КӨНЕ ТҮРКІ САРЫНЫНДАҒЫ АНСАМБЛЬДІК ӨНЕРДІҢ БАСТАУЫ-2
Қазақ және қарақалпақ халықтарында аталмыш жанр «айтыс» деп аталса, қырғыздарда «айтыш», түріктерде «атышма» немесе «дейішме», әзербайжандарда «дейішме», «мейхана» делінді. Ал, басқа түркі тектес елдерде ескі замандарда айтыс болғанымен қазіргі таңда ұмытылған жайы бар.
Солардың ішінде айтысқа ұқсас құмықтарда «такмак», өзбектерде «яр-яр» немесе «аския», қырым-ноғай түріктерінде «дейішмеже», қарашай-балкар түріктерінде «айтыш», қырым түріктерінде «чын» немесе «манэ» деп аталатын түрлер бар. Бұл жанр көптеген түркі халықтарында әдет-салт айтысы деңгейінде ғана қалды. Түрік ғалымы Т. Гүнай өз еңбегінде: «Түрік халқының әдебиетінде айтыс
«atışma» деп аталады. Айтыстың алғашқы үлгілері халық әдебиетінің байырғы түрлерінің нәтижесінде қалыптасқаны көрінеді. Қаратеңіз аумағында атма деп аталатын дәстүрлі халық әндері кең таралған», – деп өздерінің ұлттық айтыстарына қатысты пікір білдірген.
Қатысушылар жеті-сегіз буынды тармақтармен өлеңді қарама-қарсы тұрып, қыздар мен жігіттер жікке бөлініп, қарсылас тараптармен халық әндерін той- мерекеде жиі орындады. «Бұндай өнер ел арасында «қаршыбері» (karşıberi) деп те аталған. Әрине, бұл үлгілер, әдетте, топпен айтылатын әдет-салт айтысы» болды» – деп ғалым ойын жалғастырады.
Алтай халқының айтыс өнерін қарастырған өнертанушы Г.Б. Сыченко айтыс өлеңдері: ««Сөгуш қожондари», «Макташкандар» болып екі тарапқа бөлінетінін, айтысу сайысы – «чечеркешкен»», – деп аталатынын жазады [83, 15 б.]. «Чечеркешкен» сөзінің аудармасы «шешендескен», шешендік талас мағынасын білдіреді. Зерттеуші айтыс өнерінің қазіргі уақытқа дейін жалғасын таппаса да, алтай халқындағы айтыс негізінен салтпен сабақтас дамып отырғанын байқайды.
Бүгінгі күні дәстүрін сақтап келе жатқан қарақалпақ халқының айтыс өнері қазақ айтысына өте ұқсас. Қарақалпақ айтысын ғалымдар үш топқа бөліп қарастырады. Олар: 1) Жауап айтыс (айтыс-жұмбақ) 2) Шешендер айтысы 3) Ақындар айтысы. Соның бірінші түрі топтық айтыстарға өте жақын. Қазақ пен қарақалпақ айтыстары ұқсас болғандықтан екі елге кең тарап, екі халықтың ақындарының айтысы тарихтан аян.
Әзірбайжанда айтыс «дейшме» деп аталатын өнер сайысы Кеңестік кезеңде құлдырап кетіп қазіргі таңда, көбінесе, мейрамдар мен салтанатты күндерде ғана ұйымдастырылады. Әзірбайжандық фольклортанушы Азад Нәбиев «Әзірбайжан халық әдебиеті» атты еңбегінде «деишмеге» ежелгі «дедім-деді» деген түрдің елеулі ықпалы болғанын», оның топтарға бөлініп айтылғанын жазады.
Демек, айтыстың түркі халықтарында кездесетін ұқсас түрлері: түріктердегі «атышма», қырым татарларында «шың» және «мане», татарда «әйтіш», әзербайжанда «дейішме», «мейхана», өзбекте «аския», ұйғырда «чакчак», құмықтарда «тақмақ» пен «мазақ», башқұртта «айтеш», түрікменде «айдышма», ноғайларда «шын» секілді түрлері бір заманның, бір түсінік пен мән-мағынаның салттық айтыс түрлерін қалыптастырды.
Сонымен бірге, әдет-ғұрыптарда айтылған топтық айтыстар Орта Азияның көптеген халықтарында белгілі. Олар: ёр-ёр (өзбекте), жар-жар (қырғыз бен қазақта), яр-яр (түркменде) деген ортақ атпен белгілі, әуен мұңды сарындардың топтасып, алма-кезек айтылуы да ансамбльдік өнердің ерте кездегі қалыптасуындағы бір сатысын құрады.
