Қоғам

ҰЛТТЫҚ ӘН ӨНЕРІНІҢ ДАМУЫ

Қазақ халқында сөз өнері мен саз өнері ауызша дамығандықтан, ән шығару және әнші шеберлігі жайлы түсініктер, ән үздігі хақындағы ұлттық болмыс картинасы осы күнге дейін жүйеленбей келеді.

Сондықтан ежелден-ақ саз өнері жайлы өзіндік көзқарастар жүйесін қалыптастырғандығын дәлелдеу міндеті қазіргі таңда музыкатанудың өзекті мәселесі болуда. Осы орайда, ән мәтіндерінің мазмұнын талдау – дербес зерттеу бағыты бола алады.

Әрине, ерте кездегі әдет-ғұрып, бақсылар сарындары, діни әдет- ғұрыптардағы ән әуендер осы мәселенің басын аша алмайды. Себебі дәстүрлі ән өнерінің дамуындағы бұл кезеңде (сарын кезеңі) сарын әдет-ғұрыптың ажырамас бөлігі болғандықтан, өнер дәрежесіне жетпеген еді, еленбеді.

Әннің өнер болып қабылдануы тұрмыс-салт кезеңінен бастау алады. Ол, әсіресе, қара өлең жанрына тиесілі. Қара өлеңдегі «өлең» ұғымы, деп жазады зерттеуші Б. Бабижан, оның көркем құбылыс дәрежесіне көтерілгендігінің көрсеткіші. Сондықтан да қара өлең құрылымының айтыс өнерінде жиі қолданылуы да өнер сайысының ыңғайлы құралына айналғандығының нышаны. Оған қоса әр ақынның жекеше, өзіндік бояуы бар сарын туғызғаны белгілі.

Міне, қара өлеңдерде тұңғыш рет ақындардың жеке шығармашылық қолтаңбасы қалыптасқандықтан, ән мәтіндерінде бірте-бірте ән айту мен саз шығармашылығы мәселелері көрініс бере бастады. Өлең мәтіндеріндегі қазақтың әншілігі жайлы ойлар жүйесін орындаушылық ұстанымдар эстетикасы деп шартты түрде атауға болады.

Қазақ поэзиясында аталған заңдылықтарды «домбыраны баппен алу», «әнді баппен айту» деп атап келе жатыр. Ал дәстүрлі поэзияда ән орындаудың ережелер жиынтығын: «Өлеңді жақсы айтады, жайды білген», дейді. Поэзиялық мәтіндерге сәйкес, дәстүрлі ортада музыканың қалыптасуы мен дамуы, ең алдымен, бабалардың көркем тәжірибесіне сүйенуі өзекті орын алады, ол кәсіптік тұқым қуалау, әулеттік сипат алудан туындайды. Халық түсінігінде өнердің әулеттік сипат алуын «шынжырлы тұқым» деп аталды.

Әулеттік сипат жайында қара өлеңдерде келесідей өлең жолдары кездеседі:

«Бас қосқанда өлеңді біз айтайық, Бізден бұрын өткеннің салтын құрып»;

«Ата-бабам жасымнан өлең құрған, Мен сондықтан өлеңге көңіл бөлем»;

«Өлеңді айт дегенде қоя берші, Ақындық үзілмеген тұқымынан»; «Атасы атамыздың әнші дейді, Болайық біз де өлеңші соларға ұқсап»; «Атадан өлең мұра демей ме екен, Ақындар бірін-бірі жебейді екен»;

Дәстүрлі түсінік бойынша әнші дарыны ауыр, көп жылғы еңбек пен шығармашылық ізденістің нәтижесінде емес, адамға туа біткен Жаратушы құдіреті, берілген құт, оны ән мәтінінде «өнердің бойға бітуі» деп келтіреді. Өнерпаздың тыңдармандар алдына шығуы дәстүрлі ортада дүние әлемнің қайта жаратылуымен, ретсіздік заманнан (Хаос) реттілік заманға өтуі (Космос), тіпті тылсым дүние әлеммен кезекті қарым-қатынасқа шығуы, деп ұғынылды.

