ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН ТҮРКІСТАН
Биыл Түркістан облысының құрылғанына алты жыл толады. Күллі түркі xалықтары тариxынан сыр шертетін киелі мекен, ұлтымыздың бойтұмары, рухани ордасы, түркі дүниесінің мәдени астанасы. Сондықтан бұл қуаныш тағылымды тариxтың қадірін парақтаған әрбір жан үшін ұлы той. Бұл шаһармен халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы байланысып жатыр.
Бағзыда Әбу-Насыр Әл-Фарабилерден бері Қожа Ахмет Ясауилермен сабақтасқан құтты мекен еліміздің мәдени айнасы саналады. Кейінгі хандарымыз бен сұлтандарымыз, билеріміз бен бектеріміз мекен етіп, туын тігіп, ел тағдыры үшін аса маңызды шешім қабылданған бұл даланың әр төбесі бір тарих. Қазақ xандығының астанасы болған бұл қаланың мәдени мұрасы, тариxи деректері, руxани әлемі, көз тартар сәулет құрылысы xақында айтқанда тыңдаған жан таңданбай қоймайды. Қала туралы әрбір дерек ғажайып аңыз әлеміне сапар шеккендей күй кештіріп, тылсым дүниеге жетелейді. Құлақпен естіген адам көзбен көруге құмартары анық. Тіпті, атақты Ұлы Жібек жолының соңы көрінбес керуендері аялдап, осы қалада сауда-саттық жасаған. Бұл дегеніміз шаһардың өз дәуіріндегі өркениет көшін бастағандығын дәлелдей түспек.
«Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз», – бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан өңіріне жасаған сапарында айтқан сөзі. Екінші тынысы ашылып, жаңа заманға сай қайта түрленген Түркістан өңірі ілгерілеу мен жаңарудың үлгісіне айналып отыр. Қазір мұнда тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салынған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі толықтай шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионнан аса турист келген. Кейінгі бес жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, Түркістан облысында экономиканың негізгі көрсеткіші – жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімінің көлемі биылғы 8 айда 534 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125 млрд теңгеге өскен. Өңірдің өнеркәсіп әлеуетін дамыту мақсатында жалпы құны 12 млрд 700 млн теңгеге 26 инвестициялық жоба іске қосылып, 936 жұмыс орны ашылды. Облыс үшін маңызды ірі жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций, цемент өндіретін, 5 класты мотор майы мен мұнай өнімдерін өндіретін және фосфорит өңдеу зауыты іске қосылады. Бұл жұмыстар мемлекеттік қолдау нәтижесінде жүзеге асырылып, облыс жаңа кейіпке еніп, қарқынды дамып келеді. Осыдан бес жыл бұрын, яғни, 2018 жылы облыс орталығы болғанға дейін қала халқының саны – 165 мың 400 тұрғын болса, биылғы есеп бойынша қала тұрғындарының саны – 221 мың 471 адамға жетті. Сонымен қатар, шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуал жақсарып, халықтың өмір сүру деңгейі де жолға қойылды.
Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс. Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек. Осы орайда белгілі журналист, қарымды қаламгер Бекжігіт Сердәлі өзінің әлеуметтік парақшасында қоғам болып қаланың сәніне сән, сәулетіне сәулет қосу керек екенін алға тартады. Мұнысы желі қолданушыларын қызықтырып, қызу талқыға түсті.
«Осыдан бес жыл бұрын Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілген кезде қала түбірімен өзгерсе екен, түрленсе екен, сәулеттік келбеті жаңарса екен деген көкейде жүрген бірқатар ойларымызды алқалы ортада айтқанбыз. Әрине, оған біраз уақыт керек болды. Бәрі бір сәтте бола салуы мүмкін емес қой деп өзімізді-өзіміз жұбаттық. Астананың өзіне де қазіргі келбетіне келу үшін 26 жыл уақыт кеткен жоқ па? Сол тұста біздікі бос қиял болып көрінген шығар, дегенмен қаланың келешегін көз алдыңа әкелер мынадай ойларды айтқан едік. Қайсыбір сәулетті қала да шаһар ішін қуалай ағар өзенімен сұлу. Мәскеуде – Волга, Парижде – Сена, Астанада – Есіл, Алматыда – Есентай, Римде – Тибр, Вашингтонда – Потомак, Стамбулда – Босфор бұғазы… Мұндай өзендер бір жағынан қалаға көрік берсе, екінші жағынан көгерісін ұлғайтады, жағалауы туризм кластерін дамытуға мүмкіндік ашып, шаһарға салқын ауа әкеледі. Мәселен, Сырдария өзені Түркістаннан 50 шақырымға жетпейтін қашықтықтан ағып өтеді. Еңдетіп терең канал қазу арқылы арнасын қалаға қарай иіп әкеліп, шаһар ішімен бір жылғалатып барып, қайта Сырға құйса керемет болар еді. Жел тұрса ақтүтек шаңның борауы Түркiстанда қалыпты әдетке айналған. Аңызақ жел азын-аулақ есiк алдында өсiп тұрған өсiмдiктi, тізіп еккен тал-дарақты қуратып жiбередi. Мұнымен күресудiң бiрден-бiр жолы – қаланы абаттандыру. Жақсылап ойланса, қалада осы сияқты көлікке де, жаяу жүргіншіге де ыңғайлы басқа демалыс аймақтарын тауып алуға болады. Оны бізден гөрі қаланың байырғы тұрғындары жақсы білсе керек. Қазір барлық нәрседен адамның құндылығы қымбат. Сондықтан адамға да бір мезгіл жағдай жасап қойған артықтық етпес» – деп ойын ортаға салды.
