«БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ-2025»: ШЫМКЕНТТЕ 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін бір жылға ұзарту жөніндегі шешімі кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
«Қалада «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 8,9 млрд.теңге бөлінген. Бүгінде бағдарлама шеңберінде 7,8 млрд. теңгеге 1 946 жобаға қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2021 жылға 2,9 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күнге құны 57,8 млрд. теңгені құрайтын 70 жобаға 2,5 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Аталған жұмыстар келесі жылы да жалғасатын болады. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер боламын» жобасымен әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жергілікті іс-шара жоспары іске асырылуда. Аталған іс-шара аясында 10 млн. теңгеге дейін 1%-дық 6 шағын несиелер беру қарастырылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,1 млрд. теңге қаржы бөлінді»,- деді шаһар басшысы.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 млрд. теңгеге 70 жоба қаржыландырылған.
Қалада кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау үшін «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы құрылған. Фронт-офисте кәсіпкерлер бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап жобаны пайдалануға беруге дейінгі қызмет тұрлерін алады. Оның ішінде барлық рұқсат беру құжаттарын қаржыландыру және рәсімдеу бойынша көмек көрсетеді. Бүгінге фронт-кеңсенің қызметіне 34 мыңнан астам азамат жүгінді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent – Atameken» микроқаржы ұйымы құрылған.