ОРМАН ЖӘНЕ ДАЛА ӨРТІМЕН КҮРЕС ОБЛЫС БАСШЫСЫНЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА
Түркістан облысында орман және дала өрттерімен күрес және олардың алдын алу барысы қатаң бақылауда. Бүгін аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.
– Өрт пен су тасқынына қарсы күрес облысымыз үшін өте өзекті. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен тиісті басқармаларға қауіпсіздік шараларын жауапкершілікпен атқаруды тапсырамын. Жолдың жиектерін жыртып, өртке қарсы минералды жолақтар салу жұмысын шұғыл аяқтаңыздар. Екіншіден, өрт қауіпсіздігіне қажетті техника алу, бекеттер салуға қатысты ұсыныстарыңызды беріңіздер. Зерделеп, маңызына қарай қаржы бөлуге тырысамыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Аппараттың апталық мәжілісінде Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бекболат Төреқұловтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, биыл өңірде орташа ауа температурасы 40 градусты құрап, өте ыстық болмақ. Сондықтан өрт қаупі өте жоғары. Дайын болу керек.
Түркістан облысы аумағында өрт қауіпті кезең басталғалы 478 гектарды құрайтын 1 орман өрті, 187 гектарды құрайтын 64 дала алқаптарының жану жағдайлары тіркелген. Алдын алу жұмыстарының іс-шаралар жоспары бекітіліп, биылғы 10 сәуірде комиссия отырысымен тиісті мекемелер мен ұйымдарға тапсырмалар берілді. Жоспардың орындалу барысы ойдағыдай. Дегенмен бірқатар мекемелер мен ұйымдардың орындау көрсеткіштері ақсап тұрғаны байқалуда. Мәселен, Кентау қаласы мен Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам, Созақ, Төлеби, Келес, Отырар аудандарының әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат департаментке түспеген. Сондай-ақ өрттің алдын алу үшін минералды жолақ жырту жұмыстары әлі күнге дейін кейбір аудандарда толық жүргізілмеген.
«ҚазАвтоЖолдың» Түркістан филиалы арқылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 361 шақырымына жолақ жырту жоспарланған. Бүгінде тек 128 шақырымына ғана жүргізген. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында тиісті жұмысты жандандыру керек. Бәйдібек, Қазығұрт, Созақ, Сарыағаш аудандарында минералды жолақ жырту жұмыстары өте нашар.
Өңірдегі орман қоры аумақтарында 9647 шақырым жолақ салу жоспарланып, толық орындалған. Орман қоры аумағына рейд жалғасып, бүгінгі күнге 151 тұлға әкімшілік шараға тартылған.
Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтің айтуынша, дала алқабының жану оқиғалары автокөлік жолдарында жиі тіркелуде. Сонымен бірге егістік алқабында жұмыс істеп жатқан техникалардан шыққан және елді мекендер аумағындағы құрғақ шөптің өрттері де есепке алынған. Тұрғын үйлер мен қоралардан да өрт шыққан. Басым бөлігі – өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауынан. Осыған орай, минералды жолақтар жүргізу, қадағалау жұмыстарын одан әрі күшейту қажет.
Облыстық мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде 134 ерікті өрт сөндіру құрылымы бар, адам саны – 7564. Өрт сөндіруге бейімделген техника иелерімен өрт сөндіруге келісімшарттар түзілген.
Түркістан облысы аумағында жалпы 800-ден аса елді мекен орналасқан. Соңғы жинақталған мәліметтерге сәйкес мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері және құрылған маусымдық өрт сөндіру бекеттері 1 527 629 халық тұратын 656 елді мекенді өрттен қорғауда. Өртке қарсы күрес, техникамен, бекетпен қамту жұмыстары жанданады.
Түркістан облысы аумағында жалпы 800-ден аса елді мекен орналасқан. Өңірдегі мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері мен маусымдық өрт сөндіру бекеттері бір жарым млн халық тұратын 656 елді мекенді өрттен қорғау үшін тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Ал, облыстық мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде 134 ерікті өрт сөндіру құрылымы орналасқан.
Жалпы, Түркістан облысында елдегі орман қорының 11,4 пайызы орналасқан. Дәлірек айтқанда 3,5 млн. гектарға жуық орман қоры аумақтары бар. Орманмен көмкерілген алқабы – 1 556 981 гектар. Орман шаруашылығы мекемелерінде техникалар саны 2018 жылы 306 дана болса, қазіргі күнде 500 данаға жуықтап, 44,8 пайызға өсті. Облыс әкімдігінің қолдауымен орман шаруашылығына қажетті барлығы 69 бірлік, оның ішінде 21 трактор, 9 автокөлік, 15 тіркеме алынды. Соңғы уақытта елімізде орман және дала өрті өршіп, орасан шығынға ұшыратуда. Өкініштісі өрт салдарынан адам шығыны да болды. Атап айтқанда 2022 жылы Қостанай облысында орман өрті тіркелді. Аманқарағай ауданындағы алапат өрт жақын маңдағы елді мекендерге зиянын тигізді. Тілсіз жау 43 мың га, аумақты күлге айналдырды. Оның ішінде орманмен көмкерілген 33,8 мың га алқап зардап шекті. Орманды алқапқа жақын орналасқан ауылдар эвокуацияланып, мемлекет есебінен баспанасынан айрылған тұрғындарға үй берілді. Қостанайдағы төтенше жағдайдың ізін ала Семейдің орманы отқа оранды. Қызыл жалын 60 мың гектар аумақты шарпыды. Өрт сөндірушілер күндіз-түні тілсіз жаумен күресіп, өрт бір айдан кейін ғана толық төндірілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына сәйкес, мемлекеттік орман қорында 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн. ағаш-көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау мақсатында, облыс әкімдігі кешенді жоспар қабылдап, алдағы 5 жылда 132 мың гектар аумаққа 217 млн. түп ағаш егу жоспарланған. Оның ішінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелермен 110 мың гектар жерге 170 млн. түп орман дақылдарын егу қолға алынып, атқарылуда. Былтыр орман қорының 16 200 гектар аумағына 23 818 мың данаға жуық әртүрлі ағаш көшеттері егілді. Биыл 20 300 гектар аумаққа 32 миллионнан аса көшет егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқармаға қарасты 7 орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30-35 млн. данадан астам әртүрлі көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылуда.