ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰМЫТЫЛМАСЫН ДЕСЕК-2
Туристік жорықтарда халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының біріне ұлттық ойындар жатады. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді.
Оқушыда жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын (этикалық, эстетикалық, адамгершілік тұрғысынан) тәрбиелеу мақсатын халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыруға болады. Осымен байланысты бағдарлама халқымызға тән әдептілік, қонақжайлық, мейірімділік, т.б. сияқты қасиеттер, табиғатқа деген қарым- қатынасындағы біздің халыққа тән ерекшеліктер. Жас ұрпақ өз халқының мәдениетімен, асыл мұраларымен ұлттық әдебиеттер арқылы танысып келеді. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойынды туристік жорықтарда қолдану оқушылардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы.
Халық педагогикасының адам, отбасы, өскелең жас ұрпақты тәрбиелеу туралы арман-мақсаттарын, орныққан пікірлерін, ұсыныстарын қамтып көрсететін педагогикалық идеялар мен салт-дәстүрлері өткен мен қазіргінің арасындағы байланысты көрсетеді.
Туристік жорықтарда халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының біріне ұлттық ойындар жатады. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді.
Сөйтіп, өзінің өмірден байқағандарын іске асырып, қоршаған адамдардың іс-әрекетіне еліктейді.
Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге»,
«Көкпар», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ» т.б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады.
Ойын дегеніміз – адамның ақыл-ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан-ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе.
Ұлы педагог В.И.Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды», — дейді [1]. Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы баии түседі.
Туіристік жорықтар мен оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін көпшілік тұрғыда пайдаланған жағдайларда оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Жорықтарда «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» «Ақсүйек» секілді т.б. ұлттық ойындарды дәріптеу өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес.
Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, аса көрнекті жазушы М.Әуезов:
«Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған», — деп тегіннен тегін айтпаса керек.
Е.Сағындықов өз еңбегінде: «Қазақтың ұлт ойындары тақырыпқа өте бай және әр алуан болады», — дей келіп, ұлт ойындарын негізінен үш салаға бөліп топтастырған.
М.Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінен бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырымдайды. Кезінде ұлттық ойындарды зерттеген авторлар қатарында М.Тәнекеев, Б.Төтенаев, М.Балғымбаев, Ә.Бүркітбаев, т.б. есімдерін атауға болады.
Қазақ халқының ұлттық ойындарының зерттелуі. Қай халықтың болмасын, оның ұлттық ойындарының белгілі бір мақсаты мен әлеуметтік- психологиялық тұрғыдан ерекше қасиеттері болады. Сондықтан халық арасында қалыптасқан ойындар туралы сипаттамалық жинақтар, деректер және құжаттар дұрыс зерттеу мен талдауды қажет етеді.
Туристік жорықтардағы ойындар халық тәрбиесінің дәстүрлі табиғатының жалғасы. Ежелден дәстүрлі ойындарда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілік еңбегі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі, адалдыққа, күштілікке ұмтылуы, шыдамдылық, т.б. құндылықтарға мән берілуі – халық данышпандығының белгісі.
ХХ ғасырдың басында өмір сүрген этнограф М.Гуннер қазақтың ұлттық ойындарын былайша жіктейді:
- Жалпы ойындар;
- Қарсыласу мен күресу сипатындағы ойындар;
- Ашық алаңқайдағы ойындар;
- Қыс мезгіліндегі ойындар;
- Демалыс ойындары;
- Ат үстіндегі ойындар;
- Аттракциондық-көрініс ойындар.
Қазақтың ұлттық қозғалыс ойындарын спорттық ойындардан ажыратып, алғаш рет бөліп қараған ғалым М.Гуннер қазақ ойындарына топтамалық жіктеу жасай отырып, ұлттық ойындарды оқу үрдісінде сонымен қатар туристік жорықтарда пайдалануға ұсыныс жасайды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылғы шешіміне сәйкес 1949 жылы жарық көрген «Краткий сборник казахских народно-национальных видов спорта» атты еңбегі М.Гуннердің толықтырып, өңделген кітабы. ХХ ғасырдың басында көшпенді халықтар: қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қалмақ, т.б. отар елдері туралы этнографиялық деректер жинақтап, олардың ұлттық мәдениетінің тармағы – халық ойындары, оның ішіндегі құрамдас бөлшегі болар ойынын жинап зерттеуді Түркістан генерал-губернаторы арнайы шенеуніктер мен миссионер ғалымдарға жүктеген.
