ҚАЛА ӘКІМІ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгін қалалық мәслихаттың кезекті он бірінші сессиясында депутаттар алдында өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларының орындалуы жөнінде есеп берді. Қала басшысы депутаттық корпус өкілдерін келе жатқан мемлекеттік мерекелермен құттықтап, бүгінгі табыстарымыздың бастауында Тәуелсіздік құндылықтары, Тұңғыш Президент жүргізген парасатты саясат жатқандығын атап өтті.
Биылғы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарды баяндаған қала басшысы, барлық салаларда оң даму динамикасы сақталғанын жеткізді.
«Өнеркәсіп өнім көлемінің индексі — 6,7%-ға, ауыл шаруашылығы — 1,2%-ға, инвестиция көлемі -41,2%-ға, құрылыс жұмыстары — 11,8%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер алаңы — 23,7%-ға, бөлшек сауда көлемі -9,6%-ға артты. Бұл статистикалық деректердің артында қаланың тыныс-тіршілігіне арналған үлкен жұмыс, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды істер бар.Әрбір бастамамыздың игілігін халық сезінуі қажет. Осы мақсатта қаланың бес жылдық даму жоспары қабылданды, ол жүйелі түрде іске асырылуда»,-деді әкім.
Қаланың индустриялық аймақтары өнеркәсіп саласының дамуына серпін берді. Қазіргі таңда, төрт өндірістік аймақта 8 мыңнан астам жұмыс орнымен 118 кәсіпорын ашылған. Есепті кезеңде 500-ден астам жұмыс орнымен жаңа 10 кәсіпорын іске қосылды. Одан бөлек, қосымша 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. Нәтижесінде алдағы 5 жылда өнеркәсіп өнім көлемін 700 млрд. теңгеден 960 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығында 29 мың гектар жерге егістік егіліп, 85 мың тонна өнім жиналды. Шаруаларды қолдауда 133 кәсіпкерге 2,6 млрд. теңгеге субсидия бөлінді. Сонымен бірге 7,6 млрд. теңгеге 17 жоба іске асып, 200-ден астам жұмыс орны ашылды.
Ал қалаға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,2 пайызға артып, 325 млрд. теңгеден асты.
Мегаполис мәртебесін алған уақыттан қала бюджетінің көлемі 4 есеге артты. Биылғы жылдың басында бекітілген бюджет 388 млрд. теңге болса, қазір 491 млрд. теңгеге жетті немесе бір жылдың ішінде қала бюджеті 103 млрд.теңгеге ұлғайды. Бюджеттің 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 25 пайызы – даму жобаларын құрайды.
Бұл көрсеткіштерден бөлек қалада білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту секілді басқа салаларда да жетістіктер бар.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Елдіктің жеті тұғырында» мемлекет Тәуелсіздігі, ұлт болашағы баяндалып, алдағы жұмысымыздың бағдары болып бекіді. Сіздер халықтың аманатын арқалаған өкілсіздер. Тұрғындардың талап-тілегін билікке жеткізіп, олардың тиімді шешімін табуына үлес қосып келесіздер. Бірлесе жұмыс жүргізуіміздің нәтижесінде Шымкент тұрғындар үшін өмір сапасы лайықты, жайлы қалаға айналып келеді», — деп М.Әйтенов өз сөзін қорытындылады.
Өз кезегінде халық қалаулылары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алда тұрған мақсат-міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.