САУРАННЫҢ САН ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ
Сырдарияның орта ағысында орналасқан ортағасырлық ірі қалалардың бірі – Сауран.
Сауран (VІ-ХVІІ ғғ.) Түркістан қаласының батыс жағында 40 км, қазіргі Жаңақорған ауданы, Манап ауылының оңтүстігінде 15 км жерде орналасқан. Қаланың орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттарға қарағанда қаланың іргесінің қалануы VІ ғасырдан басталады. Қолөнердің дамуы – Х-ХІІ ғғ. Х ғасырдағы араб (Ибн Хаукаль, Макдиси, Истахри) жазба деректері қаланың жақсы салынған құрылыс жүйесі – мешіт, медреселері және сауда орындары туралы мәліметтер береді. Қаланың қазіргі кезде сақталған дуалының биіктігі 7-8 м және оны айналдыра қазылған ордың кеңдігі мен тереңдігіне қарағанда, мықты бекініс болған. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде қаланың ХVІІ ғасырға дейін өмір сүргендігі анықталған. Қаланың үстінен түсірілген әуе суреттері оның маңындағы қыстақ, кенттердің орнын, егін суғаруға қазылған арық, тоғандардың ізін тапты.
Сауран – Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырымдай жердегі ежелгі ортағасырлық қаланың, ауылдық округтің, темір жол стансасының аты. Сырдарияның оң жағы мен темір жолдың батыс беткейінде. Шығыстанушы ғалым П.И. Пашино Сауран қамалының аты бекіністі жаудан бес рет тазартып, өзіне қайтарып алған Сауран батырдың ныспысымен байланысты» дейді.
Сауран қаласы жайлы алғашқы деректер Х ғасырдағы араб саяхатшыларының жазбаларында кездеседі. Демек, бұл қала бұдан көп жыл бұрын, тарихшылардың айтуынша, VІ ғасырда пайда болғандығын аңғартады.
Х ғасырда өмір сүрген арабтың географ-ғалымы Макдиси Әл-Мутаххар Ибн Таһир жиырма екі тараудан тұратын «Дүниенің басталуы мен тарихы» деген кітап жазған. Осы еңбегінде ол: «Сауран – бірінің сыртынан бірі 7 қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, сарай, мешіт бар. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғануға арналған шекаралық бекіністі қала» дейді. Сондай-ақ қала ішінде шайқалып тұратын 2 мұнарасы бар ғажап медресе де болған. Бұл екі мұнараның арасы шынжырмен байланып, олардың әр күмбезінің астына бөрене бекітілген, егер біреуін қозғаса шынжыр дірілдеп, екінші мұнара құлап бара жатқандай көрінеді екен. ХVІ ғасырдың тарихшысы ибн Рузбихан 1509 жылы наурыз айының ортасында Сауранға келіп, оның әдеттен тыс көрікті қала екенін айтады. Ибн Рузбихан Сауран туралы: «Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша, әр түрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ал оның айналасында – ор, ешқандай жау ала алмайды. Бұл қаланың топырағы білім мен ғылымның ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зерек және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген» десе, 1515-1516 жылдары Сауран қаласында тұрған парсының ақын-жазушысы Зайнаддин-Васифи естелігінде қаланың төңірегінде арықтармен, өзендермен және кәріздермен суландырылған ауыл-шаруашылық алабы болғанын және олардың игерілуі туралы құнды деректер береді. Сырдария алқабында орналасқан ортағасырлық қалалар көбінесе дөңгелек сипаттағы, моңғолдарға дейінгі жоспарлау негіз етілген. Дәстүр бойынша тік бұрышты етіп жоспарланған қалалар оны кейінгі кезде де сақтап қалған.
Қала сол айналасындағы жерлерден 2 метрден жоғары табиғи төбенің үстіне дәлдік есеп өлшемімен шебер соғылған.
