ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП АРНАЙЫ ТЕКСЕРІСТЕН СОҢ ҒАНА МАҚҰЛДАНАДЫ
Тұрғындар тарапынан түскен өтініштер негізінде қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімі Нұрбол Тұрашбековтің 265 тапсырмасы тұрақты бақылауда. Оның 50-і қала дамуының жоспарына енгізіліп, қаржыландыруға ұсыну үшін құжаттары рәсімделуде.
265 тапсырманың бүгінде 124-і орындалды, өзге өтініштер бойынша жұмыстар басталды. Жалпы, даму жоспарына сәйкес, шаһарда кәріз жүйесі құрылысының ауқымы кең. Кәріз жүйесімен қамту жұмысын 2025-жылға аяқтау көзделген. Ауыз су, табиғи газ және кәріз жүйесі толық жүргізілген аумақтарға көше жарықтарын орнатып, асфальт төсеу жоспарлы жүзеге асуда.
Бірлік тұрғын алабында 35 шақырымды құрайтын 33 көшеге жарықтандыру жүйесі жүргізілді. М.Әуезов көшесіне, А.Жұбанов көшесіне көше жарығы орнатылды. Көпшіліктің ұсынысына сәйкес Төле би көшесінде «Халыққа қызмет көрсету орталығының» бөлімшесі жаңа форматта өз жұмысын бастады. Шілік көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған жол төселіп, Төлебаев көшесіндегі балалар ойын алаңшасы мен спорт алаңшасы қалпына келтірілді. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі бойына 2 аялдама орнатылды. Жәңгірхан көшесіндегі ескірген аяқжол ағымдағы жөндеуден өтті. М.Жұбанов көшесінде жаяу жүргіншілер жолының құрылысы ай соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Б.Смаилов, М.Ғабдуллин көшелеріне тас төселді. Тапсырмалардың орындалуы әр аптаның қортынды аппараттық мәжілісінде баяндалады. Нұрбол Әбдісаттарұлы әкім аппаратының ұйымдастыру бөліміне орындалған тапсырмаларды барып тексеріп, зерделеуді арнайы тапсырған болатын. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде тапсырмалардың орындалу сапасы мен саны артты.