Қоғам

Түлеген, түрленген Түркістан

Баяғыда бала кезімізде марқұм шешеміз біз бір жаққа жол жүріп бара жатқанда ұсақ күмістерді басымыздан үш айналдырып: «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Атырауда – Әулие Бекет! Құлынымды жебеп–желей жүр, адасса түзу жолға сал, пәле–жаладан сақта», – деп садақа тастап жатушы еді. Ол кезде біз бұған мән бердік пе екен десеңші… Компартияның күркіреп тұрған кезі, бағытымыз да, бағдарымыз да басқа еді ғой. Дегенмен, анамыздың үні құлағымызда қалып, сөзі жадымызда сақталды.

«…Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан ақын айтқандай, есейе келе осы қасиетті жер жайлы әңгімеге елеңдеп, азды-көпті мағлұматтарды санамызда сақтап жүрдік. Еліміз тәуелсіздік алып, өз қолымыз өзімізге жеткен кезде Түркістанның бағы жана бастады. Ұлтымыздың тарихи-этномәдени байлықтарына шынайы көңіл бөлініп, оларды қайта жаңғырту, әу бастағы қалпына келтіру жұмыстары қызу қолға алынды. Ресейден Тайқазан қайтып әкелінгенде бөркімізді аспанға лақтырып қуандық! Бұдан үш жыл бұрын Елбасымыз Түркістан облысын ашу жөніндегі Жарлығын жариялағанда «Иә, Жасаған ием, қазақ елін тіл көзден сақтай гөр. Біз жоқ іздеген, кеткен кемшіліктерімізді түзеу жолында жүрген халықпыз ғой. Соның бір парасына тағы қол жетті» деп масаттандық, мақтандық.

Иә, Түркістан – бүкіл түбі бір түркі жұртының тал бесігі, тарихи Отаны. Оны көру, көңіл  мен санаға  сіңіру  қазақ баласына парыз.

Алматыдағы «Nomad Alliance» туристік фирмасының ұйымдастыруымен әз Наурыз мерекесі қарсаңында 60 адам екі автобуспен жолға шықтық. Кешкі сағат 18-дің шамасы шаһардағы кептелістің қайнап тұрған шағы. Бір жүріп, бір тоқтап бензин мен газдың иісінен жүрегіміз айнып әзер дегенде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіне іліктік. Есікпен төрдей сала құлаш қоян құлақ қытай автобусы жайлы жолға шығысымен құландай құлдырап, жер апшысын қуырып жүре берді. Қордайдан асып, Таразды басып таң алакеуімде шырайлы Шым қалаға жеттік. Жеке билік неге жаман болсын, мәртебесі өскен осы үш жылда Шымкенттің де түр-түсі бұрынғыдан да тартымды бола түсіпті. Әртүрлі шамдармен әрленген қала көздің жауын алғандай. Жаңа құрылыстар мен мұндалайды. Бәйдібек батырдың ескерткіші асқақ та айбарлы көрінеді.

Білетіндер «Түркістан бұл жерден 160 шақырым» десті. Қазіргі жүйрік көліктерге бұл жұқ емес, сағат сегізде Арыстан бапқа ат басын тіредік. Бабамызға құран бағыштап, садақамызды салып, кермек дәмді құдықтағы зәмзәм суынан іштік. Киелі баба мавзолейінің салыну тарихы көзқарақты оқырманға қашаннан белгілі. Оны мен қайталамай-ақ қояйын. Қазақтың бертіндегі біртуар ұлы – Өзбекәлі Жәнібековтің де осы жерде жанбасы жерге тиген екен. Көрнекті етіп мазар салыныпты, жарықтық оған алтыннан ескерткіш қойса да артық балмайтын адам еді-ау! Осы бабалар ескерткішін қызғыштай қорғап, Кеңес заманның өзінде жарғақ құлағы жастыққа тимей өтті емес пе? Біреу сенер, біреу сенбес баяғыда комсомол қызметкері болып жүрген кезде осы асыл азаматпен дастархандас болып, халыққа жасаған талай игілікті ісінің куәгері болған едім. Енді сол тұрғыдан бірауыз сөз айта кетейін.

