ТҮРКІСТАН ТУРИЗМНІҢ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУДА
Туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Әлемде туризм саласымен ғана дамып, байып, елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер көп. Атап айтқанда, Еуропа елдері, Оңтүстік Америка, Шығыс Азия және теңіз, мұхиттармен жалғасып жатқан аралтектес мемлекеттер. Қазақстандағы туризмі дамып жатқан, енді қарқын алып келе жатқан сала. Соған қарамастан, отыз жылдан астам уақыт ішінде бүгінгі күнге жету үлкен жетістік. Бұған септігін тигізіп отырған туризм саласы десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға оның географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Арысы мұнаймен, құмды даламен шектесетін елдің орталығы да, солтүстігі де керемет байлықтармен байып жатыр. Ата-бабамыздан қалған ен байлығымыздың бірі – жер десек, жеріміз кең, әрі бай, таулы аймағымыз мол, орманды алқабымыз жеткілікті. Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасуда. Елімізге келетін туристердің, жиһанкездердің айтуынша, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтау және қаншама мың жылдық тарихы бар Түркістан – Қазақстандағы ең керемет туристік қалалар қатарына жатады.
Қазақстан туризмі дамып, қарқын алып келе жатыр. Туристік саланың дамуы бір табиғаттың әдемілігімен ғана емес, туристік бағытты дамытуға арналған құндылықтарымен де ерекшеленеді. «Туризм» – француз тілінде – серуендеу, жол жүру, яғни адамның бос уақытында мәжбүрлеумен емес, өз еркінше көңіл көтеру мен демалу үшін тәуекел жасауы. Жақын жерге баруды – серуен десек, ұзақ, алыс жерге бару – саяхаттау деп аталады. «Туризм» сөзінің алғашқы анықтамасын профессорлар Хунцикер мен Крапф 1942 жылы ұсынған. Туризм – әлемдік экономикада басты рөлдердің бірін атқарады. Адамдардың өз аумағынан тыс жерлерге орналасуы мен тұрақтануынан туындаған іс-әрекеттер мен құбылыстардың жиынтығы. Егер олардың орналасуы мен тұрақтылығы негізгі, тұрақты немесе уақытша пайдаланылмаған болса.
Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы. Еуразияның кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар тұрғызылып, мәдени ошақтар салынды. Қазақстан өзінің бай табиғатымен, сырға толы өзен-көлдерімен, тау-тастарымен, орман-шөлейттерімен талай тарихи оқиғалардың куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты басынан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар, шежірелі тарих болып қалмақ.
1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жетерлік. Сондықтан Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай, «Екі дүние – есігі, ер түріктің – бесігі», түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, яғни түркі дүниесінің рухани астанасы болып отыр. Облыс орталығы болғалы Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін «Алтын көпірге» айналуда. Орта Азия елдері мен Түркия мемлекетінің жалпы съездері, мәдени-рухани басқосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Оның мақсаты – рухани қалада экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру.
Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі.
Облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.
Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.
Шавгар – Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынғаннан кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап, Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылдан бастап, Қазақ хандығының астанасы деп танылды. Бүгінде Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың небір хандары мен билері жерленген.
Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы. Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Республикалық Мемлекеттік тарихи-мәдени «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайын» айтуға болады. Тарихи мұражай қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегімнің мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т.б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, алғашқы тарихи мұражайлардың маңызы ерекше.
Ортағасырлық Түркістан қаласының маңызы, мұнда ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан. Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға қалдықтары сақталған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3,5 шақырымға жуық. Жер қабаттарын зерттеулер бойынша, қаланың қамалы Монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVII ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған. Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Түркістанның бақыты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Яссауи тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауидің бейітінің үстіне салынған. Бұл ғимаратты XIV ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Ол – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстардың бірі. Оның негізін жамағатхана, қабірхана, мешіт, үлкен және кіші Ақсарай, кітапхана, асхана, құдықхана және хужра бөлмелерін құрайды. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.