Міне, сол себепті көпшілікке шығардың алдындағы өнерпаздың қобалжуы ата-бабаларымен байланыс орнатудың басталуы белгісі іспетті қабылданды. Оны – «арқа, арқасы бар» ұғымымен белгілеп келеді. Бұл халық ұғымы поэзиялық теңеу (метафора) ғана емес. Түркі халықтарының танымында дүниенің төрт бұрышы «жер кіндігі» есептелген адамның тұла бойымен салыстырылды. Адам келбеті оңтүстікке бағытталса, сол қолы – шығысқа, оң қолы – батысқа, ал арқасы солтүстік жақпен байланыстырылды. Көне түркі тайпаларының түсініктерінде солтүстік жақта ата-баба рухтары орналасқан жер.

Тірілермен қатынасу үшін олар солтүстіктен, яғни арқа жақтан келеді. Сол себептен ерекше дарын иелерін «арқасы бар» деу, аруақтардың қолдауы нәтижесінде ерекше күш дарығандығын көрсеткен. Арқасы бар бұл өнерпазға берілген аса жоғары баға. Сонымен бірге ата-бабаларымыз аруақтың қолдауынсыз шынайы, мінсіз өнер туғызушысы болуы мүмкін еместігіне нық сенім ұялағанын да дәлелдейді.

Қазақтың дәстүрлі дүниетанымдық түсінігі ретінде аруақтарға сенім музыкалық туындыларда кеңістіктің басымдылығымен де айқындалады. Соның анық айғағы – суырып салма дәстүрі.

Өнер көрсетуде музыканың суырып салма табиғаты қазақ ән мәтіндерінде жел, ағын, тасу, сел, қара дауыл, яғни Оңтүстік Сібір түркілерінің түсінігінше, әлемдік тәртіптің бұзылуы, жайсыз жағдай, табиғат апаттары – жел, қарлы, дүлей боран, жайылған қатты, басқаруға келмейтін су тасқынымен салыстырылды: «өлеңім ескенжелдей, толқын көлдей»; «өлең деген немене үйренген соң, Қылған қайырың сел болар күңіренген соң»;

«Желдірме желдей ескен көтеріңкі, Көңілдің тазартқышы деген екен», «Өлеңді айт дегенде ағылтайық»; «өлеңді айтса ақын ағытылар», «Біз айтайық өлеңді төгілдіріп», «өлеңді айт дегенде ағып тұрмын»; «Кәнеки өлеңіңді қардай жаудыр», «өлеңім қара дауыл байқасаңыз», «Дауылын қара өлеңнің соқтырайын»;

«өлеңін дауылдатып келе жатып, Кетпесін үйді жығып, бақан тіре». Л.Халтаеваның зерттеулеріне сай  түркі-моңғол халықтарында өнер көрсету сәті уақыт шектеулерімен санаспады, бұл кезде уақыт пен кеңістік сапасы өзгеріп, ән орындау қозғалыспен, ессіз күйде о дүниеге сапар кешумен байланыстырылды. Қара өлең поэзиясы эко-орталықтандырылған мифологиялық белгілермен, әсіресе оның аса маңызды белгісі Әлемдік өзенмен сабақтас. Алайда аталған ұғымдардың көне мифологиялық түсініктермен байланысы осымен шектелмейді.

Эко-орталықтандырылған мифтік белгілер әнші-орындаушы тұлғасы теңеулерімен қатарлас. Қара өлеңде орындаушы өзін асыл тұқымды жүйрік атпен (жүйрік, айғыр, ат, қара кер, жирен, тұлпар), қазаққа қасиетті нар түйемен, биікте самғап ұшқан қыранмен салыстырады. Бұл салыстырулардың кең таралуы көне тотемдік ұғымдармен, арғы ата-бабасы киелі жануарлар мен құстарға табынудан туындап, әрі дәстүрлі қоғамда ер адамдар беделінің басымдылығын көрсетсе керек.