1971 жылы Торғай облысы құрылып, Өзекең облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшылығына тағайындалды. Сол кезде 35-40-тардың шамасында болуы керек. Жалындап жанып тұрған шағы. Елдің бәрі Құсайынов емес Жәнібеков десе қоғадай жапырылады. Жүрген-тұрғаны, айтқан сөзі бір аңыз. «Ойбой, Жәнібеков өйтіпті, бүйтіпті» деген әңгімелерде есеп жоқ. Бәрі азаматты мақтан тұтады. Ол кеудесіне нан піскен талай өзге ұлт өкілдерін тәубасына келтіріп, шопандар сілетінде тұңғыш рет қазақша баяндама жасатып, Арқалықта ұлттық музей ашқызып, қазақ театрының қазығын қағып, өңірге ұлттық рең берді емес пе? Жаны жанатта, жатқан жері жайлы болсын жарықтықтың!

Енді негізгі тақырыбыма оралайын. Туристерді Арыстан бап мазарын тамашалап болғаннан кейін, жол басшымыз атақты Отырар қаласының орнын көруге шақырды. Жалпы осы сапарда біз Арыстан бап, Әзірет Сұлтан, Домалақ ана, Қазығұрт, Ақмешіт жер асты үңгірі, Айша бибі сияқты оңтүстік өңірдегі киелі де қасиетті орындарды көріп, тамашалауға тиіспіз. Жол басшымыз олардың әрқайсысының қыс-қаша тарихын айтып, азды-көпті мағлұмат беруде.

Отырар орны – алып кешен. Үн-түнсіз, томаға-тұйық жатқан төбелердің асты толған сыр сандық. Соның ашылған бір қабырғасында ерте дәуірде жүргізілген жер асты су құбыры, монша сияқтылардың сұлбасы көрінді. Қала қақпасындағы қарауыл төбеге сан алуан бұрылысты, сыбызғыдай тар баспалдақпен әупірімдеп шығып, айналаға көз салдық. Қазақтың кәдімгі сағымды сары даласы. Терістік жағында ұшы қиырсыз Сарыарқа, оңтүстігінде қазыналы Қаратау мен мұндалағандай болады. Жергілікті архитекторлар мен қолөнер шеберлері, құрылысшылар барынша бұрынғы Отырардың кейпін көз алдыңа әкелуге тырысып, саналуан ғимараттар салыпты. Әлі де салып жатыр. Соларды көріп тұрып «Шіркін-ай, Шыңғыс бахадүр қалай ғана көзі қиып осы қаланы құлатты екен» деп ойлайсың. Бірақ, әр нәрсенің себебі бар. Бәлкім Отырардың әмірі Қарахан Шыңғысханның 500 елші-саудагерін өлтіріп тастамағанда Шыңғысхан қаланы қиратпас па еді, қайтер еді?! Осындай да ойға қаласың.

Түркістан қаласындағы ең сәулет-ті, ең биік ғимарат – Әзірет Сұлтан мавзолейі сияқты. Қалалықтардың айтуы бойынша, ешбір құрылыс бұдан биік болмайтын көрінеді. Үлгілік, жақсы қағидат. Мәселен, АҚШ-тың әкімшілік орталығы Вашингтонда Капитолиден биік құрылыс жоқ. Мавзолей шығыстың сәулет өнерінің ең үздік дәстүрімен аса көрнекті етіп салынған екен. Жан-жағына ағаш егіліп, гүл отырғызылып, енді абаттандырылып жатыр. Ішкі құрылысы да көз сүйсіндіргендей, сегіз бөлмеден тұрады. Орталық залының биіктігі 44 метр, қақ ортада жеті түрлі металл қосындысынан құйылған Тайқазан. Оның аумағы 3 метр, салмағы 2 тонна көрінеді.