Сол заманда Қаратау етегінен аққан өзендер Сырдарияға құйып жататын. Көктемгі тасқын суы мен өзен сулары жайылымдар мен шабындықтарға жайылып, қала төңірегін көгерісі мол аймаққа айналдырған. Сауран қаласы қымыз бен шұбаттың отаны атанған. Сайрам, Отырар, Сауран арқылы солтүстікке қарай Ұлы Жібек жолының өтуі қаланың өркендеуіне аса қолайлы жағдай туғызған. Қала көшпелі және отырықшы өркениеттің тоғысқан жерінде үлкен сауда орталығына айналған. Сауран базарында Қытай жібегі мен Орта Азияның асыл бұйымдарын тиеген керуендер күндіз- түні үзілмейтін болған.
Сауранның маңайында жер өңдеу мәдениеті ертеден-ақ дамыған. Егіні суармалы болған. Сыр өзенінен үлкен арықтар қазылған. Қала тұрғындарын осындағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған. Тіпті, сыртқа да астық сатқан.
Сондай-ақ, қаланы сумен қамтамасыз ету және қала төңірегіндегі бақтарды суару кәріздер жүйесі арқылы жүргізілген. Кәріздің басына бекініс салынып, оның ішіне құдық қазылған. Құдықтың тереңдігі 200 м, су толған тереңдігі 150 м. Құдықтардың диаметрі 5 м, ара қашықтығы 12-15 м. Бұл кәріздің ұзындығы 7 шақырымға жеткен. 7 шақырымға созылған кәрізді салуға 200 үнділік құлдар пайдаланылған. Суды шығыр арқылы да шығарған. Кәріздік суландыру жүйесі Қазақстанда әзірге тек Сауран қаласында ғана табылып отыр.
Сауран қаласы сонымен қатар үлкен қорғаныс орны, бекініс қамалы болды. Қаланы биік дуалдармен қоршап, ол дуалды айналдыра тереңдігі 3 метрге дейін, ені 15-20 метр келетін ор қазып су жүргізіп қойған. Қалаға екі қақпа арқылы ғана кіретін болған.
Қаланың бас қақпасы қабырғаның солтүстік-шығыс бөлігіне, екінші қақпасы оңтүстік-шығыс бөлігіне орнатылған. Ал бұдан басқа шығыс жағындағы мұнараның ішінде қалаға кіріп-шығатын құпия есігі болған.
Қаланың осы екі қақпасының алдындағы ор үстіне қорған қақпасына кіретін аспалы-жиналмалы көпір орнатқан. Бұл аспалы көпір сақтық үшін түнемеге жиналып қойылады екен.
Қала ішіндегі қоймаларда азық-түлік пен ауыз судың мол сақтық қоры болған. Қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған. Қорған қабырғаларының әр жерінде және биік мұнараларында сыртқы жауларға қарсы қару қойып, оқ ататын арнайы орындар жасалған.
Дала билеушілерінің Сырдария қалаларын иелену жолындағы қиян- кескі күресі кезеңінің барысында бірінші кезекте қалалардың өздері зардап шекті, бұл кезеңде олардың әрқайсысында күшті бекініс жүйесі болуға тиіс
еді. Соңғы орта ғасырлар тарихшыларының шығармаларында қала қабырғаларының биіктігі мен беріктігінің, орлар тереңдігінің мейлінше әдемі суреттелетіні тегін емес. Сауранның ХVІ ғасырдың соңғы ширегінде қалалық бекіністерінің сипаттамасын Хафиз-и Таныш қалдырған. Хафиз Таныш:
«Оның мықтылығы соншалық, оның мұнарасы мен дуалын бұзу ешкімнің де ойына келмеген», – деп жазды. Сауран қаласының орны солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа 800 метр, ал солтүстік-батыстан оңтүстік шығысқа 550 метрге дейін созылып жатыр. Қаланың айналасы екі жарым шақырымдық қисық төртбұрышты ормен қоршалған. Қорғанның құлап, шөккен қазіргі қалдықтары биіктігінің өзі 3 метрден 6 метрге дейін жетеді.
