Әнұранның авторын білесіз бе?
1992 жылдың 4 маусымында тәуелсіздіктің басты атрибуттары – Ту мен Елтаңба бекітілді. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков, ал Елтаңбаны Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.
Конкурс кезінде осы екі мемлекеттік рәміздің 1 500 нұсқасы ұсынылды.
Сол жылы 11 желтоқсанда Әнұранның мәтіні бекітілді. Оның жүздеген нұсқасы талқыланған. Соңында төрт ақын – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев мен Жадыра Дәрібаеваның мәтіні таңдалды.
Ал Қазақ КСР кезіндегі гимнің музыкасы қалды. Оның автолары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди.
Алайда араға 14 жыл салып, 2006 жылы 6 қаңтарда Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» әні Қазақстанның жаңа Әнұраны болып бекітілді. Композиторы – Шәмші Қалдаяқов.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаңа әнұранның мәтініне аз-кем өзгеріс те енгізілді. Осылайша, Елбасы авторлардың қатарына қосылды. Жаңа әнұран алғаш рет Назарбаевтың ұлықтау рәсімінде шырқалды.