ТҮРКІСТАН- ТҮРКІЛЕРДІҢ МЫҢЖЫЛДЫҚ АТАМЕКЕНІ
Табиғи-географиялық құрылымына байланысты Азия құрлығы бес аймаққа бөлінеді: Алдыңғы, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс, Шығыс және Орталық Азия. Осы-лар¬дың ішінде Еуропа мен Азия құрлы¬ғының түйіскен жерінде орналас¬қан Орталық Азия – түркі тілдес этнос¬тар¬дың ежелгі Отаны, түркілер үшін қасиетті жер болып саналады. Өйткені бұл жерден барлық түркі халықтары мен тайпалары бастау алады, олардың мәдениеттері мен тарихтары бірігеді.
Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Орталық Азия жеріне алғашқы адамдардың бір миллион жыл бұрын таралғанын археология ғылымы дәлелдеді. Осы аймақта автохтонды, яғни түркі тілдес этностардың бабалары мекендеген. Жергілікті тұрғындар адам баласының басынан өткерген тас, қола, темір, орта ғасыр және жаңа заман сияқты тарихи кезеңдерде өмір сүрген. Орталық Азияда осы тарихи дәуірлерге жататын археологиялық және сәулет ескерткіштері, тамаша жәдігерлер ашылды, олар жан-жақты зерттеліп, түркі тілдес этностардың тарихына жаңалықтар енгізілді.
Миллиондаған этностардың ортақ бір атауы – «түрік» терминінің этимологиясы әлі күнге дейін шешілмей келеді.
«Түркістан» деген сөзді естігенде жүрегі елжіремейтін түркі баласы жоқ. Түркістан – түркілердің мыңжылдық атамекені, туып-өскен, еркін жайлаған атақонысы.
Мыңжылдық тарихымызда заманның ахуалына қарай «Түркістан» ұғымының аумақтық-географиялық сипатының өзгерістерге ұшыраған кездері де болған. Тарих ғылымы «Түркістан» ұғымының түрліше тарихи кезеңдерде қандай мән-мағына бергендігін былайша топшылауға болады:
– «Түркістан» десе жастардың көпшілігі қазіргі облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан қаласын ғана еске алады. Бұл «Түркістан» ұғымының тек жеке бір қала атына қатысты ғана мағынасы. «Түркістан» ұғымының тарихи мағынасы бұдан әлдеқайда кең;
– біріншіден, орта ғасырларда Еуразия құрлығының орталық бөлігін мекендеген түркілерді көршілес араб, парсы, қытай, гректерден нақты ажырату мақсатында қолданылған «Түркістан» ұғымы бар. Бұл жердегі «Түркістан» ұғымы қазір түркі тілдес халықтар мекендеп отырған барша аймақтарды қамтиды;
– екіншіден, кейбір ортағасырлық мұсылман авторларының еңбектерінде «Түркістан» ұғымы тек Сырдария мен Әмудария өзендері алқабын ғана қамтығаны, ал аталған алқапқа кірмеген жерлерді басқаша атаумен, мысалы «Қыпшақ даласы» және с.с. аталғаны белгілі;
– үшіншіден, Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алмас бұрын орыс тарихнамасында Түркістанды екіге, яғни «Батыс Түркістан» немесе «Бұқара Түркістаны» және Цинь империясы құрамындағы «Шығыс Түркістан» деп жіктеп көрсету дәстүрі қалыптасты. «Шығыс Түркістан» ұғымы қолданыста әлі де кездеседі;
– төртіншіден, Ресей империясы Оңтүстік Қазақстан аумағы мен Орта Азияны толық жаулап алғаннан кейін «Батыс Түркістан» атауы көбінесе «Орыс Түркістаны» деп атала бастады;
– бесіншіден, 1865 жылы патша үкіметі Сырдария өзені алқабы мен Қоқан хандығының батыс аймақтарын қосып, Орынбор генерал-губернаторлығына бағынатын «Түркістан облысын» құрды. 1867 жылы жеке «Түркістан генерал-губернаторлығы» құрылып, оның құрамында орталығы Ташкент пен Верный қалалары болған Сырдария және Жетісу облыстары пайда болды. Кейінірек тағы да Самарқан, Закаспий, Ферғана облыстары құрылды. 1917 жылғы революцияға дейін осы әкімшілік жіктеліс сақталды;
– алтыншыдан, 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін генерал-губернаторлық жүйе жойылып, жай ғана «Түркістан өлкесі» деп атала бастады;
– жетіншіден, 1917 жылы Түркістан өлкесінің түркі-мұсылман зиялылары Қоқан қаласында «Түркістан мұхтариятын» (Түркістан республикасын) жариялаған болатын, бірақ өлкедегі билікті күшпен тартып алған еуропалық большевиктер мен солшыл эсерлер 1918 жылы ақпанда әскери жолмен бұл автономиялық құрылымды талқандады;
– сегізіншіден, 1918 жылы көктемде Түркістан өлкесінде кеңес өкіметі «Түркістан кеңестік автономиялы республикасын» жариялады, ол 1924 жылы күзде жүргізілген ұлттық-аумақтық межелеуге дейін өмір сүрді. 1924 жылдан кейін «Түркістан» ұғымы тек қазіргі Түркістан қаласының атына ғана қатысты қолданыла бастады.
