ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТАРИХИ НЫСАНДАРДЫ БІЛЕСІЗ БЕ?
Түркістан облысы тарихқа толы құт мекен. Өңірде туристерді тартатын әсем табиғат та, таң қалдыратын тарихи нысандарда жеткілікті.
“Әзірет Сұлтан” тарихи-мәдени кешені
Түркістан қаласы аумағында орналасқан. Кешенге келесілер кіреді: Қ.А.Ясауи кесенесі, Салқам Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Шақшақ Жәнібек, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі Үлкен Қылует Қаз Дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Жауғаш батыр және басқада ұлы тұлғалардың жерленген жері.
Қ.А.Яссауи кесенесі ХІҮ ғасырдың соңы Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесі XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, сопылықты уағыздаушы Ахмет Яссауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына соғылған. Кесене – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы.
Орта Азия мен Қазақстандағы біздің занамызыға дейін сақталған ең зәулім күмбезді, қыштан соғылған ғимарат. Оның көлдененеңі – 46,5 м, ұзындығы – 62,5 м. Сыртқы көрінісі симметриялы жинақы келген бұл құрылысқа үлкенді-кішілі 35 залдар мен бөлмелер сыйып тұр. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әр түрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатады.
Күлтөбе (Ясы, Түркістан) қалашығы, б.з.д. ІІ ғ. – ХІХ ғ.ғ.
Күлтөбе Ортағасырлық Түркістан қаласының шығыс жағында, Қ.А. Яссауи кесенесінен оңтүстікке қарай 480 м жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 235 м. Сопақша келген, биіктігі 9 м, аумағы 150х120 м ауқымды төбешік болып келеді. Ескерткіштің топографиясы қатты өзгеріске ұшыраған. Күлтөбеде алғашқы болып археологиялық қазба жұмыстары 1972-1974 ж.ж. Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды тарапынан жүргізілді. Белгілі археолог Е.А. Смағұловтың пікірінше қала б.з.д. ІІ ғ. Жібек жолымен қатар қалыптасқан.
Сауран қалашығы, ХІІІ-ХVІІІ ғғ.
Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының мәдениеті түйіскен жерде орналасқан «сауда-саттық айлағы», әрі Жібек жолы бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Сауран қаласы жайлы ортағасырлық деректерде көптеген мәліметтер кездеседі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VІ – ХІІІ ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі ХІV – ХVІІІ ғасырларды алып жатыр.
Қазығұрт тауы
Орналасқан жері: Шымкент қаласынан 35 шақырым оңтүстікте орналасқан. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 55 км-ге созылған. Ортаңғы биіктеу бөлігінің ұзындығы 22 км, енді жері 10 км. Ең биік жері жотаның шығыс бөлігінде орналасқан (1768 м). Әлемде кеңінен тараған аңыздардың бірі — Нұх пайғамбар кемесі туралы әпсана. «Киелі тау», «жержүзілік топансу», «Нұх пайғамбардың кемесі» жөнінде әлемдік мифологияда көптеген діни аңыз-әңгімелер бар. Олар негізінен иудейлік, христиандық, исламдық параллельдерден тараған. Исламдық параллель негізіндегі «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген қазақы мифологиялық нұсқаның атап айтарлықтай өзіндік ерекшеліктері бар.
Ақбура әулие
Орналасқан жері: Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылынан 6 шақырым шығыста орналасқан. Кесене жобада бір күмбезді, төртбұрышты пішінде, қабырғалары түрлі оюлармен өрнектеліп, күйген кірпішпен өрілген. Күмбезі аспан түстес сырмен боялған. Кесененің ұзындығы – 9,8 метр. Ені – 9 метр. Биіктігі — 6 метр. Күмбезі – 3 метр. Түрлі ауруға ем болатын бұлақ және кесене адамдардың зиярат ету орнына айналған.
Ғайып Ерен Қырық Шілтен
Орналасқан жері: Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Қазығұрт тауы баурайында орналасқан. Ел арасындағы аңыз-әпсаналарға қарағанда, бағзы заманда бір сахабаның баласы жанына серіктерін ертіп, барлығы қырық кісі болып, қасиетті жерлерді аралап, түнеп, зиярат етіп кете беріпті. Ол кісілер Қазығұрт тауы баурайына барып, қазіргі Әңгірата ауылына жақын тұста орналасқан тасқа түнеп, соны мекенжай етіпті дейді. Тағы бір аңызда олардың атын «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп атаса, екінші бір әңгімеде «Қызыр Ата Қырық Шілтен» дейді. Қалай десе де Қазығұрт бөктеріндегі жергілікті халық әлгі қырық кісіні ғайыптан пайда болған әулиелер, олардың топтастырылып айтқандағы аты – Шілтер деп түсінеді. Содан ол жер «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп аталып кеткен. Расында да бұл атаудағы «Шіл» сөзі парсы тілінде «қырық» дегенді білдіреді. Маңайындағы түрлі ауруларға шипалы бұлақтарына зияратшылар көп келеді.
Ақмешіт үңгірі
Орналасқан жері: Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақмешіт ауылында орналасқан. Әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгірдің ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 м. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Аңыз-әңгіме: Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шығып-түсіп жүрген деген де аңыз айтылады. Үңгірге перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді.
Отырар қалашығы І – ХVІІІ ғғ.
Отырар ауданы, Талапты ауылының оңтүстік шетінде, Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсына жақын орналасқан. Қалашықтың келбеті Қазақстан мен Орта Азияның ортағасырлық ескерткіштерінің көпшілігіне тән. Цитадель мен шахристан биіктігі 18 м келетін бес бұрышты төбе түрінде. Төбенің аумағы – 20 га. Айналдыра қабырғамен қоршалған. Оның кей тұстары қазірдің өзінде 75-800 тік. Қабырғада мұнаралар болған, олар қабырғаның сыртына шығып тұрған дөңгелекше келген төбешіктер түрінде сақталған. Қабырғаның сыртында жайпақ сай түріндегі ор көрінеді, оның тереңдігі 2-3 м, ені 10-15 м. Қалаға үш қақпа арқылы кіретін болған. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы, оңтүстік және солтүстік-шығыс қабырғада, үшіншісі батыс қабырғаның ортасында орналасқан.
Созақ қалашығы Х-ХVІІІ ғғ.
Орналасқан жері: Отырар ауданы, Маяқұм ауылының солтүстігінде 9,5 км қашықтықта, Ақжар деген жерде орналасқан. Сырдария өзеніндегі өткел қасында орналасқан. Зерттелуі: 1900 жылы Н.В.Руднев қазба жүргізіп зерттеген. 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам), 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.А.Ақышев, К.М.Байпақов) зерттеген. Қысқаша анықтамасы: Ғылыми әдебиетте Оқсыз Әбу Насыр әл-Фараби туған ортағасырлық Весидж қаласы деп есептеледі. ХІІІ ғасырда қала Зернук деген басқа атпен белгілі болған. Сырдария өзеніндегі өткел қасында орналасқан. ХІІІ ғасыр ортасында Зернук қаласы армян патшасы Гетум саяхатының сипаттамасында аталады.
Дәуіттөбе қалашығы (Есім хан ордасы)
Төлеби ауданы, Қасқасу а/ә қарасты, Кеңесарық ауылындағы Сайрамсу өзені жағасында орналасқан.
Ханқорған қалашығы, VІІІ-ХІІ-ХVІІІ ғғ.
Орналасқан жері: Сайрам ауданы, Мәдени ауылынан 0,5 шақырым батыста орналасқан. Қысқаша анықтамасы: Археологтардың пікірінше, ол ҮІ-ҮІІІ ғасырларда пайда болған. Оңтүстік Қазақстан қалалары, Орта Азия қалалары секілді үш бөліктен тұрады – ішкі қамал (цитадель); шахристан (дуалмен бекіндірілген қала) және рабад (қала төңірегіндегі сауда-қолөнер орны).
Үкаш ата кесенесі мен құдығы, ІХ-Х ғғ.
Аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың сахабасы екен. Оны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді».Сонымен жоғарыда келтірген деректерді талдай келіп мынадай қорытынды алуға болады. Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Шығу тегі жағынан Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бірқатарда тұрады. Ал Кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр.«Үкаш-ата» туралы халық арасында аңыз-әфсаналарда хз.Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың сақабасы, мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған.Укаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі 4,5 метр, биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25м құрайды. Осы құдықтың басында барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зиаратқа ағылып келіп жатады.
Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі, ХІХ ғ. соңы — ХХ ғ. басы
Созақ ауданы, Құмкент ауылының маңындағы Жылыбұлақ деген жерде орналасқан. Баба түкті Шашты Әзіз — қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне, мұсылмандар арасында әулие саналған. Аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес.
Ысқақ баб (Баба ата) кесенесі, ХІХ соңы
Орналасқан жері: Созақ ауданы, Баба ата ауылының солтүстік шетінде, мазарат ішінде орналасқан. Қысқаша анықтамасы: Баба Ата (Ысқақ баб) Түркістан өлкесіндегі беделді дін иелерінің бірі болған. Оның қабірінің басындағы құлаған көне мазарының орнына ХІХ ғасырда жаңа кесене салынған. Жалпы көлемі – 21х13 метр. Төбесі екі күмбезді кірпіштен өріліп жабылған. Ішкі бөлмелері гипспен сыланып, қабырғасы михрабпен безендірілген. Ел, Ұлы ғұламалығын қадірлеп, дін қақпасы атандырған – Ысқақ Баб, әулиелердің сұлтаны атанған Құл Қожа Ахмет Ясауидің сегізінші бабасы.
Гауһар ана кесенесі, XII—XIV ғғ.
Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Ел арасындағы әңгімелер мен тарихи деректерде Қожа Ахмет Иасауидің бір ұл, бір қызы болған. Ұлының ата – Ибраһим, қызының ата – Гауһар.Гауһар ана — Әлқожа атаның жұбайы болған. Кесене тұрған 8 гектар аймақ, айналасында жеміс ағаштар мен талдар өсіп тұрған ,бау — бақшалы алқап. Басында құдығы бар. Маңындаға бір шақырымдай жерде ыстықтығы 35-37 градустық, тереңдігі 1200 метрден шығып жатқан жер асты ыстық суы мен емдейтін сауықтыру профилакториясы орналасқан.