Қоғам

ТҮРКІСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ ТАРИХИ ОРЫНДАР

XII ғ. Ясы қаласы ретінде белгілі қоныста өз ілімін таратқан Ахмет Ясауи бабаның өмір сүрген жері зерттеулерде Шауғар – Ясы – Түркістан ретінде мың жылдық көлемінде ел тарихында орын алып келеді. XVI ғ. Түркістан аталған қала құрылымы, Ахмет Ясауи кесенесі, кесенедегі құнды заттар туралы көптеген саяхатшылар, ғалымдар мен зерттеушілердің деректерінде айтылады.

 Ибн Рузбихан дерегінде Түркістан оазисінің көктем кезіндегі көрінісі сипатталады. Мұнда бұлақтардың көптігі, ауру-індеттің жоқтығы, гүл-бақшаның көркейген көрінісі туралы баяндалады. «Йасы қаласында – Хазрет Сұлтан мазары бар, кең, құнарлы өлке» деп жазады [1, 38-б.]. Йасы-Түркістан қаласына тауарлар және қымбат бұйымдар алып келіп, онда сауда жүргізіледі. Қалаларда, керуен сарайларда ұзақ жолға сапар шеккен керуендер жүктерін жайластырып, өзге елдерден келген саяхатшылар сапарын одан әрі жалғастыратындай ет3п жағдай жасалған орындар көп болды.

1896 жылға дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанында болған мазарлар туралы сол кезде Түркістанға, Орта Азияға түрлі іс сапарлармен келген зерттеушілердің деректерінде жазып қалдырылған. А. Добросмысловтың деректерінде Қожа Ахмет Ясауидің қызы (бағып алған қызы) Жамал ханымның кесенесі болғаны айтылады. Кесенені4 құрылымын сипаттай отырып, құрылысы туралы келесі деректер айтылады. Кесене құрылысы дөңгелек мұнаралы және жасыл күмбезді болған. Құрылыс ескірген, оны бұзып, кірпіштерін қазыналық ғимараттарды салуға пайдаланған.

XIX ғ. екінші жартысындағы Түркістан қаласының құрылымы, әлеуметтік- экономикалық, этникалық сипаты, Ахмет Ясауи кесенесі туралы жазған зерттеуінде Қожа Ахмет Ясауидің қызы Жамалдың мазары туралы мәлімет береді. Сонымен бірге Ахмет Ясауидің қызы Гаухар ананың мазары аталады. Қожа Ахмет Ясауи бабаның шәкірттерінің бірі – Баба Араб мешіті болғаны баяндалады [2, 151-б.]. Қожа Ахмет Ясауидің ел аңыздарында «жеті қорғаушының бірі» деп кездесетін шәкірттерінің бірі. Мазары Әзірет Сұлтан кесенесінің маңында орналасқан. Жерленген жеріне күмбезді мазар орнатылған.

Үндемес ата және Баб Араб кесенелерінің шамамен 1870 ж. түсірілген фотосуретін (1- сурет) ұсынып отырмыз. Мұндағы суретте кесенелердің күмбездері толық сақталған.

Қожа Ахмет Ясауи кезінде елге ілімін таратып, құмар, т.б. ойындарға әуесқой болған адамдарға өз ілімін үйретеді. Алғашында ақы ала отырып үйренсе, кейіннен ілімді игеру барысында жақсы деңгейлер, білім көздері ашылып, ақысыз үйренуге бет бұрып, Ахмет Ясауи бабаның шәкірттеріне айналады. Игерген ілімдерін елге таратып, бабаның мүридтеріне айналған Жеті ата кейін қайтыс болған соң кесененің батыс тұсына қойылған екен. Қалаға кіретін көпірлердің бірі – «Бабырат» көпірі деп аталды. XX ғ. 1910–1914 ж.ж. Бабырат көпірі мен Үндемес ата мен Баб Араб кесенелері, олардың арғы бетіндегі Баб Араб мешітінің күмбезі, мешіті сақталған.

