БілімҚоғам

«ВАЛЬДЕКТЕН» ҚҰТҚАРЫЛҒАНДАР

Экваторлық Африкада құл саудасы әлі бар-ды. Англия мен Францияның соғыс кемелері теңіз жағалауын ұзына бойға күзетіп жүруіне қарамастан, Ангола мен Мозамбиктен тұтқын негрлер тиелген құл саудагерлерінің кемелері бұрынғысынша ағылып жататын-ды. Мәдениеті дамыған елдердің көбісінде «қара товарды» қажет қылушылар әлі де болса көп болатын.

Бұл жағдай капитан Гульге мәлім еді.26

Қазіргі уақытта «Пилигрим» құл саудагерлерінің әдеттегі жүретін жолынан аулақ, теңіздің олар жүрмейтін бөлегінде болса да, капитан Гуль өздерінің өлімнен құтқарып қалған негрлерін құлдар тобынан болар, «Вальдек» бұларды Тынық мұхиттың алыс түкпіріндегі отар елдерге сатқалы әкетіп бара жатқан шығар деп шамалады.

«Пилигримдегілер» өлімнен құтқарылған негрлерді аса жақсы күтіп қамқорлыққа алды. Миссис Уэлдон оларға қасықпенен таза салқын су ішкізіп жатқанда, кәрі Нан да, Дик те жәрдемдесті, бейшаралар талай күннен бері су көрмеген екен.

Ақырында таза су мен бірнеше жуым быламық бейшара негрлерге жан енгізді.

Олардың арасында жасы алпысты қусырған қартаңдау біреуі ағылшынша біледі екен.

— «Вальдек» нендей пәлеге ұшырап еді?—деп сұрады капитан Гуль ең алдымен.

— Бұдан он күн бұрын түн ішінде, кемедегілер тегісінен ұйықтап жатқан кезде, бір кеме келіп, біздің кемемізге килікті,— деп жауап қатты кәрі негр.

— «Вальдектің» командасы не болды?

— Білмеймін. Біздер үске шықсақ, палубада адам да жоқ, қаңырап қалған екен.

— Олар «Вальдекке» киліккен кемеге мініп үлгірген болар деп шамалайсыз ба?

— Солай болар деймін…

— Сөйтіп, сіздерге соқтығысқан кеме, апатқа ұшырағандарға жәрдем етіп, оларды мінгізіп алу үшін тоқтамады ма?

— Жоқ.

— Мүмкін ол кеменің өзі суға батып кеткен шығар?

— О, жоқ,— деп басын шайқады қарт негр.— Оның кетіп бара жатқанын біз көріп тұрдық.

Қарттың бұл сөзін «Вальдектен» құтқарғандардың бәрі растады. Бұл адам нанғысыз қаталдық еді, бірақ, шындығына келгенде бұл сияқты жан түршігерлік апатқа себепші болған кеменің капитаны, апатқа ұшырап өліп бара жатқан адамдарға аз да болса жәрдем етпей, сол күйінде қалдырып, тезірек қашып құтылуға асығады, бұл жиі кездесетін уақиға.

Көшеде кетіп бара жатқан біреуді көлігіне қақтырып, өзінің аңсыздығынан болған жазымға жәрдем етіп әуре болуды басқа біреуге артып, қаша жөнелуге асыққан кісі әдетте қатаң жазаға тартылады. Бірақ, көшеде кездейсоқ жазым болғандарға тез жәрдем етіледі. Ал суға батып бара жатқандарға жәрдем етпей, оларды ашық теңіздің ортасында қалдырып, қашып кеткен адамдар туралы не айтуға болады? Оларды адамзаттың арына нұқсан келтіруші азғындар деген дұрыс.

Капитан Гуль бұл сияқты уақиғалардың талайын білетін. Мұндай фактылар адам таңғаларлық сұмдық болып көрінсе де, жиі кездесе беретін уақиға екенін миссис Уэлдонға қайталап айтты да, өлімнен құтқарып алған адамдарынан сұрайтын сауалын жалғастыра берді:

— «Вальдек» қайдан келе жатыр еді?

