Қоғам

ТҮРКІСТАН ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕР МЕКЕНІ

Адамның тарихи жадысы мәдени-әлеуметтік бірегейленуінің басты факторы болып табылады.

Себебі, тарихи жады біздің ортақ естеліктеріміз арқылы бір-бірімізді байланыстырады, туыстық, достық, топтық, тіпті этникалық қатынастарды реттейді. Тарихи жадының белгілі орындарға, мекендерге байланысты орын алуы ғылымда материалдық мәдениет пен рухани құндылықтардың ортақ қатынасын түсіндіреді. Мемориалды орындарды тарих, этнография, әлеуметтану, антропология, философия, архитектура, география және т.б. ғылымдар шеңберінде зерттеледі. Бұл адамдардың тарихи кезеңдерде атқарған өмір тәжірибесінен хабар беретін басты мұра ретінде сакралды деңгейде қарастырылады. Елдің тарихы мен мәдениетінде орын алатын осындай орындарды мемориалды ескерткіштер ретінде қарастырамыз. Себебі, мемориалды орындар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі мәдениетті дәріптеуші орталық ретінде де түсіндіріледі.

Осындай мемориалды орындардың қала құрылысындағы алатын орны тұрғындардың мәдени-әлеуметтік жағдайын және қоғамдық қатынастарын көрсететін негізгі символикалық нысан ретінде қарастырылады. Соның ішінде мемориалды ескерткіштер мен орындардың қалыптасуы әр кезеңде мәдени, саяси және мемлекеттік жүйенің үрдісіне байланысты болды. Осы тұрғыда мемориалды орындар жекелеген ғимарат ретінде сол кездегі мәдени ерекшелігіне сай болып уақыт өте келе құндылығы артса, кейінгілері кейбір тарихи оқиғалар мен мемлекеттік идеологияны жүзеге асыруда және жекелеген  тарихи оқиғаларды ұрпақ санасында дәріптеу мақсатында қалыптастырылады. Сонымен қатар, кейбір мемориалды орындардың санаулы жылдардан кейін құндылығы жойылып, тарихилығын жоғалтады. Осындай мемориалды орындардың түрлері Қазақстандағы көптеген қалаларда кездеседі. Соның ішінде тарихы 2000 жылға жуық уақытты қамтитын Түркістанның алатын орны ерекше. Себебі, Түркістанның қала құрылысында жоғарыда аталған мемориалды кешендердің барлық түрі орын алған. Сонымен қатар, Түркістанда  табиғи-климаттық жағдаймен байланысты Оңтүстік өңірдің қала құрылысындағы ерекшеліктер де сақталған. Түркістан қаласындағы мемориалды орындардың қызметі жөнінде көптеген жазба деректер, археологиялық қазба жұмыстарының материалдары, музейлердегі экспонаттар дәлел ретінде қолданылады. Сонымен қатар, мемориалды орындар қазіргі уақытқа дейін қала тұрғындарының тарихи жадысындаөз маңыздылығын жоймаған.

Қазіргі Түркістан қаласындағы мемориалды орындарды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Соның ішінде, ортағасырлық, таяу заман және қазіргі заман кезеңіне жататын ескерткіштер. Түркістандағы ортағасырлық ескерткіштердің сақталуы қала тұрғындары үшін аса маңызды болып табылады. Себебі, қалада сақталған ортағасырлық сәулет өнері Түркістанның қазіргі дамуын, қалалық бірегейленуін, туристік әлеуетін көтеруін қамтамасыз етіп отыр. Осындай ерекше тарихи ескерткіштің негізгісі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болып табылады. Бұл орта ғасырға жататын ескерткіш болғанымен тарихилық және мәдени маңыздылығы жағынан осы күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен қатар, Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі де өз сәулетімен көз тартады. Оның сыртында әл-Қожа ата кесенесі  және соңғы кезде археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған құрылыс нысандары жатады [Әзірет-Сұлтан, 2019]. Бір сөзбен айтқанда ортағасырлық Түркістанның сол кездегі келбетін осы ескерткіштер арқылы білеміз.

