ШЫМКЕНТТЕ ОТБАСЫ КҮНІНЕ ОРАЙ 37 ЖҰП НЕКЕГЕ ТҰРДЫ
Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні. Осыған орай бүгін Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде» бір ай бұрын некеге тұруға өтініш білдірген 37 жұпты тіркеді. Бұл туралы АХАТ бөлімінің басшысы Акбота Қарнакбаева мәлімдеді.
АХАТ бөлімі мереке қарсаңында шаңырақ көтерген алты жұпқа неке қию куәлігін салтанатты жағдайда тапсырды. Некелерін қиып куәлік алған бұл отбасыларға гүл шоғы мен сыйлықтар табысталды.
Некесін қиған жұптың бірі – қала тұрғыны Аян мен Ақмарал. Бұған дейін олар 1 жылдай араласып, бір-бірімен көңіл жарастырған. Қазірде жас отбасы ата-анасымен бірге тұрады. Болашақта баспана кезегіне құжат тапсыруды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге жас жұбайларға отбасы құндылықтары түсіндіріліп, іргесі берік, жарасымды жанұя қалыптастыру жайы насихатталды.
Акбота Қарнакбаеваның айтуынша, өткен жылдың сегіз айымен салыстырғанда отбасы құрғандар саны екі мыңға артып, жыл басынан бері 5 мыңнан аса неке қиылған.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Азаматтық хал актілерін тіркеу» бөлімі 8 түрлі мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Қызметтерді үйден шықпай-ақ, онлайн түрде алуға жағдай жасалған. Цифрлық жүйе арқылы некеге тұруға өтініш берген жұп АХАТ бөліміне бір айдан кейін құжаттарын алуға ғана келеді.