Есімхан кесенесі. Тәуекелден кейін 1598 жылы тарих сахнасына Есімхан шығады. Ол кесене жобасында төртбұрышты, оның қасбеттері-фасаттары плиткалармен қапталған. Құрылыстың сағана бөлігі сақталған. Архитектуралық, археологиялық зерттеулерге қарағанда, бұл құрылыс XVII ғасырда салынған. Кесенеге қазақ ханы, кейінгі ортағасырлық Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері Есім хан 1628 жылы жерленген. Есім хан бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға қатысқан, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған батыр. Шығай ханның ұлы Есім хан жерленген кесене.
Рабия Сұлтан бегім кесенесі. Жобасында төртбұрышты. Ол ішкі 8 қырлы және 4 төртбұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің ханы Әбілхайырдың әйелі болған.
Қылует жер асты мешіті. (ХІІ-ХІХ ғасырлар) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстікте, 150 метр қашықта орналасқан. Оның салынуы Ахмет Яссауидің есімімен тығыз байланысты. Құрылыс ХХ ғасырдың 40-жылдарында толығымен бұзылып, қыштарын зауыт салуға қолданылған. Археологиялық, архитектуралық зерттеулерге сәйкес 1941 жылы жасалған макетке сүйене отырып, Қылует жер асты мешіті толығымен қалпына келтірілген. Құрылыстың ең көне бөлігі – ғартхана (XII ғ.) бөлмесі болып табылады. Жер бетінен 4 метр тереңдікте орналасқан бұл бөлменің көлемі 1,5 х 1,5 метр. Ахмет Яссауи пайғамбар жасына толған соң, қалған өмірін жер астында өткізген.
Ортағасырлық шығыс моншасы. (XVI ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 150 м қашықта орналасқан, 7 бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген. 1979 жылдан бастап, оның негізінде Шығыс моншасы мұражайы ашылған.
Құмшық ата жер асты мешіті. (ХІІ ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым қашықта орналасқан. Жер асты мешіті сопылардың діни-ғұрыптық құрылыстары қатарына жатады. Ол да күйдірілген қыштан салынған. Сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған. Құмшық Ата мешіті екі бөлмелі, ұзынша келген (10 м-ге жуық) ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Шаршы шикі кірпіштерден қаланған. Түкпірдегі мекен-жай көлемі 2х2 м-ге жуық, биіктігі 1,6 м, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген. Оған іргелес диаметрі 2,5 м және биіктігі 2 м-дей дөңгелек пошымды үй күмбезделіп жабылған. Дәлізі иірлі келген, негізгі құрылыс күйдірілген кірпіштен қаланған күмбезбен көмкерілген. Төбенің орта деңгейінен құдық тәріздес, диаметрі 1 м-дей, дәлізге жарық түсетін ойық жасалған. Жер асты мешітіне кіретін есік қирап қалғандықтан, баспалдақтың сатылары анықталмаған. Мешіт пен дәліздің қабырғасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен өрілген. Бөлме қабырғаларында шырағдан қоюға арналған шағын қуыстар бар. Құрылыстың ішкі құрылымы сыланбаған. Жер асты мешіті Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген әулие Құмшық Атаның есімімен байланысты айтылады. Зерттеулер Құмшык Ата мешіті ХІІ ғасырдан бастап халық жиналып, діни уағыздар рәсімі өтетін орын болғанын растайды
Гауһар ана кесенесі. Тарихи деректер бойынша, Гауһар ана – Қожа Ахмет Яассауидің қызы. Гауһар ана бейіті – тарихи-архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі. Кесене Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір автокөлігі жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Гауһар ана кесенесінің ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді, алғашқы қабірдің орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қаббірдің жанынан зиратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс тұрғызылды. 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған.