Кеңес дәуірі жылдарында қазақтың ұлттық дәстүрлі халық ойындары күн тәртібіндегі өзекті мәселе болғанына қарамастан, сол тоталитаризм кезінде дәстүрлі ұлттық ойындарды зерттеген авторлар қатарында М.Тәнекеев, Б.Төтенаев, М.Балғымбаев, Ә.Бүркітбаев, т.б. есімдерін атауға болады. Әсіресе М.Тәнекеевтің қазақтың ұлттық және дәстүрлі ойындарын зерттеген деректерінің өзі жеке мәселе. Оның негізгі еңбектері Қазақстандағы спорт пен дене тәрбиесі саласына арналған. Ең бастысы, ол дене тәрбиесінің халықтық педагогикасы сияқты көкейтесті мәселесінің негізін қалаған М.Тәнекеевтің авторлығымен шыққан алғашқы туынды «Казахские национальные виды спорта и игры» (Алматы, 1957). Бұл зерттеуінде ізденуші қазақтың «Тоғызқұмалақ» ойынының ереже тәтіптерін таразылап, халық ойынының қажетті жақтарын ашып, сонымен қатар басқа да ұлттық қозғалмалы, спорттық ойын түрлеріне тоқталып, анықтама беріп жіктеп, құнды мұрағат деркетеріне сүйене отырып, ғылыми сараланған пікірлер айтады. Ғалым негізінен Қазақстандағы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде дене тәрбиесі мәдениетінің дамуын талдай отырып, тарихта тұңғыш рет, дене мәдениеті мен спорттың екі даму бағытын қара халқтық және ақсүйектік деп көрсетіп, оны формациялық әдістемеге сүйеніп, яғни таптық тұрғыдан қарастырады. Сонымен бірге ғалым зерттеуіне әскери қолданбалы маңызы бар кейбір спорт және ойын түрлерінің өрлеуіне отаршыл Ресей патшалық өкіметінің саяси көзқарасын көрсетеді. М.Тәнекеевтің аталған еңбегінде таптық-формациялық идеологиялық көзқарас тұрғысынан сол заманға сай зерттелгеніне қарамастан, бүгінгі күні өз құндылығын жоймаған, ғылыми тұрғыдан аса жоғары еңбек болып табылады. М.Тәнекеевтің басшылығымен бұдан басқа да бірнеше ғылыми монографиялық еңбектер жазылды. М.Тәнікеевтің халықтық спорттық тарихи педагогикасының проблемалары дене тәрбиесіндегі ұлттық және интернационалдық факторлардың өзара байланысы тұрғысынан қарастырылады. Онда Қазақстан территориясындағы дене тәрбиесінің ежелгі формалары, дене тәрбиесі мен спорттағы ұлттық, интернационалдық және ұлттық өзара ықпал мен өзара байланысу процестері, дене тәрбиесінің халықтық педагогикасы және Абайдың халықтық спорт туралы ой-пікірлері жан-жақты талданып берілген.
Адам өміріндегі ұлттық және спорттық қимыл-қозғалыстың және ойынның алатын орны, формасы және мазмұны үлкен адамның тұрмыстық күйімен, еңбек түрімен және мазмұнымен салыстырылса, қаладағы қажеттіліктің бір тұсы адамды дағдыға үйрету.
Ғалым А.Усова өз еңбегінде ойынның мәнін баланың дербес іс-әрекеті, айналасындағы өзгерістерді танып-білуге, белсенді әрекет етуге жол ашуы ретінде түсіндіреді.
Дене шынықтыру жаттығуларын туристік жорықтарда ойынмен ұштастырған сәтте баланың тұрақты іс-әрекетке бейімділігінің қалыптасуы айқын сезіледі, сондықтан дене шынықтыру күнделікті қажеттілік болуымен қатар денсаулықтың, шыдамдылық пен тез қимыл-әрекеттің символы.
Қазақстандағы дене шынықтыру, ұлттық ойындар мәселесіне басқаша сын көзбен қарауды талап етеді. Осы орайда соңғы жылдары біздің қарастырып отырған тақырыбымызға орай бірнеше ғылыми еңбектер жарық көрді. Е.Мұхиддинов қазақтың ұлттық ойындарын дамыған қоғамдағы әлеуметтік- экономикалық құрылыммен байланысты қарастырады. Дене шынықтыру пәнінің теориялық дәлелдемесін қазақтың ұлттық ойындарының тәжірибелік жағымен біртұтас алып қарайды.
Сонымен түйіндеп айтарымыз, қазақтың ұлттық ойындарының басқа халықтардың ұлттық ойындарынан айырмашылығы — оның шығу, пайда болу тегінің ерекшелігіне байланысты белгілі бір тәрбиелік мақсат бірлігін көздейтінінде.
Сабақта және тәрбиеде, яғни туристік жорықтар мен мектептерде ұлттық ойынды ұтымды пайдаланса, өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру шарттары теориялық тұрғыдан негізделсе, онда жастардың білімге деген құштарлығын арттыруға және халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастыруға болады.