ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ
Тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев Түркістан қаласының тарихына қатысты сенсациялық мәлімдеме жасаған болатын. Ғалымның айтуынша, бұрында қаланың 1500 жылдығы кеңестік кездегі мәліметтерге сүйеніп атап өтілген. Ал бүгінгі археологиялық деректер бұл қаланың негізі осыдан отыз ғасыр әріде қаланғанын көрсетеді. Біз осы және өзге мәселелер бойынша академик Б.Байтанаевқа бірнеше сұрақ қойып, әңгімесін жазып алған едік.
Тарихты қорғау − елді қорғаумен бірдей
Өзге халықтар сияқты қазақтардың көнеден келе жатқан тарихы бар, мемлекеттілігі бар. Өйткені қазақ ұлты аспаннан түскен жоқ, мыңдаған жылдар бойы ұлы далада ғұмыр кешкен халықтардың ұрпағы, империя болған мемлекеттердің жалғасы. Бірақ бүгінде қазақтың тарихы жоқ, оларда мемлекет болмаған деген сияқты әңгімелерді айтатындар бар, әсіресе ондай қасақана бұрмалаушылық кейінгі кезде солтүстіктегі көршімізден шығып жатыр. Бір жағынан ондайларға ақталып, сөзді шығын қылудың өзі күлкілі, бірақ үндемей қалуға да болмайды.
Тарих − шындықты ғана мойындайтын ғылым. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттердің негізін салғандар, оны құрып дамытқандар, күшейтіп, көркейткендер әрдайым құрметке лайық. Сондықтан қай кезде болса да қазақ мемлекетіне кішкене болса да пайдасы тиген тұлғаларды да ұмытуға болмайды. Біз Қазақ хандығын құрған, оны басқарған тұлғаларды неге көкке көтере дәріптейміз? Себебі олар арғы дәуірде осы біз жасап отырған мемлекеттің негізін салды, территориясын қалыптастырды, ұлтты ұйыстырып біртұтас халыққа айналдырды.
Мен кеңестік кезде білім алып, ғалым болған адаммын. Бірақ сол кездің идеясына жанымды салып қызмет еткен жоқпын, әрине, комсомолда болдым, бірақ партияға кірген жоқпын. Ұлттарға арналған саясатын да қолдамаймын. Айтайын дегенім, бүгінде елдің бәрі кеңес үкіметінің саясатын сынағанда оның негізін салған Ленинді де іске алғысыз қылып тастайды ғой, бірақ ол кісінің де тарихи еңбегі болғанын жоққа шығаруға болмайды. Ол алғаш рет колониалды саясатты құртқан адам. Патшалық Ресейді құлатып жаңа Үкімет құрған соң Ленин «Бұрын Ресей империясының құрамында болып келген әр ұлттың өз мемлекеті болуы керек» деді. Сөйтіп 1920 жылғы 26 тамызда В.Ленин «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декретке қол қойды. Содан кейін әр ұлттың өз ішінен құрылған комиссия өз территориясын айқындауға кірісті. Қазақстанның ең алғаш жасалған картасы бар, Ташкентте архивте жатыр. Өз қолыммен ұстап көргем. Сол картада қазіргі Ресейдің Орынбор, Астрахан облыстары Қазақстан аумағында екені көрсетілген. Ал Қазақстанның Орталық Азия жағындағы шекарасын белгілегенде ұлттардың орналасуына қарай да жұмыстар жүргізілді. Мәселен, сол кезде осы аумақта түркілер бұрын қатты бөліне қоймаған еді, сарттар, Ферғана қыпшақтары, құрамалар болды. Соларға қазақ не өзбек, не тәжік болып жазыласыңдар деген сияқты белгілі ұлттың құрамына кіру талап етілді. Солайша қазаққа қосылғысы келгендер қазаққа, өзбекке қосылғысы келгендер өзбекке қосылды, қарақалпақтар өз алдына бөлініп шықты. Мен бұл жағдайға қатысты құжатты қолыммен ұстап көрген кісімін.
