Қоғам

МГАННГА (БАҚСЫ)

Бенедикт ағай түскі асқа қайтпағасын, миссис Уэлдонның тынышы қаша бастады. Сақалды сәби қайда жоғалып кетті екен? Миссис Уэлдон оны факториядан шығып қашады дегенді ойына да алған жоқ-ты.

Ол немере ағасының сырына қанық. Егер ол қаша қалған күнде қаңылтыр қалбырындағы коллекциясы артында қалатын болса, бостандықтан үзілді-кесілді бас тартуында сөз жоқ. Бірақ ғалымның Африкадан жинаған табыстарын салған қаңылтыр қалбырына ешкім тимеген-ді. Бенедикт ағай өз ықтиярымен өзінің энтомолог қазынасынан айрылмақ емес, және бұлай ойлаудың өзі орынсыз.

Әйтсе де Бенедикт ағай Альвец факториясында жоқ боп шықты.

Миссис Уэлдон сол күні, 17 июльде, ұзақты күн түкпір-түкпірді тінтіп немере ағасын іздеумен болды. Кішкентай Джек те, Халима да іздесіп жүр. Бірақ олардың бұл іздеуі бекер әурешілік еді.

Миссис Уэлдон, Бенедикт ағайды құл саудагерінің бұйрығымен факториядан шығарып басқа жаққа әкеткен болар деген қорытындыға келді. Альвецтің мұнысы қалай? Ол Бенедикт ағайды қайтпек екен? Мүмкін, оны базардағы барактардың біріне апарып қаматқан шығар? Ғалымның кенет жоғалуы мүлдем түсініксіз уақиға. Негоромен жасасқан шартта, Альвецтің Мосамедеске апарып Джемс Уэлдонға өткізіп, жүз мың доллар ақша алатын тұтқындарының біреуі Бенедикт ағай еді ғой.

Егер, Бенедикт ағайдың жоғалғанын Альвец естіп оның қандай күйінгенін миссис Уэлдон көрсе, бұл іске құл саудагерінің ешқандай қатысы жоқтығына түсінер еді. Бірақ Бенедикт ағай факториядан өзі қашқан болса, ол өз сырын немере қарындасына неліктен айтпады екен?

Альвецтің өзі де, оның қызметкерлері де уақиғаны тексере келіп, фактория ауласының іргесінен орманға шығатын үңгір — жол бар екенін анықтады. Құл саудагері «шыбын-шіркей аңшысының» әлгі тар үңгірден шығып қашқанына көзі жетті.

Бенедикт ағайдың қашуына өзі жауапты екенін, тиесілі үлесінің кемитінін ойлағанда, құл саудагерінің ызаға булығып жын ұрғандай қалшылдағанын көрсең!

«Ол әумесердің өзі соқыр тиынға да тұрмайды, бірақ оның үшін пәлен мың доллар үлесім кемитін болды-ау! Ол оңбаған менің қолыма қайта түссінші, сонда көрермін оның әуселесін!» — деп кіжінді құл саудагері.

Бірақ фактория ішін, орман арасын қанша тінтіп іздесе де қашқынның ізін де таба алмады. Миссис Уэлдон ғалым ағасын шын жоғалды деп ұйғарды. Ал Альвец, өзі келіп тұрған олжадан қағылдым-ау, деп санын соқты. Бенедикт ағайдың сырт біреумен байланыс жасауы мүлдем мүмкін емес. Сондықтан да оны әлгі үңгірге кездейсоқ кездесіп, жолдастарын да есінен шығарып, бостандыққа шығуға ұмтылған екен деп шамалауға тура келді.

Миссис Уэлдон да уақиғаның шындығы осылай болар деп есептеді. Бірақ не істегенің өзі де білмейтін бейшара ғалымға ренжіген жоқ.

«Бейшара-ай! Нендей халге ұшырады екен?» — деді келіншек өзіне өзі.

Қоршау астындағы үңгір сол күні-ақ бітелді. Қалған тұтқындарға үстеме күзетші қойылды.