Ертедегі ортағасырда (ХІ ғ.) әйгілі түрік ғұламасы Махмұд Қашқари өзінің «Түрік сөздігі» еңбегінде «түрік» сөзіне және оның этимологиясына тоқталған. «Сахараның ұлы ғалымы, біртуар ойшылы, тіл зергері Махмұд Қашқари «Түрік тілдерінің жинағын» барлық түрік текті ұлыс, тайпаларды аралап жинап, зерттеп, талдап барып жазған. Күллі түрік елдерінің әдебиеті мен тілін салыстырмалы түрде зерделеп, түзіп шыққан алғашқы энциклопедиялық кітап», – делінеді «Түрік сөздігінің» алғысөзінде.
Ғұламаның осы еңбегінде «түрік» сөзінің шығу тарихына төмендегіше тоқталған: «Түрік; Тәңірі жарылқаушы Нұқтың ұлының есімі. «Түрік» сөзі Нұқ ұлының есімі болып келгенде, жеке бір кісіні білдіреді, Нұқ әулетінің есімі болып келгенде, «бешеч – бешер» сөз сияқты жалпылық мәнді, көптеген адам тобын білдіреді. Бұл жеке де, жалпы да мағынада қолданылады. Мәселен: «Рум» сөзі Тәңірі жарылқаушы Ысқақтың ұлы Иусуға және Иусу ұлы Румге есім болғандықтан, рум әулетінің де есімі болып келеді. «Түрік» сөзі де осындай.
Ұлы тәңірі: «Менің бір тайпа қосыным бар, оларды «түрік» деп атадым, оларды күншығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түріктерді соларға қарсы саламын» депті.
Сондықтан да Тәңірдің өзі оларға ат берген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең ауасы таза шұрайлы өлкелеріне орналастырған да, оларды «өз қосыным» деп санаған. Оның үстіне түріктер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік және тағы да сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие.
Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі» кітабындағы «түрік» сөзі туралы жазғанын әдейі түгел келтірдік. Өйткені ғұлама «түрік» сөзінің мағынасы мен этимологиясына терең тоқталған. Оның сілтемеде берілген «түрік» сөзі туралы жазғандарына қарағанда, Орталық Азияның автохтондық этностары өзара бірлестік үшін күресіп жатқан кезде, көп санды тайпалардың бастарын біріктіруге қолайлы есім (этникалық атау) қажет болған. Олардың талабына сәйкес келетін Нұқ пайғамбардың ұлының есімі Түрк (Түрік) терминіне тоқталған.
