ЕГЕМЕНДІК КИЕЛІ ҰҒЫМ ЕКЕНІН АНЫҚ КӨРСЕТТІ
Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақала жариялады. Бұл мақалада Елбасы өз халқын айтулы мерекемен құттықтай отырып, осы орда бұзар отыз жыл уақыт аралығында жас мемлекет Қазақстанның бағындырған белесі мен асқан асуы толағай екенін тілге тиек етті.
«Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты» дей келе, «Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік», – деді Тұңғыш Президент.
Тағылымы терең мақала барысында Нұрсұлтан Әбішұлы егемендіктің Туын желбірету бабалардың қаншама ғасырдан бері асқақ арманы болғанын, оған жету жолындағы қиындықтар мен тарихқа қасіретпен таңбаланып жазылған зұлмат жылдарды келешек ұрпақтың жадына салды.
«Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан» дей отырып, «Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы» деп, ойын түйіндеді.
Осы орайда Тұңғыш Президент: «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін» деп айтқандай, еліміздің ертеңіне бек сеніммен қарайтынымды жеткізгім келеді.
Нұрғазы БҰХАРБАЙ,
Шымкент қаласының мәслихат депутаты.