Сол күннен бастап миссис Уэлдон мен бөбегі Джектің тұрмысы бұрынғысынан анағұрлым көңілсіз өте бастады.

Жылдың мазика деп аталатын жаңбырлы маусымы апрельдің ақырында аяқталған, бірақ 19 июньде жаңбыр қайта жауды. Аспан әлемін қара бұлт торлап, үздіксіз құйған нөсерден сел пайда болып, бүкіл Казонде өлкесін су басты. Жылдың бұл уақытында мұндай лайсаң Орталық Африкада өте сирек кездеседі.

Саябырламай жауған жаңбыр миссис Уэлдонның діңкесіне тиді, өйткені оның күн сайынғы аулаға шығатын серуеніне кедергі жасап, үйде отырып қалды. Ал жергілікті халыққа бұл көріне келген апат, қырсық боп тиді. Пісуі жетіп оруды ғана күтіп тұрған ойпат жерлердегі егін біткеннің бәрін тасқын басып кетті. Қапыл киліккен апаттың салдарынан еңбектері зая болып, егісінен айрылған халыққа ашаршылық қаупі төнді. Королева Муана мен оның министрлері төніп тұрған қатерден қалай құтылудың амалын таппай естері шықты.

Олар, сиқыршылар мен бақсы-балгерлер мына апатқа қарсы бірер амал табар, деп үміттенді. Бірақ жергілікті бақсы-құшнаштардың әрекеті үшкіріп, ұшықтап ауру емдеуден арыға бармайтын-ды, сондықтан олардың қолынан түк келмейтіні айдан анық. Мұндай жойқын апатты тоқтату тек жаңбыр шақырып, жай түсіріп, торлап тұрған бұлтты таратып жібере алатын адуын сиқыршының ғана қолынан келеді.

Жергілікті бақсы-балгерлер мен сиқыршылар апаттың бетін қайыруға әрекеттеніп аласұра сарнап, қоңырауларын гүлдірлетіп, сылдырмақтарын сылдыратты. Аспанға қарай адам түсінгісіз бірдеңелерді айтып әупілдеген болды. Би билеп, сарай төрелерінің бетіне үшкіріп, неше алуан ырым істесе де, табиғат өз ісінен танар емес. Бұлтқа орнап алған «жын-перілерді» айдап шығарудың ешқандай мүмкіндігі табылмай-ақ қойды. Әлгі бақсы-құшнаштардың күллі әрекеті бостан-бос әурешілік болды.

Жағдай күннен күнге нашарлай түсіп, тіптен жаманға айнала бастады. Муана королева Солтүстік Анголадағы бір атақты сиқыршы-бақсыны шақырыңдар деп бұйырды министрлеріне. Ол құшнашты Казонде халқы бұрын-соңды көрген емес, сондықтан оған деген сенімі мол. Ол нені де болса дуалай алатын әйгілі сиқыршы еді.

Атақты бақсы 25 июнь күні таңертең салтанатпен Казондеге кірді. Бірінің үніне бірі қосылған ұсақ қоңыраулар шылдыры бақсының қалаға келгенін хабарлады. Ол тұп-тура базар алаңына қарай тартып еді, сол сәтте оны жергілікті халықтар тобы қоршап алды. Сол күні бұлт оншалықты қою емес, жел ыңғайы өзгергелі тұрған тәрізді. Мына жақсылық ырым сиқыршының келу қарсаңына тұстас келіп, бақсының керемет иесі адам екендігі жайлы лақап әңгімелер тарала бастады, сөйтіп оған жергілікті халық құдайдай сеніп қалған.

Сиқыршының сырт пішіні көз тартарлықтай ірі еді. Өзі аса қайратты болғандай, тұлғалы, биіктігі алты фут келетін, екі иығына екі кісі мінгендей, таза қанды негр болатын.

Жаңа бақсының асқақы келбеті бірден-ақ жұртты таң қалдырып, оны құрметтей бастады.