Әлқожа ата кесенесі. Кесене ХІІ-XV ғасырлар шамасында салынған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 км жерде Ә.Тұтқабаев көшесінің бойында орналасқан. 1997-1999 жылдар аралығында өзінің сәулеттік ерекшеліктері толық сақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қабірхана, жамағатхана және бастырмадан тұратын ескерткіш күйдірілген кірпіштен қаланған. Қабірхана мен Жамағатхананың бөлмелері күмбезделіп жабылып, төрт жағынан терезе ойықтары орнатылған. Бастырмасы айнала төрт қырланып, кірпіштен өрілген. Халық аузындағы аңызға қарағанда, Әлқожа ата Қожа Ахмет Яссауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың күйеуі болғандығы айтылады. Жалпы қорғау аймағы 3,0 гектар.
Жұма мешіті. Республикалық маңызы бар ескерткіш болып табылады. Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай қорығының құрамына кіреді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 125 метр қашықтықта, «Қылует» мешітінің жанында орналасқан.
Шілдехана. XII-XIV ғасырлардағы сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ескерткіш қиратылып, 1980 жылы қалпына келтірілді. Шілдехана – бұл жартылай жер асты ғимараты, оның сақталған бөлігі жер астында, беткі жағынан 2 м тереңдікте орналасқан.
Цитадель – қамал қабырғасы. Қамалдың, рабадтың және Қожа Ахмет Яссауидің айналасындағы бекініс қабырғасы XV-XIX ғасырлардан бері келе жатқан мұраға жатады. Ескерткіш қамал қабырғасының жұрнақтары болып табылады. Қабырғаларды қала қабырғаларына іргелес шамамен 150 метр болатын шұңқырмен қаптаған. Қабырғаның сақталған бөліктері биіктігі 10 метрге дейін көтерілген.
Қақпалар. Халық арасында «Төрт қақпалы Түркістан» деген атпен белгілі, ХІХ ғ. қалған Жеті ата, Тәкиә, Мүсәллә және Дарбаза қақпаларының дәл орындары анықталып, археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қақпалар ортағасырлық Түркістан кезінде тұрғызылған.
Хан ордасы. Бұл жер Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 300 метр қашықтықта орналасқан. Ең алғашқы ақпаратты XVIII ғасырдың соңында құрастырылған орыс археологиясының жетекшісі Д.г.Мессершмидт картасынан табуға болады. 1875 жылғы қала жоспарымен 1954 жылғы картамен салыстыра отырып, жоспар-сызбаларымен бір хан ордасының нақты орналасқан жерін көруге болады. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі ғимараттардың XVII ғасырдың соңында немесе XVIII ғасырдың бірінші жартысында салынғанын көрсетті.
Күлтөбе ескі қаласының орны. Күлтөбе ортағасырлық Түркістан қаласының шығыс жағында, Қ.А. Яссауи кесенесінен оңтүстікке қарай 480 м жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 235 м. Сопақша келген, биіктігі 9 м, аумағы 150х120 м ауқымды төбешік болып келеді. Ескерткіштің топографиясы күшті өзгеріске ұшыраған. Күлтөбеде алғашқы болып археологиялық қазба жұмыстары 1972-1974 жж. Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды арқылы жүргізілді. Белгілі археолог Е.А. Смағұловтың пікірінше, қала б.з.д. ІІ ғ. Жібек жолымен қатар қалыптасқан.
Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытында салынған «Түркістан тарихи-этнографиялық орталығындағы» тарихи-мәдени жәдігерлердің орны бөлекше. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылған бұл орталықтың туристерге берер тәлімдік-танымдық маңызы зор. Бүгінде бұл орталық ғимараты қала әкімдігіне ауысып, жаңадан «Ұлы Дала Елі» атты бүкіл тарихынан жанды сыр шертетін кешенді құрылыс ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде кез келген турист, не қонақты апарып көрсететін арнайы тарихи орынға айналған. Ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ тарихының қырлары мен сырлары осы ғимаратқа кірген туристердің танымын арттырып, баурап алары анық. Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де, киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда.