Өзбектің ёр-ёр сарынындағы қалыңдықтың жақсы қасиеттерін мадақтау және оған бағытталған ғибрат сөздер, жүріс-тұрысын шектейтін тыйымдар, жаңа түскен келінге жүктелетін міндеттермен таныстыру негізгі мазмұнын құраса, ұзату тойына дайындық жүргізіліп жатқан кезде орындалатын түркменнің яр-яр әніне қалыңдықтың жора-жолдастары мен жақын туыс жеңгелері, ал қалыңдық атынан – қыздың сырлас досы қатысады. Қыз жасауы жасақталған соң, ән айтушылар тобына күйеу жігіттің достары мен туысқандары да қатынасқандықтан, яр-яр әні нағыз унисонды ансамбльмен айтылатын ән болғандығын зерттеуші Ш.Гуллыев сипаттап жазады.
Міне, осы кезден бастап әнді айтушылар жігіт жағы және қыз жағы болып екі топқа бөлініп сайысады. Ансамбльге ұқсас топтық сайыстың мәніне әр шумақтың өзгеріп отырған мазмұны ерекше әсерін тигізеді. Ал түркменнің қыз сыңсулары қазақтың аттас әндерімен салыстырғанда сирек жағдайда ғана қыздың өзімен, әдетте, қалыңдықтың атынан бір топ дос-жаран қыздармен орындалған. Демек, түркменнің сыңсулары да топтық айтыстың ертеректе дамыған түріне ұқсас. Бұл әндердің әр жолы «ежежан» (анам) немесе «яр-яр» қайырым сөзбен аяқталғандықтнан, халық арасында бұл сарынның яр-яр әуенімен орындалуы мүмкіндігі жорамалданады.
«Қыз ойыны» деп аталған қырғыздардың ұзату тойында ақынның «той баштарынан» соң, «қыз-жігіт», «жар көрүү» қарама-қарсы топтармен жарыса айтылды. Ал «қыз ұзатуу» әнін туысқан қыз-келіншектер тобы созылыңқы әуенмен мұңая орындайды. Мұндағы вариантты дамыған қысқа әуен әдетте сегіз буынды өлеңге құрылып, қыстырма алексикалық сөздермен тармақталды.
Қырғыз халқының аза тұту кезіндегі сарындары да айтылуы бойынша айрықша топ құрайды. Оларда жоқтау мен қыз сыңсуының сарыны «кошок» деген ортақ атаумен белгіленді. Адам өлімінде орындалатын кошокты марқұмның туысқан әйелдері жерлеген күні, жетісіне, қырқына және жылдық азасына таңертең, түсте, кешкі мезгілде төрт-бесеуі топтасып кезек-кезегімен (әркім өз дауыс диапазонында) бірнеше дауыс қоса орындағанда, әр әншінің топқа қосылу уақыты әрі дауыс диапазоны еркін тағайындалғандықтан, әннің өзі ажыратылуы қиын кокофониялық даққа айналып, тыңдаушының көңілін босататын.
Ал, қырғыз әдебиетіндегі «айтыш» (айтыс) өнерінде, зерттеуші Ж.Таштемировтің зерттеуіне сәйкес: «Адат-салт айтышы, чечендер айтышы, ақындар айтышы деген үш түрге бөлінген». Қырғыздың әдет-салт айтышына: «бәдік, қайым, сармерден, қыз-жігіт айтыштарынан құралса, осы салттық айтыштар топтық сайысына ұқсас болды». Сонымен бірге, қазақтың ақындық дәстүрімен салыстырғанда қырғыз халқының кейбір өнер жекпе-жегіне қатысушы ақындардың саны екіден асқан, қырғыздың саз өнерінде екі, үш, төрт ақын айтышында екіден көп ақындар бір уақытылы өнер додасына түсе отырып, шеберлігін сынады.
Өзбек ән фольклорында заманауи ансамбльдік өнердің түп атасы деуге келетін сарын – жеке әнші мен топтың арасында жарыса айтылатын әнжанрларының болуынан көрінеді.
Өзбек ән фольклорын зерттеуші Т.Е. Соломонова фольклорлық ән жанрларын: 1) белгіленген мерзімде орындалуы шарт және 2) жанрлық сипаты айқын әндер, деп екі топқа бөле қарастырса, екінші топтағы ән жанрларына өзбектің арбау әндері, сонымен бірге, лапар, терма, кошук және ялла әндерін жатқызады. Осы қатардағы, әсіресе, ялла әні бірнеше адамнан құралған топ орындаушыларды қажет еткен. Жеке әнші мен топтың кезектесуімен орындалатын ән ансамбльдік өнерге жақын. Оның негізгі шумағы орындалғанда әнші-орындаушысы әрі билеп, ал қайырмасына келгенде хор қосылып, унисонмен айтылатын. Міне, халық әндерінің түбінде ансамбльдік өнер сипаттарының көрінуі осындай қарапайым мысалдармен айқындалады.
Қазақтың айтыс өнерін зерттеген ғалымдар айтыс жанры ерте кезде топтық (хормен) түрде формулалы өлең құрап, кейін, дами келе, екі айтыскердің өнер сайысына (ақындар айтысы) айналғандығын атап өтеді. Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев айтысты жар-жар айтысы, сал мен адамның айтысы, өлі мен тірінің айтысы, жұмбақ айтыс, салт айтысы, ру айтысы және осы күнгі айтыс деп жіктеген.