Басқа бақсылар әдетте үшеу, төртеу болып, толып жатқан жәрдемшілерін ерте келетін-ді. Ал мына бақсы қасында қоқыр-соқыры жоқ, жалғыз келді. Оның төсі ақ балшықпен жолақ-жолақ кесте салынып шұбарланып қалған. Бөксе жағы шөптен тоқылған белдемшемен қымтаулы. Мойнында әртүрлі құстың бас сүйегінен жасалған алқа, басында құс қауырсынын қадаған киіз қалпақ, белінде бірнеше ұсақ қоңырау қадаған жалпақ қайыс белдігі бар. Бұл қоңыраулар, испан қашырының ер-тұрманы сияқты, аттаған сайын сылдыр қағады. Африкалық бақсылардың жиынға киіп баратын салтанатты киімдерінің түрі осындай-ды.

Оның бақсылық өнеріне қажетті басқа да толып жатқан бөлек-салақ заттарын — ұлу қабықтары, тұмарлар, ағаштан ойып жасалған неше түрлі бейнелер, буддалар табынатын тағы бірдеңелер, домалақтаған қи, осы сияқты қоқыр-соқырлар үлкен кәрзеңкеге толтырулы еді.

Жиналған топ кешікпей-ақ жаңа бақсының тағы бір ерекшелігін байқады. Әулиеміз сақау екен. Бірақ алып бақсының сақаулығы жабайылардың өзіне көрсете бастаған құрметін арттыра түсті. Ол ешқандай мазмұны жоқ, сиырдың мөңірегені сияқты біртүрлі ғажап үн шығарады. Жергілікті халықтар бұл парықсыз үнді, сиқырдың сәтті болуына себебі тиеді деп жоритын-ды.

Бақсы өзінің сиқырын, алдымен базар алаңын біртүрлі салтанатты би билеп шығудан бастады. Бақсы құтырына зіркілдегенде, беліндегі қоңыраулары да қатты сылдырлап үн қосады. Жиналған топ бақсының әрбір қимылына еліктеп, басшысының соңынан шұбырған маймылдар сияқты, оның соңынан ере берді. Бақсы кенет базар алаңынан шығып Казонденің үлкен көшесіне бұрылды да, королева сарайына қарай тартты.

Мана королева жаңа бақсының келіп қалған хабарын естіп барлық сарай адамдарын ілестіре сиқыршының алдынан шықты.

Жаңа бақсы басы жерге жеткенше иіліп королеваға тәжім етті де, иығын керіп сіресе қалды. Ол тез жылжып бара жатқан аспандағы бұлтқа қарай қолын созды. Батысқа таман көшіп бара жатқан бұлтты көрсетіп, шығыс жақтан қайта оралып келеді дегендей, қолымен алыстан орап, тез-тез ымдап королеваға түсіндірген болды. Бұлттың айналып көшуін ешқандай күш тоқтата алмайды.

Жаңа бақсы мөлиіп тұрған барлық қала халқы мен сарай адамдарын кенет таң қалдырып, Казонденің құдіретті әміршісінің білегінен шап беріп ұстай алды. Бұл сияқты шеннен шыққан сорақылыққа сарай адамдарының бірсыпырасы кедергі жасағылары келіп еді, бірақ алып бақсы өзіне жақындауға батылдық еткен батылсымақты желкесінен алып жоғары көтерді де бір жақ шетке атып жіберіп еді, әлгі бейшара он бес қадамдай шеткері барып тарс ете түсті.

Бақсының мына ісін ұнатып қалғандай түр білдіріп королева бетін тыржитты. Оның мұнысы сыпайы күлкісінің белгісі еді. Бірақ королеваның ізгілікке бейімделген ықыласына бақсы ілтипат етіп қараған да жоқ, оны жетектей жөнелді. Топталған жұрт дүрлігіп олардың соңынан ерді.

Бақсы тез-тез аттап Альвецтің факториясына қарай беттеді. Кешікпей-ақ қоршау қақпасына жетіп еді, қақпа жабық екен. Бақсы күшке салмай-ақ қақпаны иығымен қағып жібергенде, топсасы жұлынып, екі қанаты шалқасынан түсті. Бақсының күшіне сүйсінген королева фактория ауласына онымен бірге кірді.

