ШЫМКЕНТТЕ САПАЛЫ ЖОЛДАР ҮЛЕСІ 80 ПАЙЫЗҒА ЖЕТКІЗІЛЕДІ
Шымкент қаласы бойынша Нұр Отан партиялық сайлауалды бағдарламасы негізінде жасалған Жол картасында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 2025 жылға дейін 80 пайызға жеткізу жоспары қойылған.
Биыл жол-құрылыс жұмыстарымен 311 шақырымнан астам жол қамтылды. Жыл соңына дейін аталған жолдардың 270.3 шақырымы пайдалануға беріліп, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 63,6 пайызға жеткізіледі.
Жалпы қалада жол және көлік инфрақұрылымы бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтқанда мегаполистегі 245 көшеде орташа және күрделі жөндеу жүргізіліп жатса, былтырғы жылы 4 көпір пайдалануға берілді. Сонымен бірге осы жылы Рысқұлов-Қонаев жолайрығы пайдалануға беріледі. Жаңа 590 қоғамдық көлік сатып алынды және электрондық билет жүйесі барлық автобустарға енгізілді.
Айта кетейік, қаладағы көлік жолдарының жалпы ұзындығы 3200 шақырымнан асады. Қазір жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 60 пайыз шамасында. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 53 пайыз болатын. Үш жыл ішінде жол саласында 532 жобаның құрылыс-жөндеу жұмыстары атқарылды.