ЖЕТІСАЙДА ОБЛЫСТЫҚ «МЫРЗАШӨЛ ЖҰЛДЫЗДАРЫ-2024» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Жетісай ауданында облыстық «Мырзашөл жұлдыздары-2024» жас эстрада әншілерінің байқауы өтті. Жетісай қаласының 55 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауға 17 аудан, қаладан жалпы 18 үміткер қатысып екі кезең бойынша бақ сынады. І кезеңде үміткерлер Жетісай өңіріне арналған әндерін орындаса, ІІ кезеңде өз таңдауы бойынша еркін тақырыпта ән шырқады.
Қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің мәтіні мен музыкасына, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне баса назар аударылды. Қазылар алқасының құрамында ҚР Мәдениет қайраткері, профессор, күйші әрі композитор Бөрі Иса, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының мәдени ұйымдастырушы маманы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Зағипа Өмірзақова, облыстық патриоттық әндер байқауының лауреаты, Шымкент қалалық Әзіл-сықақ және сатира театры директорының орынбасары Айтбай Кенжебай, ұстаз, дирижер-хоровик және әнші Сұлтан Сапарқұлов, «Жаңа Жетісай» газетінің редактор орынбасары Эльмира Өсербекова бар.
Бас жүлде жетісайлық Асқар Азаматқа бұйырды. Ал жүлделі І орынды Кентау қаласынан Асыл Жомартов, ІІ орынды
сайрамдық Асқар Нұрсұлтан, ІІІ орынды
Шардара ауданының үміткері Ізғали Динара мен Созақ ауданының қатысушысы Тыныбекова Әлия, мақтааралдық Сыйхынбай Бекасыл иеленді. Сонымен қатар Түркістан облысы мәдениет басқармасының, Жетісай ауданы мен қала әкімінің арнайы жүлдесі табысталды. «Мырзашөл жұлдыздары-2024» жас эстрада әншілері байқауына белсене қатысқан үміткерлер алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, байқаудың негізгі мақсаты – Жетісай қаласының 55 жылдығын халық арасында кеңінен насихаттай отырып, Жетісай өңіріне арналған туындыларды дәріптеу, туған жерді түлету, жастарды отансүйгіштікке баулып, ұлттық рухта тәрбиелеу, эстрадалық ән орындау өнерін дамыту, жасэстрада әншілердің шығармашылығына қолдау көрсетіп, жаңа таланттарды елге таныту.