Құл саудагерінің өзі де, оның солдаттары мен құлдары да қақпа ашуды күтпей сындырып кірген озбыр бақсыға бас салғалы ыңғайлана бастап еді, бірақ сиқыршыға королеваның өзі еріп келе жатқанын көріп, құрмет көрсеткен боп мүләйімси қалды.

Түкке тұрғысыз бір жындыға соншалықты құрмет көрсетуге королева неліктен мәжбүр болғанын құл саудагері сұрайын деп еді, бірақ оған бақсы мұрша бермеді. Сиқыршы топырлаған халықты бір жаққа ығыстырып ортаны кеңітті де, бұрынғысынан бетер тездете ымдай берді. Бақсы бұлтқа қарай жұдырығын түйіп, сиқыр оқыған болды. Бұлтты күшпен тоқтатып тұрғандай түр көрсетіп, ұртын томпайтып пәрменімен аспанға қарай үріп кеп жіберді. Оның түріне қарағанда, аспандағы су буын өзінің демімен таратып жіберуге шамасы келетін сияқты еді.

Талантты актердың тамаша атқарған роліне еліктеген не болса соған илана беретін надан королева бақсы не істесе соны қайталай берді. Сақаудың мыңқылдап, міңгірлегені, айқайлап сарнағаны жиналған жұрттың құлағын тұндырды.

Сақау сиқыршының мұнысынан не өнер екен, бұлт ыдырап аспан жадырады ма? Оның сиқыры бұлтты түріп алысқа айдап жібере алды ма? Жоқ, керісінше болды. Королева мен жиналған жұрт: жын-пері жеңілді, — деп тұрған минутта, аспанның қабағы бұрынғыдан бетер түйіле түсті, жел айдан қаңғыртқан жаңбыр тамшылары тама бастады.

Манадан бері үміттеніп тұрған халықтың көңілі лездің арасында қайтайын деді. Жаңа бақсының бұрынғы бақсылардан артықтығы болмады. Топырлаған жұрт оған ызалана қарап тұр. Королева қабағын тыржитты — бұл бақсыға төнген қатердің белгісі, бақсы ең аз дегенде екі құлағынан бірдей айрылуы мүмкін. Жергілікті халықтар бақсыны айнала қоршап алды. Түйілген жұдырықтар жоғары көтерілген. Енді болмағанда бақсыға бір тықыр таянып еді, бірақ тосын пайда болған бір уақиға халықтың ыза толқынын басқа арнаға аударып жіберді.

Бақсының басы топырлаған тобырдан анағұрлым жоғары тұр, қолын кенет аспанға көтеріп, Альвец факториясының ішіне қарай созды. Оның бұл ымдауы халыққа әсер еткені сонша, бәрі де фактория жаққа бұрыла қалды.

Миссис Уэлдон жұрттың айқай-шуын естиді де бөбегін ертіп тысқа шығады. Оларды көрген сиқыршы сол қолын соларға қарай сілтеп, оң қолын көкке көтерді.

Апатқа себепші болған күнәһар адамдар табылды! Күнәһарлар ақ нәсілді әйел мен оның баласы! Күллі пәле осылардан таралған! Өздерінің тұманды жерінен бұлт шақырып, Казендо жеріне апат, ашаршылық келтірген осылар!

Бақсы ләм деп тіл қатпады, бірақ оның айтайын дегенін жұрттың бәрі түсініп тұр.

Муана королева миссис Уэлдон жаққа ызғарлана қарап қолын созды. Топырлаған тобыр ашына шулап, тұтқындарға тап берді.

Миссис Уэлдон өлетін сағатым жетті деді ішінен. Кішкентай Джекті бауырына қысып, ескерткіш бейне сияқтанып құтырынған тобырдың алдында қыбырлауға шамасы келмей сілейді де қалды.

