ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН
Түркістан облысы аумағында маңызды көлік маршруттары өтеді. Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі, шығысты батыспен біріктіретін теміржол, «Түркістан халықаралық әуежайы» арқылы халықаралық және ішкі рейстер орындалады. Түркістандағы «Түркістан халықаралық әуежайы» Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 1-ші санатына сәйкес келеді.
Түркістан облысы аумағында маңызды көлік маршруттары өтеді. Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі, шығысты батыспен біріктіретін теміржол, «Түркістан халықаралық әуежайы» арқылы халықаралық және ішкі рейстер орындалады. Түркістандағы «Түркістан халықаралық әуежайы» Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 1-ші санатына сәйкес келеді. Әуежайдың жалпы ауданы – 905 га, әуе айлағының өткізу қабілеті сағатына – 450 жолаушы немесе жылына – 3 млн. жолаушы. Қазіргі уақытта «Түркістан халықаралық әуежайы» 2 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт) және 6 республикаішілік рейстерге (Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе, Орал) қызмет көрсетеді. Аталған рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» және «Южное небо» авиакомпаниялары орындайды. 2024 жылдың қаңтарында «Түркістан – Абу-Даби» әуе рейсінің ашылуы жоспарлануда. Сондай-ақ отандық және шетелдік авиакомпаниялармен 3 халықаралық (Анталья, Тбилиси, Самарқанд) және 3 республикаішілік (Көкшетау, Қостанай және Үшарал) авиарейстер ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Түркістан әуежайының жүк тасымалдау динамикасын арттыру мақсатында отандық «Alpha Sky», түріктің «MNG», «Turkish Cargo», әзірбайжандық «Silkway Airlines-Cargo» авиакомпанияларымен жүк тасымалдарын дамыту бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұл туралы Түркістанда әлемнің түкпір-түкпірінен үздік бизнес және туризм өкілдерінің басын қосқан TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумында айтылған болатын. Келелі басқосуға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей және Қытай елдерінің беделді саясаткерлері, ірі кәсіп иелері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатысуда.
Форумның пленарлық сессиясы әрі қарай салалық сессияларға жалғасты. «Жібек жолы Қытай – Еуропа: Орта және Оңтүстік дәліздердің мүмкіндіктері мен мәселелері» тақырыбында өткен халықаралық логистиканы дамыту жөніндегі сессияда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форумның маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы халықаралық көлік логистикасы саласында жоғары әлеуетке ие екенін тілге тиек етті.
– Осындай ауқымды форумдар мемлекеттік және іскерлік құрылымдар диалогы үшін өте тиімді. Онда негізгі мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылады. Түркістан облысы халықаралық көлік логистикасы саласында жоғары әлеуетке ие. Облыс аумағында бірнеше көлік бағыты өтеді. Түркістан қаласының облыстық маңызы бар қала және түркі әлемінің астанасы мәртебесіне ие болуына байланысты халықаралық әуежай салу қажеттілігі туындады. 2020 жылы заманауи халықаралық әуежай салынып, пайдалануға берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда нөлден салынған алғашқы ірі әуежай. Әуежай бір уақытта 2 халықаралық немесе 4 ішкі рейсті қабылдай алады. Бүгінгі форум Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін одан әрі дамытуға және жақын, алыс шет елдердің кәсіпорындары мен компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Облыстың туристік, оның ішінде «зиярат» туризмінің әлеуетін ескере отырып, жақын арада Өзбекстан Республикасының Нұрафшон қаласымен автобус қатынасын ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда барлық келіссөздер жүргізіліп, тиісті рәсімдер аяқталды.
Сессияда «YDA Group» компаниясының мүшесі, авиация секторының басшысы Х.Гувенч, Қазақстандағы «Turkish Cargo» операциялар жөніндегі менеджері Корай Дурсун, «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының Бас хатшысы Г.Әбдікерімов, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілер одағының атқарушы директоры К.Мурадым, «KTZ Express» АҚ Бас директорының м.а. Д.Қожахметов, «Alpha Sky» ЖШС директоры Г. Джанибекова өз бағыттары бойынша сөз алып, компания мүмкіндіктерімен бөлісті. Ірі компания өкілдері жүк тасымалы бойынша өз қызметтерін ұсынып, жеңілдіктер қарастыру арқылы бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.
