ТҮРКІСТАН: ҚАРАШЫҚ ҚАЛАШЫҒЫНДА КЕШЕНДІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
Жалпы облыс аумағында 1770 ескерткіш есепке алынған. Облыс аумағында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің экспедициясы 3 археологиялық ескерткіш орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда Сауран ауданынындағы Қарашық ІІ қалашығы, Келес ауданында орналасқан Мыңтөбе оба қорымдары мен Күлтөбе қалашығы ескерткіші және Созақ ауданы, Қызылкөл маңындағы оба қорымдары. Соның ішінде жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес «Қарашық өңіріндегі ескерткіштердің бүгіні мен болашағы» атты далалық семинар жұмыстары ұйымдастырылды. Шараға археолог мамандардан бөлек, Түркістан обылысы мәдениет және туризм басқармасының өкілдері, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Археология ғылыми зерттеу орталығының басшысы қатысты.
Семинар кезінде жоба жетекшісі, профессор Мадияр Елеуов аталған ортағасырлық Қарашық қаласының тарихи маңыздылығын, жүргізілген зерттеу нәтижелері және табылған көне жәдігерлерге тоқталып, жан-жақты түсіндірме берді. Қатысушыларға осы жылы жүргізілген алғашқы қазба жұмыстарының барысымен таныстырды.
– Қыркүйек айының 1-нен бастап, күні бүгінге дейін осы нысанда жалпы 3 қазба жұмысы жүргізілді. Қаланың орталық бөлігі, шахристан, рабадтан (қаланың шаруашылық аймағынан) тұратын цитателдегі қазба жұмыстарын белгілі археолог Дөкей Талеев басқарып, онда көлемі 20×20 метр, тереңдігі 1 метр етіп қазба салып, нәтижесінде бірнеше бөлмеден тұратын тұрғын үйдің орнын анықтады. Тұрғын үй ішінен әртүрлі ыдыс сынығы мен үй жануарларының сүйегі кездесіп, бір ошақ ашылды. Шахристандағы 1 және 2 қазбаны өзім жүргіздім. Бірінші қазба Қарашық өзенінің жағасындағы тік жарқабақта жүргізіліп, ені шығыстан батысқа қарай 4 метр, ұзындығы 8 метр жерге салынды. Нәтижесінде пахсадан, кейбір қабырғалары тастан қаланған тұрғын жайдың орны ашылып, одан әртүрлі ыдыс сынықтары мен үй жануарларының сүйектері кездесті. Сонымен қатар осы қазбаның жарқабаққа жақын жиегіндегі топырақты құлатып, тіктеп археологиялық әдіснамаға сай кесік қазба салынып, Шахристандағы қамал орны анықталды. Осы бірінші қазбаның оңтүстік жағынан жанамалап, екінші қазба жұмыстары жүргізілді. 1 тандыр және ашық ошақтың орны анықталды., – деді профессор.
Экспедиция жұмыстарына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Археология ғылыми зерттеу институтының және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері де қатысты.
– Қазіргі таңда «Қарашық өңірінің ежелгі және ортағасырлық қалалары» тақырыбымен ғылыми жоба бойынша ортағасырлық Қарашық қалашығында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр Аталған ғылыми жобалар министрлік гранты бойынша жүріп жатыр. Әр жыл сайын 2 ай көлемінде жұмыстар жүреді. Еліміздің оңтүстік өңірінде әлі анықталмаған ескерткіш орындар өте көп. Оларды анықтау бойынша келесі жылы Бәйдібек, Сауран ауданының аумағында ескерткіштер санын нақтылау бойынша жоспарланған. Алдымен археолог мамандары тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстары жүреді, содан кейін тиісті аудан-қалалармен жұмыс істейміз, – деді Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық басшысы Жандос Құрбан.
Айта кетейік, оңтүстік өңірінде археологиялық зерттеулер жүргізіп ежелгі, ортағасырлық мекендер мен қалаларды есепке алып, оларда кешенді пәнаралық зерттеулер жүргізуді мақсат еткен жоба жұмыстары үш жылға жалғасады.