ГЕНДЕРЛІК ТЕҢСІЗДІКПЕН КҮРЕС
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстандағы гендерлік теңсіздіктің айқындалу мәселелеріне қатысты зерттеу жүргізді.
Қазіргі таңда гендер мәселесін дәстүрлі дүниетаным шеңберінде қарастыру маңызды болып отыр. Өйткені жыныстардың қоғамдық рөлі туралы процестер мен стереотиптер ұрпақтан ұрпаққа дәстүр бойынша жалғасып келе жатқан, тамыры тереңге кеткен түсініктер негізінде қалыптасады. Ерлер мен әйелдердің теңдігі туралы идеялар қоғамның тарихи, экономикалық және әлеуметтік аспектілері арқылы дамуының ұзақ тарихында сақталатыны даусыз.
Бұл мақала зерттеу методологиясы бойынша объективтік, тарихилық, жүйелілік және ғылыми таным принциптеріне негізделді. Сол секілді біз қарастырып отырған мәселені мүмкіндігінше объективтік тұрғыдан алынды. Нақты деректерді зерделеу ғылыми зерттеуде талдау және жинақтау, жүйелендіру, салыстыру жалпыға белгілі әдістері негізінде жүргізілді. Бұл зерттеудің нәтижелері бойынша, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, демократиялық дәстүрлердің енгізілуіне және әр жағдайда мәдениеттің қалыптасуына әйелдердің қосқан үлесі зор екендігі нақтыланды. Әйелдердің тек отбасында ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы дамуы олардың рухани және қоғамдық мәліметтерінің өрістеуі мен ғылыми жетістіктеріне қол жеткізулері көрсетілді. Заманауи демократия, нарық және ақпараттық кеңістік жағдайында әйелдердің дәстүрлі мінез-құлқын қалай түсінуге және жаңа жағдайға оралатын әрекеттердің тартымдылығын қалай сақтауға болады деген сұрақтар қарастырылды. Нәтижесінде, әйелдер жұмыста өздерінің кемелдігін көрсетеді, кәсіби құзыреттілігін арттырады, серіктестікте өз бағытын таңдайды, саудаға деген сенім артады және гендерлік теңдікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетудің арқасында қазақстандық әйелдер екі салада да таптырмас тұлға бола алады дей аламыз.
Гендер – «тек» бойынша жыныстық айырмашылықты көрсететін ұғым. Ол еркектер мен әйелдер арасындағы әлеуметтік нысандарды сипаттай отырып, қоғамдағы алар орнын көрсетеді. Басқаша айтқанда, гендерлік идея белгілі бір заттың немесе адамның топ ішіндегі орнын, сондай-ақ басқаларға қатысты құрылымдық таптардың орнын анықтайды. Егер де гендер ұғымы жайлы кең мағынада тарқатып айтар болсақ, бұл термин күрделі жүйеге енеді. Бұл мағынада «гендер» термині ерлер мен әйелдер арасындағы жеке қасиеттердің, өмір салтын, ойлау қабілетін, мақсаттарды қабылдаудың бүкіл жүйесін көрсететін гендерлік әлеуметтік және мәдени шеңберді білдіреді. Гендерліктің негізгі нысаны теңсіздіктерді дереу жою және теңдікке қол жеткізу емес, адамның толық әлеуетіне жетуіне кедергі болатын мәселелерді жоюға бағытталуы.