Сөйтіп ғылыми тұрғыда қазақтың территориясы белгіленіп, аумағы анықталды. Ал ХХ ғасырда тәуелсіздік алған соң Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен Ресей, Қытай, Орталық Азия мемлекеттерімен құрлықта 14000 шақырымдай ұзындықта шекарасын бекітіп, оны күллі әлемге мойындатқан ел. Сондықтан бүгінде өзгелердің біздің ұлтымызға, тарихымызға, мемлекеттік тұтастығымызға күмән келтіруі надандық не дұшпандық.
Міне осы тұрғыдан алғанда, тарихы отыз ғасырға жуықтайтын Түркістан секілді қалаларымызды дәріптеп, оның өте көне мәдениеттің туындысы екенін дәлелдеп жүрсек, ол біздің қандай мұраға ие халық екенімізді әлемге танытары сөзсіз.
Түркістан қаласының іргетасы өте ертеде қаланған
Урбанизация деген үдеріс бар, қазақшаласақ − кенттену, яғни қалалардың пайда болып ірілене түсуі, қалалық мәдениеттің қалыптасып, рөлінің күшеюі. Сондықтан әр қаланың пайда болу тарихы, маңызы, өзіндік ерекшелігі бар. Ал ұлы дала аумағындағы қалалардың пайда болуы экологиялық жағдайларға байланысты. Халықтың көші-қоны жайлы өмір сүруге жайлы жер іздеуі олардың климаты жайлы жерлерге тығыз қоныстауына әкеліп, содан қалалар пайда болғаны анық. Сондай қаланың бірі – түркі әлеміне аса қадірлі, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласы. Оның тарихы тым әріден басталады.
Орталық Қазақстан аумағында қола дәуірі мәдениеті болған. Міне сол қола мәдениеті Түркістан қаласы аумағынан табылып отыр.
Түркістанның кенттенуі төрт кезеңге бөлінеді.
1. Ерте дәуірдегі кезең − біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасыр.
2. Ертедегі қаңлы дәуірі − біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасыр.
3. Қараханидтер дәуірі − Х ғасыр.
4. Монғол-темуридтер кезеңі − ХІІІ-ХІV ғасыр.
Түркістан, негізінде бірнеше қаладан құралған. Археологиялық нысандар оның аймағында бірнеше қала бар екенін көрсетеді. Олардың орталығы, ғұрыптық кешендері, киелі орындары, зираттары болған.
Түркістан қаласы аумағында Шойтөбе, Қарашық секілді археологиялық ескерткіштер, Шипан, Шербай (қола ғасырында жатады) зираттары бар. Бұларға жүргізілген қазба жұмыстары құнды мәліметтер берді. Айта кету керек, бұрындары Түркістанда іргелі археологиялық іргелі зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Кейінгі зерттеулер ежелгі Түркістанның кенттенуінің өзіндік терең тарихы бар екенін көрсетеді. Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттегенде қала аймағындағы екі ежелгі қорымнан табылған жерлеулер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататынын көрсетеді. Бұл сол дәуірде өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін дәлелдеп тұр.
Махмуд Қашқаридің айтуынша, бұл араны оғыз, қарлұқ тайпалары мекен еткен. Сол сияқты мұнда қыпшақтар да тұрған.
Түркістан қай кезеңде қалай дамыды?
Түркістанның тарихына қатысты әдеби деректер бар және оған қатысты әдеби деректер жоқ кезең бар. Сондықтан жазба дерек жоқ дәуірді білу үшін археологиялық зерттеулер жүргіземіз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан қаласының алғашқы кенттенуі қола ғасырына жатады (ғылымда Қазақстан жеріндегі қола дәуіріне жататын ескерткіштерді шартты түрде Андронов ескерткіштері деп атайды, оның соңғы дәуірі − Беғазы-Дәндібай кезеңі). Яғни біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасыр. Оны дәлелдейтін Түркістандағы қола ғасырында адам қойылған зираттар және солардан табылған жәдігерліктер. Қола дәуірінде кенттенудің себебі ұлы далада құрғақшылық болып, соның себебінен халық таулы, сулы жерлерге көше бастайды. Солардың бір тобы Сырдарияға жақын орналасқан Түркістан маңына топтасқан.