Қара өлеңде тұңғыш рет әнші тұлғасы айқындала бастаған. Бұл ән туралы түсініктердің даму сатысындағы маңызды кезеңін құрайды. Қара өлеңде жиі қайталанатын: «ән салсаң өзімдей сал» жолдары, сонымен бірге: «жылқы ішінде саңлақ қана ән салады»; «Өнерімен ел сүйген, беу, замандас, Түз бүркіттің туыпсың қыранынан»; «өлеңді айта алмайды әркім мендей»– бұл жолдарда дәстүрдегі кәсіби өнерпаздың кәсіптік статусы (беделі) айқын сезіледі. Ондай беделді мыңнан озық шыққан жүйріктер ғана иемденді.

Әншінің өнер көрсету сәтінде тыңдармандар ерекше биоэнергетикалық орталық, әлемнің кіндігі, Бәйтерегі деп қабылдады. Ән орындалып жатқан жер жоғарғы, ортаңғы және төменгі әлемнен құралған ғарыштың вертикальді моделінің орталығы арқылы үш әлемді де біріктіреді деген түсінікті мына жолдар дәлелдей түседі: «Түзге біткен байтерек, шынар едім, Өлеңіммен еліме ұнап едім; Өлең десе тартамын жер танабын; Ұстағаным қолыма алтын құрық, Ақ сұңқарды ұшырдым талпындырып.

Табиғат бейнелері мен ғарыш бейнелерінің өлең мәтіндерінде араласуы дүниетанымның бақсылық кезеңіне нұсқайды, себебі бақсылар өз музыкалық аспаптарын (я жады қара таспен) пайдаланып (нар қобызды) о дүниеге сапар шеккен немесе өнердің құдіретімен табиғат күштерін арбай алды. Осы ойымызды мына жолдар растай түседі: «Домбыра екі ішекті бір қолқанат, Күйшінің саусақтары жүр жорғалап»; «Қайтарып қара бұлтты қар жауғызған, Жасынның шұбар ала тасы менде».

Яғни, қара өлеңде көнемифологиялық және кейінгі саз өнері жайлы эстетикалық түсініктердің сабақтасуынан құралған пайымдаулардың шоғыры кейін ХІХ ғасырдың кәсіби әнінде жалғасын тауып, өнерге байланысты, әнші шеберлігі мен нағыз тыңдаушының орны мен сапасы жайлы дүниетанымда өз жалғасын тапты.

Мәселен, халық әндерінің мәтіндерінде ән айту мәнеріне, дыбыс күші мен сапасына қатысты түсініктер елеулі орын алады. Ән орындалу сәті су тасқынымен я болмаса құстың сайраған дауысымен жиі салыстырылады. Әуендік өрнектің үзілмес байсалды ағымы – жұмсақ ескен желмен салыстырылады («аз желдету»).

Орындаушылық дәстүрдің үздіксіз су тасқынына теңелуі және өз орындушысын қалап, өнеріне сусаған тыңдаушының – құйма құлақ аталуы да көне мифологиядағы Әлемдік өзен нышанының жалғасы.

Халық әндерінің мәтіндерінде бірқалыпты, жұмсақ, өздігінен құйылған дыбыстардың алуан түрлі мінездемесінің сипаттамасын кездестіруге болады. Олар бірде: «қоңыр үнді»; бірде «ән баяулы»; басқа мәтіндерде «үні сырлы» немесе  «қоңырлату»;  «үні  жұмсақ»;  «жүніндей  ақ  үкінің  үлпілдеймін»; «мамырлату», деген атауларға ие болады.

Осы ұғымдардың түрлілігі дыбыстың регистрде орналасу деңгейіне қарай жоғарғы  регистрдегі  аққу  бейнесімен  салыстырылатын  мамық  дыбыстар:

«Самғаймын өлең десе ұшқан қудай»; «Аққудай аспандағы ән қосушы ем»; ал орта регистр дыбыстары домбыраның дәстүрлі бұрауымен сәйкес келеді: «қоңыр қаздың дауысындай».

Аталған халық анықтамаларын музыкалық құрылымда орналасуына қарай топтастыруға да болады. Мысалы «айғай», «аңырау», «ашық үнді», «алты қырдың астынан ән шырқаған» дыбыстар тыңдаушысын  өнерпазға  назар  аударуын  дәлелдегендіктен,  мұндай  бар тыныспен алынатын ашық дыбыстар қазақ әндерінің әдетте бастапқы тұсында орналасады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close