Гендерлік жүйе жайлы Шора Қалықұлы Қарабаев «Әлеуметтану негіздері» атты кітабында былайша тұжырым жасайды: «Гендерлік рөл – қоғамдағы қалыптасқан әлеуметтік рөлдердің жыныстық айырмашылық негізінде қалыптасқан жекеліктердің қызметтік, мәртебелік, құқықтық және жыныстық міндеттері. Гендерлік рөлдер мен айырмашылықтар сондай-ақ өтпелі кезеңнің әйелдер мен еркектерге қалай әсер еткендігі туралы айырмашылықтарды анықтайды. Өтпелі кезеңде гендерлік теңсіздіктердің жаңа өзіндік нысандары туындайды, олар жұмыс күшінің шектеулі жиынтығымен, еңбек нарығы туралы қағидалардың бұрмалануы, заңдардың орындалмауы, көпшіліктің шала хабардарлығымен және еңбекті ішкі бөлу ықпалымен сабақтасады. Көпшілік әйелдердің әлеуметтік және экономикалық жағдайлары еркектердің жағдайымен салыстырғанда нашар келеді дейді, бұл жайт адам әлеуетін ысырапқа ұшыратумен бірдей. Гендер – әйелдер мен еркектер қатысатын, олардың мінез-құлқын, араларындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасын айқындайтын жүйе»
Гендерлік рөл – атқарған қызметтің, статустың, құқықтың дифференциациясы және олардың жыныстық айырмашылықтарына байланысты индивидтердің міндеті. Көптеген ғалымдар гендерлік саланы зерттей келе әр адамның, соның ішінде, әйел мен ер адамның мінез-құлқын әлеуметтік-мәдени ортада әр қилы көрініс табатындығын айтады. Яғни бұл дегеніміз саяси немесе қоғамдық салада болсын кез-келген әйел заты ер адамның жеткен жетістігіне қол жеткізе алады деген сөз. Себебі қоғамдық, саяси өмірге әйелдердің араласуына XVI-XIX ғғ. ғана Батыс Еуропада алғашқы қадам жасалынды, ал Кеңес Одағында 1917 жылдан кейін, Қазақстан болса бұл процеске енді үйренісіп келеді. Демек еркектерден бөлек әйел затының қоғамдық салаларға белсенді болуын заман талап етеді. Жоғарыда айтылған жәйт – гендерлік теңсіздік. Ал тек бойынша атадан балаға берілетін қасиет, биологиялық ұқсастық оның ұрпағының болашағына еш қатысы жоқ. Гендерлік сала зерттеушілердің көпшілігі әлі миы толық жетіле қоймаған баланың түр-сипаты, ойлау жүйесі, көзқарасы мен мінез-құлқы ата-анасына ұқсауы мүмкін, алайда олардың мәдениеті мен өмір сүруге деген белсенділігі қоршаған ортаның факторларына қарай өзгеріп отырады деген тұжырым жасалынды. Гендерлік айырмашылықтар тек қана биологиялық жаратылыспен себептелінбейді, оларды жасайтын ішкі мәдениет. Гендер жүктелгеннен кейін қоғам жекеліктерден «әйел» немесе «еркек» ретінде әрекет етуін күтеді. Бұл әрекет барысында іске асады және ұдайы дамып отырады. Яғни биологиялық тұрғыда әр адам өзіне тән құбылыстарды іске асыра отырып өмірге бейімделеді. Алайда табиғаттың осындай қатаң жүйесіне кейбір еркектер әйел затын тек ұрпақты дүниеге әкелуші ретінде ғана қарап, ер адамнан бір саты төмен тұруы қажет деген қағиданы енгізіп қойған. Сондықтан да ерте кезінде ер адам жауға шауып, елін қорғаса, әйел заты ошақ күзетіп, бала бағумен айналысқан. Дегенмен сол кезеңнің өзінде бірең-сараң әйелдер өзінің іскерлігімен көзге түсіп, қолдарынан бәрі келетіндігін дәлелдеген. Мысалы тарихта парсы патшасы Кирден кегін алып, аты қалған Томирис патшайымның өзі жоғарыдағы тұжырымға бірден-бір дәлел.
Қоғамтанушылардың сөздеріне сүйенсек, гендер тек жеке тұлғаларға ғана тән. Ол тек биологиялық тұрғыда берілетін нәрсе емес, керісінше, әлеуметтену, технология мен мәдениет әсерінен, қоршаған ортадағы өзара әрекеттестікте тұрақты түрде жаңартылып отыратын заңды құбылыс. Сол себепті ғалымдар гендерді тек жеке тұлғалардың ғана емес, әлеуметтік құрылымдардың бір бөлшегі етіп қарайды. Соңғы жылдардан бастап гендер ұғымы әлеуметтік құрылым мен қоғамның құрамына енді.
«Жұмыс орны күндізгі күтімді қамтамасыз етпеген жағдайда гендер әлеуметтік құрылымға айналады. Әйелдер бірдей еңбекақы алмайды. Әкелер бала тууына байланысты демалысқа шықпайды. Баскетбол доптары, басшылыққа арналған орындықтар, электр құралдары орташа ер адам үшін ыңғайлы болатын өлшемде жасалынады. Үй шаруашылығына әйелмен бірдей қатысатын күйеулер достарының күлкісіне қалады. Маңыздысы гендерлік рөлдер мен көзқарастардағы өзгерістер бір жағдайда – егер гендердің әлеуметтік құрылымында қатарласқан өзгерістер болса ғана қоғамның өзгеруіне алып келеді. Сондай-ақ әлеуметтік құрылым өзгерсе, гендерлік құрылым мен көзқарастар да өзгереді. Мысалы Барбара Рисман анықтағандай әйелі қайтыс болған немесе тастап кеткен ер адамдар өздерінің балаларына күтім жасауды тез игеріп кетеді» .