Түркістанға келетін туристердің саны күн санап артып келеді. Рухани астанамызға ағылатындардың қатарында шетелдіктер де көп. Нақты айтқанда, Түркістанға келетін туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.
Ежелден рухани астана болып саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз. Биылғы жылы негізгі қаржыға тартылатын инвестиция көлемі 179,1 млрд теңгені құрайды деп жоспарланған. Алайда, туристтік қалаға қаржы құйғысы келетіндердің қатары күр өсіп, жоспар 7,3 пайызға артығымен орындалды. Атап айтқанда қала экономикасының дамуына тартылған инвестиция көлемі 192,1 млрд теңге.
Өнеркәсіп саласында 2021 жылдың қорытындысы бойынша 20045,3 млн. теңгенiң өнімі өндіріліп, 2020 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда өсім 5,2 % құраса, өнеркәсіптің басым саласы – өңдеу өнеркәсібінде 12498,3 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 98,5 %-ды құрап орындалмады (Жоспар- 105,0 %). Электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 6501,0 млн.теңгенi құрап, 165,6 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімдері бойынша қаланың облыс көлеміндегі үлесі 2,8 пайызды құрап, қала, аудандар бойынша 6-орында. Үдемелi индустриялы-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» құны 24 млрд теңгені құрайтын 17 жоба енгiзiлген. Осы кәсіпорындарда 1088 жұмыс орнын ашу көзделген. Жалпы бағдарлама бойынша 2021 жылы өндiрiлген өнiмнің көлемi 4470,8 млн. теңге, жалпы өңдеу өнеркәсiбінің өнiмi көлемiндегi үлесi 35,8 пайызды құрады. Ағымдағы жылы индустрияландыру картасына жоба құны 2 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба қосылды. Оларда 166 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Өнеркәсіп көлемін арттыру мақсатында қолданыстағы 40 га жер телімі қосымша 310 гектарға ұлғайтылып, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. 2015-2020 жылдар аралығында жобаның құны 6,9 млрд. теңгені құрайтын 18 кәсіпорын мемлекеттік қабылдаудан өтіп, іске қосылған. Олардан 1210 жұмыс орны ашылды. 2021 жылы өнеркәсіп саласында жобасының құны 2754,0 млн. теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылып, 310 жұмыс орны ашылған.
Ауыл шаруашылығы саласында 9503,2 млн. теңгенiң өнiмi өндiрiлiп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 90,2 пайызды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы жалпы өнімі 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айында 6,4 млрд. теңгені құраса, мал шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 2,8 млрд. Теңгеге жеткен. 2021 жылдың қорытындысымен шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 12402 адам тiркелiп, оның iшiнде жұмыс iстеп тұрған белсендiлерiнiң саны 12022 болған. Жұмыспен қамтылған адамдар саны 27134 және өнiм көлемi (жұмыс, қызмет) 233,8 млрд теңге, бюджетке төленген салық көлемі 8064,4 млн. тенгені құрады. Белсенді ШОБ жандардың толық статистикалық есеп тапсыруын қамтамасыз ету, олармен төленетін міндетті төлемдердің өтелуін қадағалау бойынша статистика басқармасымен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде.
Түркістанда «Бизнестің жол картасы 2020» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша 2021 жылы 23 жобаға қолдау көрсетіліп, 185 жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. 2022 жылға жоспар – 2000 жаңа жұмыс орнымен қамту көзделмек.