Аты әлемге тараған Сауран қаласы туралы мағлұмат жазба деректерде ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының ауыз әдебиетінде де кездеседі. Асанқайғы бабамыз Жерұйықты іздеп қазақтың кең-байтақ даласын аралап жүргенінде Желмаясының басын осы қалаға да бұрғаны туралы дерек бар. Қаланы көрген соң: «Әттеген-ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, шөлстанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ – түбі тұрақты қала бола алмас», – деп толғаған екен әйгілі абыз.
Зерттеуші-ғалым В.М. Флоринский 1888 жылғы зерттеуінде Сауран мұнаралары жайлы көзбен көргенін былай деп жазды: «Сауран мұнарасының аман қалған бөлігінің биіктігі 15 метр, оның жанында 500 метр қашықтықта 1867 жылы көктемде қираған мұнара тұр. Бүтін қалған мұнараның табанында төбені қазған кезде оның қазіргі үстінен іргетасына дейін толық сажын (яғни, 2 м 13 см) болып шықты. Мұнаралар күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, түрі тізбектелген тәріздес, айналмалы түрде жақсы салынған ішкі сатысынан ең жоғарғы жағына дейінгі диаметрі 6 аршын (яғни, 4 м 26 см). Мұнараларының бірінің түп жағы алтын жалатылған көгілдір әшекейлер безендірілген. Бұл құрылыстың ішіне кіру үшін бір жағынан табанына бір жарым сажын (яғни, 3 метр 20 сантиметрдей) биіктіктен бұранда тәрізді басқышқа (айналмалы сатыға) кішкене төрт бұрышты саңлау (тар есік) жасалған. Басқыш жарықты қабырғаларда жасалынған кішкене төрт бұрышты терезелерден алады».
Мұның бәрі – Сауранның сол кезеңде мәдениеті өркендеген қалалардың бірі болғандығын дәлелдейді. 1866 жылы сапарында А.К. Гейнс Сауран, Исфиджаб, Яссы, Қарнақ қалаларына көңіл бөледі. Ол Сауран қаласында аз ғана қазба жұмысын жүргізді. Автордың айтуынша ол жерден маңызды еш нәрсе табылмаған. Қазылған шұңқырдан тек күйген кірпіштердің сынықтары мен күл табылады. Қазбадан табылған барлық заттар сол жерде қалады.
ХІV ғасырдың аяғында атақты Әмір Темір Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи зиратының басына алғашқы қышын өз қолымен қалап, сәулетті ғимарат (кесене) салдырды. Осы ғимаратқа Сауран топырағынан күйдірілген қыш дайындалады. Дайындалған қышты көлікпен тасытпай, Саураннан 30 шақырым жердегі Түркістанға дейін 40 мың құлды қатар тұрғызып, қышты бірінің қолынан біріне ұзатып жеткізген деген аңыз бар.
Сауран қаласы Сыр бойының өзге қалалары секілді талай аласапыран заманды басынан кешірді. Алғашқыда бұл өлкені қаңлы тайпалары биледі. Одан кейін Сауран қаласы біраз уақыт Оғыз мемлекетінің құрамында болды. ХІІ ғасырда қыпшақ мемлекетінің ірі саяси және мәдени орталықтарының біріне айналды.
1219-1220 жылдары моңғол шапқыншылығы тұсында Сыр бойындағы басқа қалалар секілді Сауран қаласының да экономикасы құлдырайды. Ал ХІІІ ғасырдың екінші жартысында саяси жағдайдың тұрақтануымен бірге Сауран қаласы қайтадан көркейіп, дами бастайды. Сауран қаласы XIV ғасырдың бірінші жартысында біршама уақыт қазақ халқының этнос ретінде қалыптасуының алғашқы ұйытқысы саналатын Ақ Орда мемлекетінің астанасы болды. Мұнда 1320 жылы дүниеден озған Ақ Орда билеушісі Сас- Бұқа жерленген. Ал оның баласы Ерзен-хан Сауранда медресе, ханака, мешіт ғимараттарын салдырған.