Әйелге объект ретінде қараудың тағы бір қыры – ол ең алдымен адам ретінде құнды болса да, оны тек «ана» ретінде қарастыратыны. Мұндай тар ұғым, өкінішке орай, дәстүрлі консервативтік нұсқауларды ұстанатын көптеген қазақстандықтарға тән. Патриархалды өткен кездегідей, олар әйелдің құндылығын тек ұрпақ туып, оны өсіруінде ғана көреді. Басқаша айтқанда, феминизмнің негізгі идеясы – қоғамды әйелдерді барлық құқықтар жиынтығы бар адамдар ретінде көруге мәжбүр ету. Сондықтан феминизм барлық бағыттарда: отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы, жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы, «бос уақыт құқығы» үшін және «өзі болу құқығы» үшін, бірдей жалақы үшін, тегін мектепке дейінгі мекемелерді дамыту үшін, жалғыз басты аналар мен көп балалы отбасыларға лайықты төлемдер үшін, декреттік демалыс бойынша тиісті жәрдемақылар үшін және т. б. үшін күресіп жатыр.
Сонымен қатар олар өмірлік маңызды салаларда еңбек етеді, мемлекеттік басқару жүйесінің көп бөлігі солардың еншісінде. Әйел отбасы құндылықтарының мүддесін қорғайды. Күнделікті және байқалмайтын отбасы туралы қамқорлық, өз жанұясы үшін жан жайлылығын жасау, жайлы жағдай және амандық – бұлардың барлығы әрбір әйел үшін абзал міндет. Дегенмен әйелдердің табиғи ерекшеліктері кейбір еркектердің қасиетінен біраз басым тұрады. Мұндай қорытынды көбінесе іскер әйелдердің бойынан табылады. Сондықтан да табиғатынан мықты, көшбасшы әйелдер мақсатқа жеткіш, қоғамда белсенді жұмыс атқарады. Алайда кейбір кездері әйелдердің қарқынды әрекеті мен еркектерден басым түсуі көп ер азаматтарға ұнай бермейді. Ол тек маңызды жұмыстар мен ауыр жағдайларды тек ер адамдардың мойнында деп қабылдап, әйелдерді төменгі сатыға қойып, қоғамдағы ең әлсіз деп танылған жұмыстарға қойып отырған.
Қаншама жылдар өтсе де қазірге дейін бір шешімін таппаған проблемалардың қатарына «Гендірлік теңсіздікті» жатқыза аламыз. Яғни әйел мен еркек тең бола ала ма деген сауалдың өзектілігі артуда. Әлеуметтік топтың біршама бөлігі бұл сауалға «иә, ер мен әйел құқығы тең» деп жауап берсе, ендігі бір жақ бұл сауалды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Соған қарамастан соңғы ғасырда гендірлік теңсіздікке көзқарасы күрт өзгеріске ұшырады. Көптеген мемлекеттер әйелдердің қоғамдық саладан басқа, билікке араласуларына мүмкіндік орнатты. Бір сәтте әйелдер қауымы өздерінің құқығын қорғайтын түрлі әлеуметтік ұйымдар ашып, белсенділік таныта бастады.
Ең бастысы, гендерлік бағдарлауды көпшілік селқос қарамайтындығын естен шығармауымыз қажет. Адамдар қоғамда белсенді әрекет етуші күштер ретінде рөлдерді өздері жасайды және бағамдайды. Біршама зерттеушілер көрсеткендей, гендерлік ерекшеліктер әлеуметтік ықпал арқылы өзгеріске ұшырап отырады. Қоғам әртүрлі арналар арқылы оларға ықпал етеді. Гендер түсінігін дүниеге әкелген әлеуметтік ақиқат пен шындық болып табылады. Гендерлік айырмашылықтар ешқашан бейтарап қалмайтыны анық. Сондықтан да әлеуметтік жіктелуге ықпалын тигізеді. Кез-келген қоғамда еркектер әйелдерді өздерінен төменгі сатыда елестетеді. Алайда бұл тек ер адамның ішкі қарсылығы мен эгосы. Еркек әйел затын өзінен кейінгі сатыға шығарса да, қоғамда олардың алар орны мен саяси іске ықпалдары жоғары деңгейде. Дегенмен бір нәрсені мойындай алуымыз керек, барлық мәдениеттерде әйел баланы тәрбиелеуге және үй жұмысын жүргізуге жауапты. Ал ерлерге отбасын материалды мұқтаждығын қамтамасыз ету, қаржыландыру жұмыстары жүктелген.