Түркістан халқына және киелі қаланы арнайы көруге келген, саяхаттаушы туристерге барлық жағдайды жасау мақсатында, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қолға алынып, шаралар жүргізілуде. Түркістан қаласы аумағында супермаркеттермен қоса, жалпы саны 12 әлеуметтік дүкен орналасқан. Алдағы уақытта қосымша 10 әлеуметтік дүкен ашу жоспарлануда. Түркістан қаласы аумағында орналасқан 3 ірі супермаркетте әлеуметтік бұрыш ашылған. Қазіргі уақытта қосымша 30 әлеуметтік бұрыш ашылуда. 4 түрлі тауар түрлері 30 әлеуметтік дүкенге жеткізілуде. Алдағы 2 апта көлемінде толықтай жұмыс жасайтын болады. Қала аумағында 55 тұрақты емес сауда орындарын ашуға, 165 жаңа жұмыс орындарымен қамту қарастырылған.
2021 жылы 40 мың шаршы метр сауда алаңы бар, сәулетті «Керуен-сарай» кешені іске қосылды. «Керуен-сарай» шығыстық жаңа үлгіде салынған. Келген қонақ, туристерге барлық жағдайы қарастырылған. 40 мың шаршы метрге созылған аумақты жағалай, айналдыра салынған толық қолайлы қонақ үйлер, дәмханалар, ойын-сауық орындары, түрлі аттракциондар, т.б ерекше көз тартады. Зәулім сарай 510 орындық «Облыстық Драма театрының» сұлулығы көз тартады. Бүгінде театр ұжымы өз жұмысын бастап, алғашқы қойылымдарымен көрермендерін қуантуда. Қала ортасынан бой көтерген ерекше сәнді «Амфитеатрдың» өзі неге тұрады. Бейне бір ашық, жан-жағынан еркін кіретін дала театры ма дерсің! Сонымен қатар, Түркістанда «Хазірет Сұлтан» Халықаралық әуежайы пайдалануға берілді. Түркістаннан ұшаққа міне алады, Түркістанда ұшақтан түсе алатын жағдай түркістандықтардың өмірбойғы қолжетпес арманы еді. Бұл арманға да Алла жеткізді! Осындай қажетті нысандар қала туризмін дамытуға елеулі серпін берді.
Осы жұмыстар, жалпы туризмді дамыту бойынша мәдени-рухани орталықтың жұмысының қарқынды дамуына әсер етуде. Нәтижесінде 2021 жылы қаңтар-желтоқсан айларында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1 506 080 құраса, 2022 жылдың 3 айлық көрсеткіш бойынша 121490-ге жетіп отырғанын байқадық.
2021 жылдың ІV тоқсанның қорытындысында статистикалық есеппен Түркістан қаласы бойынша туристерді орналастыру орындарының саны 50 бірлікті құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (32 бірлік) 1,4 есе артқан. Сәйкесінше, туристерді орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі – 2 113 453,2 мың тг. құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ( 347 445,6 мың тг.) 6 есеге артты.
Нөмірлер саны – 951 бірлікті құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (442 бірлік) 2,1 есеге артты.
Төсек-орын саны – 1944 бірлікті құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (975 бірлік) 2 есе артқан.
2022 жылға іске қосылуы жоспарланған инвестициялық жобалар:
“Түркістан-Молл” ойын-сауық орталығы – 12,5 млрд.тенге
“Отау” ойын-сауық орталығы – 5 млрд. тенге
“Medina palace” қонақ үйі – 3 млрд. тенге
“Мұз айдыны” спорт кешені – 4 млрд. тенге
“Теннис” орталығы – 2,2 млрд. тенге
“Макдональдс” тамақтану орталығы – 0,8 млрд. тенге
“Тұңғыш Президент” Паркі – 14 млрд. тенге
«Туризм» бағыты бойынша Түркістан қаласында атқарылған іс-шаралар:
- Сәуір айының 6-жұлдызы күні Туристерге қызмет көрсету орталығында «Жас қолөнершілер байқауы» өткізілді.
- Қала тұрғындары мен туристерге арнап, сәуір айында Туристерге қызмет көрсету орталығының мультимедия залында «Оңтүстікфильм» киностудиясының тарихи-мәдени фильмдерінің апталығы өтті.
- Түркістан қаласы кәсіпкерлерінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі 200 балаға сыйлықтар ұйымдастырылды.
