TURKISTAN MARATHON-ҒА ӘЛЕМНІҢ 40 ЕЛІНЕН ҚАТЫСУДА
Бүгін «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастыруымен Turkistan Marathon Халықаралық жүгіру шарасы өтуде.
Марафонға әлемнің 40 мемлекетінен, 3000 адам арнайы келіп, жүгіріп жатыр. Сөре мен мәре visit Center Turkistan маңында орналасып, қатысушылар Бекзат Саттарханов даңғылымен әуежайға қарай жүгіріп барып қайтады.
Turkistan Marathon-ның қашықтығы дәстүрлі түрде 10 км спутниктік жарыс, 21,1 км жартылай марафон, 42,2 км марафон және 3 км (10-14 жас аралығындағы балалар) қашықтығы боп бекітілген.
Қаламызда жүгірушілер үшін арнайы жолақтар қарастырылған. Қатысушылардың пікірінше ол жұмсақ және жағымды рельефке ие. Сәйкесінше, әр түрлі деңгейдегі жүгірушілерге өте ыңғайлы.
Бағыттар Түркістанның көркем жерлері арқылы өтіп, қатысушыларға ежелгі қаланың сұлулығынан ләззат алуға мүмкіндік береді. Марафон AIMS халықаралық сөре мен жүгіру қауымдастығының бір бөлігі болып табылады және трек World Athletics стандарттарына сай сертификатталған.
Айта кетейік, марафон аясында 35 жастан асқан қатысушылар арасында 42,2 км жүгіру жарысы бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Жеңімпаздарға арнайы қаржылай және сертификатты сыйлықтар табыс етіледі.