Қоғам

ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТЕДІ?

Қазақстан үкіметі әйел адамдардың өмірдің барлық салаларына белсенді қатысуына жағдайлар жасауда. Қазақстанда жүргізіліп жатқан гендерлік саясат нәзік жандарға ерлермен қатар ел өміріне тікелей қатысуға көп мүмкіншіліктер жасайды. Елбасының айтуынша: «Біздің гендерлік теңдік, экономикалық және саяси өмірге әйелдердің қатысуын кеңейту. Бұл мәселе бойынша біз Еуроодақтың 14 мемлекетін басып озып, әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына кірдік»

Дегенмен, гендерлік саясат туралы теріс түсініктердің де қалыптасуы да күннен күнге ұлғаюда. Бұл зерттеу жұмысы осы қоғамдық мәселені негізге алып, қоғамдық сананы жақсы жаққа өзгертуге бағытталады.

Гендер – негізі анатомиялық жыныста құрылған, уақыт өте келе қоғам талабына сай өзгеріп отыратын әлеуметтік жыныс.«Gender» сөзi ағылшын тiлiнен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегендi бiлдiредi. Ол ерлер мен әйелдердiң мiнез-құлқын, олардың арасындағы әлеуметтiк қарым-қатынасты, олардың әлеуметтiк және мәдени нормалары мен рөлдерiнiң айқындайтын ұғым. Оның негізгі тұжырымдамасы гендер мен жыныс ұғымдары арасындағы айырмашылықта болып табылады. Бұл айырмашылықты алғаш рет 1968 жылы американдық психоаналитик Роберт Столлер өзінің «Жыныс және гендер» деген еңбегінде көрсеткен.

Гендерлік мәселелерді зерттеуде Д. Уильям, Р. Столлер, Дж. Скотт, Т. Л. Лабутина, И. А. Школьников, Л. П. Репина сынды шетелдік ғалымдардың еңбегі зор. Қазақстанда да гендерлік саясат мәселесін зерттеп, өзінің ғылыми еңбектерін арнаған ғалымдар көп. Соның ішінде Б. Х. Хасанов, Г. Г. Соловьева, С. Шакирова, М. А. Өскембаева, Н. Шеденова, К.А.Тохтыбаева, Б. Қылышбаева сынды ғалымдар еліміздегі гендерлік ілімнің дамуына үлкен үлес қосты.

Гендерлiк саясат — қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.

Қазақстанда гендерлік саясатпен ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия белсенді айналысады. Қазақстан қатысатын гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі келісім-шарттар тізімі: Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Пекин тұғырнамасы (1995 ж.); БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясы (1998 ж.); Әйелдердің саяси құқықтары туралы конвенция (2000 ж.); Тұрмыс құрған әйелдердің азаматтығы туралы конвенциия (2000 ж.); ДЕҰ-ның 1951 жылғы № 100 ерлер мен әйелдердің тең құндылықты еңбекке тең сыйақы алуы туралы конвенциясы (2000 ж.); Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясының Факультативтік хаттамасы (2001 ж.).

2003 жылдың 27 қарашасында ҚР-ның гендерлік саясатының Тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжатта саяси өмірге әйел мен ердің теңқұқылы қатысуы; әйелдер дискриминациясына қарсы күрес; тең дәрежеде кәсіпкерлікті дамыту; әйелдердің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету; қызметтегі теңдік; отбасыда тең және екі жақ үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері қарастырылады.

Осы Тұжырымдамаға сай ҚР-ның 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік Стратегиясы қабылданды. Стратегияда мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған міндеттерді отбасылық құндылықтармен байланыста қарастырған.

Көптеген заңнамалық құжаттардың қабылданғанына қарамастан әлі күнге дейін жыныстар арасындағы теңгерімсіздіктің бар екенін статистикалық мәліметтер дәлелдейді. ҚР статистика жөніндегі Агенттігінің мәліметтері бойынша, еліміздегі әйелдердің айлық жалақысы ерлердің жалақысымен салыстырғанда орта есеппен 1,6 есе аз екен. Оның ішінде қаржы саласында – 1,8 есе, қонақ үй-мейрамхана бизнесінде және өнеркәсіпте – 1,5 есе аз болып келеді. Мұндай теңгерімсіз қатынастың бір себебі белгілі бір дәрежеде әйелдердің жалақысы төмен салаларда жұмыс істеуі болып табылады. Мысалы, білім беру саласында 75,3%, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласында 79,2%, қонақ үйлер мен мейрамхана бизнесінде 68,8% республикамыздың нәзік жандары көбірек жұмыс істейтіндігі дәлелденген. Ер адамдар болса, керісінше негізінен жалақысы жоғары – мемлекеттік басқару салаларында 77,4%, құрылыс саласында 82,7%, өндірісте 69,1%, қуат, газ және суды өндіру мен тарату саласында 60,8% көбірек қызмет етеді. Жоғарыда аталып өткен салалар жаһандану заманының негізгі талаптарына жауап бере алатын салалар болып табылады. Дегенмен біз елімізде әйелдердің белсенділігі мүлде нашар күйде деп айта алмаймыз. Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мәліметтеріне қарағанда, бүгінде елімізде 3,5 миллионнан астам әйелдер кәсіпкерлік салада қызмет етіп жүр. Елімізде әйел кәсіпкерлер санының көбеюін ҚР Іскер Әйелдер Ассоциациясының Президенті Р.Б. Сарсембаева болашақтағы дамудың кепілі деп белгілеген. Оның 2004 жылы жарық көрген «Қазақстан қоғамының нарықтық трансформациясы: гендерлік анализдің тәжірибесі» еңбегінде әйел адам іскерлігі мен қоғамдағы белсенділігінің келесі артықшылықтары көрсетілген: олар өз амбицияларын жасырын ұстайды, стратегиялар ойластыруда жауапкершіліктері көбірек, қаражат жағдайларында ұқыпты, адамдармен тез тіл табысады, өз интуицияларына жиі жүгінеді, ерлерге қарағанда әлеуметтік жауапкершіліктері жоғары [6]. Бүгінгі күні елімізде Раушан Сәрсембаеваның басшылығымен «Іскер әйелдер Ассоциациясы», Розлана Таукина мен Тамара Калееваның жетекшілігімен құқыққорғаушы журналистік ұйымдар, Гүлсара Тіленшиева құрған әйелдердің ақпараттық алматылық орталығы, «Аруана» атты әйелдер клубы, Мұсылман әйелдерінің Лигасы, «Аналар кеңесі» еңбек етуде.