XIX ғ. 50-ші жылдарындағы Н. Северцевтің жазбасында көрген жергілікті жердің жерлеу орындарын, табиғат ерекшеліктерін, көптеген басқа да деректерді оқуға болады. Жерлеу орындары, мазарлар құрылымы туралы да деректер кездеседі. Өте көркем табиғат аясында бір жағында топырақты жар, оның үстінде ұзын қабірлер орналасқанын айтады. Көне кезеңнен қазақтар мазарларды, жерлеу орындарын төбелерге, жоғары тұрған орындарға жерлегені белгілі. Екінші жағында құмды, бұталар өскен төбелер орналасқан. Мазарлар күмбезді, жұмбаздаған балшықтан соғылған, іші төрт бұрышты құрылыс ретінде сипаттайды. Бұл күмбездері құлап, көп мазарлардың қабырғалары қалғанын, жақсы сақталғандары барын туралы сипаттап жазады. Бұл мазарлардың үш жүз жыл, одан да көне болатынын ғалым сол жерде өскен сексеуілдің өсуіне қарап мерзімдеген [3].

Мұндай мазарлар Түркістан аумағында XIX–XX ғғ. басында кездескен. Сол кезде түсірілген фотосуреттердің сақталған нұсқаларынан көруге болады.

Қазақтардың тұрғын үйлерін, сәулет өнерін зерделеген Ө. Жәнібеков қазақ жерінде түрлі себептермен діни ғибадаттық сәулет ескерткіштерінің көп сақталғанын, олардың көбі күмбезді болып келгенін, ал күмбездердің тұрғын үйдің жылжымалы түрлері – киіз үйге ұқсағанын айтқан [4]. Осы ретте ғалым Баба-әже қатын күмбезіндегі шатырлы жабынды, кейіннен дарбазалы-күмбезді сәулет өнерін дамытуға кең қолданылғанын талдайды. Қазақ халқының баспанасын зерттей отырып, шатырлы жабынды, дарбазалы-күмбезді сәулеткерлікті А.Н. Бернштамның кейіннен бүкіл Орта Азия сәулет өнерінің өзегі болғанын, үш белгі – құрылыстың күмбезді қаңқасы, портал мен ойма қыштардан құрастырылатын өрнекті екенін бөліп қарап, күмбез идеясы, оны тұтас жүзеге асыру көшпелі малшы қауым мекендеген қыпшақ даласынан алмасқанын айтады [4, 29-б]. Орта Азия сәулеттік құрылыстарын зерттеген ғалымдар жерлеу құрылыстарын зерттеуде Орта Азияға тән өзіндік бір ерекшеліктерін анықтаған.

Ғалым С. Әжіғалидың діни-жерлеу ғимараттарын зерделеген зерттеуінде үлкен кеңістіктегі жерлеу орындарының зерттелуін жан-жақты талдауы, күмбезді қос бөлмелі, т.б. жерлеу сәулеттік құрылыстардың дамуын түсінуге негіз берген зерттеу [5]. Сәулет ескерткіштерінің түрге бөлінуі, құрылым ерекшеліктері, геометриялық үйлесімділік, көне құрылыс теориясы мен тәжірибесі, құрылыс материалдарының түрлерінің зерделенуі ғалымдар зерттеуінің негізі болды. Б.Н. Засыпкин, Г.А. Пугаченкова, В.А. Нильсен, А.М. Прибыткова, В. Нусов, Л.И. Ремпель, В.Л. Воронин, Н.С. Гражданкин, К.С. Крюков зерттеулері осыған негіз береді. Л.Ю. Маньковская зерттеулері де мемориалдық құрылыстарды діни сәулет түріне бөлінгеніне үлкен назар аударылған [5, 215–216-бб.].

Қазақтардың жерлеу орындарындағы сәулеттік құрылыстары туралы сыныптаулар И.А. Кастаньенің зерттеулерінде бар. Кесенелер конустық және күмбезді, қас бетті-күмбезді, қос күмбезді деп ажыратылғанына назар аударған. Күмбезді жерлеу орындарының, мазарлардың көне заманнан келе жатқан дәстүр екенін ғалымдардың ескерткіштердің түрлерін түрлік сыныптаулары, ғылыми зерттеулері дәледеп отыр [5, 217–270-бб.].

Қоскүмбезді жерлеу орны Орта Азияда, Түркістан ескерткіштерінде орын алған. Жоғарыда аталған Түркістан қаласы аумағындағы кесенелердің, мазарлардың құрылымы саз балшықтан тұратындығымен, күйген кірпіштерден, күмбезді, төрт бұрышты етіп жасалуымен ерекшеленеді.

