БАСТЫ ТАЛАП – ҚАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ
Шымкентте орта сапасы және бақылау басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қаладағы газ толтыру бекеттерінің басшыларымен кездесіп, авто газ бекеттерінде газ баллондарын толтыру мәселесін талқылады.
Бүгінде қалада көліктерге арналған газ бекеттерінде тұрмыстық газ баллондарын толтыру жағдайы белең алған. Мамандар бекеттерден құйылатын сұйық газ жоғары деңгейде сығымдалып, жарылу қауіпі жоғары екенін айтуда.
Бүгінде қалада 4 газ жинақтау станциялары орналасқан. Авто газ құю қызметімен айналысатын 20 заңды тұлғалардың меншігінде 94 газ құю станциялары бар.
Орта сапасы және қалалық бақылау басқармасынынң өкілі Фархат Уркимбаев «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 28-бабына сәйкес, газ толтыру пункттерінің иелері сұйытылған газды тұрмыстық баллондар арқылы сату үшін әрбір тұтынушыны есепке алуы міндеттелгенін айтты.
Қазір газ құю бекеттерінде тұрмыстық баллондар арнайы құрылғысыз толтырылуда. Тіпті, баллондардың жарамдылығы да тексерілмейді. Заң бойынша газ баллондарына авариялық және жоспарлы қызмет көрсету міндеттелген. Бұл жұмыстар әрбір тұтынушымен жүргізілуі керек. Бүгінде оның ешқайсысы жүзеге асырылмай келеді.
–Сіздер осы салада көптен жұмыс атқарып келесіздер. Білімді мамандарыңыз бен тиісті жабдықтарыңыз және мүмкіндіктеріңіз де жеткілікті. Талқыланып отырған өзекті мәселеге жауапкершілікпен қарасаңыздар газ баллондармен байланысты оқыс-оқиғалардың алды алынар еді,-деді Ф.Уркимбаев.
Жиында ТЖ департаментінің өкілдері баяндама жасап, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша газ желісі ұйымдарына бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.