ШЫМКЕНТТЕ САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов пен ҚР-ның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұловтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Әсет Маратұлы қала аумағындағы интернетпен қамту туралы айтты.
– Қала аумағындағы интернет сапасы төмен 30 тұрғын алап анықталып, оптика тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте Нұртас, Тассай, Таскен, Пахтакор шағын аудандарындағы 4 көшеге (400 үйге) кабель жүргізіліп, интернетке қосылды. Ал Ақжайық және Достық шағын ауданына талшықты оптика желісі толық (100%) жүргізілді. Сонымен қатар, жеке инвестор «Fishnet» ЖШС-мен келіссөздер жүргізу нәтижесінде инвестор есебінен 2021–2023 жылдары шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы интернетпен қамтуға қаржы қарастырылып отыр. Нәтижесінде, 80 000 үй сапалы интернет желісімен қамтылады. Бүгінде инвестор тарапынан интернетпен қамтуға қажетті құрал-жабдықтар алынды. Монтаждау жұмыстары Рысқұлов–Адырбеков, Қонаев–Желтоқсан мекенжайларынан басталды, – деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, биыл базалық станциялардың санын ұлғайту және байланыс сапасына толық талдау жүргізу мақсатында басқарма өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесіп қала аумағындағы 45 елді мекен мен шағын аудандарға арнайы құрылғылармен байланыс сапасын тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, Абай ауданына қарасты 3-мөлтекаудан, Агроферма Қарасу, Әл-Фараби ауданына қарасты Қазыбек би 15 және Қаратау ауданынан қарасты Нұртас мөлтек ауданы Кұлагер көшесі 255 мекенжайларында интернет сапасы талапқа сай болмауына байланысты айыппұл салынған.
Брифинг барысында қалалық Өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Е.Тоқтағұлов инспекция қызметіне тоқталды.
– Өңіраралық байланыс инспекциясы өз құзыреті шеңберінде байланыс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Бұл ретте заңнаманы бұзғаны үшін байланыс операторларын жауапкершілікке тартады. Инспекция қызметінің маңызды бағыттарының бірі – байланыс қызметкерлерінің сапасын бақылау. Осы орайда байланыс желілерінің параметрлерін өлшеуді жүргізу және операторларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құқықтық негіз болатын байланыс қызметтері сапасының бекітілген көрсеткіштері қолданылады, – деді Ержан Дәулетұлы.
Ержан Тоқтағұловтың айтуынша, Байланыс операторлары пайдаланушыларға сапасы жағынан стандарттау жөніндегі құжаттарға, техникалық нормаларға, байланыс қызметтерін көрсету шартының талаптарына сәйкес келетін байланыс қызметтерін көрсетуге міндетті.
Брифинг соңында Ержан Дәулетұлы байланыс саласындағы мәселелер бойынша өтініштерді Шымкент қаласы М.Дулати көшесі 3, 3 қабат, 19а кабинет мекенжайына келіп немесе 540100, 534952 нөмірлері және Е-өтініш бағдарламасы бойынша «egov» порталы арқылы жаза алатындықтарын айтты.