— Мельбурннан.

— Демек, сіздер құл емес екенсіздер ғой?

— Жоқ, сударь, біз құл емеспіз,— деп негр тік тұрып, тез жауап қайырды. — Біздер Пенсильванияның тұрғын адамдарымыз.

— Ал, достарым,— деді капитан Гуль,— «Пилигрим» бортында сіздердің еріктеріңізге ешкім қол сұқпайды, мұны бір деп біліңіздер.

«Пилигримнің» өлімнен құтқарып алған бес негрі, шынында да Пенсильвания штатының адамдары болатын. Олардың ішіндегі ең кәрісі — бала күнінде, жасы алтыға толмай-ақ құлдыққа сатылған адам еді. Оны Құрама Штатқа Африкадан әкелген. Мұнда келгесін, құлдық деген масқаралық сөз атымен жойылып, басына бостандық тиген. Оның өзінен жасы кіші жолдастары туысынан ерікті адамдар болғандықтан, оларды ақ нәсілді адамдардың ешқайсысы меншігім деп айтуға правосы жоқ-ты. Бұлар тіптен негрлердің соғыстан бұрынғы27 сөйлеп жүрген ескілікті тілдерін де білмейтін. Бұл негрлер ерікті азамат болғандықтан, Америкадан өз ықтиярларымен кетіп, енді өз елдеріне қайтып келе жатыр еді.

Қарт негр капитан Гульге, өздерінің Оңтүстік Австралияға барып Мельбурнға таяу жердегі бір ағылшынның плантациясына қызметке кіргендерін, онда үш жыл бойы жұмыс істеп азын-аулақ ақша тапқан соң, еліне қайтқылары келгенін айтты.

Олар кәдімгі жолаушылар қатарлы ақы төлеп «Вальдекке» түседі де, январьдың он бесі күні Мельбурннан аттанып кетеді. Он жеті тәуліктен соң, қараңғы түнде бір үлкен кеме келіп «Вальдекке» соқтығысады. Ол уақытта негрлер өз каютасында ұйықтап жатады. Негрлер кеменің қатты сілкінгенінен оянып кетеді де, бірнеше минуттан соң жүгіріп палубаға шығады.

Олар мачталардың құлап бортта жатқанын, «Вальдектің» бір жамбастап қисайып қалғанын көреді, бірақ трюмге кірген су мөлшері оншалықты көп болмағандықтан, кеме су түбіне кете қоймаған.

Палубада «Вальдектің» капитаны да, командасы да жоқ, кеме шайқалған уақытта олар теңізге құлап кеткен немесе «Вальдекке» соқтығып жауапкершіліктен асыға қашқан кеменің палубасына шығып үлгірген болуы керек.

Бұл бес адам қираған кеменің үстінде, жақын маңдағы құрғақ жерден бір мың екі жүз миль қашық теңіз ортасында қала беріпті.

Негрлердің ішіндегі жасы үлкенінің аты Том екен. Ол кісіні жолдастары басшымыз дейтін-ді. Том қартты басшы еткен тек жасының үлкендігі ғана емес, оның жігерлі, еңбекпен шыныққан ұзақ өмірінің мол тәжірибесі еді. Басқалары жиырма мен отыздың арасындағы: Бат, Остин, Актеон, Геркулес деген жас негрлер болатын. Бат Том қарттың баласы екен.

Бұл төртеуі зауқаға сатылатын болып Африканың орталық еріксіздер базарына түсе қалса, ең жоғары баға беріп аларлықтай кең иықты, бойшаң да, күшті жас жігіттер болатын.

Сөйтіп, кеме апатынан кейін Том және оның жолдастары елден аулақ, мұхит ортасында қала береді. Олар «Вальдектің» қираған жерін оңдап қатарға қоса алмайды, өйткені кеме соқтығысқан уақытта екі қайықтың екеуі де қирап істен шыққан-ды. Кездейсоқ бірер кеме кездесіп өлімнен құтқармаса, бұлардың басқа жолмен құтыларлықтай мүмкіндігі жоқ-ты.