Енді Қожа Ахмет немесе халық арасында айтылатындай Әзірет Сұлтан кім? Ол –  ұлы ойшыл, ақын, аруақты, киелі адам болған. Арыстан баптың шәкірті. Сондықтан бүкіл түркі жұрты бұл жерді киелі деп есептейді. Мұнда келіп зиярат ету Меккеге барғанмен пара-пар деп айтылады. Осында арғы-бергі кезеңде халқымыздың 164 әйгілі тұлғалары жерленген. Оның 21-і ел басқарған хандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар мен  билер,  қалғандары  да ел аузына іліккен сыйлы азаматтар.

Сөз арасында тағы бір ерекше айта кететін жай мынау. Киелі орындарға баратын кірме жолдардың бәрі де заманның талабына сай жөнделіпті. Мазарлардың жан-жағы қоршалған, абаттандырылған, санитарлық жағдайы ескерілген. Туристерге керегі де осы ғой. Әсіресе, Арыстан бап, Әзірет Сұлтан, Домалақ ана, Айша бибі мазарларының күтімі ерекше көз тартады. Келушілерді қызықтыратын тағы бір ғимарат жер асты үңгірі болар деп ойлаймын. Сырттай қарағанда бұл жай төбешік сияқты. Бір жағы терең сай. Үңгірге барар жолға баспалдақ төселген. Үңгір ішінде аспалы темір саты бар. Аңыз бойынша мұны «Айдаһар ұясы» дейді екен. Ішіне кемінде 500 адам сыятындай алып үңгір. Биіктігі 5-6 метрден кем емес. Бір қарағанда кәдімгі жұмыртқаны көз алдыңа елестетеді. Шындығында, айдаһардың балапаны ай-күні жеткенде жұмыртқаны тұмсығымен тесіп, ұшып шыққан сияқты. Үңгірдің ішінде қираған тас үгінділері әр жерде шашылып жатыр. Құдайдың құдіретімен үңгірдің күн сәулесі түсетін аузында зәулім қара ағаш өсіп тұр.

Түркістан қаласын бүкіл қазақ елі жұдырықтай жұмылып, бірлесіп салып жатқаны жамағатқа мәлім. Дегенмен, таратып айтатын болсақ, Шымкент қаласы аумағы 8,4 мың шаршы метр құрайтын ғылыми-әмбебап кітапхана, Алматы қаласы ауданы 3 мың шаршы метрлік Медиа-орталық, Елорда 5,4 гектарды алып жатқан демалыс алаңын салып тастапты. Оның 30 мың шаршы метріне ағаш егіледі, 20 мың шаршы метріне жаяу жүргіншілер жолы салынады. Атыраулықтар 10,8 миллиард теңге инвестиция құйған. Ақтөбеліктер 500 орындық драма театр салып жатыр. Батысқазақстандықтар 500 орындық концерт залын, қостанайлықтар Неке қию сарайын салып бермек, қызылордалықтар 100 адамға арналған Шығыс моншасын тұрғызып тастапты. Енді Шығыс базары немесе Венеция деп аталатын аудан көрінісі тіпті керемет. Онда келушілер арнайы моторлы қайықтармен серуендейді. «Көп түкірсе – көл» деген осы. Киелі Түркістан күн санап өзінің келісті келбетімен көз сүйсіндіріп бара жатыр.

Қорытындылай айтқанда, осы игі-лікті істердің түп қазығында бір-ақ нәрсе тұр. Ол – тәуелсіздік игілігі, ел бірлігі мен ынтымағы. Қазақ халқының ішкі энергетикасының мықтылығы, тәу заманнан бері ата-бабаларымыздан қалған жер асты, жер үсті байлығымыздың арқасы.

Авторы: Серік Шайман

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close