Айта кетейік, облыс бойынша магистральдық теміржол желісі – 476,4 шақырым. Осы жылдың 10 айында жүктерді тиеу-түсіру 294 133 вагонды (тәулігіне 968 вагон) немесе 18 млн. тоннаны құрады. Негізгі бағыттары – Ресей, Қытай, Өзбекстан және республика іші.Жалпы жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк тасымалының көлемі 25,8 млн тоннаны құрады. Негізгі жүк ағыны бүгінде өткізу мүмкіндіктерін толығымен пайдаланып отырған «Сарыағаш» мемлекетаралық торап станциясы арқылы өтеді. Жаңа т/ж желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа жоба Түркістан облысының республиканың негізгі теміржол желісімен қосылуы есебінен оның дамуына ықпал ететін болады.Теміржол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік өмірінің дамуын қамтамасыз ететін болат артериялар. Өткен жылы теміржолдармен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, ол 245 млрд тонна-километрді құрады. Мұндай қарқындар геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр. Өткен жылдың соңына дейін Өзбекстанның қатысуымен жүктерді тасымалдау көлемі шамамен 31 млн тонна, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артық.Жоба екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең «Сырдария» станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Ердаут – Мақтаарал желісін салуды көздейді. Екінші кезеңде Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармағын пайдалануға беру көзделген. Барлығы 152 км теміржол төсемі салынады. Жоба үшін 19,7 мың тонна рельс, сондай-ақ 280 мың темірбетон шпал мен рельс бекіткіш сатып алу жоспарланып отыр.Жаңа теміржол құрылысы 3 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту үлесі 85%-ды құрайды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов Дарбаза – Мақтаарал желісі Түркістан облысының шалғайда орналасқан Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстыратынын атап өтті. «9 станция салынады. Бұл теміржол Қазақстаннан осы аудандарға және сол аудандардан Қазақстанға жүктердің тікелей жіберілуін қамтамасыз етеді. Себебі қазір олар Өзбекстанмен шекарадан өтуге мәжбүр. Бұл осы аудандардың дамуына әсер етеді. Құрылыстан кейін олар жаңа серпін алады», — деді ол.
«Жол азабын жүрген білер» демекші, республика көлемінде соңғы жылдары жиі көтерілетін мәселенің бірі – жолдың жағдайы. Ел экономикасының негізі саналатын көлік логистикасын дамытуды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда да атап өтті.
Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек» дей отырып Мемлекет басшысы бұл бағытта атқарылатын бірнеше шаруаның ұшын шығарды. «Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс.
“Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады», – деп атап өтті Жолдауында Президент.
Ел арасында көптен бері дау тудырып жүрген «Қазақстан теміржолы» компаниясын да түбегейлі өзгерту қажеттігіне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев келешекте бұл салалар арқылы Қазақстанның алыс, жақын шетелдермен байланысын одан әрі нығайтуға қол жеткіземіз деді. Көлік, жол, теміржол сынды бағыттардағы түйткілдер осы кезге дейін қордаланып келіп, бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Осыны бағамдаған Президент Жолдауда жаңадан құрылған министрлігіне нақты тапсырмалар берді. Ендігі міндет көлік инфрақұрылымын жақсартуға бар күш-жігерді бағыттай білу керек
Алдағы уақытта Қазақстанда 1300 шақырымға жуық жаңа теміржол құрылысы салынады. Сонымен қатар 11 мың шақырым магистралдық желі жаңғыртылады. Мұндай қадам еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталып отыр. Бұл туралы Қытайдың Циндао қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының форумы кезінде айтылды. Халықаралық шараға қазақстандық және шетелдік 200-ден астам компания мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Қазақстан – тоғыз жолдың торабы. Еліміз арқылы өзге мемлекеттерге ең қысқа жолдар өтеді. Дәл қазір еліміз үшін көлік-транзиттік әлеуетті дамытып, көлік дәліздерін жаңғырту аса маңызды. Бұл жүк жеткізу уақытын 2 айдан, 2 аптаға қысқартуға мүмкіндік береді. Тиімді транзиттік трансконтиненталдық дәліздер желісі қазір де қалыптасқан. Жалпы Қазақстан аумағынан 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның ішінде бесеуі теміржол және 8 автомобиль дәлізі бар. Алайда әлі де әлеуетті арттыра түсу керек. Қазір Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деңгейінде осы бағытта күш салып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай елінің басшысы Си Цзиньпин арасындағы келіссөздер қорытындысы бойынша «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» дамыту жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Қазір Қазақстан бұл транзиттік бағытты дамытуға ерекше мән беріп отыр. Айта кету керек, кейінгі 9 айда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданған. Бұл өткен жылдармен жылмен салыстырғанда 88,6%-ке артық. Енді Қазақстан Қытай шекарасында құрғақ порт салу, тасымал қуатын арттыру және сауда флотын дамытуды көздеп отыр. Бұл туралы Шанхай Ынтымақстастық Ұйымының конференциясы кезінде айтылды. Жиында көлік дәліздерін цифрландыру, Алматы айналма теміржол желісінің құрылысы, Ақтау порты арқылы тасмалды арттыратын контейнерлік хаб жобасы, Құрық және Ақтау порттарының акваториясын тереңдету сияқты ірі жобалар таныстырылды. Олардың басым бөлігі жеке инвестиция есебінен іске асырылады. Форумда Қазақстан тарапы ұйымға мүше елдер өкілдерін көлік және инфрақұрылымдық инвестжобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Нұрлан Аққошқаров, ҚР ШЫҰ Хатшылығы жанындағы тұрақты өкілі: – Біз көлік логистикасы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделіміз және аталған жобаларды іске асыру барысында тараптардан жан-жақты қолдау болатынына сенеміз. Бұл іс-шара біздің ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға серпін беріп, көлік саласындағы жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларды белгілейді. Жалпы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі қарқынды өсіп келеді. Кейінгі 10 айда Қазақстан мен Қытайдың шекаралық өткелдерінен тек бір ғана теміржол арқылы тасымалданған жүктің көлемі 23,5 миллион тоннаға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 22%-ке артық. Бұл – екіжақты ынтымақтастық тарихындағы рекордты көрсеткіш. Жыл соңына дейін жүк көлемі 26 миллион тоннаға жетеді деген болжам бар.