ТҰРҒЫНДАР ЖАҢА РЕФОРМАДАН КӨП ҮМІТ КҮТЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының 143 тармағына сәйкес, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына мүлік иелерінің бірлестіктерін немесе жай серіктестікті енгізу жөнінде реформа қабылданды. Соның негізінде көпқабатты тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) және жай серіктестік (ЖС) құру бойынша жол картасы және медиа жоспар бекітіліп, тұрақты жұмыстар қолға алынды.
Осыған орай Шымкент қаласының Абай ауданы аумағында МИБ және ЖС бойынша атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталсақ, аталған ауданда 453 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның ішінде 374 көпқабатты үй кондоминиум нысаны ретінде әділет басқармасында тіркелген. Өз кезегінде ауданда кондоминиум объектісі ретінде тіркеуден өткен көпқабатты тұрғын үйлерде МИБ пен ЖС құру бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарының медиа жоспары бекітіліп, бұл бойынша тұрақты жұмыстар атқарылуда. Осыған орай, бүгінгі таңға дейін аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен көпқабатты үйлерде МИБ және ЖС құрудың тиімділігін түсіндіру бойынша тұрғындармен 574 жиналыс ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде, 389 көпқабатты тұрғын үйдің келісім хаттамасы жасалды. Ол үй көлеміне шаққанда 76,6 % пайызды құрап отыр. Бүгінгі таңда 289 көпқабатты тұрғын үйде жай серіктестік және 58 көпқабатты тұрғын үйде мүлік иелерінің бірлестігі құрылып, қалалық әділет департаментінде тіркелді. Өткен аптада көпқабатты үй тұрғындарымен 31 жиналыс өткізіліп, хаттамаларын түзу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Бүгінгі таңға дейін Әл-Фараби ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен көпқабатты үйлерде басқарудың жаңа нысанына көшу бойынша тұрғындармен 517 жиналыс өткізілді. Соның нәтижесіне орай 53 көпқабатты тұрғын үйде мүлік иелерінің бірлестігі құрылып, қалалық әділет департаментінде тіркеуге алынды. Сондай-ақ, 275 тұрғын үйде жай серіктестік құрылды. Қосымша мүлік иелерінің бірлестігін құруға байланысты 33 көпқабатты тұрғын үйден келісім хаттамалары жинақталуда.
Қаратау ауданында МИБ және ЖС-ны түсіндіру мақсатында тұрғындармен 83 кездесу және 18 онлайн жиналыс ұйымдастырылды. Жалпы алғанда аудан бойынша 10 МИБ және 287 ЖС құрылды. Сонымен қатар, түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде қалған көпқабатты үйлерден хаттамалар жинақталу үстінде.