Қазақ қоғамында әйел адамды қатты құрметтеген. Қыз баласын әсемдеп, инабатты, ибалы, көркем мінезді етіп өсірген. Бұл ежелден халқымыздың қанына сіңген тәлім тәрбиесі. Ал отбасында осында ерекше мейірімге бөленіп өскен қыз баласы өзін қоршаған қоғамда сыйлы, дана, көреген атанған. Қазақ әйелдерінің интеллектісі отбасында құлағына сіңген қатаң қағидалар мен тәрбие арқылы бастау алған. Тарихымыз бен көркем әдебиетімізді ақтарып қарар болсақ, қазақта ежелден халық құрмет тұтып, дара ана атанған әйелдер біршама баршылық. Мысалы, Домалақ ана, Томирис, Абайдың анасы мен әжесі Ұлжан мен Зере, Ғабит Мүсіреповтың қаламына арқау болған Ұлпан, т.б айта берсек өте көп. Жоғарыда көрсетілген қайсыбір тарихи тұлғаны алып қарасақ та өзінің көрегенділігімен халық жадында мәңгі сақталып қалған. Ал олардың бойындағы осынша көшбасшылық пен көрегенділік қасиеттері қайдан дарыған дер едіңіз? Әрине, қазақи тәрбие арқылы. Демек, қазақ әйелінің интеллектісінің ең жоғарғы сатысын біздің халық әу баста дұрыс бағамдай алған. Бұл деректерден кейін біз еліміздің гендерлік теңсіздіктің ерте кезден дұрыс сақталғанын аңғаруға болады. Дана халқымыз қолынан билік келетін іскер әйелдердің қабілетін әділ бағалай білген. Қазіргі күнге дейін интеллектісі жоғары әйелдерге саяси сахынада орны бар. Олар кез келген ортада өз ұсыныстарын ортаға тастап, пікірін ерлермен тең ашық айта алады. Әйелдер қауымының қазірге дейін құқығының тапталмай, мәртебесі жоғарылауының бірден бір дәлелі мемлекеттік саяси қызметкерлер арасында бой көрсетуін атап айтуға болады. Көшпелі қоғамда әйел тек қарапайым үйдің ғана емес, көшіп-қонатын, қайта жығылып, қайта тігілетін шаңырақтың сақтаушысы болды. Оның дүниені қабылдауы жалаң тіршілік кешумен ғана емес, өзіндік сана-сезіммен, ең бастысы табиғилықпен астасып жатыр. Осымен байланысты қазақ әйелдері ерлеріне ежелден құрметпен қарайды, алайда ол құлдық санадағы табынушылыққа жатпайды. Оны төмендегі көркем мәтіндер арқылы дәйектеуге болады: еркек пен әйел теңдігіне соңғы екі ғасыр өте көп зерттеулер жасалуда, тіпті осы зерттеулердің нәтижесінде көптеген құрылымдар пайда болып, ғасырлар бойы әділетсіздіктің нышаны болған батыс әйелдері бүгінде еркектерінен де асып түсті. Қоғамның қай саласына қарасаңызда әйелдердің еркектерменен бәсекелестігін көру әбден мүмкін. Тіпті статистикалық деректерге сүйенер болсақ, кей жағдайларда еркектердің жұмыс орындарын әйелдер тартып алған делінеді. Феминистер өз бостандығына қауышу үшін әйелдіктен айрылып орасан қымбат бедел төледі. Жылына бір рет қана әйелдіктерін еске алатын мейрам күніменен шектеліп қалды батыс әйелі. Басқа уакыттың бәрінде ол еркектен де үстем бір қоғам мүшесіне айналды. Қазақстандағы әйелдердің жағдайының баяу жақсару проблемаларын түсіндіре отырып, үкімет бұқаралық санада гендерлік мәселелерді шешудің мәні мен маңыздылығын түсінбеушілікке сілтеме жасайды.