Түркістанға қатысты кенттену үдерісінің тағы бір кезеңі − біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдағы Көне Қаңлы кезеңі. Ол кезде Сырдарияның орта ағысы мен Арал маңында жасаған сақтардың Шірік Рабат, Бабышмола секілді қалаларында қалың қабырғалы монументалды ескерткіштері болған. Ал Күлтөбеден табылған материалдар біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда өмір сүруін тоқтатқан Шірік Рабат мәдениетімен генетикалық байланысы барлығын көрсетіп отыр. Осыған байланысты Күлтөбедегі стратиграфикалық зерттеулер Түркістанның кенттенуінің екінші кезеңін анықтауға мүмкіндік береді. Түркістанның кенттенуі Түркі қағанаты дәуірінде болған. Мәселен, Түркістан қаласы аумағындағы Күлтөбе қалашығынан ІХ ғасырға жататын құмыра табылған. Құмыраның сыртында руникалық әріптермен жазылған жазу бар. Демек бұл қалада ежелгі түркі тайпалары да өмір сүрді деген сөз.
Одан кейінгі Түркістанға қатысты бір кезең − қараханидтер дәуірі. Оны оғыз-қарлұқ кезеңі деп атаса да болады. Міне сол кезде пайда болған Қарашық қалашығы Түркістанның манында тұр. Ол туралы Махмуд Қашқари «Қарашық − Фарабтың атауы, ал бұл – оғыздар қаласының аты» десе, Х ғасырда өмір сүрген араб ғалымы әл-Макдиси «Шавгар − айналасы дуалы, үлкен рустикалық ауданы бар үлкен қала. Базардың шетіндегі мешіт. Ол үлкен жолдан алыс», − деп жазған. Шағбар − Түркістанның ежелгі атауларының бірі. Демек, ол тұстан бұл қала алыс-жақыннан керуен келіп тоқтайтын, сондай-ақ, даламыздағы жиһанкездердің назарын аударатындай белгілі қалалардың бірі болғаны байқалады.
Түркістанның соңғы даму кезеңі моңғол-темуридтер кезеңіне сәйкес келеді.
Темуридтер мемлекетінің негізін салған Әмір-Темір (Темір бін-Тарағай Барлас, 1336-1405) екені мәлім. Ол таза түркі тұқымынан болғасын түркітектестерді біріктіріп, үлкен империя құрғысы келді. Ол жолда оған кедергі болатынның бірі о баста монғол, кейін түркіленген мемлекеттің билеушісі Тоқтамыс еді. Тоқтамыс билеген тұста ол мемлекет Алтын Орда аталған емес, тек кейін жеткен деректерде солай аталады. Ол тарихта Жошы ұлысы атанған.
Әмір Темір заманында ел билеу тек Шыңғыс ханның ұрпағына тиесілі болғаны мәлім. Сондықтан Шыңғыс тұқымдары үшін Әмір Темір ешкім емес. Бірақ ол Шыңғысханның тұқымдары билеп отырған елді күйрете жеңді. Тоқтамыспен соғысуға бара жатып ол Сарыарқадағы Ұлытауға тоқтағанда сол жердегі Алтыншоқы тауына мынадай жазуды тасқа қашатып жаздырды:
«Қайырымды, мейірімді Алланың атымен бастаймын! Өмірді және өлімді беруші де данамыз! Тарихтың жеті жүз тоқсан бірінші қой жылы, жаздың ара (шілде) айы Тұранның сұлтаны Темір бек екі жүз мың әскермен Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа қарсы соғыспаққа жүрді. Бұл жерден өтіп бара жатып белгі болсын деп қорған тұрғызып, жазу қалдырды. Тәңірім нәсіп берсін! Тәңірім ел адамдарына рақым қылсын! Олар бізге дұға арнап, еске алсын! Әмин! Тұранның сұлтаны Темір бек».