- «Керуен-Сарай» көпсалалы кешенінің қолдауымен 150-ге жуық балаларға арнап аттар шоуы және де аттракциондарға тегін билеттер ұйымдастырылды.
- «Visit Centre» орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, көп балалы аналар мен ардагерлерге арнайы электрокарлар бөлініп, қызмет көрсетуде.
- Екінші деңгейлі банктермен бірлесе жұмыс жүргізу арқылы мәдени-рухани орталықтан банкоматтар қызметі ұйымдастырылуда.
- Түркістан қаласына туристерді тарту мақсатында, жарнамалық бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде таратылды.
- Түркістан қаласы тамақтану орындарының басшыларымен кездесулер өтіп, тағамдар бойынша мәзірлерді бірдейлендіру және 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірлеу жұмыстары атқарылды.
Туризмді дамытуда қолөнершілік түрі туристік индустрияның қажетті құрамдас бөлігі болып келеді және туризмді дамыту жөніндегі көрсеткіштерін жақсартуға үлесі айтарлықтай. Қолөнершілер орталығын салу арқылы Түркістан облысы бойынша қөлөнершілердің басын қосып, өңірдің туристік әлеуетін қолөнер туындылары арқылы жылжыту ісі маңызды болып саналады.
Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен асханасынан сыр шертетін, туристік ойын-сауық этно-кешеннің болуы туристердің қаламызға деген қызығушылығын арттырады. Аталған жоба арқылы туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға, бюджеттік түсімдерін арттыруға өз септігін тигізеді.
Ежелгі заманда адамдар жазба, таңбаларды тасқа қашап жазса, бертін келе қазақ халқының жаны бейнеленген, өзінің баға жетпес мұрасын, белгілер мен нышандарын кілемге тоқып көрсеткен. Кілемдер – халқымыздың ұлттық рухының көрінісі. Халқымыз кілем тоқу ісіне қатты мән берген. Өзінің ішкі ойын, кең даланың ен байлығын, береке-бірлігі мен ынтымағын ою-өрнекке сыйғыза білген. Кілемдердің өрнектері бізге шеберлердің ішкі ойлары мен құпияларын ашады, сонымен қатар, оларды жасау уақыты мен орнын көрсетеді. Қазақ халқының философиясы мен дүниетанымын көрсететін жәдігерлерді сақтауға, туристік қуатын арттыруға, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында, «Кілемдер мұражайы» жобасын Түркістан қаласында іске асыру – келешек ұрпағымыздың алдындағы маңызды міндетіміз болып табылады. Сондай-ақ алдағы уақытта, мұражайға қатысты бірнеше бағыттарда жұмыс жүргізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінсе…
Түркістан қаласы қазіргі таңда туристік ресурстарға бай өлке, алайда қаламызға келетін туристердің саны көрші мемлекеттердегі қалалармен салыстырғандағы көрсеткіштері төмен. Осы орайда келу туризмін дамыту мақсатында, халықаралық туристік маршруттарға Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Өңірде халықаралық маршруттарға ену үшін инфрақұрылым жүйесі өткен жылдармен салыстырғанда жоғарғы деңгейде. Шаһарымыздың темір жол және тас жол даңғылында орналасуы, сондай-ақ ағымдағы жылда әуежайдың салынуы туристік алмасуды – трансферді оңтайландырады. Осындай керемет үлгіде салынған әуежайы бар киелі қалаға туристердің келуі әзірге көңіл көншітпейді. Ол үшін туризмді жетілдіру мақсатында шетелдік туристердің әуежай арқылы дүрмек-дүрмегімен ағылып келіп жатуы үшін саяхатталатын жердің жарнамасы (біздің шетелге асыққанымыздай, алдын ала барлық мәліметті біліп отыратынымыздай) көркем жасалса, көрсеткіштерін жақсарту үшін ҚР Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген нысандарды салудағы инвестициялық жобалар тізіміне аталған жобаның еңгізілуіне басшылық тарапынан ықпал етілсе. Өңірді халықаралық туристік бағыттарға енгізу мақсатында жоғарғы деңгейде мәселе көтеріліп, көрші мемлекеттердегі қалалармен (Бұхара, Хиуа, Самарқан, Ташкент, Ашхабад, Санкт-Петербург, Мәскеу, Баку және т.