Түркістанның ортағасырлық мемориалды орындары белгілі кезеңдермен шектеліп қалмай, таяу заман дәуірінде де дамып жетіліп отырды. Оның негізгі көрінісі Қазақ хандығы тұсында болды. Мысалы, Түркістанның Қазақ хандығы астанасы болған тұсында қазақтың хандары мен билері, батырлары және белгілі тұлғалары Хазірет Сұлтан кесенесіне жерленуді жөн көрді. Нәтижесінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңайы пантеонға айналды. Кесене ішінде және оның маңайында жерленгендер қатарында Есім хан, Абылай хан, Қазыбек би және басқа да тұлғалар бар. Бұл тұлғалардың қабір тастары мен құлпытастары архитектуралық ескерткіш болғанымен өз кезегінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи дерек болып табылады. Осы сақталған ескерткіштердің қазіргі уақытқа дейін сақталуы Түркістан өлкесінің киелі мекен ретінде танылуына негіз болып отыр.

Қаладағы жаңа заман ескерткіштерімен қатар, тек ұлттық мәнде емес, сонымен қатар, патшалық Ресейдің де өз орны сақталған. Оның бір көрінісі қазіргі Түркістан темір жол станциясының ғимараты болып табылады. Ғимараттың тарихилығы XIX ғасырдың аяғы мен XX  ғасырдың басындағы қазақ жеріндегі көлік қатынасынан хабар береді. Соның қатарында Түркістан – Сібір темір жол байланысының аса маңызды құрылыс екенін осы сияқты архитектуралық нысандардан байқауға болады. Сонымен қатар, 1870 жылдың ортасына қарай қазіргі заман ескерткіштеріне сол кездегі әскери казармалар, оқу орындарының ғимараттары жатады. Мемориалды орындар қатарында Кеңес үкіметі тұсындағы қазақ халқының қилы тарихын баяндайтын ескерткіштерде жеткілікті. Соның бірі 1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш, Мәңгілік алау, Жеңіс саябағы және т.б. XX ғасырдың ортасындағы мемориалды ескерткіштер болып табылады.

Бұл мемориалды орындардың қорытынды жиынтығы ретінде Қазақстан тәуелсіз алғаннан кейінгі орын алған мәдени үрдістер негізінде қалыптасқан құрылыс нысандары мен ескерткіштер болып табылады. Ұлттық стиілге ие әртүрлі әкімшілік ғимараттардың құрылысы осы кезеңге тұспа тұс келеді. Сондай-ақ, еліміздің егемендігінің дербес символы ретінде Рәміздер саябағы, түркі халқының бірлігі мен тұтастығын дәріптейтін Түркі саябағы Түркістанның қазіргі өмірінде ерекше орын алады.

Жалпы, мемориалды орындарды қала тұрғындарының барлығының ұнататын жері деп айтуға болмайды. Мұнда халықтың әлеуметтік, жас ерекшелік бөлінісі де үлкен рөл ойнайды. Мысалы, ардагерлер үшін Жеңіс алаңы, Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштер қастерлі болса, жастар үшін саябақтар, жаңадан бой көтерген құрылыс нысандары жағымды болып көрінеді. Сонымен қатар, орта буын мен туристер үшін де басты киелі жер ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болып табылады. Сондықтан қала ішіндегі мемориалды орындарды зерттегенде жас ерекшелік және әлеуметтік маңызына да мән берілуі керек.

Қазіргі кезде, Түркістан қаласының қайта жандануы  көптеген мемориалды орындардың пайда болуына негіз болды. Соның ішінде қала ішіндегі құрылыс нысандарының мәдени-әлеуметтік бағытқа негізделуі десек болады. Сондай-ақ, Түркістандағы қазіргі құрылыстардың дені ортағасырлық стильде салынуы қаланың тұтас мемориалды орын екенін көрсетеді. Бұл қаланың өзара бірегейлігін қамтамасыз ететін негізгі фактор болып табылады. Қолға алынып жақтан осы ерекшеліктер Түркістан қаласын тек тарихи қала емес, сондай-ақ, туристік қала ретінде де маңыздылығын арттырады. Бұл қазіргі Түркістан қаласының стратегиялық бағыты ретінде түсіндіріледі.

Қорытындылай келе, Түркістандағы мемориалды орындар өзіндік ерекшелікке және өзара ортағасырлық стильге ұласқан бірегейлікке негізделген. Мұны Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда Түркістанның әр кезеңде де өзінің тарихи мемориалды орындарының көпшілігімен ерекшеленеді. Қазіргі кезде қаланың осы ерекшелігі өңірдегі туризмнің дамуына, мәдени-әлеуметтік үрдістердің жан-жақты бағыттарының қалыптасуына жағдай жасайды.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close