Жазуға қарасаңыз өзін «Тұранның сұлтаны Темір бек» деп атайды. Демек ұлы Тұран мемлекетін құруды армандаған, кейін соны құрған адамның ойында сол кезде Орталық Азияда түркітектестерді біріктіру тұрғаны анық.
Бұл жорыққа шығып бара жатқанда Әмір Темір Яссыда болған. Сол кезде құлап жатқан Қожа Ахмет Ясауидің зиратын көрген. Сөйтіп Тоқтамысты жеңгеннен кейін қайтып келіп оның басына үлкен сәулетті кесене салғызуға жарлық берген. Бұл жайында Шараф-ад Дин Әли Иазди Темірдің өмірі туралы жазған «Зафарнама-йи Тимури» («Темірдің жеңістері туралы кітап») деген еңбегінде баяндайды. ХІV ғасырдың аяғында кесене біткен соң Әмір Темір «Қолхат» жазып, ғимараттың «ешқашан да, қандай болған жағдайда да сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа уақытша немесе түбегейлі біреуге беруге болмайтынын қатты ескерткен». Кесененің ішкі маңдайшасында қазірге дейін сақталған жазуда: «Бұл әулие мекені Алла Тағаланың рахымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды… Алла Тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!» деген сөздер бар. Осылайша түркі халықтарынан шыққан діни ғұлама, ақын пәлсапашы Қожа Ахмет Ясауиге кесене салынған соң Түркістан қаласы мүлде өзгеріп, даңқы шартарапқа жайылды. Қазір бұл қаладағы кесене дүниежүзіне белгілі сәулет ескерткіштерінің біріне айналды.
Түркістанның жаңа дәуірдегі дамуы аса маңызды
Жұртқа мәлім, 2000 жылы Түркістан қаласының 1 500 жылдығы аталып өтті. Бірақ ол жоғарыда айтып кеткеніміздей кеңестік дәуірдегі мәліметтерге, атап айтар болсақ, бұрынырақта шыққан қазақстандық археолог Ерболат Смағұловтың «Түркістан неше жаста?» деген мақаласындағы деректерге сүйеніп жасалған шара еді.
2004 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» атты теңдессіз бағдарлама арқылы ұлттық мәдениетімізге, мемлекетіміздің тарихына қатысты өте құнды зерттеулер жасалды. (Одан кейінгі дәуірде «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалар да ұлт тарихын зерттеуге көп пайдасын тигізді). Соның бірі – археология саласындағы жаңалықтар. Мемлекетіміз археологиялық қазба жұмыстарына үлкен қаражат бөлді. Соның арқасында біздің археологтар табысты еңбек етті. Ең маңыздысы − Күлтөбені зерттеу нәтижесі Түркістан қаласының жасы 3000 жылға жақындайтынын көрсетіп берді. Оның дәлелін жоғарыда айтып өттім.
Бүгінде Түркістан облыс орталығына айналып, жаңа дәуірде қарқынды дамуға бет бұрды. Заманға сай өзгеріп, түрленіп жатыр. Түркістан − бізге ғана емес, күллі түркі халықтары үшін қасиетті мекен. Онда бәрімізге қадірлі Қожа Ахмет Ясауи жатыр және соған арнап салынған керемет сәулет туындысы бар. Ең бастысы ол – талай дәуірлердің куәсі, қасиетті көне шаһар. Ендеше жерімізде іргетасы салынғанына отыз ғасырдай уақыт болған шаһардың болуы мемлекетіміз, халқымыз үшін мақтаныш екенін ұғуымыз керек. Мынадай үлкен территорияда мықты ел болу үшін өз Отанын шексіз сүйетін, мемлекеті үшін ештеңеден тайынбайтын қайсар ұрпақ тәрбиелеу қажет. Ал ондай тәрбиені тарих қана бере алады.
Әңгімені жазып алған
Ахмет ӨМІРЗАҚ