Басқарушысынан айрылған «Вальдек», жел мен толқынның ойыншығы болып, бет алды ығып кете береді. Сондықтан да «Пилигрим» апатқа ұшыраған кемеге, мұхиттың осы бөлегінде, Мельбурннан Құрама Штаттарға баратын кемелердің әдеттегі жолынан шеткері, оңтүстікке таман кездескен-ді.

Панасыз қалған бес негр кеменің апатқа ұшыраған күнінен бастап «Пилигрим» келгенге шейінгі екі арада өткен он күнді, қираған кеменің буфетінде қалған азықпен жан сақтап өткізген. Тұщы су құйылған кеспектер кеме соқтығысқан кезде қирап қалған, ал камбузға су толып, ондағы спиртті ішімдіктерді алуға мүмкіндік болмайды.

Тоғызыншы күні Томның өзі де, оның жолдастары да шөлден кеуіп естерінен танып жығылады, осы қарсаңда «Пилигрим» де жетіп үлгіреді.

Том қарттың қысқа сөзбен капитан Гульге берген түсініктері осы ғана. Карт негр өздерінің көрген-білгенін ешбір қоспа қоспай шындығын айтты. Бұл әңгіме көрініп тұрған айғаққа толығынан сәйкес келетін және Томның айтқанын жолдастары да растады.

Суға батып бара жатқан кемеден құтқарылғандардың алтыншысы — ит, егер оның сөз сөйлейтін тілі болса, Томның айтқан сөздерін о да қайталап айтар еді. Әңгіме, Негоро көрінген уақытта ызаға булығатын ит туралы болып отыр. Иттің кеме аспазын жек көруі бір түрлі ғажап уақиға болды.

Иттің мойнындағы қарғы бауында ойып жазылған «С» тын ірі күзетші иттердің тұқымынан еді. Әйтсе де, «Вальдектің» капитаны Дингоны Австралиядан алмаған. Капитанның бұл иті бұдан екі жыл бұрын Конго өзеніне жақын Африка жағалауынан аштан өлгелі жүрген жерінен тапқанын Том қарт естіген болатын. Капитан бұл тамаша итті ұнатып, асырап алыпты. Бірақ Динго жаңа қожайынына үйір болып кете қоймаған. Ол өзінің еріксіз айрылған бұрынғы қожасын сағынып қайғырады десе де боларлық еді.

Иттің мойнындағы қарғы бауында ойып жазылған «С» және «В» деген екі харіп бар, иттің бұрынғы өткен жай-күйінен қалған белгі тек осы ғана.

Динго өте тамаша күшті төбет болатын-ды. Артқы екі аяғымен тек басып тұрғанда, ұзын тұрқы кісі бойы келетін. Қызыл-қоңыр қою жүнді, ұзын құйрықты, пантера мен Америка жолбарысына тайсалмай шабатын, аюмен жекпе-жек алыса алатын аса қайратты да, оралымды, шапшаң иттің нәсілінен еді.

Мұндай иттер ызаланған кездерінде қатерлі жау, ал оның қылығы Негороға неліктен ұнамағанын түсіну қиын емес.

Динго момын ит емес-ті, бірақ оны ызақор, қабаған деуге де болмайтын әлденеге күйінішті, кекті ит десе де боларлық. Том қарт, Дингоның негрді жаратпайтынын бұрын «Вальдекте» болған уақытында-ақ сезген. Оның негрлерге зиян тигізерлік ниеті жоқ-ты, әйтсе де оларға жұғыстық жасап еркелемейтін. Мүмкін, ол Африка жағалауын кезіп жүрген кездерінде, оны сол жақтың тұрғын халқы зәбірлеген болар?

Қалай болғанда да бұл негрлер адал ниетті, жақсы адамдар болғанымен Динго оларға үйір бола алмады. Апатқа ұшыраған кеме бортындағы он күн бірге болған уақытында да, Динго олардан шеттеп жүрген. Бұл күндерде оның не жеп жан сақтағаны белгісіз, бірақ өзімен бірге болған адамдар шөлден қандай қиналса, о да сондай қиналған еді.

авторы: Жюль Верн (жалғасы бар)

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close