ЕЛБАСЫ БІЛІМ-ҒЫЛЫМҒА БАСА КӨҢІЛ БӨЛДІ
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Тұңғыш Президент-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы экономикамен бірге білім және ғылым саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі таңда еліміздің білім жүйесі жаңа заманға лайық әрі халықаралық стандартқа сәйкес жетіліп келеді және оның отандық үлгісі қалыптасуда десек, мұнда Елбасы Н.Назарбаевтың инновациялық ой-тұжырымдары мен тікелей қамқорлығының маңызы зор болғанын атап өтуіміз қажет.
«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін қадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт». Бүгінде Президенттің осы тапсырмасын ұстанған еліміздің білім саясаты әлемдік аренадан өз орнын нақтылауда. Себебі білімді де білікті маман-кадрлар экономиканы қарқынды дамытуда маңызды ресурс болып табылады.
Тәуелсіздік жылдарындағы отандық білім беруде жинақталған тәжірибені талдап қарасақ, еліміздің білім беру жүйесі әлемдік стандартқа біршама жақындап қалғанына нақты деректер көз жеткізеді. Осы үдерістің бүгінге дейінгі нәтижелі атқарылып келуіне, әлбетте, Елбасының әр жылдардағы еңбектеріндегі, әсіресе оның Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы жолдауларындағы еліміздің білім жүйесінің сапасын арттыруға, стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған түбегейлі қайта өзгертулердің қажеттілігін туындататын инновациялық ой-пікірлері мен мемлекеттік стратегиялық бағдарламалары негізгі ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік бағыт-бағдар болып, еліміздің білім беру саясаты мен оның жүйесін қалыптастыруға мол мүмкіндік бергенін байқау қиын емес.
Содан бері бүкіл Елбасы атап көрсеткен мәселелерді жүзеге асыру үшін ғылыми-практикалық жобалар мен тұжырымдамалар және стратегиялық бағдарламалар жасалып, қыруар жұмыстар атқарылды.