КӘСІПКЕРЛЕРГЕ МҮМКІНДІК ПЕН ҚОЛДАУ КӨП
Шымкент қаласында халық саны өскен сайын түрлі өнім, қызмет түрлеріне деген сұраныс та артуда. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында жергілікті кәсіпкерлер сапалы өнім шығарып, тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Жылдан-жылға халықта таңдау еркіндігі артып келеді. Себебі үшінші мегаполисте кәсіпкерлік нысандары көбейіп жатыр. Бұл үрдіс өз кезегінде кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, сапаның артып, бағаның түсуіне зор ықпал жасайды. Нәтижесінде, нарықта азулы нысандар қалады. Осы орайда қалада тек ірі кәсіпкерлерді емес, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұйытқы болуымен қала экономикасын дамыту мақсатында бірнеше жоба жүзеге асырылды. Көптеген кәсіпорын ашылды. Бұл туралы дүйсенбі күні әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шыққан басқарма басшысы Береке Дүйсебеков мәлімдеді. Оның айтуынша, индустриалды аймақтарда кәсіпкерлерге өндіріспен айналысуға барлық жағдай жасалып, оларға салынатын салық көлемі айтарлықтай төмендетілген.
Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Осыған орай Еңбекші ауданында бірқатар нысан ашылу жоспарлануда. Соның бірі және бірегейі Оңтүстік арнайы экономикалық аймақта «Шымкент химиялық компаниясы» жанармай өңдеуге қажетті химиялық қоспа (Метил-трет бутил эфир – МТБЭ) және пластикалық материалға қажетті (полипропилен) ұнтақтарды шығару зауыты болмақ.
Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 57 мың тонна МТБЭ құрайды. Бұл оған ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен жабуға мүмкіндік береді. «ШХК» ЖШС зауытын ресми іске қосу қазақстандық мұнай-химия саласының сапалы жаңа деңгейге көшуінің бастамасы болмақ. Өйткені кәсіпорын жаңғыртылған Шымкент мұнай өңдеу зауытында (ШМӨЗ) мұнай-газ химиясы шикізатын өңдеу тереңдігін елеулі дәрежеде арттыруға мүмкіндік береді. Енді, өңірде этилденбеген автомобиль бензиндерін алу кезінде пайдаланылатын құрамында оттегі бар негізгі жоғары октанды компоненттердің бірі – МТБЭ өз өндірісі жолға қойылғандықтан мұнда еуро-4 және еуро-5 экологиялық класты отын өндірілетін болады.
Зауыт құрылысы, жабдықтарды сатып алу Қазақстан даму банкінің қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылды, ол Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 жылға дейінгі мерзімге 9 млрд теңге мөлшерінде қаржылық қолдау көрсетті. Жобаның жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрады, осылайша қалған бөлігін 4,7 млрд теңге көлемінде «ШХК» ЖШС өз қаражаты есебінен салып отыр.