ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫНА ӨТІНІМДІ ҚАЙТА ҚАБЫЛДАУ 1 ҚАЗАННАН БАСТАЛАДЫ
Шымкентте тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау ішкі жұмыстарға байланысты 13 қыркүйектен бастап уақытша тоқтатылды. Өтінімдерді қайта қабылдау 1 қазан сағат 09.00-ден басталады. Аталған қызмет бойынша азаматтардың құжаттарын онлайн қабылдау «www.kezekte.kz» сайты арқылы жүзеге асырылады. Азаматтардың тұрғын үй сертификатына жіберілген өтініштері 3 жұмыс күні ішінде тұрғын үй басқармасымен тиісті талаптарға сәйкестігі тексеріліп, өтінім бойынша жауап электрондық порталдағы жеке кабинетіне жолданады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік бағытта баспаналы болуға ниет білдірген тұлға, соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 106 336 теңгеден аспаған жағдайда және тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы банктің мақұлдаған хаты арқылы тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады. Отбасының жиынтық табысы ретінде — отбасы мүшелерінің расталған кіріс табысы есептеледі.
Сертификат алуға мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілері жоғарыда аталған талаптарға сәйкес қатыса алады.
Айта кету керек, биыл мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттарына жалпы осы жылға 500 млн. теңге қарастырылған. Бүгінде 132 азамат тұрғын үй сертификатының иегері атанып, мемлекеттік көмекке ие болды.