Қазақстан қоғамының қалыптасқан гендерлік түсінігі

Зерттеу жұмысының басты сұрағына жауап табу мақсатында ең алдымен әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сауалнама қоғамның гендерлік білімін тексеру үшін қажетті 7 жабық сұрақтан құралды. Сауалнамаға қатысушылар жыныс бойынша ер мен әйел, жас бойынша 14- 30 жас, 31-49 жас, 50- ден жоғары, ұлты бойынша қазақ, орыс, өзге топтарға жіктеліп, әрбір топ жеке зерттеледі. Барлығы- 158 қатысушы.

Зерттеу қорытындысы:сауалнама сұрақтарының ішінде «Үй еңбегімен – үй шаруашылығын ұстап-күту жөніндегі ақысы төленбейтін қызмет (үй жинау, кір жуу, тамақ дайындау және т.б.) негізінен кім айналысу керек?» деген сұраққа респондеттердің көпшілігі -«әйел адамдар» деп жауап берді (1-2 суреттер). Бұл үй еңбегімен негізінен әйел адамдардың айналысуы біздің қоғамда қалыптасқан үйреншікті жайт және үй ішілік міндеттердің тең бөлінбеуі әйелдерді кемсіту нысандарының бірі болып табылатынын екінің бірі біле бермейтіндігін көрсетеді.

Сауалнамамның негізгі сұрақтарының бірі – «Гендерлік саясат бойынша әйел адамдар барлық салаларда ерлермен бірдей күшке ие бола ала ма? – деген сұраққа жауап беру кезінде де қатысушылардың гендерлік сауатсыздығы байқалды. Көпшілік қауым гендер мен жыныс ұғымдарын айыра алмайды. Гендерлік теңдікті орнатуды әйел мен ер адамдардың мүмкіндіктері мен құқықтарының теңдігі ретінде емес, олардың табиғи жаратылыстық күштерінің тең болуы ретінде түсінеді, бірақ олар әйел мен ер ешқашан теңесе алмайтын мүмкіндіктердің болатынын ұмытып кетеді. Мысалы, ер адам табиғатынан зор физикалық күшке ие, сондықтан ол ауыр дене күшін қажет ететін жұмыстарды жақсы атқарады, ал әйел адамға табиғатынан нәзіктік пен ана махаббаты беріледі. Сол себепті гендерлік теңдік күштер теңдігі емес, қоғамдық сана осы айырмашылықты толық ұғынуы қажет.

Мәселені толыққанды дәлелдеу үшін БАҚ-қа контент-анализ жасалды. БАҚ құралдарынан алынған ақпаратты өңдеу барысында анықталған проблемалар – әйелдердің көпшілігінің өз құқықтарын толық білмеуі, олардың гендерлік және құқықтық сауатсыздығы.

Бұл мәселе сауалнама және құрылымдалмаған сұхбат жүргізу барысында да дәлелденді. Сауалнамадан алынған деректердің дәлдігін жетілдіру үшін экспертпен құрылымданбаған сұхбат жүргізілді. Сұхбат СҚО-ның «Аналар кеңесі» ұйымының басшысы, «ТОМИРИС» гендерлік білім орталығының төрағасы, Петропавл қаласының «Қалалық гендерлік клубы» әлеуметтік жобасының жетекшісі Смаилова Күлімкөз Қайырбайқызымен жүргізілді. Сұхбаттың шынайылығын дәлелдеу мақсатында сұхбат берушінің рұқсаты арқылы сұхбат аудио жазбаға жазылып, суретке түсірілді.

Жүргізілген зерттеулерден келесі қорытындыға келдік, гендерлік саясатты нәтижелі жүргізу үшін қоғамның гендерлік теңдік туралы сауаттылығын арттыру қажет.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close