Саясат

ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Үшінші мегаполисте «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты ата-аналар форумы басталды. «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған ауқымды іс-шараға Шымкент қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.

Алғаш рет оффлайн өтіп жатқан форумға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Сенімен болашақ» ҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте, Түркістан облыстың адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев, ата-аналар мен қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.

Пленарлық отырысқа «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, педагог Ғалымбек Бермағанбетов модераторлық жасап, жүргізіп отырды. Форумға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова онлайн қосылып, сәттілік тіледі.

– Мұндай бастамалар, ата-аналар форумы – өте маңызды. Бала тәрбиесі – ортақ мүдде. Ата-ана – мектеп – оқушы үштігі тығыз қатынаста жұмыс істесе, көп жетістікке жетеріміз сөзсіз. Себебі, балаларымыз, оқушылардың білімі мен тәрбиесі ересектердің басты міндет-мақсаты саналады. Форум жұмысына министр Асхат Аймағамбетовтың атынан сәттілік тілеймін! – деді Шолпан Таңатқызы.

«Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов, әсіресе, пандемия ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарауға болмайтынын ұғындырғанын, интернет дамыған заманда әр ата-ананың балалардың жанынан әрдайым табылу маңызды екеніне тоқталды. Ал Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бала тәрбиесі әр ата-ананың өзіне тікелей байланысты екеніне баса назар аударды.

– Баланы тәрбиелеу үшін алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Қарапайым мысал ретінде айтайын, барлығымызда дерлік ұялы телефон бар. Статистика бойынша адам әр 3 минут сайын сол телефонға қарап қоя береді. Сөйте тұра баласына гаджетке құмар болмауды ескертеді. Ал ол үшін ересек адам алдымен өзі үлгі болуы керек. Оқушылардың жанында мұғалімі 5-6 сағат болса, тәуліктің қалған уақытында ата-анасы болады. Сондықтан, ата-ана ретінде жауапкершілікті сезінуіміз керек, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Форум барысында, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте, Түркістан облыстың адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев сөз алып, бала тәрбиесі жолындағы көзқарастарымен, ұсыныстарымен бөлісті.

Пленарлық жиыннан кейін форум түрлі тақырыптағы семинар-тренингтермен жалғасты. Онда бала тәрбиесі саласындағы Елжас Ертайұлы, Асхан Абжанов, Ғалымбек Бермағанбетов секілді сарапшы мамандар тәжірибелерімен бөлісті.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close