Сондай-ақ, сарапшылар да Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, идеологиялық дамуының 4 бағытын айқындауды ұсынып отыр. Бұл идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай – осы қалаға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс. Екіншіден, Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы керек. Өйткені, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттік құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр. Тарих қойнауында қалған, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін жағдай жасау қажет. Үшіншіден, бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігін дайындауымыз қажет. Заманауи қол өнер цехтары, қыш-шыны индустриясы, тері өңдеу мен түскиіз фабрикалары, кілем тоқу өнімдері Түркістанның және Ясауидің кескіні мен келбетін насихаттайтын орталықтарға айналуы керек. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жүзеге асыру тетігі мәдениет, өркениет, сауда, сәулет, қолөнер, музыка сияқты салаларды қайта жаңғыртудан басталады. Кеше тарихи Ұлы Жібек Жолы да осы Түркістаннан өткен болса, бүгін де сол жол жалғасып келеді. Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – жалпы түркі руханияты кеңістігінде өзіндік ілім қалыптастырып, исламдық құндылықтар негізінде ғылымның моральдық-этикалық арнасы мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға. Осы мақсатта Қожа Ахмет Ясауидың Түркия, Өзбекстан, Иран, Индонезия және Еуропа елдеріндегі шәкірттерінің басын қосатын симпозиум ұйымдастыру жоспарда бар.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында бүкіл еліміз бойынша құрылыс жұмыстары бұрын-соңды болмаған деңгейде өте қарқынды жүргені белгілі. Алматы секілді ірі қалалардың заманауи түрде жаңғырғанын айтпағанда жаңадан салынған ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының көрсе көз тояр ғажайып шаһарға айналуы қазақ елінің экономикалық әлеуетін әлемге танытқан құбылыс болды. Ал одан кейін тура сондай дәрежеде жаңғырып, жаңарып, еліміздің ең ірі құрылыс нысанына айналған – бүгінгі Түркістан қаласы. Осыдан үш жыл бұрын, 2018 жылғы 19 маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімімен еліміздің әкімшілік-территориялық құрылымы өзгерді. Жаңадан Түркістан облысы құрылып, талай тарихи кезеңнің куәсі, аты әлемге белгілі Түркістан шаһары оның орталығына айналды. Елбасы атап өткендей, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының, жалпы бүкіл түркі дүниесінің саяси және рухани өмірінің өзегі болды. Көне шаһарды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Ұлы Жібек жолы бойындағы ең көне шаһардың бірі, күллі түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның қайта түлеуі Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары – Түркістанға деген қамқорлығы ерекше. Қазақстан Президенті мен Үкімет басшысының қолдауымен Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қарыштап дамып келеді. Өткен жылы облыс экономикасы 41 пайызға өсті. Арнайы Кешенді жоспар бекітіліп, бүгінгі күнге жоспарланған іс-шаралардың 40 пайызы іске асырылды. Жалпы 445,3 млрд. теңгеге жаңа 257 нысан бой көтерді. Оның ішінде 230 млрд. теңгесі жеке инвестициялар есебінен. Осы уақыт ішінде 123 нысанның құрылысы аяқталды. Жаңадан Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Мәдени-рухани орталықтар салынып, шаһардың орталығы Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Түркістан қаласы толық газдандырылып, 13 мың гектарға жасыл белдеу құрылды, 3,8 млн ағаш отырғызылды. Кешенді жоспардың 40 пайызы орындалуын ескере отырып, Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңін іске асыру ұсынылып, қолдау тапты. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттырады. Кешенді жоспар – бүкіл ел тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы нақты қадамдар белгіленген елдік жоба. Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе 2021-2025 жылдарға жаңа кешенді жоспар жобасы әзірленіп, тиісті министрліктермен келісілді. Республикалық бюджеттік комиссия қарауына енгізіліп, мақұлданды. Жаңа кешенді жоспарға 142 іс-шара енгізіліп, қажетті қаржы 3,6 трлн теңге, оның ішінде 2,7 трлн теңге жеке инвестициядан төленіп отыр. Жоба аясында 5 жылда облыс экономикасы 1,5 есе өседі. Аталған шаралар жалпы өңірде өнеркәсіп көлемін 35 пайызға, еңбек өнімділігін 52 пайызға арттыруға жол ашып, халықтың нақты табысының 54,8 пайызға өсуін қамтамасыз етеді. Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі аясында 109 жоба іске асырылмақ. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады, оның ішінде, 1 трлн теңге жеке инвестиция есебінен (мемлекеттік инвестиция – 303,4 млрд теңге). Халық сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз, газбен жабдықтау қызметтерімен 85,4 пайыз қамтамасыз етілетін болады. 5 жыл ішінде АӨК саласында 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл жалпы өнім көлемін 729 млрд-тан 1,3 трлн теңгеге дейін арттыруға және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының айналасында 11 мың гектар азық-түлік белдеуін құру, оның шеңберінде жалпы сомасы 15 млрд теңгенің 7 инвестициялық жобасын іске асыру көзделген. Сонымен қатар, ол кешенді жоспар шеңберінде сүт өндірісін 880 мың тоннаға дейін, ет өндірісін 283 мың тоннаға дейін, көкөніс пен жеміс өндіруді 1 млн 530,9 мың тоннаға дейін жеткізуге болатынын атады. Бұл сәйкесінше сүт өңдеу кәсіпорындарын жүктеуді 60 пайыздан 80 пайызға дейін, ал ет өңдеу зауыттарын жүктеуді 55 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Нәтижесінде Түркістан облысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,3 трлн теңгеге дейін жеткізіліп, еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Бес жыл ішінде 5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй, 130 жаңа мектеп, 10 денсаулық сақтау нысанын, рухани-мәдени орталық және басқа да әлеуметтік сала нысандарын салу жоспарланған. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. тенгеге жетіп, 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады, халықтың әл-ауқаты жақсарып, облыс экономикасына мультипликативтік әсерін тигізеді. Түркістан, Шымкент және Ташкент қалаларын байланыстыратын жүрдек теміржол магистралін тарту, Түркістан қаласында жаңа теміржол мен автобекеттер салу жоспарының келешегі зор. Халықаралық әуежай аумағында 12 жоба іске асырылып, қонақ үй, 400 гектарға қара өрік бағы, 50 гектар жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. Әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 57 жоба іске асырылып, жаңа теннис орталығы, мұз сарайы, ескек есу каналы, демалыс орындары салынып, қажетті инфрақұрылым тартылады. 5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй немесе 46 мың пәтер пайдалануға беріледі. Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспары жобасында 10 денсаулық нысанын, оның ішінде Түркістан қаласында 7 және Арыс пен Сарыағаш қалаларында 3 нысан салу көзделген. YDA компаниясы Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 570 төсек-орынға арналған облыстық көпбейінді аурухана құрылысы жобасын іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бұл жобасы республикалық деңгейде жүзеге асырылады және Түркістан облысында 2021-2025 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарына қосылған. Бұл облыс тұрғындары мен қонақтарына жоғары технологиялық қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі клиника болмақ. Сонымен қатар Түркістанда 190 төсек-орны бар облыстық балалар ауруханасын салу да жоспарланып отыр. Жоспарда Түркістан қаласында 500 адамға арналған қалалық емхана құрылысы да қарастырылған. Ал жаңадан салынатын симуляция орталығында дәрігерлер біліктілік көтеруден өтіп, нақты клиникалық жағдайларда іс-жүзінде дағды жинайды. Жоғары медициналық технологияларға оқыту түрлі модельдерде, тренажерлер мен виртуалды симуляторларда жүргізу жоспарланған. Бұл медицина қызметкерлерінің кәсіби қызмет барысында процестерді, жағдайларды және өзге де аспектілерді нақты модельдеуге мүмкіндік береді. Түркістан қаласында бір ауысымда 300 келушіні қабылдайтын тіс емханасын салу жоспарланған. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ 25 бригадаға арналған жедел медициналық көмек стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр. H.H.Sheikh Mohamed Bin Zayed Al Nahyan қоры Түркістан қаласында «Ана мен бала орталығын» салады. Б.Саттарханов даңғылы аумағында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 гектар ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж кешені жобалары іске асыралады. Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жүргізіліп, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат коттеджі» қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығы салынады. Әзірет Сұлтан қорық-музейінің, Қожа Ахмет Ясауи және Рабия Сұлтан Бегім кесенелерінің аумағын абаттандыру 2025 жылға дейін жалғасады. Өңірдің туристік ағынын ұлғайту үшін Түркістан және Төле би ауданындағы «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарының инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туристік өнімдер пайда болады. Түгел түркінің темірқазығы саналатын Түркістанға тәу ету ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Қасиетті шаһарға туристер ағыны жылына 1,2 млн-нан 2,5 млн адамға дейін артпақ. Түркістан өңірін дамытудың бесжылдық кешенді жоспар шеңберінде мәдениет пен туризмді дамытатын 11 инвестициялық жоба жоспарланған, оның 9-ы жеке инвестициялар есебінен іске аспақ. Нәтижесінде 2025 жылы туристер санын 2,5 млн адамға дейін, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер санын 291 мың адамға дейін және туризм саласында жұмыс істейтіндер саны 30 мың адамға дейін артады деп жоспарлануда. Статистикалық деректер бойынша өңірде 703 мәдениет мекемесі бар. Жаңадан 13 мәдениет нысаны пайдалануға беріледі. Облыста туризмнің әлеуеті аса зор. Тарихи туризмнің алтын бесігіне айналған Түркістан, отандық та, шетелдік те туристердің арасында аса танымал. Кешенді жоспар аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген. Яғни, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи және Рабия Сұлтан Бегім кесенелерін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қамал қабырғасын қалпына келтіру жұмыстары көзделген. 2025 жылға дейін 59 нысанды қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Кешенді жоспар аясында облыс аумағында ірі мұнай өңдеу зауыты, химия кешені, тұрмыстық техника шығаратын зауыт құрылысы және Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру жоспарланып отыр. Түркістан облысы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан 48 шақырым «Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы», 102 шақырым «Сарыағаш қаласының айналма жолы», 30 шақырым «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы», «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жүрдек теміржол магистралі салынатын болады. Түркістан облысының экологиясын жақсарту мақсатында суармалы алқаптарды қалпына келтіру арқылы 62 мың гектардан астам алаңды сумен қамтамасыз ету жақсартылады. Ұзындығы 2 мың шақырымға жуық канал жөндеуден өтеді. Жыл сайын суармалы судың шығыны 200 млн текше метрге азаяды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 40 млрд теңгеге жеткізіп, 12 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласын жасыл белдеумен қоршау үшін 2019 жылдан бері 3,8 млн текше көшет егілген. 2019 жылдан бастап қаланың айналасында 7,7 мың гектар алаңда жасыл белдеу құру жұмысы жүріп жатыр. Кешенді жоспар жобасында электрмен жабдықтау саласында жалпы сомасы 49,7 млрд теңгеге 11 жобаны іске асыру көзделген. Ірі жобалар арасында Түркістан қаласында 110 кВ желісімен қуаты 2х25 МВА «Солтүстік» 110/35/10 кВ қосалқы стансасын және Ордабасы ауданында «Бадам» 220/110/10 кВ қосалқы стансасын салу бар. Ұсынылған жобаларды іске асыру 500 мыңнан астам адамды сапалы және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге, 200 жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 30 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі шеңберінде Түркістанда құны 40 млрд теңге ЖЭО салу көзделіп отыр. Өңірді газдандыру аясында Созақ ауданындағы автоматтандырылған газ тарату стансасыан магистралды газ құбырын және Мақтаарал ауданындағы 3 автоматтандырылған газ тарату стансасын салу сияқты жобаларды іске асыру көзделуде және елді мекендерге газ тарату желілері мен жеткізуші газ құбырларын салу жоспарланып отыр. Жалпы, 2026 жылға қарай газдандырылған елді мекендердің санын 423-тен 722 бірлікке дейін ұлғайту және халықты газбен қамтуды 1 274 мың адамнан 1 720 мың адамға дейін кеңейту көзделіп отыр. Спорт саласында 13 жобаны іске асыру қарастырылған, оның ішінде жеке инвестицияларды тартумен екі нысан салу және жергілікті бюджет есебінен 8 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Аталған жобаларды іске асыру бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді және 2025 жылы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 45 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осылайша алдағы уақытты Түркістан облысы және оның орталығы Түркістан қаласы жаңа қарқынмен дамып, еліміздің алдыңғы қатарлы аймағына айналмақ. Жаңадан құрылған облыстың гүлденіп, көркеюі мемлекет негізін құрайтын ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақ халқының тұрмыс деңгейінің жоғары болуына ықпал етері анық. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи секілді әлемге белгілі тұлғаның мәңгілік мекеніне айналған Түркістан шаһарының дүниежүзі туристерінің назарын бұруы қазақ халқының, Қазақстанның әлемдегі имиджіне оң әсер ететін болады деп сенеміз.