1866 жылы Түркістанда болған П.И. Пашино өзінің жолжазбасында 1864 жылы жаз айында кесене қабырғасын зеңбірек оқтарымен атудың нәтижесін, ондағы ойықтардың кесененің көркін бұзып тұрғанын жазады. Жазбасында Әзірет Сұлтан кесенесіне көпір арқылы өткенін баяндайды (2-сурет). Ол кезде Рабия Сұлтан бегімнің кесенесі қару-жарақ қоймасы ретінде қолданылып, кілттеліп қойылғаны баяндалады (3-сурет). Түркістанға орыс әскерлері келгеннен кейін 1864 жылдан соң, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі әскерилердің азық- түлік дүкеніне, Рәбия Сұлтан бегім мазары қоймаға айналған [3]. Кесененің оңтүстігінен 75 м жерде орналасқан Рәбия Сұлтан бегім мазары 1895 жылы құлаған. Бұл жазбалардың негізіне қарай отырып, Түркістан қаласы XIX ғасырдың екінші жартысында су толы орлармен қоршалған, көпірлер мен қақпалар арқылы кіретін қала көрінісін бейнелейді. Өзінің жазбасында П. Пашино мұсылман елдеріндегі саяхаттары барысында Әзірет Сұлтан кесенесіне ұқсаған мешіттерді көрмегенін айтады. Кесене құрамындағы ондаған бөлмелер, екі қабатты асхана, ішіндегі құдықтың қандай қызметке арналғанын түсіне алмағанын айтады. Өзінің болжамдарына сүйене отырып, Қожа Ахмет Ясауи негізін қалаған, бағыттың және кесенедегі майда бөлмелер сол бағыттағы адамдардың рухани өзін танудың, ғибадат етудің орны болар деп болжайды. Әзірет Сұлтан мазарының жанында бейсенбіден жұмаға ауған күндері Жаратушыны еске алып, ғибадат жасаған [7, 179-б.]. Мұндай құрылымдағы құрылыстар туралы Дж.С. Трингэм «орталықта аула, оның айналасында орналасқан бөлмелері болған» десе [8, 141-б.], Т.Х. Стародуб зерттеуінде Орталық Азиядағы сәулет ғимараттарының түрін ескере отырып, күмбезді бөлмесі, оның айналасында жерлеу орны, Құран оқитын бөлмесі, дәуріштер, зияратшылар тұратын бөлмелері, асхана, қойма, т.б. бөлмелері бар құрылыс ретінде көрсетеді [9, 272-б.].

Дәуріштер тұрағын ханака, текке, завия деп атаған. Ханаканың сәулеттік жобасының даму сипаты осындай.

Ортағасырлық қалалардың құрылымына сай Түркістан да бірнеше қақпадан тұрған, қорғанмен қоршалған қала ретінде суреттеледі. Қаланы қоршаған саз балшықты қорғандар, суы бар арықтар, қалаға кіретін көпірлер қала құрылымының көрінісін көрсетеді. Саяхатшылар, әскери адамдар өздерінің ғылыми мақалаларында осы тұрғыдан баяндап береді және көбінің айтқан деректері біріне-бірі сай келеді. Мысалы, Түркістанды қоршаған су толы арықтар, қалаға кіретін көпір туралы (2-сурет) айтылған деректер осының айғағы [10, 262–263-бб.].

XVIII ғ. П.И. Рычковтың зерттеуінде Ахмет Ясауи бабаның ұлын бақта өлтіріп, басын кесіп алып келіп, кейін кешірім сұраған ел туралы баяндалады. Ахмет Ясауи оларға ешқандай жамандық жасамаған. Қарғысқа ұшыраған бұл ел ешқашанда атқа отыра алмайтын жағдайға келген. Себебі, олардың тәнінде, артқы тұстарында ерекше белгі – дүм-сүйек, құйрық  секілді  сүйек  шыққан  екен.  Осылай  олар  салт  атқа  мінуге  жарамсыз  және «құйрықтылар» деп аталып кеткен [11, 64–65-бб.].

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close