1405 жылы Әмір Темір Сауран қаласын Қытайға шабуыл жасау үшін 80 мың қол жинап, әскерлерге соғыс өнерін үйрететін және қару-жарақ сақтайтын үлкен қорғаныс қамалына айналдырды. Бірақ, Әмір Темірдің сол жылғы ақпанда Отырар қаласындағы мешітте намаз үстінде жүрек талмасынан кенеттен қайтыс болуы – оның Қытайға жорығының аяқсыз қалуына әкеліп соқтырды.
Сауран Жәнібектен кейінгі қазақ хандары Бұрындық, Қасым, Хақназар, тағы басқалары тұсында шапқыншылықтың салдарынан біресе шайбанидтердің, біресе қазақ хандарының қол астына өтіп отырған. XV ғасырдың 80 жылдарында қазақтың тұңғыш хандарының бірі Жәнібектің баласы Еренші сұлтан осы Сауранды билеген.
Сауран Түркістан, Сығанақ қалалары секілді қазақ хандығының құрамына біржолата 1598 жылдан бастап қарады. Түркістан Қазақ хандығының астанасы саналып, ал Сауран мен Сығанақ қалалары әкімшілік орталықтары болып қалады. Сауран қаласы ХVІІ ғасырдың 80 жылдары жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырайды. Жоңғарлар шабуылмен Сауран қамалын басып ала алмағанын өз көзімен көрген атақты Бұқар жырау осы оқиғаға арналған «Тас қамал» атты дастанын жазып еліне қайтқан.
Сауран қаласының орнында жүргізілген археологиялық зерттеулер
Сауранның бекініс құрылыстарының қалдықтары осы кезге дейін керемет әсер қалдырады. Қамал-қорғанның жалпақ дуалы шикі кірпіш араластырып қаланған күйдірілген балшық блоктармен салынған. Оның сақталып қалған биіктігі қазірдің өзінде 6 м-ге жетеді. Онда дөңгелек 4 мұнараның қалдықтары аңғарылады. Дуалдың сыртында тереңдігі 3 м-ге, ені
20 м-ден 50 м-ге дейін жететін ор болған. Қақпалардың алдында сыртқа ойысыңқы дуал бөлігінен құралған жиырма метрлік тар жолдар бар. Сауран қаласының тағы бір ерекшелігі усадьбаларының көптігінде. Аэрофотосъемка суреттерін талдау барысында Сауран маңында 350-ге жуық селолық усадьбалар болғаны анықталды. Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясының зертеу жұмыс нәтижесінде 2004-2005 жылдары Саураннан орта ғасырлық мешіттің орны табылды. Мешіттің сыртқы қабырға бойынша есептегендегі ені 31 метр, жалпы аумағы 1200 шаршы метр болады. Өзінің жобалық композициясы бойынша Сауран мешіті Самарқандтағы Бибі-ханым (ХІV ғасырдың соңы), Ташкенттегі Жами (ХV ғасырдың соңы) және Бұхарадағы Калян (ХVІ ғасырдың бірінші ширегі) жұма-мешіттермен сыңарлас келеді.
Бүгінде Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясы ортағасырлық Сауранның төңірегіндегі жобасы мен атқарған қызметтері әртүрлі болып келген сәулет ескерткіштерінің қиранды орындарында кең ауқымды зерттеулер жүргізуде. Жұмыстардың мақсаты аршылған архитектуралық бөліктерде «Қазқайтажаңғырту» арнаулы қайта қалпына келтіру кәсіпорынының күшімен консервациялау жұмыстарын жүргізіп, Сауран шаһарын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру болып отыр.