Ежелден түріктер халықтың, елдің қадірін жақсы білген және елін бірлікте сақтау үшін тарихи тұлғалар бар күшін, ақыл-ойын аямаған. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қасиетті сезім халқымыздың сүйегіне сіңіп кеткен. Осындай қастерлі ұстанымның арқасында бір тектес Орталық Азия халықтарын біріктіруде «түрік» терминін қабылдаған. Орталық Азияны сонау Қара теңізге дейінгі ұланғайыр жерді мекендеген бір текті этностар өздерін «түрік халқымыз» деп атаған. «Түрік» термині уақытты білдірген жалпы мәнге ие: «Кемеліне келген ел» деген ұғымды білдіреді. Бұл этностардың жалпы атауы болуымен қатар, оның даму дәрежесін де білдірген. Білге қаған басқарған құдіретті түріктер империясы, яғни өсіп-өніп жетілген Түрік елі екенін білдірген.
Араб тіліндегі еңбектерде бұл қасиетті қалада исламның рухани мұрасын байытқан атақты адамдардың дүниеге келгені жазылған. Солардың бірі – ғұлама, ғалым, сoпылық филoсoфияның Орта Азияда нeгiзiн салған, «Диуани Хикмeт» (Даналық кiтабы) көнe түркi тiлiндeгi дiни өлeңдeр тoптамасын жазған Қожа Ахмет Ясауи.
Түркістан қаласы қазақ хандығының ең бірінші астанасы. Қаланың көне атауы –Ясы. Ясы Ұлы Жібек Жолының сауда орталығы және округі болған. XII ғасырда әсіресе Қожа Ахмет Ясауи көшіп келген соң ерекше атаққа ие болған.
Сөйтіп Ясы қаласы ХІV ғасырда түркі тілдес халықтардың діни орталығына айналды. Тіпті оны «Хазреті Түркістан» немесе «Кіші Мекке» деп атаған. XV ғасырдан бастап Ясы қаласы Түркістан деп аталды.
Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы «Диуани хикмет», «Мират-ул Қулуб», «Пақырнама» сияқты бізге жеткен мұраларынан көрінеді. Ясауи қалыптастырған хикмет дәстүрінің Ислам ақиқатының халықтың жүрегіне жол тауып сіңірудегі маңызы зор болды. Олар хикмет дәстүрін таратуда зікір тәжірибесінің үш түрін: алқа зікірі, арра зікірі, құпия зікір формаларын қатар алып жүрді.
Ясауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – АДАМ. Адам кемелдікке жетуі үшін қажетті білім – қәл ілімін игеріп, Аллахтың фазылымен берілетін – хәл іліміне жетуі керек. «Диуани хикметте» арифтердің Сұлтаны бастан-аяқ өзінің ғашықтық күйін, ғаріптік хәлін жырлайды. «Ариф ғашық тариқаттың дүр данасы» деген Ясауи ақиқатқа ішкі тәжірибе, өзін-өзі тану, діл тереңіне үңілу арқылы жетуге үндейді. Қожа Ахмет Ясауи қылуетке түсуінің мәнісін халқымыз – Пайғамбарға деген махаббаттың және сүннетке адалдықтың үлгісі ретінде аңызға қосқан.
Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. «Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады» деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариғаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды.
Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әмбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде Түркі жұрты мен мұсылман ортасында белгілі орта ғасырлық ғалымдардың бірі исламның таралуы үшін дүниеге әкелген сопылық философиялық трактаттардың иесі Қожа Ахмет Ясауи келешек ұрпаққа елеулі мұра қалдырды. Оның «Диуани Хикмет» атты туындысы адамгершілік, имандылық, әділдік, инабаттылық тәрізді күрделі мәселелерді сипаттап ашып көрсетуге арналған.
Қожа Ахмет Ясауи өзінің бүкіл жарқын қабілеті мен дарынын, күш жігерін түркі халқына, туған еліне, жалпы түркі дүниесіне, әсіресе өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсаған ғұлама.
Ендігі міндет – Түркістанның тарихын жан-жақты, кешенді түрде зерттеу. Білім беру ісі мен ғылымды қатар дамыту, өзара ұштастыру оңай шаруа емес. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті іргелі ғылымды дамыту, рухани жаңғыру аясында кешенді тарихи зерттеулерді жандандыру мақсатында Түркістан өлкесінің тарихын кешенді зерттейтін ғылыми орталығы жеті бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды.
Дария Қожамжарова,
академик