Саясат

ШЫМКЕНТТЕ ЭКОНОМИКАНЫҢ БАРЛЫҚ СЕКТОРЫНДА ОҢ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

ҚР Премъер-министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономикалық көрсеткіштердің орындалуы жөнінде хабарлама жасады. «Барлық көрсеткіш бойынша оң өсім 5 өңірде – Шымкент қаласында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарында байқалады. Ал, 6 көрсеткіш бойынша 8 өңірде өсім бар. 3 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсім тіркелді. Батыс Қазақстан облысында тек 3 көрсеткіш бойынша өсу байқалды», — деді Әсет Ерғалиев.

Шымкент қаласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылдың 8 айында 201,1 млрд теңгені құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 135,9 пайызға артқан. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның құрылымында жекеменшік инвестицияның үлесі 72 пайыз болса, мемлекеттік инвестицияның үлесі – 28 пайызды құрайды.

Жекеменшік инвестиция үлесінің артуы инвестициялық штаб жұмысының тиімділігін көрсетеді. Апта сайын өтіп жатқан штаб отырыстарында инвестиция салуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешу үрдісі қалыптасты. Онлайн режимде өтіп жатқан жұмыс кездесулерінде бизнес өкілдері тап болатын бюрократиялық кедергілерді жою жөнінде шұғыл шешімдер қабылданып, инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті инфрақұрылымын жүйелерін тарту, жерге орналастыру мәселелері оңтайлы шешімін тауып жатыр.

Мұндай қолдаулардың нәтижесінде қаңтар-тамыз айлары аралығындағы кезеңде жылжымайтын мүлік операциялары 76,3 пайызға, көлік саласындағы жобалар 61,9 пайызға, өнеркәсіп жобалары 56,1 пайызға, коммерциялық тұрғын үйлер құрылысы 51,7 пайызға орындалды.

Тұрғын үй құрылысы саласында биылғы жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 14 541 пәтерлі 275 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Жалпы ағымдағы жылы 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 1916 отбасына коммуналдық пәтерлер берілсе, жеңілдетілген кредиттік тәртіппен 2096 пәтер пайдалануға беріледі. Халықтың аз қамтылған санаттары үшін 500 тұрғын үй сертификаттары табысталмақ.
Қаланың базалық секторларында оң өсім динамикасын сақтап, тұрғындардың әл-ауқат жағдайын арттыру бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close