пайызды құрауға тиіс.
Осы ретте Ләззат Керімқұлқызы соңғы сайлау қорытындысы бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіндегі әйел депутаттар 27 пайызды, Сенатта 18,8 пайызды құраса, аудандық мәслихаттарда 30 пайыздан асады деген ақпарат береді. Сондай-ақ, әйелдердің 56 пайызы мемлекеттік қызметте болса, оның 41 пайызы басшылық құрамда жұмыс істеуде. Әйел судьялардың үлесі 51 пайыз болса, екінші деңгейлі банктерді басқаруда әйелдердің үлес салмағы 24,6 пайызды құрайды. Ал, ұлттық басқарушы холдингтер мен компанияларда 25 пайыз әйелдер жұмыс істейді.
Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің үлесі 2020 жылға қарай 8 пайызды құрайды деп жоспарланса, қазіргі уақытта әскери қызметтегі әйелдер жалпы әскери қызметкерлердің 10 пайыздан астамын құрайды. Көрсеткіш алдағы жоспар бойынша 2023 жылға қарай 8,5 пайызды, 2030 жылға қарай 10 пайызды құрау керек.
Жоғарыда біз ресми деректерге сүйене отырып, аталған тұжырымдамада бекітілген тоғыз нысаналы индикаторды санамалап шықтық. ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов аталған тоғыз индикатордың бесеуі нақты орындалғанын айтады. Ал, жоспарда көрсетілген сандардың қанша пайызға орындалып, қаншалықты өзгеріс орын алатынын уақыт көрсетеді.