б.) тығыз байланыс жүргізіліп, Түркістан қаласын Халықаралық туристік бағыттарға енгізуге ықпал жасалса, «жұрттың Дубайдың ыстығын аңсағаны сияқты, Түркістанның шыжыған күнін аңсап, лек-легімен ұшақтан түсіп жатар ма еді» деген ой мазалайды. Ондай жағдайда, ел экономикасы көтеріліп, тұрмыс жағдайы бұрынғыдан да жақсарып, әлемдегі шағын да болса, туризммнен көтерілген бай елдердің қатарына қосылар еді. Ата-бабадан қалған жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз бізге осыны ұсынып тұр емес пе? Неге соны тездетіп, өз деңгейінде пайдаланбасқа?! Түркістан облысының туристік әлеуеті бұған жетіп артылатыны белгілі.
Қала халқы мен туристердің қозғалысына, орналастыру, тамақтандыру, тарихи-мәдени нысандар жайында ақпарат беретін оффлайн режимінде қызмет көрсетін 2GIS бағдарламасына Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Компания ақпараттардың 95 пайызы міндетті түрде сәйкес келуі тиіс деген қағидамен жұмыс жүргізеді. Анықтамада әрбір ұйымның мекен-жайы, телефоны, жұмыс уақыты, интернеттегі мекен-жайы, ғимаратқа кіретін тұсы көрсетіледі. Одан бөлек, компанияның арнайы «визиткасында» көрсетілетін қызметтер түрі мен төлем жасау әдістері және тағы басқа қызметтер бар. Байланыс орталығының мамандары анықтамалықтағы ақпаратты жылына төрт рет жаңартып отырады.
2GIS оффлайн және онлайн режимінде жұмыс істейтін бағдарламасына Түркістан қаласын енгізу үшін қаржы қарастырып, инвесторларды тартуға ықпал етілсе. «2ГИС карталары аумақты жер серігімен түсіру арқылы суреттейді. Ал үш өлшемді ғимараттар бірнеше ракурстан алынатын суреттердің көмегімен жасалады. Түркістан қаласының туризмін дамыту үшін инфрақұрылымдарды дамытудың бір бөлігі ретінде маңызды жоба болып есептеледі. Әрине, аталған жоба қомақты қаражатты қажет етеді, кезінде қараусыз қалып, шаңы төбеге көтерілген осынау киелі қалаға соңғы үш жылда ерекше көңіл бөлінгендіктен, өз қасиетіне тез оралтқан жандарға әлі де қаражат құю, оны осындай халықтың қолжетімді, бақытты өміріне жұмсау түк те емес. Болмайтынның көз алдында тез болатынына түркістандықтардың көзі әлдеқашан жеткен!
Туризмнен түскен табыс халықтың экономикасы мен тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның, оның ішінде Түркістанның туризміне қолайлы, тарихи орындар, салынып жатқан небір алып нысандар, аспанмен бой таласқан зәулім ғимараттар, жасалып жатқан көптеген игі істер жайында түннен-таңға айтуға болады. Осының бәрі түркістандықтар үшін оның бақытты тұрмысы, келген туристің жақсы серуені мен саяхаты, ең бастысы, келер ұрпақтың жайлы өмірі үшін сақталып келген, жасалып жатқан құндылықтар екені даусыз! Алдағы уақытта Түркістан туризмі дамып, өркендеп, әлем елдерімен иық теңестірері, ол жөнінде әлі талай айтыла берері де сөзсіз.
Балтагүл Оспанова, ф.ғ.к., доцент, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.