СӘУЛЕ ШАҒЫНАУДАНЫ 2022 ЖЫЛЫ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Әл-Фараби ауданында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту көрсеткіші 99,7% құрап отыр. Аудан әкімі Р.Мыңбаев 9 айлық есебінде шалғай елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу барысын баяндады.
Аудандандғы инфрақұрылымды қажет ететін 195-ші орам электр жарығы мен ауыз су өткен жылы қамтылған болатын. Орамның жаңақұрылыс аймағындағы 300 тұрғын үйге табиғи газ тарту жұмысы 2020 жылы қолға алынған. Қазір нысанның құрылысы аяқталып, абоненттеу шаралары жүргізілуде.
Инфрақұрылымы толық қамтылмаған Сәуле шағынауданы 276-шы орамды ауыз сумен қамту үшін «Агат» мердігер мекемесімен келісім-шарт түзілген. Құрылыс жұмысы осы жылдың маусым айында басталған. Қазір құрылыстың 97%-ы атқарылып, жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі.
Шағынауданға электр жарығын «Ақсемсер-стройсервис» ЖШС-і тартуда. Қазір құрылыстың 60 пайызы атқарылған. Пайдалануға беру мерзімі 2022 жылдың ІІ тоқсанына жоспарлануда.
Ал табиғи газбен қамту үшін ішкі орамдық құбыр жүйесін тарту жұмысын «ХМСУ Шымкент мелиорация» мекемесі жүргізуде. Құрылыс осы жылды қазан айында басталып, нысан 2022 жылға өтпелі.