Бақсы әйелге қарай жүріп еді, жабайылар ығысып оған жол берді. Олар бақсыны, апаттың себепшісін тапқаны былай тұрсын, тіптен оның емін де тапты деп түсінді. Мыңдаған ақша болғалы тұрған тұтқынының өмірін ойлап не істерін білмей сасып қалған Альвец те оған қарай бірнеше аттап ілгері жүрді.

Бақсы кішкентай Джекті анасының қолынан жұлып алып, аспанға көтерді. Баланы жерге ұрып быт-шытын шығарып, рухты риза қылғалы тұрған бір қаныпезер жендет сияқты еді.

Миссис Уэлдон шыңғырып жіберді де, сылқ ете түсіп есінен танды. Бақсы королеваға ымдап әлденелер айтқан болды да,— оның айтайын дегенін королева түсіне қалса керек,— бейшара әйелді көтеріп алып, баланы да қолтығына қысып жөнеле берді. Зәресі ұшқан халық оның алдынан серпіле шегініп жол ашты.

Альвец жындана жаздады. Алдымен мыңдаған доллар ақша болғалы тұрған тұтқындарының біреуінен айрылып еді, енді қалған екеуінен, ең қымбаттысынан көзбе-көз айрылғалы тұр. Оның тегін олжадан мол үлес алу үміті де осылармен бірге кеткені ме? Жоқ, дүние жүзіне жаңадан топан қаптап Казонде қаласын бүтіндей су басса да, Альвецтің бұл қорлыққа көнуі мүмкін емес.

Ол тұтқындарын айырып алғысы келіп еді, бірақ жұрттың қаһары өзіне қарай ойысты. Альвецті ұстаңдар, деп бұйырды сақшыларына королева. Бұл әрекетінің қымбатқа түсетінін байқаған құл саудагері, бөгелектеген жылқыша шұлғып, момақанси қалды. Бірақ ол, бастығы королеваның өзі болып бұқарасының бәрі не болса соған илана беретін надандығын іштей сезіп, қатты қынжылды.

Жабайылар шынында да ақ адамдардың ала келген жаңбырлы бұлты өздерімен бірге кетеді деп сенген-ді. Сиқыршы, жын-перілерді жат адамдардың қанымен риза етеді, халыққа соншалықты әбігер келтірген Казонде үстіндегі жаңбырлы бұлтты айдап жібереді деп иланған-ды олар.

Бұл кезде сиқыршы өзінің «құрбандығын» қолтығына қысып әкетіп бара жатты, алып бақсы бала мен әйелді қаңбақ құрлым ауырлайтын емес. Екі лақты қабат тістеп қашып бара жатқан арыстан сияқты еді ол. Кішкентай Джек қорыққанынан жапырақтай қалтырады, шешесі есін жия алмай әлі талып жатыр. Ақ адамдарға қаһарын тіккен тобыр у-шу болып бақсының соңынан еріп бара жатыр.

Сиқыршы факториядан шығып, Казондені кесіп өтіп, бірқалыпты нық аттап үш мильден астамырақ жер жүрді де, орманның қалыңдаған жеріне жетті. Соңынан ерген жабайылар біртіндеп қала бастады. Ақырында бақсының жалғыз қалғысы келгенін ұқса керек, ең соңғы жабайы да кейін қайтты.

Бақсы солтүстікке қарай ағып жатқан қатты ағысты өзеннің сағасына жеткенше артына бұрылып қараған да жоқ, ілгері қарай адымдаумен болды. Ол қойнаудың сүйірленген жеріне жетті де қалың бұтаның арасынан үстін шөпшекпен жауып жасырын қойған өзінің қайығын тапты.

Сақау сиқыршы қолтығына қысып әкелген екі «құрбандығын» қайыққа түсірді де, қайықты итеріп жіберіп еді, қатты ағыс кішкене қайықты ағызып ала жөнелгенде, сақауымыз самбырлап сөйлеп қоя берді:

— Капитан Сэнд, миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті сізге көрсетуіме рұқсат етіңіз! —деді ол.— Енді біз өз жөнімізге кете берейік. Мейлі, әлем жүзіндегі барлық бұлт мына есерсоқтардың төбесінен сел боп ақтарылсын!

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close