ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚПЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Е.Жұмаханбетовтің қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Ералы Мұсаәліұлы департамент тарапынан атқарылған жұмыстар туралы айтты.
– Осы жылдың 8 айында қала бойынша есірткіге қатысты жалпы 276 құқық бұзушылық анықталды (2020ж-167, 109 дерекке немесе 65%-ға жоғары). Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 18 күдіктіден құралған 4 қылмыстық топ құрықталды. Сондай-ақ, 724 есірткі сайттары жарнамаланған мекен-жайлар анықталып, жойылды. Рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында автокөлікті есірткіге мас күйінде басқарған 32 жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды,– деді генерал-майор.
Спикердің сөзінше, соңғы 3 жыл көлемінде ауыр және аса ауыр санаттағы кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр жарақат салу, зорлау, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлық және жас балдарды азғындық жолға түсіру қылмыстары 100 пайыз ашылған. Сервистік полиция қағидатын жүзеге асыру мақсатында «Police 102» мобильдік қосымшасы іске қосылған. Бүгінгі таңда 534 хабарламаға қызмет көрсетілген.
Сонымен қатар, үш буынды модель енгізілгеннен кейін қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау күшейді. Ішкі істер органдары өздеріне тән емес бірқатар функциялардан арылды. Учаскелік инспекторлардың мәртебесі артты. Полицияның сервистік моделі пилоттық режимде жұмыс істей бастады.