ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕМІРЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Келесі жылы «Түркістан-Шымкент-Ташкент» бағытында жоғары жылдамдықты пойызға арналған халықаралық теміржолдың құрылысы басталмақ.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, апта басында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев кездесіп, мемлекетаралық келісімдерге қол қойды. Соның ішінде Түркістан облысын дамыту үшін аса маңызды «Түркістан-Шымкент-Ташкент» теміржолы салынатыны хабарланды. Екі Президент жобаны мақұлдап, Үкімет басшыларына аталған жобаны жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді. Ол магистралдың жобалық-сметалық құжаты дайын.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы басшылығының хабарлауынша, құрылыс 2022 жылдың басында басталады. Теміржол Түркістаннан басталып, Шымкент қаласымен қатар Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарын қамтиды. Жоғары жылдамдықты теміржол магистралінің құрылысы аяқталған соң туризм және өзге де салаларда мыңдаған жұмыс орны құрылып, ішкі және сыртқы туризм де қатар дамымақ. Сондай-ақ осы жоба арқылы бауырлас екі елдің арасындағы байланыс нығайып, барыс-келіс көбейеді.
«Тағы бір қуанышты жаңалық, Нұр-Сұлтанда инвестициялық форум өтті. Сол жерде «Қасқасу» шаңғы туризм орталығын салу бойынша Жол картасына жеті жақты келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде Үкімет, министрліктер, шетелдік инвестор, банктер, әкімшілік бар. Бұл туристік орталық Түркістан өңірінің экономикасын көтеруге үлес қосады», — деді Ө.Шөкеев.
Сонымен бірге өңір басшысы «Дарбаза-Мақтаарал-Жизақ» темір жолының құрылысы басталатынын, ол екі елдің тауар айналымына оң ықпалын тигізетінін айтты.
Сондай-ақ, Түркістан облысының Өзбекстанмен шекаралас аумағында екі мемлекеттің қатысуымен «Орталық Азия» халықаралық сауда-өнеркәсіп кешені бой көтеретінін жеткізді.